Жұма, 19 Сәуір 2024
Билік 3445 0 пікір 16 Қыркүйек, 2015 сағат 02:00

ОҚО: "ДЕНСАУЛЫҚ ФЕСТИВАЛІ" АТАЛЫП ӨТУДЕ

«Саламатты Қазақстан» мемлекеттiк бағдарламасын жүзеге асыру аясында облыс әкiмдiгi мен облыстық денсаулық сақтау басқармасының ұйымдастыруымен Шымкент қаласы, әл-Фараби алаңында «Салауатты өмiр салтын ұстан!» ұранымен «Денсаулық фестивалi –2015» акциясы жоғары деңгейде өттi. Салтанатты шараға облыс әкiмiнiң орынбасары Е.Айтаханов қатысып, қатысушыларды денсаулық мерекесiмен құттықтады.

Әр адамның өз денсаулығына деген жауапкершiлiгiн арттыруды мақсат тұтқан акцияда тиiмдi тамақтануды әдетке айналдыру, зиянды әдеттен арылу, дене белсендiлiгiн арттыру, қоғамда салауатты өмiр салтын қалыптастыру мәселелерi насихатталды. Халықтық салтанатты ұйымдастыруға «ОҚО салауатты өмiр салтын қалыптастыру орталығы» ЖШС-нiң қызметкерлерi белсендiлiк танытты.

«Денсаулық шеруi» қаладағы Жангельдин көшесiн бойлай өрлеп, әл-Фараби алаңына дейiн жалғасты. Мерекелiк шеруге облыс деңгейiндегi департамент, басқарма, медицина мекемелерiнiң қызметкерлерi, жоғары және арнайы орта оқу орындарының студенттерi қатысты. Әл-Фараби алаңында ұйымдастырылған №3 Шымкент қалалық емхананың дәрiгер мамандарының және Шымкент медицина колледжi студенттерiнiң қатысуымен флешмоб көңiл-күйдi үстемелей түстi.

Бағдарламаның әр сәтi денсаулық сақтау мен нығайтудың қағидаларына бағытталғандығы «Пайдалы тағамдар» аллеясына қойылған оқушылардың қолымен жасалған балалардың тиiмдi тағамдары мен ауыл шаруашылығы өнiмдерiнiң көрмесiнен де нақты көрiнiс тапты. Сол секiлдi қала тұрғындары және қонақтары мерекелiк сейiлiн жалғастырған «Денсаулық қалашығында» облыстық, қалалық емдеу медициналық мекемелерiнiң бiлiктi медицина қызметкерлерi тиiстi кеңестерiн айтып, тақырыптық әдiстемелiктер ұсынды. Сондай-ақ, осында орналасқан УДЗ, флюорография, стоматологиялық қызмет, қан құрамындағы глюкозаны, холестериндi, артық салмақты анықтайтын және ЭКГ аппараттары қалтқысыз қызмет көрсеттi.

Iс-шара барысында әр отбасы мүшелерiне арналған «Ата-анам және бiз – салауатты отбасымыз» эстафетасына 10 шаңырақ иесi қатысып, спорттың бiрнеше түрiнен сайысқа түстi. Сонымен қатар, облыстық, қалалық спорт мектептерiнiң тәрбиеленушiлерi гимнастика, бокс, таэквондо, акробатика секiлдi спорт түрiнен өнер көрсеттi.

Акцияда салауатты өмiр салтын қалыптастыру мақсатындағы ақпараттық-танымдық материалдар таратылып, үгiт-насихат жұмыстары жоғары деңгейде өттi. Мерекеге сай безендiрiлген алаңда арнайы әзiрленген концерттiк бағдарламаға эстрада әншiлерi және бишiлер қатысты.

Өңiрдiң 14 ауданын бiр мезетте қамтыған акция жалпы саны 5500-ге жуық адамды қамтыды. Айта кетерлiгi, Сарыағаш ауданында өткен iс-шара барысында «Арқан тартыс», «Қол күресi», «Көңiлдi эстафета» сайыстары орын алса, Түркiстан қаласында студенттер мен оқушылардың қатысуымен марафон өттi. Iзгiлiктi мақсат тұтқан шараның ең толғанысты сәтi мүгедектер спорт клубы мүшелерiнiң жарысында көрiнiс тапты.

Расында да, қанатын кеңге жайған «Денсаулық фестивалi» акциясы жылдан-жылға өркендеп, шынайы Денсаулық мерекесiне айналып келедi.

Салауатты өмiр салтын қалыптастыру мақсатына орайластырылған iс-шаралардың орындалуы «Саламатты Қазақстан» мемлекеттiк бағдарламасының жүзеге асырылуының нақты дәлелi.

С. АХАТАЕВ, «ОҚО салауатты өмiр салтын қалыптастыру орталығы» ЖШС-нiң басшысы

Abai.kz

0 пікір