Жұма, 29 Наурыз 2024
Билік 3886 0 пікір 16 Қыркүйек, 2015 сағат 02:00

ОҚО: "САЛАМАТТЫ ҚАЗАҚСТАН" БАҒДАРЛАМАСЫНЫҢ БЕРЕРІ МОЛ

Елбасы жыл сайын Қазақстан халқына арнаған Жолдауларында денсаулық сақтаудың ұлттық жүйесiн қалыптастырып, медицина мекемелерiнiң материалдық-техникалық жабдықталуын бiрыңғайландыруға тапсырма берiп, халық денсаулығы – бiздiң табысты болашағымыздың негiзi екенiн айтып келедi. Осы орайда, облыс орталығынан шалғайда жатқан Мақтаарал ауданында медицина саласында қандай нақты iстер атқарылуда, денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттiк бағдарламасы қалай орындалуда?» деген сауалдар туындайды.

 

Оңалту бөлiмi орталыққа айналса...

Осында қырық жыл бұрын шаңырақ көтерген Мырзакент емханасы 250 науқасты қабылдауға лайықталған, оған 7 дәрiгерлiк амбулатория, 17 фельдшерлiк-акушерлiк пункт, 6 медициналық пункт қарайды. Мұнда дәрiгерге дейiнгi және бiлiктi медициналық көмек, медициналық-әлеуметтiк жәрдем түрлерi бойынша осы өңiрдегi 53 458 тұрғынға қызмет көрсетiледi. Халық денсаулығы күзетiнде 52 дәрiгер, 222 мейiрбике, т.б. қызметкерлер жұмыс iстейдi. Дәрiгердiң 9-ы жоғары, 12-сi бiрiншi, 6-уы екiншi санатты. 2014 жылдан берi емхананың бас дәрiгерi болып Жұмабек Сапаров жемiстi еңбек етiп келедi.

Бұл емдеу мекемесiндегi игi жаңалық –мұнда медициналық көмектiң сапасы мен тиiмдiлiгiн арттыру мақсатында 15 төсек-орынды оңалту бөлiмi ашылған. Жыл соңына дейiн тағы да 15 төсек-орын қосылып, Мақтаарал ауданы бойынша оңалту орталығын ашу көзделiп отыр.

Оңалту бөлiмiнiң меңгерушiсi Күлайна Төлемырзаева балалар невропатологы, Астанада арнайы бiлiм алып келдi. Бөлiмде реабитолог, невропатолог, кардиолог, ортопед, т.б. дәрiгерлер жұмыс iстейдi. Бұрын аудан көлемiндегi 4 ауруханада 1-2 ғана оңалту төсек-орны болса, ендi арнайы оңалту орталығының ашылуы әрине, қуанарлық жағдай.

Шалғай ауылда ашылған оңалту бөлiмi орталыққа айналса оның мүмкiндiгi бұдан да кеңейе түспек.

 

Жылжымалы медициналық кешен

Аудан орталығында орналасқан «Жетiсай» емханасы аудандағы барлық медициналық мекемелердiң үйлестiру әдiстемелiк орталығы қызметiн қоса атқарады. Бұл емдеу мекемесi өңiрдегi 111 мың 259 адамға дәрiгерлiк қызмет көрсетедi. Мұндағы 1 аудандық, 1 қалалық, 2 ауылдық емханалар мен 14 дәрiгерлiк амбулатория, 15 фельдшерлiк-акушерлiк, 1 медициналық пунктте 140 дәрiгер, 600 мейiрбике жұмыс iстейдi. Жылдан-жылға емхананың материалдық-техникалық базасы нығайып келедi. Соңғы кезде жүрек тамырларын тексеретiн заманауи үлгiдегi УДЗ, созылмалы гепатиттi анықтайтын ИФА, тредмил, холтер, маммография аппараттарымен толықтырылды. Халыққа қолжетiмдi медициналық көмек көрсету мақсатында Шымкент қаласындағы емхана, ауруханалармен келiсiмшарттар жасасып, тегiн медициналық кепiлдi көмек аясында дәрiгерлiк кеңес алуға және диагностикалық тексерулерден өтуге мүмкiндiк жасалған. «Кезексiз емхана» қызметi бойынша дәрiгер қабылдауына алдын ала жазылу үшiн электронды сайт ашылған. Емхана мен дәрiгерлiк амбулаторияларда күндiзгi станционарлар ашылып, тиiстi дәрi-дәрмектермен қамтамасыз етiлген. Ауданда ана мен бала өлiмiн азайту үшiн ИВБДВ бағдарламасы бойынша дәрiгерлер бiлiмдерiн жетiлдiрiп, облыс мамандарымен бiрлесiп, шеберлiк-сыныптарын өткiзуде. Соңғы жылдары 93 дәрiгер, 222 мейiрбике жаттығу сабақтарына қатысып, сәбилер өлiмiн төмендетуге ықпал етуде.

Емханада орталықтандырылған зертхана жұмыс iстейдi. Онда биохимия, гематология, клиникалық зертхана бар. Қазiр заманауи зертханалық аппарат арқылы бiр минутта адам қанын 14 көрсеткiш бойынша анықтап бере алады. «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы аясында 28 милион теңгеге сатып алынған жылжымалы медициналық кешеннiң жұмыс iстегенiне биыл төртiншi жыл болды. Кешенде бiр күнде 60 адамның денсаулығы тексерiлiп, әр елдi мекенде 3-5 күн қызмет көрсетедi. Биылдың өзiнде 43 ауылда тұрғындарға медициналық тексеру жүргiзiлген.

 

«Жедел жәрдем» жүйткiп жүр

«Жетiсай» емханасына қарасты жедел және кезек күттiрмейтiн медициналық жәрдем стансасының қарамағында Асықата, Мырзакент және Атакент стансалары бар. Бұл құрылым iрiленген Мақтаарал ауданының 350 мыңнан астам халқына қызмет көрсетедi. Мұнда 29 дәрiгер, 99 орта буынды медицина қызметкерлерi мен 46 кiшi медбике жұмыс iстейдi. Аудан бойынша 11 желiлiк фельдшерлiк бригада, 6 диспансерлiк пост, 4 дәрiгерлiк бригада қызмет атқаруда. Станса көлiктерi арнайы навигатор құрылғының көмегiмен басқарылады.

Диспетчерлiк қызмет пен көлiктерге қала, кент, елдi мекендер картасы орналасқан монитор қойылған. Шақыру келiсiмен диспетчер монитор арқылы ең жақын жердегi бригаданы сонда бағыттайды. Бұл бiрiншiден уақытты, екiншiден жол шығынын үнемдейдi.

Медициналық жедел қызмет көрсетудiң барлық талаптарына сай қызмет атқаруға кiрiскен ақ желеңдi абзал жандарға көпшiлiк дән риза.

Сәбит ҚАЛДЫБАЕВ. Мақтаарал ауданы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1582
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2282
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3618