Сенбі, 20 Сәуір 2024
46 - сөз 16909 0 пікір 19 Қыркүйек, 2014 сағат 11:32

ШЕТЕЛДЕ ОҚЫП, ҚАЛЫП ҚОЙҒАН ҚАЗАҚ ҚЫЗДАРЫ ҚАНДАЙ ЖАҒДАЙДА?

Бүгінде шетел азаматының етегiнен ұстап, ерiп кете беретiн қазақ қыздары көбейiп барады. Оны статистикалық мәліметтер де растап отыр. Қыз баланың тәрбиесіне ерекше мән беріп, ұлт болашағына қатысты құндылықтарды бойына сіңірсек те, бүгінгі ахуалға қандай баға беруге болады?

Сонымен «Қазақ қыздары қайда кетіп жатыр?» деген сауалға тоқталсақ, тағы да ресми мәліметтерге сүйенеміз. Мамандардың айтуынша, некеге тұрған отандастарымыздың тең жартысы Ресей азаматтарымен некелессе, одан кейінгі орындарда түрік, араб, қытай азаматтарына тұрмысқа шыққандар көбейген. Тек 2011 жылдың өзінде 874 қыз шетел азаматымен неке қидырса, бүгінде бұл көрсеткіш бірнеше пайызға артқаны ақиқат. Осы ретте шетел азаматының етегін ұстаған қыздардың тағдырына бір сәт үңілгенді жөн көрдік.

Қаракөздің қателігі

Елордалық белгілі психолог Лимана Қойшеваға шетел асқан қазақ қыздары жиі хабарласып, мұңын шағады екен. Мәселен, осыдан біраз уақыт бұрын кеңес алуға Қаракөз есімді қыз келген. Ол Нью-Йорк қаласында жоғары білім алып, университетті аяқтағаннан кейін сондағы ірі компанияның біріне қызметке тұрған. Жалақысы да қомақты. Қызметі бар, тұрмысы да жақсы. Бірақ, Қаракөз соған қарамастан, өзінің бойын бір мазасыздық билеп алғанын айтыпты. «Мен Отанымды, елімді сағынамын, бұл жерде маған жат, көп жыл оқысам да үйрене алар емеспін. Жақында аты әлемге әйгілі компанияның лауазымды қызметкері Уильямға тұрмысқа шықтым. Сырттай қарағанда бәрі керемет сияқты. Әйтсе де, мені ертеңгі күннің мәселесі қатты ойландырады. Балаларым ана тілінде сөйлесе, ұлтымның тарихын, мәдениетін, дәстүрін біліп өссе екен деймін» деп қайырыпты сөз басын. «Оқуды бітірген соң елге келіп жұмыс істеуге болмады ма?» деген психолог сауалына:

– АҚШ-қа бармай қалсам, осында да жұмыс табылар еді, бірақ алатын жалақым соншалықты көп болмайтыны белгілі. Мен ата-анама көмек бергім келеді. Ата-анам, бауырларым екі бөлмелі пәтерді жалдап тұрады, тапқан-таянғаны ештеңеден артылмайды. Оның үстіне әрқайсысының мойнында несиелері бар. Сол себепті, шетелге кетуге бел будым. Басқаша айтқанда, туыстарым үшін өзімді құрбан еттім. Қазір ондағы жалақыммен ата-анама, бауырларыма үлкен коттедж алып бере аламын. Ең болмаса қартайғанда молшылықта, уайымсыз өмір сүрсе екен. Күйеуіммен бақыттымын деп айта аламын, барлығы да жеткілікті, дегенмен жалғыздықты сезінемін. Елдің, жердің иісін сағынамын, сенесіз бе?!. Балаларым балабақшаға, ары қарай оқуға барады, уақыт өте келе олардың салт-санасы, ойы америкалық ретінде қалыптасатыны сөзсіз, сонда мен жалғыздықтың зардабын одан әрі тартатын боламын. Бала-шағам болғанның өзінде, жалғыз болатынымды ойласам, бойымды қорқыныш билейді» деп жылапты.

Неміске тиген Сәуле

Психолог маман Лимана Қойшиеваның айтуынша, Германияның Кельн қаласында банк саласын меңгерген келесі бір кейіпкердің де тағдыры оқырманға кәдімгідей ой салады. «Неміс жеріне табан тіреген сәтте басқа ортаға үйренісе алмадым. Немістерде ұялу, қысылу деген атымен жоқ. Емін-еркін, ашық-шашық жүре береді ғой. Студенттер жатақханада жағажайда жүргендей, қалай болса, солай киінеді. Жергілікті халық үшін бұл – үйреншікті көрініс. Сол ортада орнымды таба алмай, күйзеліске түстім. Ата-анама «елге қайтамын» деп талай хабарластым. Алайда, олар азарда-безер болды, «Пәленшенің қызы Германияда оқи алмай қайтып келіпті деген сөзге қаламыз» дейді. Ата-анамды жек көріп кеттім. Көп ұзамай Ганс есімді, бір мүшел жас үлкен ер азаматпен таныстым. Жалғыздықтан құтылғым келді. Бір-бірімізді ұнатып, бірге тұрдық. Менің көңілім шынайы еді, болашаққа деген жоспарым да бар-тын... Елге қайтатын уақыт болды, Ганс жәй ғана «жақсы», деп қоштасып кете барды. Көңілім астан-кестен болды. Өзім де сол елдің дәстүрін «қабылдағанымды» кеш түсіндім... Гансты қимай, өзіме қол жұмсамақшы болдым. Соңғы рет ата-анамның дауысын естігім келді... Анам хабарласты сол күндері: «бүгін жайсыз түс көрдім, елге қайт, «біз сені сағына күтудеміз» деді. Осы сөзді күткеніме қанша уақыт болды десеңізші?!

«Сендерге керегі шетелде оқыды» деген қағаз болса, дипломды қолдарына ұстатып, елге барған соң, өміріммен қоштассам деген ойға келдім... Осылай әрі-сәрі күй кешіп жүргенімде жасым 28-ге де келді. Ата-анам «шетелде оқыған немесе бір қызметтің басын ұстаған, өзіңмен терезесі тең жігітке тұрмысқа шығасың» дейді. Менің жан-дүниеммен санасып жатқан жан жоқ...» деп, әңгімесін аяқтапты ол.

Лимана ҚҰТТЫБЕКҚЫЗЫ, «Рухани қоғам әлемі» қоғамдық қорының президенті, психолог:

-Екі қыздың тағдыры ұқсас, екеуінің де лауазымды қызметі бар. Бірі америкалық компанияда қызмет етсе, екіншісі мемлекеттік ірі қызметте.

Бірақ екеуінің де жалғыздық жанын жегідей жейді. Ертеңге деген үміт, сол үміт жетегінде алданышпен өмір сүруде.

Ал, психолог ретінде менің түйгенім:

Қаракөз «перзенттік, туысқандық парызды» өтеу үшін шешім қабылдадым деп өзін алдаусыратқанымен, өзін толыққанды емес екенін сезеді. Атажұрттағы ауыртпалықтан алысқа қашып құтыламын дегенімен, жатжұрттық мәдениетке сіңісе алмай, дағдарысқа ұшыраған жайы бар. Байлыққа басын байлағанымен, туысқандардың материалдық игілігін шештім дегенімен, алдамшы дүние бәрі. Олар бақытқа бастау бола алмайды. Жүрек сенбегеннен кейін, орнықпағаннан кейін алдамшы сенімнің күл-паршасы шығады бір күні. Сондықтан жалғыздық сезімін бастан кешкен жайы бар. Ал Сәуленің тағдырына келсек, «жалған намыс жарға жығады». Ата-ананың жалған намысы бойжеткеннің үлкен қателікке бой алдыруына әкелді. Біріншіден, «шетелде оқуға міндеттісің» дегені. Сәуле шетелдегі ортаға бейімделуі үшін жергілікті дәстүрдің ыңғайына бейімделді. Бірақ, ақыры сәтсіз аяқталды. Ата-ананың «жар таңдаудағы» келесі талабы оны тығырыққа әбден тіреуі ықтимал. Өйткені, ол Сәулеге ғана қатысты мәселе емес. Баласының «бақытын» ойлаған үлкендердің эгоизмінен қызының жалғыздықты бастан кешіп жатқандығын аңғармай қалуы.

Асылбек ӘУЕЗХАНҰЛЫ, «Жанұя жарасымы» кітабының авторы, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты «Хикмет» телерадиостудиясының директоры:

–Ер мен әйелдің екеуі де мұсылман болса, некелерін қиып, шаңырақ көтерулеріне рұқсат. Алайда «рұқсат» деген сөз «жұрттың бәрі солай жасау керек» деген талап емес. Неке қиылып, жанұя құрылғанда, ерлі-зайыптылардың екі дүниеде бір-бірімен жұптары жазылмай, мәңгі бақытты болуы мақсат етіледі. Бұл мақсатқа жету үшін әр ұлттың өкілі өз ұлтының адамымен отбасын құрғаны абзал. Себебі, өмірлік тәжірибе, айналамызда болып жатқан оқиғалар соны анық көрсетіп отыр.

Мақсатсыз құрыла салған жанұя ниетсіз амал секілді. Онда береке болмайды. Тек қана сезімге, құмарлыққа, құры қиялға ғана құрылған отбасы әдемі басталғанмен, бір күні гүрс етіп құлауы мүмкін іргетасы солқылдақ ғимаратқа ұқсайды.Олай болса, бақытты шаңырақтың іргетасы, ақыл мен қисын, салқынқандылық пен парасаттылық және ең бастысы иман мен дін болуға тиіс.

Екі түрлі дін, екі ұлт, екі мәдениет, екі менталитеттің өкілдері үйлегенмен, үйлесіп кетуі өте қиын. Жоғарыдағы кейіпкерлердің екеуі де байлық тапқанымен, бақыт тауып отырған жоқ. Екеуі құсалық күй кешіп отыр. Тіпті бірі өзіне қол жұмсауға аз қалған. Ал өзіне қол сұғу – шариғат тыйым салған өте ауыр күнә екені белгілі.

Өкінішке қарай, бүгінде неке деген ұғымға жеңіл қарап, кездескен кісімен қол ұстасып кете беретін жастар жоқ емес. «Ұнатып қалдық, тұрмыс құрдық» деген ойды жиі еститін болдық. Шындығында, отбасы дегенде ә дегенде, бәрі жақсы көрінгенмен, біраз уақыттан кейін небір қиыншылықтар шыға бастайды.

Әрине, бүгінгі жастар шариғат заңдарын маңызды деп санай ма, жоқ па? Ол өз алдына бөлек әңгіме. Құран аяттары, Пайғамбар хадистері, шариғат заңдары мұсылман үшін мызғымас қағида екенін мойындамайтын қаншама адам бар. Ондай түсініктегі кісіге мұсылманның міндеттері жайлы мардымды ештеңе түсіндіре алмасымыз анық. Бір анығы, некенің шарттары, ұстанымдары, ерлі-зайыптыға бірдей жүктейтін құқықтық міндеттері болады. Бұл талаптар мен міндеттерді орындамай-ақ бақытты боламын деу бос әурешілік қана. Жинақтай келгенде, әр мұсылман өз ұлтының өкілімен отбасын құрып, бақытты болғаны жөн. Дұрысын, Алла біледі.

P.S Не десек те, қазақ қыздарының шетел азаматтарына тұрмысқа шығуы алаңдатарлық жағдай. «Жетi атасын бiлмеген – жетесiз» дейдi халқымыз. Ал, шетел азаматта­рына күйеуге шығып кеткен қыздардың баласы ертең жетi атасын қалай айтады? Демек, мұндай некеде тұрғандар үшiн «жетi ата» деген ұғым жоқ. Сондықтан «Неке және отбасы» туралы кодекске қазақ қыздарының шетелдiктерге тұрмысқа шығуына тос­қауыл қоятын талап енгiзiлсе дұрыс болар еді.

Гүлмира ШАРХАНҚЫЗЫ

Bnews.kz

 

 

0 пікір