Сенбі, 20 Сәуір 2024
Қоғам 7370 0 пікір 24 Қыркүйек, 2014 сағат 20:10

ЕЛБАСЫ КЕҢЕСШІСІ КЕМЕЛДІ ЗАҢҒА ҮН ҚОСПАҚ

Mukhtar Kul-Mukhammed

Ауыт Мұқибек оралмандардың датын Ақордаға тағы жеткізді. Ол  18 тамыз күні шетелдегі қандастарымыздың мәселесіне байланысты Президент кеңсесінің бастығы Махмұт Қасымбековтың қабылдауында болып, өзгертулер мен толықтырулар енгізілгелі жатқан Көші-қон заңына қатысты ұсыныстарын жеткізсе, 19 тамызда Ақордадағы Президент кеңсесіне  ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысы Нұрлан Нығматуллиннің атына жазылған екі ұсыныс хат дайындап апарып тапсырған болатын. Оралмандар мәселесін жиі көтеріп, қандастар мәселесін биліктің есіне ұмыттырмай салып жүрген Ауыт Мұқибек Парламент Мәжілісінің депутаты Нұртай Сабильянов мырзаның да кеше қабылдауында болғанын  жазған еді. Ақынның Facebook-тегі жазбасынан Депутат Нұртай Салихұлының «Елбасыға сөз келтірмейтін, кемелді Заң жобасын қабылдауға құлшынып отырғанын» байқаған болатынбыз. Ауыт Мұқибек бүгін Президент кеңесшісі Мұхтар Құл-Мұхаммед мырзаға да қандастарымыздың мәселесін жеткізе барды. Бұл туралы ол Facebook парақшасында:

«Бүгін сағат 16;00-де Ақордада Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мұхтар Құл-Мұхаммед мырзаның қабылдауында болдым. Мұхтар Абрарұлы мені Елбасы тапсырмасы бойынша қабылдағанын айта келіп, алда қабылданатын Көші-қон Заңы жөнінде өз ойларын, жұмыс барысын әңгімелеп берді. 
Арғы бетте туған, ұлкен кісілерден қазақтың арғы-бергі тарихын құлағына қаршадайынан құйып өскен, бертін келе заң ғылымынан доқторлық қорғаған, аса жауапты қызметтерді абыроймен атқарған тұлғаға шеттегі қандастар, Көші-қон және оның маңызы туралы түсіндіріп отыру маған ыңғайсыз, әрине. Деседе, сөз орайы келгенде, айтуға тиісті мәселелерді ірікбей айттым, өз тілектерім мен ұсыныстарымды жазбаша түрде жеткіздім. Аталмыш Заң жобасының мүлтіксіз қабылдануына ықпал етуін барынша өтіндім. 
Сөз соңында бар ұсынысыңды Елбасыға жеткізем деді Мұхтар Абрарұлы
», – деп жазды. Жазба авторы Қытайдың “қызыл справкасының” бір дана көшірмесін, Қытай Көші-қон заңы мен азаматтықтан шығару тәртібін де Президент кеңесшісіне жеткізген.  Қытайдың азаматтықтан шығару тәртібі мен Қазақстанның азаматтыққа қабылдау тәртібі бір-біріне кереғар екені үнемі жазылып келеді.




 

 Биыл сәуір айында министр Тамара Дүйсенова шетелден келген қандастарға жағдай жасалатынын, оларға бір жылдың ішінде азаматтық беру мәселесі қолға алынатын мәлімдеген еді. Алайда аталған заң әлі бекітілген жоқ. Елбасы Назарбаев та тамыздың 6-сындағы үкіметтің кеңейтілген отырысында «оралмандарға жағдай жасалуы керек» деген болатын. Ақын Ауыт Мұқибек Ақордаға жиі бас сұқса, қазақ тілді сайттарда қалыспай шетелдегі қандастарымыздың елге тезірек оралу мен азаматтыққа қабылдану жайын үзбей қоңыраулатып келеді. Қазақ көбеймей қазақтың мәселесі шешілмейтінін билік бәрімізден жақсы біледі деп сенеміз.

Нұрғали Нұртай

Abai.kz

0 пікір