Сейсенбі, 23 Сәуір 2024
46 - сөз 7214 0 пікір 26 Қыркүйек, 2014 сағат 10:54

С.Ақтаев: Журналистикаға қалай келдім?

Белгілі жазушы, байырғы журналист, білікті аудармашы Сарбас Ақтаевтың есімі газет оқырмандарына жақсы таныс. Баспасөз саласында қызмет еткеніне биыл алпыс жыл толып отырған ардагер журналистің қаламынан туған дүниелер ойының тереңдігімен, тілінің құнарлығымен, мазмұнының байлығымен ерекшеленеді.
Жақында сексеннің сеңгіріне көтеріліп отырған қаламгер ағамызбен кездесіп, өмірі өткелдері, бүгінгі  журналистиканың жай-күйі, қоғамның түйіткілді мәселелері туралы ой бөлісудің сәті түсті.
– Көпшілікті Сіздің журналистикаға қалай келгеніңіз қызықтырары анық. Әңгімемізді осыдан бастасақ.
– Қазақта «Ат болар тай саяққа үйір» деген аталы сөз бар. Осы сөздің өз өміріме де қатысты бар сияқты. Мен өзімнің құрбы-құрдастарымнан гөрі жасы үлкен ағаларымен жиі араластым. Аталас ағаларым қалада жоғары сыныпта оқып жүргенде каникулға келген сайын төрт-бес жастағы мені киіндіріп алып шығады да бірге ойнатады. Біздің жақта үйдің төбесінен жүріп кететін күртік қарлар болады. Сонда қол шанамен мені алдарына алып отырып сырғанақ тепкізеді. Әңгімелерін тыңдаймын. Жұмбақ жасырып, соны шешуге мені де қатыстырады.
Әкем үш жасымда «халық жауы» деген жалған жаламен ұсталып кетті. Содан менің қам көңілімді көтергілері келе ме, ағаларым бәйек болып жүреді. Мені соңдарынан қалдырмайды. Олар біздің төңіректегі Ақан серінің, Үкілі Ыбырайдың, атақты айтыс ақыны Орынбайдың жырларын жатқа білетін. Мен соларды тыңдап өстім. Бәлкім, менің кестелі көркем сөзге құмарлығым солардың арқасында да оянған шығар. Атап айтқанда, Қасым, Баубек, Жылқыбай деген жамағайын ағалар мені тәрбиелеп өсірді деуге әбден болады. Жылқыбай деген ағам жазда каникул кезінде колхоздың жылқысын бағады. Ес көре ме, мені бірге алып шығады. Жуас бір атты ұстап, тоқымын салып, мені жылқы қайыруға жібереді. Мұның өмір көруге, табиғатты тануға үлкен септігі тиген болса керек. Ал Қасым деген немере ағам 1941 жылы орта мектепті грамотамен бітірді. Түгел беске оқыған. Кейін мектепте мұғалім болды. Өзі мектепке жетектеп апарып, 1-сыныпты оқытты. Содан соғысқа кетіп қалды да, мен басқа мұғалімнің қолына түстім. Қасым ағам көп өлең-жырларды жатқа білетін. Өзі де өлең жазушы еді. Сол кісінің арқасында Нарманбет Орманбетов, Нұржан Наушыбаев сияқты ақындардың өлеңдерімен қаршадайымда-ақ таныстым. Менің бір ерекшелігім не нәрсені де бір-екі оқығанда қағып алатынмын. Сөйтіп, қайта айтып беремін. Өлеңге деген алғашқы сүйіспеншілікті оятқан сол ағаларым да шығар.
Біздің ауыл Көкшетау қаласынан қырық шақырым жерде болатын. Ауылдың қасынан, екі-екі жарым шақырым жерде Көкшетаудан Қостанайға қатынайтын қасқа жол өтеді. Ол кезде көбіне ат-көлікпен ғана жүреді. Кейде өгіз жегіп пе қатынайды. Жолаушылардың дені біздің ауылға соқпай кетпейтін. Ауылға келгендердің біразы біздің үйге түседі. Шай үстінде әңгіме-дүкен құрады. Ел, жер тануға сол әңгімелердің де әсері болды. Әлі есімде, Жәмәли деген Кеңащы ауылының қазағы шебер етікші еді. Сол соғысқа бір аяғын беріп келді. Жолда біздің үйге соғып, қонғаны бар. Сонда айтады: «Бұл да Құдайдың тілеуімді бергені шығар. Етікші адаммын, қолымнан айырылғанда не болатын еді? Әйтеуір, бір аяқты беріп келдік» дейтін. Он екі мүшесінің біреуінен айырылып отырып, соның өзіне шүкіршілік етеді жарықтық! Солардың өнегелі сөздері, өмір жолдары зердемде жастайымнан шегеленіп қалды.
Оның үстіне шешем Ақан серінің ауылының қызы болатын. Жастайымнан анам атасының әндерін сызылтып салып, ол әндердің шығу тарихын айту арқылы ұлы сазгер серінің өміріне ертерек қанықтым. Ол кісілер Ақан сері демей, Ақан-ағаң дейтін. Бүкіл ауылы осылай атайтын. Ақан-ағаңның бірде Есіл жақтағы Мақпал деген қызға ынтызары ауады:
Мен келдім Сырымбеттен Қырымбетке,
Түбі бірге туысқан Құлымбетке.
Алыстан ат арытып келгенімде,
Ей, Мақпал, бермен қара, қырын кетпе, – деген өлеңін менің шешем айтып отыратын. Бұл өлең Ақан шығармаларына енді ме, енбеді ме, білмедім. Біз осындай сирек дүниелерді жастай көңілге тоқып өстік. Содан да болар, 8-сыныпта өлең жаза бастадым. Шығатын «орбитамыз» – қабырға газеті ғой. Кейін қабырға газетінің редакторы болдым. Жастар газетіне, аудандық газетке өлеңдер жіберіп тұрдым. Бір дәптер өлеңімді колхоздың төрағасы Балуан Шолақтың нағашысы Мұқаш балуанның немересі Ғазиз деген жігіт көріп: «Ой, мынау болайын деп тұрған журналист қой» дегені бар. Содан ба екен, журналист деген мамандық менің ойымды да, бойымды да әбден билеп алды. Оқу бітіргенде ҚазМУ-дің журналистика факультетіне түспекші болғанмын. Құжаттарымды жинастырып жүргенде емтихан мерзімі өтіп кетіпті. Амалсыз оқудан қалдым да қойдым.
Кітапқа құмарлығым ерекше еді. Мектеп, ауыл кітапханаларын түгел тауысып шыққанмын. Соны білетін аудандық газеттің редакторы, анама ағайындығы бар Ғазиз Біратаев деген азамат «Бізге келіп жұмыс істе» деді. Сөйтіп, аудандық газетке келдім. Алғашқыда есепші қылып алды. Бір айдан соң жауапты хатшы болдым. Жылдан астам жап-жақсы жұмыс істедім. Сонда да одан әрі оқығым, журналистикаға барғым келеді. Бірақ менің орныма қалатын кісі табылмай, тағы да емтиханнан кеш қалатын болдым. Қарағандыда оқу қыркүйектің 10-ында басталатынын естіп, солай қарай тартып отырдым. Келсем қазақ әдебиеті факультеті деген жоқ. Ақырында, орыс филологиясына түсіп, соны бітіріп шықтым. Ол кезде қазақ тілі факультеттері көп институттарда жабылып қалған. Қазақ әдебиеті факультеті тіпті жоқ. Орыс филологиясында оқи жүріп, өлең жазуымды тоқтатпадым. Қазақ әдебиетін де білуім керек. Қазақ тілінде шығатын газет-журналдарды жібермей оқитынмын. Көп күнім кітапханада өтеді. Менің журналистикаға келуіме ана тіліме, туған тіліме деген ынты­зарлық, өлең-жырға құмарлық себеп болды.
Институтты бітіргеннен кейін бір жылдай қала маңындағы орта мектепте орыс әдебиеті мен тілінен сабақ бердім. Сабақ беріп жүріп облыстық газетке жазып тұрдым. Содан мені белсенді ауыл тілшісі ретінде газетке шақырды. Алдында комсомолға қызмет етуге шақырған. Оның жалақысы да жақсы еді. Бірақ газетке бүйірім бұрып тұрды. Облыстық газетке әдеби қызметкер болып келдім. Сөйтіп, 1958 жылдың маусымынан қиындығы мен қызығы қат-қабат журналистік жолым басталды. Облыстық газетте әдебиет бөлімінің меңгерушісі болдым. Алғашқы өлеңдер жинағым сол кездері жарық көрді.
Хрущевтің ию-қию өзгерістері кезінде Тың өлкесіндегі қазақ газеттері жабылып қалып, Алматыға келдім. Мұнда келгенім жалпы жаман болған жоқ. Бірақ менің туған жердегі ақындығым ақылды қара сөзге ауысып кетті. «Ара-Шмель» журналында фельетонист болдым. Мұнан соң Алматы облыстық «Жетісу» газетіне редактордың орынбасарлығына шақырылдым. Табаны күректей тоғыз жыл осы қызметті атқардым. Әкемдей болған ардақты ұстазым, қазақ журналистикасының іргетасын қалаушылардың бірі Әбдуәли Қарағұлов мені басқа жерге жібергісі келмеді. Үлкен сенім артып, бар билікті беріп қойған соң өз бетіңмен қайда кетерсің! Ол кісі зейнет жасына келіп, зейнеткерлікке шықты. Бас редактор тағайындау керек. Бірінші орынбасар, тоғыз жыл істеген, журналистикада өзіндік қолтаңбасы қалыптасып қалған, бірер сыйлықтың иесі болған менің құжаттарымды алып барғанда бір басшы: «Бұл өзі педагог екен ғой, журналистикада қайдан жүр, өзімізден біреуді таппадыңдар ма?» деп алдындағы қағаздарды шиырып лақтырып жіберіпті. Сөйтіп, екі айдан соң «Социалистік Қазақстанға» (бүгінгі «Егемен Қазақстан») Бас редактордың орынбасары боп келдім. Табаны күректей он жеті жыл тапжылмай, бір адым ғана ілгерілеп сол орында отырдым. Тек қайта құру кезеңіне орай Парламент өз газетін шығаратын болып, соны ұйымдастыруды маған жүктеп, айтақырдан айбынды газет шығаруға тура келді.
Астанамыз Ақмолаға көшетін болып, Президентіміз осы мәселені талқылағалы сегіз бас редакторды шақырып алып, ақылдасқанда оның ұсынысын қолдап шыққан мен ғана едім. «Халық кеңесі» газетінде бұл туралы алғашқы мақаланы да жазған мен. Алайда ол жаққа бара алмай, Алматыда қалуға тура келді. Қазақ айтады: «Пайда көрген жеріңді байпаңда да баса бер, зиян көрген жеріңнен байласа да қаша гөр» деп. Байпаңдап жүріп сексенің сеңгіріне қалай шыққанымызды да білмей қалдық. Күні кешеге дейін бұдан жиырма жыл бұрын Бас редакторы болып келген «Ақиқат» журналында жұмыс істедім. «Арамызда жүре бер» деп жібермеген жігіттерге рахмет. Бұдан әрі бойым сыймай, демалатын кез келген шығар деп былтырдан бері араларыңнан кеттім. Бірақ тілегім де, жүрегім де «Қазақ газеттерінің» ұжымымен бір. Бірлесіп жұмыс істеген соң, үлкен-кіші әріптестерің туыстай болып кетеді. Бәрі де ағалап сыйлайды, құшағын жайып, бетін тосып жатады. Той-томалақ шараларынан қалдырмайды. Соған тәубә дейміз.
Әрине, газетте де, журналда да істеуге болады. Бірақ баспасөзде істеп жүріп, баспасөзден шығып қалатын адамдар болады. Себебі көпшілігі ұдайы ізденбейді. Сол басылымның төңірегінде қалып қояды. Мен ондайлардың қатарына жатпаймын ғой деп ойлаймын. Әрдайым да, тіпті басшы бола жүріп, айына бір очерк жазбаған кезім жоқ. Әрине, өлеңді сирексітіп жібердім. Ал басқа жанрда біраз тер төктім.
– Оқырмандар Сізді аудармашы ретінде де жақсы біледі. Осы бағыттағы ойларыңызбен бөлісе отырсаңыз…
– Мен жазушы ретінде көлемді роман бергенім жоқ. Бірер ғана деректі повесть жаздым. Ал бірақ жазған очерктерім мен эсселерім, өмірде болған адамдар, тарихи тұлғалар жөніндегі дүниелерім оқырман көңілінен жол тапты ғой деп ойлаймын. Қазір сала құлаш романды оқып жататын заман жоқ. Мәселен, 60-жылдары ағылшындар Лев Толстойдың «Анна Каренинасын» негізгі оқиғаларын ғана баяндап, жиырма беттік кітап қып шығарған. Сондықтан қазір прозаның ішінде эссе, очерктер оқырманға тиімді-ау деп ойлаймын. Өйткені онда кейіпкердің өмірі де, еңбегі де түгел қамтылады. Тың деректер де табылады. Әрі қысқа, әрі нұсқа деген осы.
Өзіңді-өзің қамшылау үшін кейде аудармаға барасың. Біздің кезімізде газетте аударма деген негізгі саланың бірі болды. Өйткені ресми жиналыстар орыс тілінде өтетін. Баяндамаларын, сөйлеген сөздерді беру керек. Ол үшін аударманы жазып отыра алмайсың. Бірден барып «диктовка» жасауға тура келді. Шәкірттерімді де соған баулыдым. Сауытбектің айтатыны ғой: «Аға, сізден үйренгенім – диктовка болды» деп. Көркем аударманың өзін де мен шапшаң жасаймын. В.А.Обручевтің «Жұмбақ жерін» қырық екі, ал Николай Ановтың «Ән қанатын» елу алты күнде аудардым. Күндіз жұмыс істеймін, кешкісін газет қараймын. Сағат 11-ден 3-ке дейін отырып, аудардым. Ұзын саны он екі роман тәржімалаған екем. Өзге тілдегі шығарманы өз оқырмандарыңа жеткізу үшін сол тілде сөйлете білу керек қой. Кей сәттерде еркін кететінім бар. Барынша қазақша сөйлетуді, қазақтың рухына сай келуін қарастырамын. Өз ұлтымызға орыс жазушыларының қазақ тақырыбындағы шығармаларын аударғанды жөн санаймын. Мәселен, М.Пришвинді қазаққа әлі ешкім ана тілімізде таныстырған жоқ. Оның Қозы Көрпеш-Баян сұлу жөніндегі әңгімесі сияқты қазақ тұрмысынан жазылған дүниелері қазаққа керек қой. Солар әлі қозғаусыз жатыр. Ұлтымызға қажет болғасын, Д.Мамин-Сибиряктың «Қыр хикаяларын» қолға алып, түгелге жуық аудардым. Әрине Д.Мамин-Сибиряк талай роман жазған адам. Алайда солардың ішінде қазаққа қатысты дүниелерін қамтыдым. Паустовкийдің де қазақ өміріне қатысты жазған шығармалары бар. Всеволод Иванов әлі қазақшаға аударылған жоқ. Оның «Қазақ Темірбай» деген хикаяты бар. Орысша ол «Киргиз Темірбай» делінеді. Ол кезде қазақты «киргиз» дейтін еді ғой. Осы шығарма желісімен кино түсірілгенде Темірбайдың рөлін Бишеналиев ойнады да, шын мәнінде ол қырғыз Темірбай болып кетті. Ал ол қазақ болатын. Ивановта осы тектес талай дүниелер бар. Соларды біз аудардық па? Аударған жоқпыз. Дальдің қазақ жөнінде екі хикаяты бар. Ол да аударылмады. Біздің баспалар осындай шығармаларды аударып, қазақтың төл туындысындай етіп шығаруы керек қой.
Бүгінде газеттер бас мақала дегеннен ауылын аулақ салады. Кезінде «Бас мақала – газеттің туы» деп үйреткен бізді. Өз басым «СҚ»-да жүргенде екі айда үш бас мақала жазып отырдым. Осыны он жеті жылға көбейтіп көріңіз. Қанша жазғаным сонда білінеді. Қазір болса, солардың кез келгеніне өз қолымды қояр едім. Өйткені олардың әрқайсысына жауапкершілікпен қарадым. Өзімнің төл туындым деп білдім. Бүгінде ойлап отырсам, облыстық, республикалық газеттерде алты жүзге жуық бас мақала жазыппын. Олардың өлеңмен жазылғандары да болды. «СҚ»-ға кейіпкердің суретімен берілетін әрі очерк, әрі мақала сынды көрнекті тұлғалар туралы бас мақаланы алғаш алып келген де өзім едім. Әрине, бұл ізденіс жемісі, жаңа өріске ұмтылу. Газет жұмысы осындай ізденуді талап етеді. Құнт жоқ па, әйтеуір, жазғандарымды кітап қылып шығару ойыма келмеді. Иран, Вьетнам, Венгрия, Түркия сапарларынан жазған жол жазбаларымның өзі жиналса – бір кітап.
Соның ішінде М.Горький жөніндегі очерк-эссеге ерекше тоқталсам деймін. Онда «Жетісу» газетінде істеп жүргенмін. Горькийдің 100 жылдығы қарсаңында «Нижний Новгородта» (ол кезде Горький қаласы) бүкілодақтық конференция болды. Соған қатыстым. Іссапармен барғасын есеп беріп қана қоюға болады ғой. Мен олай етпедім. Қаладағы ұлы жазушыға қатысты жерлерді аралап, өзінің кітаптарынан деректер ала отырып, қаламгер жөнінде тұтас газеттің бір нөмірін толтыратын очерк дайындадым. Бұлай жазу үшін Горькийдің біраз шығармаларын оқып шығу керек ғой. Ең болмағанда, «Балалық шағы» мен «Менің университетімді» білу керек. Жұрт елей бермейтін деректер келтірілді. Жеткіншек Максимнің өзін-өзі атпақшы кезі де болған. Мұны екінің бірі біле бермейді. Ленин қайтыс болғанда Горький қаралы букет жіберген. Сол музейде сақтаулы тұр. Қазір Горькийді революцияның жаршысы деп одан іргемізді бөліп алып жүрміз. Шын мәнінде, ол жазушы ғой. Фадеевті «Жас гвардияны» жаздың деп кінәлауға бола ма? Шолоховты «Тынық Донды» жаздың деп кінәлауға бола ма? Олар революцияны насихаттап отырған жоқ. Сол уақыттың тынысын беріп отыр.
– Термин сөздерді аударуда да тә­жі­рибеңіз ба­рынан қанықпыз. Термин­дердің аударылуы жөнінде не айтар едіңіз?
– Терминдердің біразын сіңіріп алдық. Өз басым «программа», «платформа» сөздерін аударып, бағдарлама, айқындама, тұғырнама деген сөздерді айналысқа енгіздім. Рынок былай қарағанда базар. Нарық деп алдық. Бұған да көз үйренді. «Пляжды» жағажай деп аударып, қазақ сөзінің қатарына жаңа бір сөз енгізуге үлес қостық. Әрине, алғашқыда жұрт тосырқайды. Бірақ кейін үйреніп кетеді. Ең аяғы жаңа етік те алғашқыда аяқты қыспай ма? Отағасы, отанасы деп жатамыз. Отағасының да әртүрлі мағынасы бар. Ақан ағаға (Ақан сері) «Отағасы-ай» депті біреу. «Өзің отағасы бол» депті ақын. «Жарықтық-ай, ренжіп қалдыңыз ба?» депті әлгі иесі ақырын. «Өзің жарықтық бол» депті. «Ақан аға, неге бұған шамдандыңыз?» дегенде: «Не­мене, мен оттың басында күлді күреп отыр­­ған шал ма едім. «Жарықтық-ай» дей­сің, мен өлген жоқпын, әлі тірімін» деген екен.
Бір сөйлемде бір сөзді кейде екі, тіпті үш рет қайталуға тура келеді ғой. Мен бағдарлама, айқындама, тұғырнама сөздерін қайталамау мақсатында ойлап тапқан ем, ақыр аяғында олар термин болып кетті.
«Замокты» құлпысарай деп алдым. Шынында, жабық тұрады, ескерткіш сияқты дүние. Оның өзін де о баста құлыптаулы тұратын дүние дегеннен шығарған болар.
«Бабыр» деген есім бар қазақта. Бабыр шын мәнінде жолбарыс деген сөз. Түбі түркі сөзі. Оны орыстар кезінде бобрмен шатастырған. Кейде менен сұрайды: «Сені сары боп туғасын Сарбас қойған шығар» деп. «Менің есімімді мен тумай тұрып қойған» деймін. Менің алдымдағы үш ұл, екі қыз шетінеп кеткен. Біздерде бала тұрмай жүргенде нағашы аталарының атын қоятын дәстүр бар. Біздің шешеміздің арғы атасы Байсары деген кісінің Шақаман, Сарбас, Сарт деген үш ұлы болған ғой. Сарбас батыр болған деседі. Сол кісінің атын қойған. Сарбастан Ұлтай туады. Менің Социалистік Еңбек Ері болған бөлем бар еді. Оның аты Ұлтай болатын. Оған да нағашы атасының атын қойған. Сарбас деген басы сары болғаннан емес. Сары деген сөз көне түркіде басты деген мағына береді. Мәселен сардар, сарбаз, Сарыарқа. Арқа деген тыл деген мағынаны білдіреді. Сонда Сарыарқаңыз қазақ­тың басты тылы болып шығады. Бағзыда Сыр мен Қаратауды қоныстанып, Сарыарқаны жай­лаған ел емеспіз бе? Бізге осыларды білу керек.
– Әңгіме арнасын қазіргі журналис­тика­ның жай-күйіне бұрсақ. Нені жазып жүрміз, нені жаза алмай жүрміз?
– Журналистика жаңа бір қыр тапты. Ол – танымдық журналистика. Тарихын ұмытып қалған біз үшін бұл қажет дүние. Ілгерідегі, кейінгі тарихи тұлғалар болсын, тіпті өздеріміздің атақты замандастарымыз болсын, оларды жұрттың білгені абзал. Бұл жөнінен біздің газеттеріміз көп ілгері кетті. Танымдық материалдар көп. Ол жағы жақсы. Бірақ талдау материалдары кемшін. Дәуірге үн қосып отыру жағы шамалы.
Әнебір жылдары Горбачев Ресейдің бес облысы тың игеру тұсында Қазақстанға кіріп кетті деп, сандырақтап еді, кеше соның ізін жалғап, қазақ даласында бұрын мемлекет болмаған деген сыпсың сөз шықты. Бұған біздің үн қосып, тойтарыс беруіміз керек еді ғой. Ресей басшысы мұны надандығынан, тарихтан түк сезбейтіндігінен айтып отырған жоқ. Оның да өзінің ішкі есебі бар. Не дегенмен, асылдың тұяғы ғой, Путиннің шалыс пікірлерінің қате екенін Парламентте ашық айтуға Мәулен Әшімбаевтың ғана батылы барды.
Біз білетін мемлекеттігіміз – Алтын Орда. Атырау облысының қазіргі аумағында кезінде бір емес, екі астанамыз болған. Кешегі Қазақ хандығы қайда? Алтын Ордадан бөлінген Көк Орда қайда? Ноғайлы, Астрахан хандықтары ше. Қазақ даласындағы мемлекет емес пе осылар. Сөйтіп отырып, неге қазақта мемлекет болмады дейміз. Біздің мемлекеттігімізді патша үкіметі жойып жіберді. Бізде мемлекет болмады деген сөз Жириновскийдің шатылбайына шалқар өріс беру деген сөз.
Батылдығымыз жетпейді. Әлі де жер қорқақпыз. Біз баяғы 37-де, кеңес заманында әбден ұрылып қалған халықпыз. Менің құрдастарым – төрт жылғы аштықтан кейінгі тұңғыш түлектер. 34-ші жылғы құрдастарым жоққа жақын. Менің үлкен ағалармен жүретінім – өз теңім аз болды. Менен кейін туған жарым жас кішілер мені аға тұтып кетті. 34-ші жылдан бастап еңсе көтерген жылдардың тұңғышы біздерміз.
– Ізіңізді басып жүрген жас журна­листерге айтар тілегіңіз?
– Жас журналистер бізге қарағанда бақытты. Біз деректі де, материалды да арыстанның ауызынан, түрікпенің түбінен іздеп таптық. Қазір интернет бар. Кез келген адам, кез келген ел жөнінде дерек табуға болады. Ал біз ол үшін қаншама кітап ақтардық, қаншама іздендік. Қазіргі журналистерге рахат, ғаламтордан ала салады. Мәселен, Клинтон кім? Қай жылы туған, не істеп, не қойды? Бәрі бар. Ғаламтор БАҚ-тан ілгері жүреді. Біз мұны пайдалануымыз керек. Жас журналистердің бақыты да, жұмысының жеңіл болуы да осында. Тек қорыта білетін ой, са­ралай білетін сана, түйіндей білетін ақыл керек.
Біздің журналистер тілге салдыр-салақ қарайды. Театр бұрын тіл үйренетін мектеп болатын. Газет те солай еді. Жұрт қазір газеттен гөрі, көгілдір экранға көп үңілетін болды. Тіл үйрететін мектеп көгілдір экран болу керек еді. Бұл болса, тілімізді бүлдіріп барады. Аударма фильмдер беріліп жатыр. «Апа» деген сөзді орынды-орынсыз қолданады. «Ана» деген сөздің орнына «апа» деп соғады. «Мама» деген сөзден неге қашамыз? Күллі Батыс Қазақстан, Арқа «мама» дейді. Ол орыстан келген дейміз. Орыстан емес, ол баяғыдан бар сөз. «Мама бие» деген қазақта бар ғой. Мама – мейірімнің, кеңдіктің белгісі. «Апа» барлығына келмейді, ол көбіне әпкенің орнына қолданылады. Қамқорлық деген сөзді қамқор деп және шатастырып жүр.
Өкініштісі, журналистикада тілді оқытпайды. Тілді оқытқан жөн.
– Осы ғұмырыңызда қоғамда болып жат­қан түрлі өзгерістерді бастан кешірдіңіз. Сізді қазір не мәселелер толғандырады?
– Кеңес заманында екі үлкен ашаршылықты бастан өткердік. Бірі – 1920-21 жылғы, бірі – 1930-33 жылдардағы. Осының салдарынан халқымыздың үштен екісінен айрылдық. Енді халқымыз өссін дейміз. Кіммен өседі? Шеттегі қандастарымызды алып келейік деп айғайлап жатырмыз. Алып келейік. Олар да санаулы. Халық өздігінен өсуі керек қой. Өз ішінен. Біздің өсетін құнарлы топырағымыз да, бастау қайнарымыз да ауыл еді. Ауылдың өзінде бірден-екіден артық бала тумайтын болды. Қаланың жағдайы белгілі. Ал сол туған бір-екі баланың аман өсуі үшін де жағдай керек емес пе. Жақында медициналық оқу орындарында педиатрия факультеті жабылып қалды дегенде қатты ренжідім. Бір жастан жеті жасқа дейінгі балаға дәрігерлік бақылау ауадай қажет екені белгілі. Ондай балалар дәрігерін даярламайтын болсақ, біздің медициналық оқу орнымыз неменеге керек. Бұл үлкен проблема. Осыларды біз көтеруіміз, биліктің алдына қоюымыз керек.
Қазіргі мектеп екі күннің бірінде жылу жинайды. Осыған тосқауыл қойылса.  1-сыныпта психологиялық тест деген бар. Оның не керегі барын түсінбей-ақ қойдым. Бұрын баланы тексермей-ақ мектепке қабылдайтын. Бүгінде бала мектепке келмей жатып-ақ, оқи білуі, жаза білуі, сурет сала білуі керек екен. Сол дұрыс па? Тағы бір айтатын нәрсе, бұрын бала мектепке тартылды ма, тартылмады ма – бақылап отыратын. Қазір бақылау былай тұрсын, балаңды өзің барып, беделіңді салып әрең қабылдатасың. Бұл да біздің көтермей жүрген мәселеміз.
Балалардың үлгі киімі. Қазір бір баланы мектепке даярлау үшін алпыс мың теңгедей қажет. Ал үш, төрт, бес баласы бар ата-ана сонша қаржыны қайдан табады? Үш жүз-төрт жүз мыңдай қаржы керек екен оларға. Еңбекақың жүз мыңға жетпей жатса, бұл қалай болғаны? Осы жағын ойламаймыз. Қазір ауылды жерде мұғалімге еңбекақыны берген сабағының санына емес, сыныптағы баланың санына қарай төлейтін көрінеді. Осындай мәселелер қаперімізден шығып кетіп жатады. Мен журналистерге күрмеуі қиын ұрымтал мәселелерді көбірек көтерейік дер едім.
Астанаңыз болсын, Алматыңыз болсын, аспанмен иін тіресіп көп үйлер бос тұр. Ал жұрт үй-күйсіз босып жүр. Әлгі бос тұрғандарды байлар сатып алып қойған. Осы үйлердің оннан бірінде ғана тұрғын бар. Қалғаны бос. Ол байлардың жылжымайтын мүлігі. Иесіз үй ертең-ақ күйрейді. Егер ел қамын ойлайтын басшы болса, байшыкештерді жинап алып: «Сен мемлекеттен алатыныңды алдың. Мына жайыңды үйі жоқтарға бер» десе, қанекей. Басшы осылай жасаса халық арасында беделі де артар еді.
Бізде мүмкіндік бар. Байлық жетеді. Соны халық үшін игеру керек.

Тәжірибесі мол қаламгердің қажырлы еңбегі лайықты бағаланып келеді. С.Ақтаев баспасөз саласындағы жемісті еңбегі үшін «Парасат», екі мәрте «Құрмет белгісі» ордендерімен, бірнеше медальдармен марапатталды. Екі мәрте Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің Құрмет Грамотасына ие болды. «Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері», «КСРО баспасөзінің үздік қызметкері» құрметті атақтары берілді. Журналистер одағы сыйлығының төрт мәрте иегері. Уақытында Қазақстан халық бақылау комитетінің мүшесі, Алматы қалалық кеңесінің депутаты, Қазақстан Журналистер одағының хатшысы болып сайланды. Қазіргі күні Жазушылар одағы ақсақалдар алқасының, Тарихи ескерткіштерді қорғау жөніндегі республикалық қоғамның басқарма мүшесі.
Сарбас аға жасының ұлғайғанына қарамастан қаламын қолынан түсірген емес. Мақалалары қазір де жиі жарияланып тұрады. Мұның өзі жүрек қалауымен қалаған журналистік кәсіпке деген шынайы құштарлығының айқын белгісі.

Нұрперзент Домбай

"Ана тілі"

0 пікір