Жексенбі, 31 Мамыр 2020
COVID-19 ҚАЗАҚСТАНДА. Жұқтырғандар — 10858. Жазылғандар — 5220. Қайтыс болғандар — 38
46 - сөз 4583 0 пікір 26 Қыркүйек, 2014 сағат 11:03

Облыстық театрлар әбден бетімен кетті

ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы:

«Еліміздегі театрлардың директорлары өздерінің пьесаларын сатып алып, соны өздері басқарып отырған театрларда қойып жүр. Онысымен қоймай, өздері басты рөлдерде ойнайды. Еліміздегі драматургияның дамуына театр директорларының өздері кедергі жасап отыр. Дулат Исабековтың драматургиясы нағыз заман талабына сай драматургия дер едім. Оның еңбектері Ресей, Ұлыбритания, Грузия, Чехия, Болгария театрларында қойылып жүр. Өкінішке қарай, Қазақстан театрлары Д.Исабековтың драматургиясын көрсетуге құлықты емес», — деп мәлімдеме жасады.

Дулат Исабеков, жазушы, драматург, Мемлекеттік сыйлықтың иегері:
— Мұхамедиұлының сөзіне риза болдым. Ол кісі Т.Жүргенов атындағы өнер академиясында ректор, ал мен сонда драматургиядан дәріс беріп жүргенімде театрдың өркендеуі жайлы ақылдасатынбыз. Сондағы тізіп шыққан кемшіліктерді жөндеуге кіріскеніне қуанып қалдым.
— Қандай ұсыныс жасадыңыздар?
— Министрліктің жанынан редакциялық алқа құру керек дедік. Оның құрамы үш адамнан тұрады. Сараптаудан өткен үздік пьесалар көркемдік кеңеске жөнелтіледі. Көркемдік кеңес тоқсан сайын бір өткізіледі. Бес-алты пьеса шешуші кеңесте талқыланып, сосын барып театрға қойылатын нағыз еңбектер таңдалады.
— Театрлардан қандай кемшілік байқап жүрсіз?
— Облыстық театрлар әбден бетімен кетті. Не қойылым қояды, қайсысын қоймайды, өздері біледі. Менің ойым, барлық облыс театрларының қаржысын орталықтандыру қажет. Бүгінгі таңда әрбір облыс қаржыны өзі төлегеннен кейін театр не істеймін десе, өзі шешеді.
Сонымен қатар, театр ғимаратындағы қазақ және орыс театрлары сол жерде жиналыс өткізіп, репетицияға аз уақыт бөледі. Содан бір жарым айда дайын болуы керек пьеса үш айға созылады.
Театр басшыларын әр облыс өздері ұсынып, лауазымын бекітіп жүрген болар. Менің ұсынысым – оны министрлік бекіткені абзал.
Театрларға әртүрлі деңгейде қаражат бөлінеді. Ақшаны қарпып алғандардың өзі сапалы дүние ұсына алмай жүр.
Сосын тағы бір қосарым, жергілікті авторларды тарту жиілеп кетті. Біз өз драматургымызды шығарамыз деп тыраштанады. Он жерден академия бітірсе де, адам драматург бола алмайды, оны қолдан жасау мүмкін емес.
— Қазақ театрлары жайлы айтып отырсыз, ал басқа театрларда ше?
— Қазір біздің пьесалар шетелдерде дүркін-дүркін қойылып жатыр. Ал Қазақстандағы орыс театрлары басқа мемлекетте өмір сүріп жатқан сияқты. Қазақ драматургиясымен шаруасы жоқ. Шетелдің қайдағы бір арзанқол пьесаларына құмар. Бұл — баяғыдан бері айтып, көтеріп жүрген мәселеміз. Қазақстандағы барлық ұлт өкілдерінің театрларының басын қосып, «Қазақстанда тұрып қазақ пьесаларын неге қоймайсыңдар?» деп мәселені төтесінен қойып, жиналыс өткізуіміз керек. Оларды мемлекет қаржыландырады, ғимарат та, жер де мемлекеттікі. Алайда шетелде қойылып жүрген қазақ пьесаларын қоюға келгенде кежегесі кейін тартады. Шығармашылық еркіндікті басқаша түсініп кеткен сияқты. Ортақ бірлікте осындай шығармашылық тілек, өтініш жасасақ дейміз.
— Аға, өзіңіз қай драматургтардың шығармасы қойылымға лайықты деп айтар едіңіз?
— Драматургияда жақсы шығарма ешқашан ескірмейді. Бізде, Құдайға шүкір, мықты драматургтар бар. Сұлтанәлі Балғабаевтың пьесалары Қазақстанда жақсы жүріп жатыр. Қалихан Ысқақтың Әуезовтың әңгімесі бойынша жазылған «Таңғы жаңғырығын» қолға алуға болады. Шахмардан Құсайыновтың керемет пьесалары бар. Шахмардан мен Қалиханның қосылып жазған «Қазақтар» пьесасы өз-өзінен сұранып тұр. Оралхан Бөкей, Қалтай Мұхамеджановтың шығармалары өзектілігін жоғалтқан жоқ. Тынымбай Нұрмағанбетов, Ермек Аманшаевтің еңбектері орыс театрларында да қойылды. Баққожа Мұқаевты да атап өткім келеді. Осындай мол да мағыналы пьесаларымызбен біраз жерге баруға болады деп ойлаймын.
— Дулат аға, сіздің пьесаларыңыз қандай театрларда қойылып жүр?
— Иә, әрине. Солтүстік Қазақстанда «Өйтпесе Мағжан бола ма?» пьесасы, Қызылордада «Өкпек жолаушы» (Транзитный пассажир) пьесасының премьерасы жүріп жатыр.
Қазір әкімшілік «үш тұғырлы тіл» саясатына байланысты үш тілде жүріп жатқан пьеса іздепті. Іздегенге — сұраған, менің «Өкпек жолаушымның» биыл сәуірде Лондонда премьерасы өткен болатын. Енді сол театр алғаш рет 26 қыркүйек күні Астанада Оқушылар сарайында ағылшын тілінде көрсетілімін қоймақшы. 27 қыркүйекте Санкт-Петербургте көрермен назарына орыс тілінде ұсынылады. 28-іне қазақ тілінде Қызылордада ұсынылады.
— Сұхбатыңызға рақмет, Дулат аға. Еңбегіңіз жана берсін! Зор денсаулық, шығармашылық табыс тілейміз!

Сұхбаттасқан — Мирас Кесебаев

"Қазақстан-заман"

0 пікір