Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Мәйекті 10193 0 пікір 30 Қыркүйек, 2014 сағат 12:43

ҚЫТАЙДА ЖАЛҒАН ӘНШІГЕ ЖОЛ ЖАБЫҚ

Алтайдың ар жағынан келіп, Алатаудың аспанын әнмен тербетіп жүрген бауырларымыз аз емес. Солардың бірі, жарасымды жұп - Зият Төлеуғазы мен  Бибігүл Қилымхан.

- Киелі өнер киелі топырақтан тарайды демекші, Зият мырза өзіңіз бастап әуелі туған жер туралы сөз қозғасаңыздар?

 - Мен ҚХР, Алтай аймағының  Қаба ауданында туғанмын. Бибі де (Бибігүл еркелетіп осылай атайды екен) Алтай аймағынан, Жеменей ауданында дүниеге келген.  Қызығы сол - біз бір аймақта болғанымызбен  бейтаныс едік, Қазақстанға келген соң ғана танысып, отбасын құрдық. Біздің танысуымызды жазмыш деп білемін. Мен «П.Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжінде» прима-домбыра мамандығында білім алып жүр­ген кезім. Бибі «Ж.Елебеков атындағы эстрада цирк колледжінің» эстрадалық ән факультетінде оқитын. Бибінің жатақханасы бізге жақын еді, Алла басыма бақ беріп, ортақ достарымыз арқылы таныстық. Кейін достығымыз махаббатқа ұласты.

- Өнер адамдарының көбінде тегі өнерлі болып жатады, Бибігүл ханым, сізге өнер қай жағынан дарыды деп ойлайсыз?    

- Маған өнер әкемнен дарыды дер едім, ол кісі біртуар әнші. Әкем  Қилымхан Жеменей ауданының өнер ордасын басқарды.  Өкінішке орай  әкемнің өнері тек Қытай қазақтары арасында ғана кең таралды. Үнемі «Қазақ еліне барсам, Шіркін, қазақ өнері бұдан да зор құрметке ие болар ма еді» деп армандайтын. Менің өнер адамы болуыма анам үнемі қолдау көрсетіп отырды. Қытайдан  орта мектеп бітіре сала әкемнің  арманын арқалап, өзімнің  бағымды сынап көруге атажұртқа ат басын бұрдым.

 - Зият мырза, сіздің  өнер жолына түсуіңізге кім ықпал етті?

- Менің әкем де Қаба ауданының өнер тізгінін ұстады. Мені бала кезімнен өнерге баулып өсірді. Бибі екеуміздің әкелеріміз де өнер ордасын басқарған жандар, өнерлі отбасында өстік.  Қазір отбасында екі ұл тәрбиелеп отырмыз. Үлкен ұлымыз музыкаға өте сезімтал,  Құдай қаласа болашақта өнер адамы болады-ау деп үміт күтеміз. Бала үшін отбасы тәрбиесі өте маңызды рөл атқарады.

- Бибігүл ханым,  сіздер келген кездегі Қазақстанмен салыстырғанда елдің қазіргі жағдайын қалай бағалар едіңіздер?

-  Қазақ елі күннен-күнге дамып келе жатыр.  2002 жылы келгенде қазіргіден мүлдем басқа еді. Он екі жылда елдің экономикасының өскенін былай қойғанда қазақ тілінің қолдану аясы да кеңейіп қалды. Ең алғаш келгенде қазақша сөйлесерге жан таппайтынбыз, қазір оған қарағанда ана тілдің абыройы  өсті. Қазақтың қамын ойлаған азаматтар аман болсын. Елбасының «Ұлытаудағы ұлағатты  сұхбатын» естіп терең әсер алдым. Елбасының «Мәңгілік ел» идеясы – әрбір қазақтың нақты қадамымен жүзеге аспақ. Сондықтан алар асуымыз әлі алда деп ойлаймын.

 -  Зият мырза, Қытай еліндегі қандастарымыздың атажұртқа деген ықыласы қандай? Әсіресе өнер адамдары атажұртқа оралуды қалай қабылдайды?

- «Қазақ көші» - ел тәуелсіздігінің ең ұлы жемісі. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Отанынан жырақта жүрген бауырларды Атажұртқа шақырғалы, міне, 23 жыл болды. Осы аралықта ресми мәліметтер бойынша 1 миллионнан астам қандасымыз қатарымызды толықтырған екен. Бірақ, соңғы жылдары көш саябырсып қалды. Өнер адамдарына келсек, біздің замандастарымыз әлі де қозғала қойған жоқ, себебі өнер адамдары қазақ жүрген қай жерде болсын құрметтеледі ғой. Мұнда  келгенде өнерімізге обал болады деп ойлайтындар да бар болар. Қазір екінің бірі  жалған дауыс жаздырып алып, әнші бола береді. Дауысы барлар емес, өнерде танысы барлардың бәрі әнші. Ал Қытайда жалған әншіге жол жабық. Қазіргі қазақ әншілерінің саны бар, сапасы жоқ екендігін мемлекетте қатаң заң болмағандықтан деп түсінемін. Десе де өнерге талғампаз халық саңлақтарын саралап алады деп сенемін. Бибі екеуміздің өнер жолында биіктеп келе жатқанымыз да сол таразы халықтың арқасы. Әлі де шетте жүрген өнерде жүйрік жандар елге көш тізгінін ұстап келетін азаматтар болатынына сенемін.

- Атажұртқа келген соң өнердегі қадамдарыңыз қалай болды, Бибігүл ханым?

- Қазақ еліне келген соң  Алматыда  «Ж.Елебеков атындағы эстрада цирк колледжінің» эстрадалық ән факультетінде білім алдым. Оқып жүріп «Қазақконцерттің» әншілерге байқау жариялағанын естіп, қатысып көруге бел будым. Алла жар болып, сегіз қыз қатысқан байқауда бағым жанып, үлкен ұжымның мүшесі болдым. Алтынбек Қоразбаев ағамыздың тәлімінде жүріп көп тәжірибе жинадым. Жұмыс істей жүріп «Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық Өнер академиясында» оқыдым.  Онда  Лаки Кесоглы , Самат Мәлімбай секілді ағалардан білім алдым. Өнер жолындағы ағаларыма көп рахметімді айтамын. Майра Ілиясова апамызға да көп алғысымды білдіремін. 2004 жылы «Шабыт»  байқауына қатысып «Тасқын Оқап атындағы арнайы жүлдені» жеңіп алдым. 2013 жылы А.Қоразбаев  ұйымдастырған «ән жырым саған - туған ел!» атты республикалық ән байқауынан 2-орын алдым.  Өнер жолындағы ең үлкен жетістігім - «Қазақконцерттің» мүшесі болу деп білемін. Бұл шеттен келген өнер адамдары  үшін қол жете бермейтін мәртебе.

- Тәуелсіздіктен бері біраз өнер қайраткерлері елге оралып, тамыр тартты. Алтынның сынығындай болып алыста қалған көп қазынаны елге жеткізді. Дегенмен, бастарын қосып, жалпы жұртқа жария қылып, арнайы концерт өткізді ме? Әлде, мұны Үкімет тарапы ұйымдастыру керек пе?

- Әкімшілік тарапынан ұйымдастырылған концерттер туралы естімедім. Керсінше өнерді бағалаған азаматтар өздері ұйымдастырып, елім деп келген өнерпаздарды жинап халыққа үлкен кеш беруді  өткен жылдан бастап қолға алды. Бұндай жақсы шараны бастаған Алматы қалалық мәслихатының депутаты Құсман  Шалабаев ағамыз. Биылғы концерт қарашаның бірінде студенттер сарайында өтеді, концертте  түрлі елдерден атажұртына оралған өнерпаздар өнер көрсетеді. Қандас бауырлардың өнеріне мән беріп жүрген  Құсман Кәрімұлы  ағамызға  шексіз алғыс білдіреміз.

-  Бибігүл ханым, әдетте әншінің продюсері, басқа да жауапты адамдары болады, сіздің продюсеріңіз кім? Алда қандай жоспарларыңыз бар?

- (Күлді.) Менің продюсерім - Зият. Өнерде де, өмірде де әрқашан бағыт-бағдар беріп келеді. Әнді  де бірге таңдап, бірге айтамыз. Зиятқа бірнеше ән жаздырдық. Мен әнді ойланып барып шығарамын, әлі де толғаныс үстіндемін. Алдағы уақытта жұп болып та сахнаға шығамыз. Сонымен қатар жеке шығармашылықты да алып жүреміз.  «Аманат» деген әнге бейнебаян түсіруді қолға алып жатқан жайымыз бар.

-  Бибі ханым, өнер және отбасы дейтін екі қасиетті ұғымды қалай қатар алып жүрсіз?

- Әйел адамның өнер жолы тым қиын. Байқасаң кейбір жас қыз әншілер жарқырап келе жатады да жоғалып кетеді. Көбінің өнерден кету себебі – отбасылы болуы, дұрысы құрған отбасында өнеріне қолдау болмауы. Не өнерден, не некеден ажырап тынады. Өнер жолында жүргеніме 15 жыл, Зиятпен  танысқаныма 7 жыл болды. Осы аралықта көп-көп алыс елдерге барып ән айттым. Үйге бір ай келмей қалатын күндерім де болды. Бірақ Зият маған ешқашан кінә артып көрген емес. Зиятқа өнерді бағалағаны үшін  ризамын. Қазір барлық жұмысты бірлесіп жасаймыз.

- Зият мырза, қазір жарнамасыз  жұлдыз шықпайды. Сіздер жарнамаға қалай мән бересіздер?

- Бүгінгі таңда адам емес аппарат әнші болып кетті. Техника дамыған сайын өнер құнсызданып барады. Қарғалар да алтыннан тәжі тағынып бұлбұл болуда. Осының барлығы  жарнаманың мықтылығынан. Көп  ел таныған сайын бағаң арта түседі. Енді біз өзімізді қатты жарнамалап жатырмыз деп айта алмаймыз. Қазақстанда шын дауыспен айтатын әншілерді жүйелі насихаттау дами қоймаған сала. Халық әндеріне қарағанда эстрадалық әндер тез танымал болады. Әншілердің бейнебаянын жаңа ашылған «Гәкку» музыкалық телеарнасы жарнамалап жатыр. Әзірге тегін. Әйтпегенде жарнаманың бәрі жанқалтаға тіреліп тұр. Өнер үшін қызмет ететін осындай телеарналар көбейсе әншілерді халық өзі іріктеп алады деп ойлаймын.

- Бибігүл ханым, әншіге дауыс керек,  тамағыңызға қалай күтім жасайсыз?

- Мен енді тамағымды сылап-сипап баптаймын деп айта алмаймын. Зият ағаң суық су ішпе, ашты жеме, газды сусын ішпе деп қадағалап отырады. Ең бастысы табиғи дауысымнан айырылмауға тырысамын.

- Шығармашылықтарыңызда қандай жаңалықтар бар?

-  Бізде қыздардан құралған тірі дауыста айтатын бір ұлттық ансамбль жоқ екен, осыны ескере отырып «Нәзік» ансамблі құрылған. Жетекшісі Қазақстанның Мәдениет қайраткері – Қайырғазы Төлен. Мен әншілік қызмет атқарамын.  Жақында ғана Корей халқының ұлттық ансамблімен бірлесе отырып, Алматыда концерт өткіздік. Шетелдіктер біздің ұлттық аспаптар мен ұлттық киімдерімізге қатты қызықты. Әсіресе  ұлттық мәнердегі дауысымызға таңданыстарын жасырмады. «Нәзік» ансамблі Енді-енді ел алдына шығып келеді, халықтың көңіліне жетеді деп үміттенеміз.

- Уақыт бөліп сұхбат бергендеріңізге рахмет! Өнер жолында жетістіктеріңіз көп болсын!

 Әңгімелескен: Бірлесбек Саягүл

(Зият пен Бибігүлдің орындауындағы әндерді төмендегі  сілтемеден тыңдай аласыздар

http://qamshy.kz/?p=13087)

Abai.kz

0 пікір