Жұма, 26 Сәуір 2024
Жаңалықтар 4876 0 пікір 2 Қазан, 2014 сағат 11:39

ҚАЗАҚСТАН ОФИЦЕРЛЕРІ ӘСКЕРИ БІЛІМДІ ТҮРКИЯДАН АЛАДЫ

28 қыркүйек пен 1 қазан аралығында Қазақстан Республикасы қорғаныс министрінің орынбасары Нұрлан Сауранбаев бастаған делегациясы Түркияда болып қайтты. Анкара мен Ыстамбұл қалаларында өткен бұл сапардың мақсаты - түрік қарулы күштері мен қорғаныс өндірісінің әлеуетін зерделеу және екі елдің арасындағы аталған салалар бойынша ынтымақтастықты нығайту болып табылды, бұл туралы ҚазАқпарат ҚР СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлады.

Қазақстан делегациясы Түркия қорғаныс министрінің бірінші орынбасары Шабан Ұмытпен кездесу өткізіп, қорғаныс өндірісінің беделді түрік компанияларында, оның ішінде оптикалық жабдықтар мен радиолокациялық құралдарды өндіретін «Аселсан» корпорациясында, әскери реактивтік ұшақтарға қондырғыларды өндіретін «ТАИ» корпорациясында, брондалған техниканы шығаратын «Отокар» корпорациясында және т.б. болған.
Хабарға сай, сапар барысында Қазақстанның әскери кадрларын шетелде даярлау бойынша Түркияның әскери оқу орындарында курсанттармен қатар, офицерлерді оқыту мәселесі қаралды. Түркияның әскери электрондық өндірісі бойынша қорғаныс өндірісі саласындағы ірі кәсіпорын болып табылатын «Аселсан» компаниясымен ұсынылған, 2013 жылғы желтоқсанда Астанада ашылған «Қазақстан Аселсан инжиниринг» қазақ-түрік қорғаныстық-өндірістік зауытының алдағы даму перспективалары және оның іске асырылуы туралы пікірлер алмасылды.

Абай-ақпарат 

 

0 пікір