Сейсенбі, 16 Сәуір 2024
Қоғам 5553 0 пікір 2 Қазан, 2014 сағат 13:05

БАҚ ӨКІЛДЕРІН БАСПАНАМЕН ҚАМТУ МАҢЫЗДЫ МӘСЕЛЕ

Журналистерді баспанамен қамтамасыз ету кезек күттірмес саяси-әлеуметтік маңызды мәселе. Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында Үкімет басшысының атына сауал жолдаған сенатор Нұрлан Оразалин осы мәселені көтерді деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазақстан жұртшылығына рухани қызмет көрсетіп, республика көлемінде болып жатқан жаңалықтар мен ақпараттардың дер кезінде тарауына, сонымен қатар, сағат-сәт сайын өзгеріп тұрған жаһандану жағдайындағы әр алуан дүниелік құбылыстарды тану, талдау сипатында қомақты міндет атқарып жүрген журналистер қауымының қоғамдағы орны арта түсуде. Бұл дәлелсіз шындық», - дейді депутат Н. Оразалин. Оның айтуынша, қазір елімізде 252 электрондық БАҚ, 146 телерадио компаниясы, 88 телекомпания, 58 радиокомпания, 98 кабелді оператор, 1364 газет, 522 жұрнал, 64 ақпараттық агенттік жұмыс жасайды. Бұл ретте депутат осыншама ақпарат құралдарында қанша журналист жұмыс істейтіндігі, олардың қаншалықты әлеуметтік қамсыздандырылғаны, баспанамен қаншасы қамтылғаны туралы ақпараттың жоқ екендігін атап өтті.

«Тәуелсіз Қазақстанның ынтымағы мен бірлігіне, Елбасы жүргізіп отырған реформалардың жүзеге асуына, ел өміріндегі саяси тұрақтылық пен рухани түлеудің баянды болуына өз үлесін қосып келе жатқан қаламгер қауымын, сол санаттағы БАҚ өкілдерін, әсіресе мемлекеттік арналарда қызмет жасайтын жас журналистерді баспанамен қамтамасыз ету кезек күттірмес саяси-әлеуметтік маңызды мәселеге айналып отыр», - деді сенатор.

Сонымен қатар, Н. Оразалин көпшілік журналистердің, соның ішінде жас отбасын құрған қаламгерлердің тұрмыстық-әлеуметтік жағдайы көңіл көншірлік емес екенін, олардың басым бөлігі пәтер жалдап тұратынын алға тартты.

«Жалғыз журналистер ғана емес, бүгінгі күні өнер мен әдебиеттің біраз өкілдері осындай пәтер тапшылығының тауқыметін тартып отыр. Сондықтан да, Үкімет арнайы бағдарлама әзірлеп, мемлекеттік БАҚ қызметкерлері мен әдебиет, өнер саласындағы дарынды жастар үшін қызметтік тұрғын үй салу мүмкіндігін қарастырған жөн болар еді. Үкіметтің «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасының баспанаға мұқтаж азаматтарды толығымен қамту мүмкіндігі шектеулі. Осы орайда, тым болмаса журналистерге, өнер мен әдебиет саласындағы дарынды жастарға Астана қаласынан мемлекет есебінен арнайы жатахқана қалашығын салу ісі қолға алынса, олардың басындағы тұрмыстық-әлеуметтік қиындықтары едәуір жеңілдер еді», - деді сенатор.

Abai.kz

0 пікір