Сенбі, 20 Сәуір 2024
Қоғам 5949 0 пікір 3 Қазан, 2014 сағат 08:08

Қайрат Келімбетов: ОРТАҚ ВАЛЮТА...ОҒАН ӘЛІ ЕРТЕ

Ресей телеарналарының біріне сұхбат берген Ұлттық банк төрағасы Қайрат Келімбетов Қазақстан, Ресей, Беларусь елдерінің ортасында болуы ықтимал ортақ валютаға қол жеткізу әлі ерте екендігін білдірді. Ал, ресейлік мамандар болса, ортақ валюта таяу жылдары, мысалы 2025 жылдарға қарай дүниеге келетіндігін айтып жүр. «Бұл мүмкін емес, - дейді Қайрат Нематұлы, - себебі ортақ валюта деген ойыншық емес. Мәселенки, Еуропа елдері өздерінің төл валютасы «Еуроға» дейін 50 жылды сарп етті. Сондықтан біз де асықпаймыз».

Сұхбат барысындағы бас банкиріміздің сөзіне қарағанда,  Қазақстанның алтын қоры 100 миллиард доллардан асып кеткен көрінеді. «Алтын қор кез келген қауіптің алдын алу үшін жасалған берік қамал» деген сөздің емеурінін аңғарта келіп Келімбетов: «Батыс пен Ресей арасындағы теке-тірес еліміздің экономикасына қандай да бір әсер етіп жатқан жоқ» , - деді.

Ортақ валюта туралы ҚР Ұлттық банк төрағасы алыс болашаққа болжам жасағанымен Еуразиялық экономикалық одақ аясында осы мәселені жиі қаузап жүрген Ресей жағы оның (әзірге аты белгісіз ортақ валютаның) айналымға тездеп енуін қалайтынын білеміз. Тең дәрежедегі әріптестіктен гөрі тізігінді тарта ұстап, баяғы «үлкендігін» көрсетуден танбайтын Кремль билігі Еуропа елу жыл жүрген жолды екі-ақ жылда еңсеруі мүмкін дейтін күдік басым бізде.

Ресеймен арадағы интегарциялардың бәрінде идея ұсынып жүретін Ақорданың кейбір асығыс әрекеттеріне қазір Келімбетов сияқты азаматтар сақсынып қарай бастағанға ұқсайды. Ортақ валюта туралы Қайрат Нематұлының болжамы соған саяды.

Ортақ валюта демекші, бұрынғы рубль аймағында қалып қойған 1990 жылдары Қазақстанның қандай зиян шеккенін Президент Назарбаевтың өзі де еске алып жазған болатын. Қазақ радиосының эфирінен берілген Назарбаевтың  естелігінде  РФ-нің бұрынғы Президенті Борис Ельциннің қалай алдап кеткендігі жария етілген-ді.

Abai.kz

 

 

 

0 пікір