Жұма, 19 Сәуір 2024
Көкмұнар 5424 0 пікір 3 Қазан, 2014 сағат 09:31

«ЕЛІН АҢСАҒАН ҚАЗАҚҚА» ЕЛШІЛЕР ЕРЕКЕШЕ РИЗА БОЛДЫ

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің жанынан құрылған “Шаңырақ” театры биылғы жылы үлкен іске тәуекел етіп, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі драматург Жолтай Әлмашұлы Жұматтың «Мұңмен алысқан адам» («Шетелде қартайған қазақ») драмасын ағылшын тіліне аударып, сахналап, Астана көрермендеріне ұсынды. Бұл бастамаға тікелей бас-көз болған университет басшысы Е.Сыдықов қойылымды Қ.Қуанышбав атындағы драма театры сахнасынан көрсетуге ынталы болды. 30 қыркүйек күні кешкісін театр залында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Г.Әбдіхалықова, мемлекет және қоғам қайраткерлері, Парламент депутаттары, министрліктің басшы қызметкерлері мен еліміздегі шетелдік елшілік өкілдері лық толып отырды.

Спектакльдің негізгі идеясы – өткен ғасырдың 20-30 жылдары қазақ топырағынан кетіп қалған қазақ азаматының арада 50 жыл өткенде өз елін аңсауы, сағынышы сөз болады, міне сол арқылы туған жерді сүю, онсыз кісі еш жерде уайымсыз-қайғысыз тірлік кеше алмасын сездіру. Жасы 80-нен асқан Асан шалдың екі ұлы Марат пен Елжан арасындағы пікір тайталасы арқылы бүгінгі күннің көптеген ащы шындықтарының беті ашылады. Марат үшін бар әлем бір-ақ ұғым болса, Елжан сол үлкен әлемнен өзінің қазағын іздейді. «Қазақ қандай халық» деген сауалды өзіне-өзі қоя отырып, сол ойды әуелетіп, мақсат етіп ұстанады. Ұлтының ерекшеліктерін аршып алуды арман етеді.

Көрермен ең соңында өз туған топырағына оралып, кенеттен көз жұмған Асан шалмен бірге мұңаяды. Кеуделеріне аяушылық сезім ұялап қалады.

Театр – не жылатып, не күлдіруі керек деген қағидаға сүйенсек, бұл шығарма да сол міндет үдесінен шыға білді деп ойлаймыз.

Спектакль соңында шетелдік елшілер өкілдері түрегеп тұрып, ұзақ қол соқты.  

Ж.Әлмашұлының бұл шығармасы бойынша Қостанай, Семей драма театрларында да сахналық қойылымдар болған-ды. Қостанай театрының жаз айындағы Астанаға жасаған гастрольдік сапары кезінде елордалық көрермендер өте жақсы әсермен тарағанын да өз көзімізбен көргенбіз.

Ал, бұл жолғы қойылымның орны, әрине өзгеше.

Ерекше қадап айтарлығы – спектакльді сахналаған режиссер де университет түлегі, жас дарын Жамбыл Тілепов. Ол өзіне-өзі сенімді көрінді. Алдағы жоспарлары да ұшан-теңіз.

Алдағы уақытта студенттердің ойнауында ағылшын тілінде сахналанған бұл қойылым республиканың бірқатар жоғарғы оқу орындарында көрсетілмекші. Тіпті алдағы жылы шетелдерге гастрольдік сапарлармен шығып қайту да жоспарланып отыр.

Міне, ұлт өнерін ұлықтау деген осы болады.

 

Суреттерде: спектакльден көріністер

Айнұр Найманбай,

Мәдениеттанушы

Abai.kz

0 пікір