Сенбі, 20 Сәуір 2024
Қоғам 5546 0 пікір 3 Қазан, 2014 сағат 12:05

ЭКОНОМИКАНЫ ҚАНДАЙ КҮШ АЛҒА СҮЙРЕМЕК?

Сыбайлас-жемқорлық деректерінің көптігі, экономикадағы алаяқтықтың белең алғандығы, әділетсіздік пен ұрлық-қарлықтың асқынып бара жатқандығы ешкімді бей-жай қалдырмаса керек. Мұның өзі елдің тағдырына іс жүзінде заңды-заңсыз жолмен байлыққа кенелген олигархтардың ықпалы зор екендігін аңғартады. Мұндай жағдайда әлеуметтік саясатты қалай белгілемек керек. Экономиканы қандай күш алға сүйремек? Әлеуметтік жағдайдың төмендеп қымбатшылықтың қысып бара жатқанын бәріміз сезінсек те одан шығудың жолдарын ешкім нақты көрсетіп беріп отырған жоқ.

Әрине, жасалып жатқан бағдарламаны санап бітпейсің. Бірақ, нәтижесіне келгенде күмілжіп қаламыз. Оны өз кезегінде Елбасы да сан рет өткір сынға алды.

Әкім-қаралар немесе министрлер бір орыннан келесіге ауысқанда «өз командасымен» барып, бұрынғыларды ығыстыратындығының себебін жуықта Парламент алдында мемлекеттік қызмет саласына жауапты агенттік төрағасы  Қайрат Қожамжаров шынайы болмысымен дәл сипаттап бергендей болды. Ол мұндай «командалық» тәсілдің астарында жемқорлықтың ізі жатқанын ашық айтты.

Расында, қазір жоғары лауазымдық қызметте жүргендердің арасынан жемқорлықтан аулақ, ары таза жандарды табу қиынға соғатын шығар. Күні кеше Қарағанды облысын басқарған экс әкімнің күдікті ретінде тұтқындалуы да жемқорлықпен байланыстырылып отырған жоқ па? Олай болса, шынымен де Елбасы өзі айтқандай «шетінен бір-бірлеп қолынан жетектеп сотқа апара беруге» болатын шығар.

Жұмыспен қамту, денсаулық сақтау, білім беру, тауар өндіру, қызмет көрсету, әлеуметтік қорғау секілді елдің ең бір өзекті мәселелерін қағаз жүзінде ғана керемет көрсеткіштермен алаулатқанымыз болмаса, іс жүзінде сын көтермейтін халдеміз. Жағдайлары бізден көш ілгері жұрт дабыл қағып жатса, өзімізді әлемдегі ең бай елдер қатарына қосып «бізде бәрі бар» деп мақтанудан алдымызға жан салар түріміз жоқ.

Тіпті онымыз аз болғандай, депутаттар алдына барған бір министріміз шетелдік мамандарды салықтан босату, оларға бюджеттен арнайы жеңілдік жасалуы керектігін айтып жомартсыды. Соған қарағанда, біздің бюджетте ақша тым көптік етіп, бұлар тауыса алмай отыр ма деп ойлап қала жаздайсың. Олай дейін десең, олигархтардың ұрлап апарып, шетелге тыққан лас капиталдарын жуған ақшадан салыққа пәлен қаржы түскенін айтып қуанып жатады. Мұнысы енді, ортақ қазанның ортайып, тиын-тебен таппай қысылып отырған елдің тірлігін аңғартады. Бәрі шым-шытырық, ештеңесін түсініп болмайсың.  

Бір анығы, қазіргі жағдайда ортақ қазаннан қаншалықты мол қарпып жеп қалсаң, соншалықты әл-ауқатың көтеріліп, қазынадан ұрлаудың арқасында баюға болатындай ұғымның қалыптасқаны рас. Керісінше, «ұрлық түбі қорлық» дегенді ұғатын күн туса игі еді. Майлы жіліктің басын ұстап отырғандардың көбінің қандай жолмен байығанын бүгінгі күні еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін бес саусағындай білетін жағдайға жеттік. Тәуелсіздіктің 23 жылы бізге не берді дегенді халық сұрайтын, оған шынайы жауап беруді талап ететін уақыт келе жатыр. Ештеңе де, ешқашан сұраусыз, жауапсыз қалмайтынын ескерсек, оның да бір есебі болар.

Жалпы әр қазақ үшін еліміздің тәуелсіздігінен қымбат ештеңе жоқ дейтін болсақ, ел мен жердің байлығын білім-пайымымен, моралдық құндылықтарымен қоса ту талапайын шығаруына жол бермесе керек. Халықтың жайбырақаттығы мен жайбасарлығының салдарынан бүгінге дейін бай мен кедейдің аражігі барған сайын алшақтап барады. Бұл әрине, бүкіләлемге тән үрдіс болғанымен халқы аз, жерінің асты мен үсті байлыққа толы,  біз секілді мұнайлы елдер үшін кедейшілікке жол бермеуге мүмкіндік зор.

Алайда, қазіргі кең өріс алған жұмыссыздық, қоғамның жегі құртына айналған сыбайлас-жемқорлық пен асқынған парақорлық, әлеуметтік теңсіздік халықтың отаншылдық сезіміне селкеу түсіріп, ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келтіретіндігімен қатерлі.

Ең сорақысы, ғылым саласын дамытуға бөлінеген қыруар қаржының желге ұшып жатқаны болашақ үшін аса қатерлі жағдай. Магистрлік, докторлық дәрежелі мамандар дайындауға арнап, жыл сайын біршама қомақты қаржы бөлінеді. Қазір кейбір ұлттық делінетін университеттерге бөлінген мемлекеттік гранттық орындарды саудалайтын жағдайға жетіппіз.

Ресми дәйектелмеген дерек көздерінің мәлімдеуіне қарағанда белгілі бір салаға мамандануға тиіс бөлінген гранттық орындардың бірін магистранттыққа талапкерге 4000 АҚШ доллардан, PhD грантын 10 мың доллардан саудалауға астыртын кірісіп, соның арқасында қалтасын қалыңдатып алған бір декансымақ  бой көрсетіпті. Оны ұстаздар ұжымы білгенімен, әлгі декан тапқан «олжасын» проректормен бөлісіп отыратындықтан ешқайсы ауыз аша алмайды-мыс. Құқық қорғау органдары ешкімнен шағым түсуін күтпей-ақ ондай ар-ұяттан безгендердің  көлделең табыстарына түгендеу жүргізіп, құрықтау жағын ойластырғандары абзал.

«Дәніккеннен құныққан жаман» демекші, ғылым саласын жемқорлықтың лас ми батпағына айналдыратын ондай пысықайларды білім ордаларының маңына жолатпауға тиіспіз ғой, негізі!

Кедейшіліктің тағы бір негізгі кілті – барған сайын өршіп бара жатқан инфляция мен коммерциялық банктердің ақылға сыймайтын пайыздық өсімдерінде болып тұр. Осының бәрі қазақ халқының 23 жылғы сенімі мен үмітіне қаяу түсіріп отыр.  Барша қазақ ел тәуелсіздігіне барынша сенген, одан жақсылық күткен. Енді, қайда кетіп бара жатқандығын бажайлайтын, ойланатын жағдайға жетті. Тәуелсіздікті нығайту, оны баянды етіп ұстап тұрудың маңыздылығы барған сайын өткір сезіліп отыр. Ол үшін ең алдымен, әлеуметтік теңдікті, әділдікті қалыптастыруға тиіспіз.

Кез келген мемлекет өз азаматтарының қарны тоқ, иығы бүтін, қолайлы баспаналы болуын қамтамасыз етуге міндетті. Егер оны жасай алмаса, несіне халықтың төлеген салығы есебінен жалақы алып, несіне өзгеден көп артықшылықтарды иеленіп, не үшін абажадай аппаратта шіреніп, жан-жағын қорғаушылармен қоршап, қымбат көлікте шалқайып отыр. Арасында, ел игілігіне жұмсалуға тиіс қаржыны ұрлап, онысын шет ел асырып тығуға, іскер жандардың бизнесіне рейдерлік жасап тартып алуға, тіпті, онысы аз болғандай атып өлтіруге кім құқық берді? Осы ма, біздің жеткен жеріміз?!

Біз демократиялық зайырлы қоғам құруды Конституция арқылы бекіткен елміз. Мұндай қоғамда мемлекеті өз тұрғындарының ішер асы мен киім-кешегін, баспанасын сатып алуына қолайлы жағдай тудыратын жұмыс орнымен қамтуға тиіс болса керек. Осы мәселені шешкеннен кейін барып, саясат, экономика, геосаяси мәселелер жөнінде әңгіме айтып, халықаралық іс шаралар ұйымдастыруға болатын шығар.

Демократиялық зайырлы қоғам туралы қағидаларға зер салсақ, онда «халықты алда, қазына ұрла, мемлекеттің бөлген білім грантын саудала, еліңді тона, алаяқтық жолмен олигарх бол» деген сөз жоқ. Қазір жұрттың кейбір бөлігі осындай әділетсіздіктің бәрін демократиядан көріп, сталинизм мен оның қанды қырғынын аңсайтын ностальгияға бой ұра бастады. Шын мәнінде, демократия дегеніміз адамгершілік пен әділдікті, теңдік пен бостандықты ту ететін адами құндылық. Ал, тәуелсіздіктің 23 жылында біз осы үрдістерді қалыптастыра алдық па?     

Сөз жүзінде әл-ауқатымыз пәлен есе артты делінгенімен, халықтың 50 пайыздан да көбі кедейшіліктің қамытып киіп отыр.  Дес бермей тұрған инфляция мен банктердің пайыздық өсімі жоғары несиесіне құл болғандардың саны күн санап артып келеді. Ал, ұрлықтарын заңдастырып, лас капиталдарын жудырып алған азғана байларды айтып, ауызды ауыртпай-ақ қоялық.

Экономикалық өсіміміз керемет деп айтылғанымен әлемде бәсекеге қабілетті өнім өндіріп, алға шығып кеткен ештеңеміз тағы жоқ. Керісінше, сыртқы қарызға белшемізден батып, оның өсімі жыл өткен сайын өсіп келеді. Енді, осы бетімізбен кете берсек, азғана уақытта сыртқы қарыздың ел азаматтарының әрбіріне шаққандығы көлемі оншақты мың доллардан да асып кетер.  

Қоғамды қатыгездік жайлап бара жатқандығы да алаңдаушылық тудырады. Есірткіге еліргендер мен маскүнемдерді айтпағанның өзінде білім ордасында сыныптасын қолындағы қаламымен аяусыз шаншып о дүниеге аттандырған сорақылық та кездесті. Кәмелетке толмаған жасөспірімдер арасындағы мұндай келеңсіздікке мектеп ұжымы, сыныптас достары қалай жол беріп отыр? Балалар арасындағы дау-дамайға, келіспеушілікке басу айтатын бір саналы азаматтың сол ортадан табылмағаны ма?

Қоғамдағы немқұрайдылық пен безбүйректіктің салдары ақыр аяғында онекі мүшесі сау жас балғынның қыршыннан қиылуға дейін әкеліп соқтырып жатыр. Қазір балаларын таңертең сабаққа жіберген әрбір ата-ана үрей құшағында күн кешетін болды. Ондай жағдайда жұмыста да береке бола ма?

Жұмыс демекші, қазір астық еккенімізбен ғана мақтанбасақ, өзге не қалды бізде? Жер қойнауын ақтарып қазба байлықты түгесуге жақындадық. Мұнайымыздың да мұңы көбейіп тұр. Үміт артқан кен орындарымыздың біразы қаңтарылып тұр. Үш күндік ғұмыры бар кәсіпорынды ашуымыздан жабуымыз жылдам. Халықтың күнкөрісінің көзі болып отырған қара базар өртенсе, қарапайым саудагерге соқыр тиын өтейтін тірі жан табылмайды. Сөйте тұра Астанадағы мега ойын-сауық орталығының мұртын балта шаппаса да мемлекет бюджетінен қаржы бөліп, орынсыз жарылқап тастамаққа  тырыштанамыз.

Тоқсаныншы жылдардың басында кеңшарларды таратқанда ата кәсібіміз төрт түлік малдың құнын бір қойды бірлі жарым сабын мен бір қап ұнның деңгейіне дейін түсіріп ауылдың тоз-тозын шығарған едік. Енді, жер қойнауын ақтарып, өзен-суларымызды ластап, құрғатып бітіретін түріміз бар.  1990-жылдары қаңырап бос қалған өндірістердің орнына ештеңе салынбады. Қазір салынды делініп жүргендердің не өндіріп, кімді жарылқап жатқанын түсінуден де қалдық.

Әлем елдерінің көбі өздерінің стратегиялық маңызды нысандарын жекеменшіктің қолына беталды ұстата салмайды. Ал, біз көбін жекеге беріп қойдық. Енді, оның бағасын білгендерінше өсіріп, жұрттың қалтасын қағып жатса, қоғамдағы тұрақтылыққа кепілдік бере алмамыз ба?

Арақ пен темекіден басқа ауыз толтырып айтарлықтай өнімі жоқ елді бәсекеге барынша қабілетті деп қашанғы өзімізді алдарқатамыз.   Шетел компаниясында жұмыс істейтін өз отандастарымыздың алатын еңбекақылары сол ұжымның жат жұрттық жұмысшылары алатын жалақысымен салыстырғанда жер мен көктей айырмашылығы туралы өкпе наз айтыла-айтыла жауыр болды.

Біздің қазіргі экономикалық саясатымызда ұлттық мүдде ең алдыңғы қатарға қойылуға тиіс. Ал, шикі затқа ғана негізделген, мұнайға бай бола тұра жанармайға мұқтаж, енгізіліп жатқан өндірістік технологиясы шамалы ел дамудың қай шетінде жүргені айтпаса да түсінікті шығар.

 Сөз соңында айтарымыз, ел экономикасының дамуына құрғақ уәделер мен орындалмайтын түрлі бағдарламалардан гөрі нақты із қызмет, жұмыс орындары, білімді де білікті азаматтар ғана керек.

Қуандық Шамахайұлы

 Abai.kz

0 пікір