Сейсенбі, 16 Сәуір 2024
Өз сөзі 11863 0 пікір 6 Қазан, 2014 сағат 12:23

ШЕТЕЛ ҚАЗАҚТАРЫ. ОЛАР КІМДЕР?

Қазақстан Республикасы халықаралық аренадағы орнын анықтаған мемлекет. Алайда,  мемлекеттің географиялық орны, аумағының кеңдігі және халқының аздығы геосаяси орнымызды бекемдеп, ұлттық мүддеміздің түрлі құндылықтарын қорғауда  кері әсер етіп отырғаны жасырын емес. Қазіргідей күрделі саяси жағдайда еліміз үшін ең басты міндет - Қазақстанның саяси және аумақтық тәуелсіздігін мәңгілік ету. Бұл қастерлі міндетті орындауға жергілікті халықпен бірге, алыс-жақын шетелдердегі қандастарымыздың ат салысуы заман талабы. Шетел қазақтары Қазақстанға, Қазақстан оларға керек. Мемлекет өзінің ұрпақ және тарих алдындағы парызын орындауға бірінші болып қадам басуы тиіс. Қазақстан қадамын басып та қойған. Десе де, жиырма жылдықтың нәтижесі көңіл көншітер емес. Себебі, саяси-әкімшілік тұрғыда көмектесу бар да, оларды қазақтың ұлттық  мәселесінің бірі ретінде  ғылыми тұрғыда зерттеу жоқ.

Қазіргідей өркениетті өмірде жасап отырған ел үшін айтқанда, түрлі мәселелерді ғылыми және дипломатиялық тұрғыда қарастыру және шешу міндетті құбылыс болмақ. Ғылыми зерттеусіз қабылданған саяси шешімдер мен іс-шаралардың баянды болмасы анық. Осы тұрғыдан айтқанда, шетел қазақтарын жүйелі түрде, арнаулы ғылыми  зерттеу мекеме аясында қарастырудың кезі келді.  Алайда, ондай ғылыми мекеме де, мамандар да жоқ дерлік.

Шетел қазақтарына қатысты жекелеген ғалымдардың ізденістері  еліміз егемендік алғаннан кейін ғана бастау алғаны белгілі. Оған шетелдегі қазақтарды зерттеу еңбектерінің дерлік тәуелсіздіктен соң жазылып, жарық көргені дәлел болмақ. Мен өзім университетте оқытушы әрі егемендіктің алғашқы жылдары Отанға оралған қазақ азаматы болғандықтан, сондай-ақ бұл тақырыптың өз мамандығыма сай болуы себепті, шетел қазақтарына байланысты ізденістерімді ерте бастадым әрі бұл салаға жас мамандарды тарту мақсатында студенттер мен магистранттарға ғылыми тақырып ретінде беріп отырдым. Осы ізденістер барысында, шетел қазақтарына байланысты  зерттеулердің жеткіліксіз тұстарын пайымдадым. Оларды ашалап айтар болсам, бастылары  төмендегідей:

- Шетел қазақтарын зерттеудің бір ізге түспеуі, жүйелілік пен  ұйымшылдықтың жоқтығы;

- Арнайы зерттеу институттарының болмауы және отандық  ғалымдардың ішінде бұл тақырыпқа баратындардың санаулы  болуы;

- Жазылған дүниелердің көпшілігі Дүниежүзі қазақтар қауымдастығы ұйымдастырған  конференциялардың материалдары болып, кітап немесе монография түріндегі жұмыстардың өте аз болуы;

- Жазылған мақалалар мен материалдар түгелдей  шетелдегі қазақтарды тек, тарихи, этнографиялық, саяси және мәдениеттану, эстетика , өнер, көші-қон мәселелері бойынша - Жарық көрген еңбектердің көпшілігі Моңғолия, Қытай, Ресей,  Өзбекстан елдеріндегі қандастарға  арналған, ал Иран, Қырғызстан, Түркия қазақтары туралы өте аз, Еуропа қазақтары туралы жазылған дүниелер  жоқ деуге болады.

- Әр елден келген ғылымдар тек өзі білетін ел жөнінде, тек өзі білетін тілде ғана жазған. Мысалы, Қытай мен Моңғолиядан келген мамандар өзі келген ел туралы қазақ тілінде жазса, Ресейден келгендер орыс тілінде  жазған. Олар арасында бір-бірінің еңбектерін түсінісу мүмкіндігі аз.

- Шетел қазақтарының қоныстанған аймақтарының, мемлекетінің географиясы, шаруашылығының аумақтық орналасуы, халықтың экономикалық-әлеуметтік жағдайы және геосаяси маңызы мен рөлі туралы зерттеу мүлде жасалмаған.

Осы аталмыш олқылықтарды мүмкіндігінше тездетіп қолға алып, шетел қазақтары туралы кешенді бағдарлама әзірлеп, жан-жақтылы зерттеу жұмыстарын қолға алу керек.  Мұндайға келгенде  даңғаза  жиындар мен пайдасы шамалы конференцияларға  көптеп қаржы бөлетін  билік орындары,  ұлттық мүддеге байланысты тақырыптарға келгенде  "ойланып қалатын" әдеті бар. Тіпті, бұл туралы Парламент Сенатының жалпы отырысында палата төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде халықаралық форумдар өткізудің жиілеп кеткенін айтып, Үкіметке құлаққағыс жасамады ма. Біздің, мейлі билік, мейлі ғалымдар мен саясаткерлер болсын, азаматтар болсын  түсінер кез келді. Қазақстан Республикасы  жер көлемі  2.724.900 шаршы шақырым болып,  дүниежүзі бойынша тоғызыншы орында, әлемдегі ең үлкен ішкі құрылықтық ел. Халық саны 2013 жылғы бірінші қыркүйектегі мәлімет бойынша  17 млн 75 мың адамды құрап, жалпы есепте дүниежүзі бойынша 61- орында тұр. Халық тығыздығы 6,3 адам. Демек, 9:61 қатынасын, теріс пропорционалды 1:6,8 қатынасына жатқызуға болады. Бұл алаңдатарлық қатынас формасы. Оның үстіне Қазақстан геосаяси орны аса маңызды ел. Қазіргідей аумалы-төкпелі саяси-экономикалық жағдайда, ұлттық егемендікті сақтау мен нығайту бәрінен де маңызы, ұлы іс болып күн тәртібінде тұр. 

 Қазақта әлі күнге мәнін жоймай келе жатқан көп мақалдың бірі – «көп қорқытады, терең батырады» деген аталы сөз. Бұл сөз қашан айтылса да, бүгінгі күнде де өзінің дұрыстығын айналадағы көршілерден көрсетіп отыр. Сондықтан Қазақстан халқының, әсіресе қазақтың сандық үлесінің артуы ауадай қажетті сұраныс. Менің өзімнің есебімше қазақ жерінде саяси тұрақтылық, ел іргесінің бүтіндігі, экономиканың кеңістік тұрғыда тиімді орналасуы, инфрақұрылымның, көлік жолдарының, білім беру мен денсаулық сақтаудың ең кемелді кезін қалыптастыру үшін біздің ел халқы 50 млн. болуы тиіс. Үкімет жоспарында да 2050 жылы халық санын 25 млн-ға жеткізу межеленіп отыр. Осы игі бастамаға   шетелдегі қандастардың елге оралуының тигізер септігі де мол екені даусыз.   Әлемнің 40-тан аса еліне тарыдай шашыраған қазақ санына еліміздегі  11 млн 1 мың 739 қазақты қосқанда, жалпы дүниежүзі бойынша 15,5-16 млн қазақ бар деп есептеуге болады. Қазіргі қазақстан халқының жылдық өсімі 200 мың адам деп санағанда 1 млн адамға өсу үшін 5 жыл шамасында уақыт керек болады. Егер 20 жылдан бері елге оралған қандастардың жалпы саны осы  1 млн адам екенін ескергенде, оралман аталып жүрген қандастардың келуімен Қазақстан халқының 5 жылдық табиғи өсімі оралмандар есебінен өсті деуге толық дәлел бар.

         Қандастардың сандық өсім беруден басқа, ұлттық тіл мен мәдениеттің дамуына, экономика мен шаруашылықтың өркендеуіне, сыртқы саяси-әлеуметтік байланыстардың нығаюына тигізер пайдасы орасан зор. Алайда, осындай потенциялды елемеу, ескермеу немесе оның осыншалықты бай-қуатын менсінбеу мен пайдалана білмеу елдігімізге үлкен сын.

Шетелдегі қазақтарды тарихи отанына оралту, тұрған елі бойынша жүйелі түрде көмек көрсету ол - дүниежүзіндегі қазақтарының жалғыз қазығы саналатын еліміздің басты да, қасиетті борыштарының бірі және бірегейі. Бұл қастерлі жұмысты солқылдақ заңдар мен  қатпары қалың, қасаң қағидалар немесе ойын-тойлар мен әлде бір басқосулар арқылы шешуге келмейді. Ол мәселені тек ғылыми тұрғыда зерттеу, зерделеу арқылы ғана шешуге болады. Ол үшін әрине, алдымен  ғылыми зерттеу институты мен мамандарды жұмылдыру керек.  Оған ұлттық ғылым академиясының қатысты институттары мен бірге Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы және Халықаралық қазақ тілі қоғамы деген  қоғамдық сипат алатын ұжымдарды мемлекеттік мекеме мәртебесін беріп, олардың ғылыми зерттеумен айналысуына мүмкіндік жаратылуы тиіс.

Ғылыми зерттеудің басында, жоғары да айтып өткенімдей, шетел қазақтарының таралу географиясын, экономикалық және әлеуметтік географиясын басты назарға алу тиіс.  Себебі, олар тарихи тұрғыда біраз зерттелді, дәл қазіргі жағдайда оларды экономикалық-әлеуметтік география тұрғысынан зерттеудің дәуірі келді. Себебі,
экономикалық-әлеуметтік география ғылымдары сол елдердің  табиғат жағдайы мен табиғи ресурстарын, халқы мен еңбек күш байлығын, 
қалалары мен транспортын, өндірісінің аумақтық орналасуы мен экономикалық даму жағдайын, экологиялық және әлеуметтік проблемаларын,
мемлекеттің саяси құрылымы мен басқару формасын т.б. өзекті мәселелерді зерттейді. Ал бұл мәселелер біздің шетел қазақтарын зерттеудегі басты да, маңызды нысандарымыз. Себебі, біздің үкімет осы негізде оларды оралтудың ұтымды жолы мен елімізде қоныстандырудың аумақтық  мәселесін  шешудің тұрақты  жолын және көмек көрсетудің бағыт-бағдары мен көмектің түрі мен сипатын сондай-ақ басқа да керекті ақпараттарға ие болар еді.

Соңында, тағы бір еске сала кетер жағдай, шетел қазақтарын экономикалық-әлеуметтік география ғылымдары тұрғысынан зерттеуде, оларды екі басты бағытта қарастыру керек. Біріншісі өз тарихи ата-қонысында отырған, алайда, кейінгі кездегі шекаралық келісімдер негізінде Қазақстанның бүгінгі  аумағынан тыс елдерде қалып қойған қазақтар. Оларды  "Ата қоныста қалған қазақтар" немесе қысқаша "Қоныстағылар" деп атауға болады. Ал екіншілері тағдыр тәлкегімен шетел асып, қиыр жайлап кеткен қазақтар. Оларды "Қоныс аударғандар" немесе "мұхаджирлер" деп атауға болады. Кейде кейбір ғалымдарымыз бен басшыларымыз олардың арасындағы айырмашылыққа мән берместен бәрінде бір шыбықпен айдап "Диаспора" деп атап жүр. Диаспора ұғымы қазақшаласақ "Ұлт шашырандылары" болып шығады. Бұл тұрғыдан қарағанда диаспора мұхаджирлерге келеді. Ал ата қоныста қалған қазақтар "шашырағандар" емес, олар "бөлініп қалғандар". Егер біз оларды  диаспорамен бірдей қарастырсақ,  бергісі білімсіздік, асыра айтсақ, қылмыспен тең қателік. Өйткені, қазақтың тарихи жерлері қазақша шапан емес, тойларда құда біткенге үлестіре беретін. Ол жерлер мәңгі қазақтың қонысы болып қала береді. Біз сол ұғымды ұрпақтар санасына құя беруіміз тиіс. Сондықтан да осы екі топтың да ара жігін ашып,  дербес  зерттеу тиіс.  Ал ол үшін ең оңтайлы және қажетті ғылым саласы тағы да сол экономикалық-әлеуметтік және география ғылымдары болып табылады.

 

Сарқытқан Қастер, экономикалық-әлеуметтік география

 ғылымдарының кандидаты,

Абай атындағы ҚазҰПУ доценті

 Abai.kz

0 пікір