Жұма, 29 Наурыз 2024
Мәйекті 8822 0 пікір 6 Қазан, 2014 сағат 13:07

НҰРБЕК СЕЙІЛХАН. НАМЫС

 

(МОЛДАБАЙ ПАЛУАН ТУРАЛЫ ХИКАЯ)

Бір үлкен той болыпты Көкпектіде,
Бұл тойға орыс, қазақ көп кепті де,
Сорокин Иван деген алып біреу:
«Мен күреске шығам», - деп өктепті де,
Ортаға жетіп кепті екі-ақ аттап,
Күреске өзін-өзі жүрген баптап,
Күреспен бала жастан шұғылданған,
Мұнымен күресуге ел қалай батпақ.
Орыс ұлын спортпен ойнатқызған,
Қазақ ұлын жасынан қой баққызған.
Иванның денесі елден ерекше еді,
Таңданып көрген көзді ойнатқызған.
Иван ол өзіне-өзі сенімді еді,
Отызға жаңа толған өрім де еді.
Елу сом күрес үшін бәске тікті,
Сол еді бас бәйгеге берілмегі.
Аз ақша деп ойлама елу сомды,
Бір қойдың құны бір сом орта қолды,
Айыбына елу сом ақша бермек,
Әлін білмей жығылып қалған сорлы.
Ол – Иван кесек тұлға алып еді,
Күшіне бүкіл аймақ қанық еді.
Күресіп бұл балуанмен мерт боп қалса,
Бетіне қай балуанның салық еді.
Қызынып көріп еді татар жағы.
Шығуға күреске ешкім бата алмады.
Өзге жұрт бота, тайлақ секілденсе,
Ал Иван алты жаста атан дағы.
Тіпті оны атан емес, бура дерсің,
Жирен сақал желкілдек – шуда дерсің,
Бет – аузына қарасаң арыстандай,
Кім оған дәті шыдап тура келсін.
Иванды басқалардың мысы басты,
Мысы емес, елден ерен күші де асты.
Жеті пұт шойыныңды жалғыз қолмен,
Қыр көрсетіп өзгеге аспанға атты.
Бұған жан шығар емес тең келетін,
Өзі де өзге жұртты кем көретін.
Жүн сақал орыс попы жымыңдайды,
Дұға оқып өз дінінде дем беретін.
Өктем боп, мерейі өсіп орыс жағы,
Қызынып, сыртқа теуіп толық қаны.
Уралап, қол соғысып шуылдасты,
Кәдімгі сүреңін сап соғыстағы.
Бар еді бұл жиында Молдабай да,
Құрыштап күшін жинап ол да бойға,
Ортаға «күресем» деп қарғып шықты,
«Өлерін мына сорлы ойламай ма?».
Түксие сүзе қарап Иван тұрды,
Алдында қазақ үшін «құрбан» тұрды.
Молдабайдың одан бойы көп аласа,
Денесі де Иваннан сидаң тұрды.
«Ортаға елу сомды таста», - деді,
Күрессең, шындап күрес, қашпа», - деді.
Молдабайда елу сом қайдан болсын,
Маман бай ұшып тұрып: «Саспа», - деді.
Алпыс сом ақша ұсынды ол төрешіге,
Қалғаны осы болды көп есінде.
Молдабайдың күшіне сенімді еді,
Қарамай алып Иван денесіне.
Араласып екі жақтан айғай-шуға,
Айқасты бірі-бұқа, бірі-бура.
Арқалап екеуі де ұлт намысын,
Өліспей беріспестей болды тура.
Жатқандай табандағы тас үгіліп,
Аллалап кей біреудің басы бұғып,
Анталап екі жақ та тілеу тілеп,
Қоғадай желді күнгі жапырылып.
Екі дәу бұрқылдатып жердің шаңын,
Шығарып дүпілдетіп елдің жанын.
Бір айқасып өткенде халық көрді,
Жер сүріп, балуандардың аққан қанын.
Қапсыра Иван ұстады Молдабайды,
Орыстар деді: «Енді оны оңдамайды».
Қазақтар «Боранбайлап» ұран салды.
«Қалайша аруақ бұл жолы қолдамайды?».
Сол-ақ екен, бұрқ етті жердің шаңы,
Аңғарды масқараны елдің бәрі.
Молдабай бейне мысық бастан қағып,
Иван жатты сұп-сұлық, әрі-сәрі.
Нақ айтқанда Молдабай жығып кетті,
Ұяттан Иван жерге кіріп кетті.
Молдабай ел намысын көкке өрлетіп,
Өктем жұртты жерге бір тығып кетті.
Ескінің ұлы дүбір тойындағы,
Күреспен бітпес мүлде ойын дағы.
«Дуракқа дүлей күшті берген-ай», - деп,
Орыстар қызғанса да мойындады.
Оқырман деп сұрасаң «қайдан білдің?»,
Шежіре-ау шіркін қарттар қайран біздің.
Мейірханов Есқали жазған хатты
Өлеңге өз әлімше айналдырдым.

РЕДАКЦИЯДАН:

Нұрбек Сейілхан 1931 жылы 8 қазанда Семей облысының Ақсуат ауылында өмірге келген. 1992 жылға дейін Көкпекті, Ақсуат аудандық газеттерінде, «Семей таңы» облыстық газетінде тілші, аудандық жол бөлімінің бастығы, аудандық партия комитетінде нұсқаушы боп істеген. 1992 жылы дертке шалдығып, шығайын деп тұрған кітабын реттеп, ауру меңдеп, фәни дүниеден баз кешеріне он шақты күн қалғанда: «Өзім кетіп, өлеңім жарық көрсе, Өмірге қайта айналып бір келермін" деп кете берген екен.

(Жазушы-ақын Нұрбек Сейілханың Молдабай палуан туралы хикаясын редакциямызға дайындап ұсынған заңгер, өнер жанашыры Иса Момбаев)

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1582
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2281
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3616