Сенбі, 20 Сәуір 2024
Жаңалықтар 6222 0 пікір 7 Қазан, 2014 сағат 08:13

БАЛАЛАРДЫҢ ДАМУЫНА ЕРТЕ АРАЛАСУ САЛАСЫНА ӨЗГЕРІСТЕР КЕРЕК

Бүгін Алматы қаласында мүмкіндігі шектеулі азаматтар күніне байланысты тұңғыш рет республикалық деңгейде   балаларды ерте дамыту мәселесі талқыланады. Түзету педагогикасымен айналысатын 70-тен астам қазақстандық және шетелдік мамандар Оңтүстік астанада бас қоспақ. Олар балалардың дамуына ерте араласу әдісінің соңғы жетістіктерін пайдалана отырып, нәрестенің десаулығындағы ақауларын барынша ерте анықтап, сауықтыру мүмкіндіктерін талқылайды.

 

Әлемнің алдыңғы қатарлы елдерінде  нәрестелердің денсаулығындағы мүкістердің 70-80 пайызы бір жасқа дейін анықталып, дер кезінде емделеді. Бір жасқа дейін бала өте қарқынды дамиды. Сондықтан  табиғи мүмкіндіктердің есебінен денсаулықтағы қандай да бір ақаудың баланың жалпы дамуына әсерін барынша азайтуға болады.  Түзету мен сауықтыру әдістерін  дер кезінде қолданса,   3-5 жасқа дейін толық оңалып кететін балалар да бар. Біздің елімізде әзірге жағдай керісінше қалыптасып отыр: баланың диагнозы қойылғанша 6-7 жыл өтеді, ал бұл уақытта оның дамуы тежеліп қалады.

 

Семинарға шақырылған Санкт-Петербургтың ерте араласу институтының директоры Лариса Самарина былай дейді: «Егер есту қабілеті нашар сәбиге бір жасқа дейін арнайы құрал кигізсе, ол сөйлеуді үйреніп, толыққанды өмір сүре алады. Ал егер үш жастан кейін кисе – оны сөйлеуге үйрету өте қиынға түседі. Көру қабілеті нашар, церебералды паралич, басқа  ауруға шалдыққан балаларға қатысты  да осыны айтуға болады. Күнделікті өмірде, тұрмыста  қажетті дағдыларды мұндай балаларға қаншалықты ерте сіңірсек, соншалықты олар тіршілікке бейімделіп, қоғамда өмір сүре алады.»

 

Семинарды «Дара» жеке қоры мен ҚР Білім және ғылым министрлігі, Ұлттық түзету педагогикасы ғылыми-тәжірибелік орталығы «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорының қолдауымен ұйымдастырды. Басқосуда мамандар Қазақстанда ерте араласу әдістерін енгізу, ерте диагностикалау арқылы мүмкіндігі шектеулі балалардың толыққанды өмір сүруіне жағдай жасау мәселесін талқылайды. Бұл саладағы соңғы жетістіктер мен әдістемелік құралдар таныстырылады.

 

Мемлекеттік білім беруді дамыту бағдарламасына сәйкес, 2020 жылға қарай Қазақстандағы жалпы орта білім беретін мектептердің 70 пайызы мүмкіндігі шектеулі балаларды оқуға қабылай бастайды. Қазір Қазақстанда 3 жасқа дейінгі 6 мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі балалар бар. Егер олардың дамуына ерте араласу мәселесі түбегейлі шешілмесе, бұл балалардың көпшілігі  мектепте оқуға дайын болмауы мүмкін. Ерте араласу әдісі мүмкіндігі шектеулі азаматтардың әлеуметке бейімделуіне де үлкен әсер етеді. Мысалы, бұл әдіс кең қолданыс тапқан елдерде мүгедектердің 40 пайызға жуығы жұмыс істейтін болса, бізде бұл көрсеткіш 12 пайызды құрайды. 

 

БАҚ өкілдерін семинардың ашылуына шақырамыз. Басталуы –7 қазан күні 10-00. Мекен-жайы: Алматы қаласы, Гоголь көшесі, 127/1. Семинардың екінші күні Ұлттық түзету педагогикасы ғылыми-тәжірибелік орталығында өтеді. Мекен-жайы  Алматы қаласы,  Байзақов көшесі, 273 үй. Қосымша ақпарат алу үшін «Дара» қорының  PR-менеджері Хадиша Сержановаға хабарласыңыздар.   тел.: +7 7017554953,  7 (7172) 755263 немесе pr@dara.kz.

0 пікір