Сейсенбі, 16 Сәуір 2024
Сүйінші! 5676 0 пікір 7 Қазан, 2014 сағат 11:15

ИНЧХОН РИО-ДЕ-ЖАНЕЙРОДАҒЫ ЖЕҢІСТЕРІМІЗГЕ ЖОЛАШАР БОЛСЫН

Сонымен Оңтүстік Корей елінің Инчхон қаласында өткен Азия ойындары аяқталды. Қазақстан жүлде көлемі бойынша осыған дейінгі Азиада ойындарындағы өз рекордын жаңартты: 28 алтын, 23 күміс және 33 қола медаль.

Салыстыру үшін айта кетейік, бұған дейін Қазақстан спортшылары 1994 жылы Хиросимада 27 алтын, 25 күміс пен 27 қола (барлығы – 74 медаль) жүлде алған еді.

 Инчхонда қазақ боксшыларының бағы тағы да 69 кг салмақта әйгіленді. Бұлай деуімізге себеп:  2006 жылы  Бақыт Сәрсекбаев, 2010 жылы – Серік Сәпиев дәл осы 69 кг салмақта Азия ойындарының жүлдегерлері атанған еді. Енді міне, Данияр Елеусінов (69 кг) Азия ойындарында қатарынан екі мәрте чемпиондықты жеңіп алған алғашқы қазақстандық боксшы атанды.

 Жеңіл атлетикадан Ольга Рыпакова (үш қарғып секіру) Доха, Гуанжоу, Инчхондағы Азия ойындарының үшеуінде де алтынға қол жеткізді. Грек-рим күресінен Нұрмахан Тінәлиев те (120 кг) екі бірдей Азия ойындарының чемпионы атанды.

Азия ойындарында Қазақстанның біраз спортшысы бірнеше медаль жеңіп алып, «Азиаданың мультимедалистерінің» қатарына енді. Жүзуден Дмитрий Баландин 50, 100, 200 метрге брасс әдісімен жүзу жарыстарында үш алтын ұтты.

Жеңіл атлет Ольга Сафронова Азия ойындарының алтын (200 метрге жүгіру), күміс (эстафета), қола (100 метрге жүгіру) медальдарының иегері атанды. Каноэ қайықпен жарыста Наталья Сергеева, Евгений Алексеев, Алексей Дергунов бір алтын, бір күмістен иеленді.

Дзю-додан Елдос Сметов жекелей сында Азия чемпионы атанып, командалық жарыста күміске олжа салды. Максим Раков (дзю-до) пен Екатерина Руденко (жүзу) екі күміс, апалы-сіңілі Екатерина және Александра Немичтер (синхронды жүзу)  екі қола иеленді. Бақтияр Ибраевқа да нысана көздеуден екі қола бұйырды.

Инчхонда Қазақстан спортшылары әлем, Азия рекордтары мен Азия ойындарының рекордтарын жаңартты. Мәселен ауыр атлетикадан 58 килограм салмақтағы  Зүлфия Чиншанло серпе көтеріп 132 килограмды игеріп, әлем рекордын жаңартты.

Осы арада айта кетерлігі, Инчхонда  әлем рекорды 14 рет, ал, Азия рекорды 28 дүркін жаңарды.

 XVII жазғы Азия ойындарынан жүлдемен оралған спортшыларымызды Елбасы Назарбаев құттықтап былай деді:

-          Азия құрлығының 45 елінің спортшыларымен болған қызу бәсекеде сіздер аса табандылық, шеберлік және жеңіске деген зор ерік-жігер көрсетіп, 84 медаль, соның ішінде 28 алтын медаль жеңіп алдыңыздар. Бұл – Қазақстанның жазғы Азия ойындарына қатысу тарихындағы ең үздік нәтиже, жаңа рекорд.  Құттықтау соңында Қазақстан Президенті біздің құраманың табысы Рио-де-Жанейрода өтетін ХХХІ Олимпиада ойындарындағы болашақ жеңістерімізге жолашар болатынын атап өтті.

Айтпақшы, Инчхонда өткен Азия ойындарында шетелдегі және бір ұлты қазақ спортшы көзге түсті. Ол - Қытайдағы қазақ балуаны Ерланбек Кәтей (суретте). Ерлан өзі тұрып жатқан мемлекетке  қола жүлдемен қайтты.
 
Abai.kz

0 пікір