Жұма, 26 Сәуір 2024
Елім-ай 11815 0 пікір 9 Қазан, 2014 сағат 21:33

М. ЖОЛДАСБЕКОВ: ҮДЕРЕ КӨШІП КЕЛУДІ ДОҒАРЫҢДАР

Біз ешкімнен кем емеспіз. Біз бейбіт елміз. Бабаларымыз қашанда сөзге тоқтаған. Елдің ынтымағын аңсаған. Тәуелсіздік алған күннен бастап, елбасымыз елдің бірлігі, қазақтың ынтымағы дегенді ту етіп ұстады. Содан бермен қарай біздің елде тышқан мұрны қанаған жоқ, ешкім аштан өлген жоқ. Кейбіреу бұзық болса өзінен, аштық жарияласа ақылының азайғандығынан.

 Мен 1993 жылы Иран Ислам республикасына Елші болып бардым. Менің атам елші болған жоқ, әкем елші болған жоқ, мен елші болдым. Тәуелсіз елдің Елшісі болуда бір ғанибет екен деп еліме қызмет істеуге тырыстым. Сонда бара сала Тегеранның жақсы жерінен елшілікті аштық. Құрылтайды өткізіп барған кезіміз. Елшіліктің ашылуына сол елдегі қазақтарды шақырдым. Үш автобус жібердім. Каспийдің маңындағы Горган, Аққаладан бері қарай жиылған қазақ үш автобусқа мініп, Тегеранға келді. Жасы 87-ге келген Нұрымшат ақсақал да келді. Сақалы тарам-тарам, саусағы менің үш саусағымдай болады. Батыр тұлғалы кісі екен. Ей, Мырзатай деді маған. Шошып кеттім. Шырағым, сен Нұрсұлтан екеуің Тегеранның төрінен үй тіктіңдер, оның төбесіне ту тіктіңдер, сөйтіп осындағы өліп қалған қазақты тірілттіңдер деді. Жылап жібердім. Көзімнен жас ыршып кетті. Ал, шырақ Мырзатай, біз арманымызға жеттік. Енді біздің қорғанышымыз бар. Мына жерде сен отырсың, ана жақта елдің төрінде Нұрсұлтан отыр, біз ештеңеден қорықпаймыз, Құдайдан ғана қорқамыз деді ақсақал. Елші келді екен деп, сен шақырды екен деп салақтап келе береді деп ойлама. Осы келгенімде жасым 87-де, бұтыма тышып зорға келдім, енді өзің кел елге деді. Бұл қарашада еді. Келер жылы көктемде Елшілікті қорғайтындарға тастап, бала-шағамызбен қазақтар шоғырланған аймаққа қыдырып бардық. Сондағы қазақтардың, ағайындардың қуанышын көрсеңіз. Далада қазан асылған, домбыра тартылып жатыр, балалар ләңгі теуіп жүр. Бала кезім есіме түсіп кетті. Керемет отырыс болды. Сонда Нұрымшат ақсақал «Шырағым, Мырзатай, басқа салмасын, елден үдере көштік. Қарай-қарай көзімізге жас алып егіле көштік. Осы Каспийдің жағасына келдік, Иран үкіметіне рахмет. Келгеннен кейін біздің келіндер 4 жыл бойы бала көтермеді деді. Ал өлдік, өлді деген осы екен дедік. Сөйтсе жерсінбейді екен ғой. Содан 4 жылдан кейін ғана келіндеріміз бала көтере бастады, осыған қуанып Құдайы тамақ бердік деді ақсақал. Көкейімде сайрап тұр, астыма бір жарау ат берсе, үш күнде елге жетіп барар ем» деп еді сонда. Жете алмады. Сол Нұрымшат қария 88 жасында Иранның жерінде жерленді. Сол жерде бір қария сөз алып: шырағым, шетелде тұрғанның несі жақсы дейсің, өліп көргенім жоқ, басқаның бәрін көрдім, шетелде өлген адамның да сүйегі мүрдеде қызып жататын шығар деді. Не деген сұмдық сөздер. Міне, шетте жүрген әр қазақтың әрқилы тағдыры бар. Мен бұрыннан айтып келе жатырмын. Тарихи отанымыз Қазақстан екен деп осында үдере көшіп келуді доғарыңдар. Мынау Моңғол жерінде отырған қандастарымыздың басым бөлігі керейлер, наймандар. Өзіңнің ата жұртың шырағым. Сен ол жерге еш жерден көшіп барған жоқсың. Ол жерде Тоғыз Оғыз дейтін мемлекет болған моңғолдан да бұрын. Ол Керейлердің мемлекеті. Қыпшақтардың бәрі Сегіз Оғыз мемлекеті болды. Сегіз Оғыз мемлекеті ол Найманның мемлекеті. Бұл кім – бұл қазақ құрған мемлекеттер. Моңғолияда бір қандасымыз 37 мың сиырым бар дейді. Бірақ атамекенге көшкім келеді дейді. Сенің 7 атаң, түп атаң сол жерде жатқан жоқ па? Керек болатын болса Шыңғыс ханды да моңғол деген жоқ. Шыңғыс ханды Хан көтерген құрылтай. Құрылтай деген моңғолдың сөзінде жоқ меніңше. Қият, Керей, Найман, Жалайыр көтерген жоқ па оны Хан қылып. Неге көшесіңдер дедім. Сол сияқты Қытайдан да үдере көшудің қажеті жоқ. Алтай, Іле, Тарбағатай ол қазақтың жері. Бабаларың жатқан жер. Мәселен Қытайдан үлгі алмайсыңдар ма? Сол Қытай қазір Америкадан өздерінің кварталдарын ашып тастады. Мен сендерге келмеңдер деп отырғаным жоқ, қате түсініп қалмаңдар. Келе беріңдер. Түгел көшіп, ата жұртты тастап кетпеңдер.

Baq.kz

(Түпнұсқадағы тақырып: Мырзатай Жолдасбеков: Түгел көшіп, атажұртты тастап кетпеңдер)

0 пікір