Жұма, 29 Наурыз 2024
46 - сөз 7597 0 пікір 9 Қазан, 2014 сағат 21:48

ТЕЛЕАРНАҒА АҚШАДАН БҰРЫН ЕРКІНДІК БЕРІЛСІН!

Ахмет Байтұрсынұлынша айтсақ: журналистика – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Ендеше қазақ журналистикасы турасында жиі әңгіме қозғап, ұтымды пікір айтып отыру артық болмайды.

Белгілі тележурналист Есболат Айдабосын «Қашмы» порталына сұхбат берді. Оқыңыз, ой бөлісіңіз!

 

-Есболат мырза, сіздің ұлттық арнадан көрінбей кетуіңіз Қытай асып, оқып жатқаныңызбен байланысты екенін білеміз. Елден жырақта оқуыңызға не ықпал етті, қашан елге ораласыз?

 -Сұрағыңыздың соңынан бастап жауап берейін.  Қытайға оқуға кетуге кім көмектесіп, не ықпал етті дейсіз бе, бұл әуелі АЛЛАның қалауы, екінші өзімнің арман тілегімнің бір бөлшегі. Мүмкіндік болса ел қатарлы шетелдің өнер-білімін үйреніп қайтсақ деген әуел баста жоспарымыз болатын, соның орындалғаны деп біліңіз. 2011-жылы Алматыдан, елордаға қоныс аудардым. Тура екі жыл тұрдым, өзіңіз айтқан ұлттық арнада жаманды-жақсылы қызмет істедім. Ешкімге өкпем жоқ, қазақтың Астанасынан  қытайдың астанасына ешкім түртпектеп көшірген жоқ. Жолдасым екеуміз, екі баланы жетектеп, тәуекел деп тартып кеткеніміз рас. Қазір шүкір. Бейжіңнің экологиялық ахуалы мен екі ұлдың қытай балаларымен етене араласып ойнай алмайтыны болмаса бәрі жақсы. Бір жыл тіл үйрену курсынан өттік, қазір ептеп-ептеп «былдырлап» жүрген жайымыз бар. Биыл саясаттану факультетіне магистрант болып қабылдандым. Бұйыртса бір-екі жылда елге барармыз.    

-Оқырмандарға өзіңіз туралы, отбасыңыз туралы айта кетсеңіз, сіздің ұлттық арнадағы блогыңыздан ауылыңыз туралы жазған тамаша бір эссеңізді оқып едім, қазіргі күнде әдеби дүниелер жазып жүрсіз бе?

-Өзім туралы өзгелер айтсын. Отбасым жайлы айтайын. Алматы мен Жамбыл облысының шектесер тұсында Қоңыртөбе деген тау бар, сол таудың етегінде Ақтерек деген ауыл орналасқан. Сонда туып-өстім. Әке-шешемнің мамамандығы мал дәрігері. Екеуі де кезінде совхозда қызмет істеді, қазір зейнетте. Төрт ағайындымыз, екі ағам, бір қарындасым бар.  Барлығы үйлі-баранды. Гүлмира есімді зайыбым, Толағай мен Тарлан деген қос батырым бар әзірге. Ал жеке шығармашылығым туралы ауыз толтырып айтар түгім жоқ. Қол қалт еткенде бірдемені түрткілейтінім рас. Олардың дені ғаламторда жарияланды.  Бірақ сол жазбаларымды әдеби дүние деп айтуға бола ма, болмай ма ол жағын білмедім. Әйтеуір көңілім шапты, жаздым, жазудан жаным рахат табады. Ойда біраз дүние жинақталып та тұр. Тек соны отыра қалып жазуға уақыт шіркін бола бермейді. Тележурналистика, оның ішінде ақпараттар қызметі тым қауырт. Аса қатыгез сала. Уақытыңды ұрлайды, бойыңдағы барыңды сығып алады. Ал күш-қуатың сарқылып,сөзің сұйылып, сөлің таусыла бастағанын байқаса болды, асау атша бір тулайды да лақтырып кетеді. Сондықтан құламау үшін үнемі айыл-тартпаңды тартып, тақымыңды қысып ұстауың керек. Босаңсымау керек, бәйгеге түсер аттай бабыңда тұруың шарт. Ал бабымды сақтаймын деп, ақпараттың аңысын аңдып, күнделікті оқиғаларды саралап, сапалы сюжеттер жасаймын деп жанығып жүргенде қалайша әдеби ортадан жырақтап, қайратың қайтып, тілің қасаңданып қалғанын өзің де білмей қаласың. Әдеби шығарма жазбақ түгіл, кітап оқуға уақыт таппайсың кейде. Бұл өз басымнан өткен жағдай. Мен секілділер көп екеніне бәс тігем. Бейнелеп айтқанда, ақпарат саласы үлкен бір шалқар көл десек, жазуға машығы бар, тілі  шұрайлы, болашақ жазушы болатындай талай әріптесім осы айдында асыр саламын деп жүріп, жұтылып кеткенін білмей жатыр. Солардың батып бара жатқанын көре тұрып, біз де әлгі жалмауыз көлдің жағасына барамыз. Шомылуға ынтықпыз. Осы өкінішті. Жұмысты тастап, Қытай асуымның да негізгі бір себебі осы еді,  оқысам, жазсам, аздап миды демалдырсам деген ой болған. Бірақ ))))) Қытайлар соған мұрша бермей жатыр. Мұнда мұғалімдер көрсеткіш үшін жанталасады. Өзінің сыныбындағы оқушылар емтиханда жақсы нәтиже көрсетсе ол мұғалімнің айлығы жоғары, дәрежесі биіктейді. Сол себепті таңертеңгі сабақтан соң, үйлеріне қайтпай түстен кейін қалаған уақытыңда келіп сабақ үйрететін жанкешті ұстаздар бар. Тіпті тезге түспеген тентектеу жігіттерді әке-шешеңе қоңырау шалып, оқымай жүр деп айтамыз деп мектептегідей қорқытатынын қайтесің. Көптен қалмау үшін Қытайға келгелі сабақпен алысып, ойдағы дүниелерді жазуға да уақыт таппай жатқан жайымыз бар. Дегенмен әлгінде айттым ғой, бірдеме жазсам, салған құсы қасқырға түскен саятшыдай рахаттанам.

Esbolat Aidabosyn2

-Егер сіз журналист болмағанда кім болар едіңіз, бос уақытта немен айналысасыз?

-Менің негізгі мамандығым филолог. Абай атындағы ҚазҰПУ (бұрынғы АлМУ) қазақ тілі мен әдебиеті факультетінде оқығанмын. Журналистикаға келмегенде бәлкім мұғалім болар ма едім. Бәлкім ауылға кетіп әкемнің шаруашылығын жүргізер едім. Бала күннен асау үйретіп, атқұмар боп өстік. Мүмкіндік болса бір-екі жүйрікті өз қолыммен жаратып бәйгеге қоссам деген мақсатым әлі де бар. Жалпы маған  бағбан мен кітапханашының жұмысы ұнайды. Сондықтан  болашақта Есболат бақша егіпті немесе кітапханаға қызметке тұрыпты дегенді естісеңіз, таңғалмаңыз.

-Шетелде оқу сізге не берді?

-Жалпы журналистік қызметпен біраз шетелде болдық қой, бірақ шетелге оншақты күнге, бірер айға барып-келу бөлек те, ол жақта тұрақты өмір сүру бір бөлек. Іссапармен барсаң сол елдің көрнекті жерлерін аралап, игі-жақсыларын көріп, ұлттық тағамынан ауыз тиіп қайтарсың. Ал онда тұрақтап тұрсаң, жақсысын да жаманын да көресің, содан кейін өз еліңмен салыстырасың, бағаңды бересің. Бір жылдан аса уақытта Қытайды толық танып білмесек те, аздап хабардар болып жатырмыз. Ел болған соң жақсы да бар, жаман да бар. Үйренеріміз де, жиренеріміз де жетерлік. Оларды тізбелеп айтсақ ұзаққа шауып кетерміз. Меніңше шығыстағы көршіміздің қарапайымдылығы мен еңбекқорлығын, төзімділігін алуымыз керек. Содан кейін бізде қытай фобиясы бар, содан арылуымыз керек секілді. Атам заманнан көрші тұрсақ та қытай десе қазақтар үрке қарайды.  Жері ұланғайыр, бірақ өздері үркердей ғана қазақ халқы үшін бәлкім үлкен мемлекеттерден қауіптену табиғи құбылыс шығар. Бірақ біз шығыстағы көршімізден қорыққан сайын, солтүстіктегі көршіміздің қолтығына кіріп бара жатқанымызды ескерген ләзім. Маған кейде қазақтар арасында қытай фобиясының шоғын үрлеп, қоздатып отыратын оптар бар секілді көрінеді. Аждахадан қашамыз деп, аюдың апанына кіріп кетпесек болғаны.     

-Өзіңіз қызмет еткен Қазақстан ұлттық телеарнасының қазіргі күндегі жұмысын қалай бағалайсыз? Көрермен көзімен қарағанда өзіңіз тізгінін ұстаған Апта.кз бағдарламасының қазіргі шығарылымдарына көңіліңіз тола ма?

-Шындығын айтқанда Қытайға кеткелі Қазақстан ұлттық арнасы ғана емес, жалпы қазақстандық телеарналарды көріп жүрген жоқпын. Бір жағынан уақыт жоқ, екіншіден ғаламтордың жылдамдығы баяу. Қытайда отандық сайттар мен шетелдік сайттардың жылдамдығы екі түрлі. Сондықтан телеарналарды онлайн көрем дегенше, жүйкең жұқарып бітеді.

-Егер сізді, “Қазақстан ұлттық телеарнасының” немесе “Хабар” агенттігінің басшылығына ұсынса не істер едіңіз? Ойға алып жүрген жоспарларыңыз бар ма?

-))) Өз басым әйтер едім, бүйтер едім деп кеуде кергенді қаламаймын. Осылайша күпініп жүргендердің телеарна тізгінін ұстай сала, желі шыққан доптай солғанын көргенбіз. Бізде телеарна басшыларын өзгерте бергеннен еш нәтиже шықпайды, билік алдымен телеарналарға деген көзқарасын өзгерту керек. Кез келген телеарна идеологиялық құралдың бірі. Яғни мемлекеттің идеологиясына қызмет етеді. Қайталап айтамын, мемлекеттің, биліктің емес. Мемлекет пен билік екеуі екі басқа ұғым. Мемлекеттің ішінде қарапайым халық та бар. Солардың да сұранысы, солардың қызығушылығы, талап-тілегі ескерілу керек. Ал біздегі телеарналар қазір жасыратыны жоқ бұқараның емес, биліктің идеологиясына ғана қызмет етеді. Астанадағы белгілі үйлерде тұратын белгілі кісілер,  анығын айту керек осы күні бүкіл телеарнаны ерттеп мініп алды. Бір ғана мысал келтірейін. Өзіңіз білесіз жыл сайын елбасы Қазақстан халқына арнап жолдауын жариялайды. Сол жолдау біткен сәттен, біздің телеарналарда жолдауды қолдау басталады. Байқасаңыз, осы бір ақпараттық науқанды біз жыл сайын өте дөрекі жүргіземіз. Мемлекеттік маңызды жоспар-жобаларға ақпараттық қолдау көрсету мемлекеттік телеарналардың бір міндеті. Одан бас тартайын деген ешкім жоқ. Бірақ шығармашылық деген бар емес пе? Әрбір нәрсенің жөн-жосығы болады ғой.. Президент айтқан мәселелерге жекелей тоқталып, журналистік зерттеу жүргізіп, бір жыл көлемінде асықпай-аптықпай халыққа қызықты етіп  неге ұсынбасқа…. Жоқ, біз аламыз да бір күн, бірер апта емес бірер айлық эфирді жолдауға арнай саламыз. Басқа тақырыптарды ысырып қойып, жолдаудың жырын жарыса жырлаймыз. Телеарнадағы салмақты бағдарламалардан бастап, ойын сауық жобалары тіпті балаларға арналған хабарларға дейін жолдау туралы тапсырмалардың астында қалады. Әр редакция өздігінше жұмыс істегеннен кейін бірін-бірі қайталау орын алады. Таңғы бағдарламада студия қонағы болып, жолдау туралы жақсылап сөйлеген жазушы мен ғалым түстегі жаңалықтарда сол сөзін тағы айтып жатады. Одан қалса, депуттаттарымыз жолдауды түсіндіреміз деп ел аралайды, әрбір топтың қасында журналистер жүреді шапқылап. Ол көкелеріміздің айтар әңгімесі мен біздің жазар дүниеміз де жаттанды шығып, былтырғы айтқанымызды биыл қайталап жатсақ та ұялмаймыз. Эфирдің алтын уақытын пайдаланып, бір айтқанымызды он айтып жатып халыққа  зорлағандай қылып, жолдауды түсіндіреміз. Өзімізше түсіндірдік деп ойлаймыз. Ал оны жұрт түсінді ме, қалай қабылдады, оған бас ауыртпаймыз. Бәлкім біздің президент саясатын насихаттаймыз деп жанығып жүргеніміз бос әурешілік шығар. Кері әсер етіп жатқан болар. Жолдауды жөн-жосықсыз жарнамалап жалықтырып алатын шығармыз. Бұл туралы әлеуметтік зерттеу жүргізген кім бар. Идеологияға жауапты кісілер осы турасында ойланса болар еді. Қазір халық телеарнадан көргісі келген дүниені емес, көргісі келмейтін дүниелерді көбірек көретін болды. Мұның аты не? Мұның аты нарық тілімен айтқанда тұтынушыдан айрылу. Жолдаудан жалыққан көрермен , кабельдік телеарнадан шетелдік жобаларды іздейді. Бірте-бірте соның тұрақты көрерменіне айналады. Одан кейін солардың идеологиясын бойына сіңіреді. Сол арқылы көзқарасы қалыптасады. Қазақстанда тұрса да әлемге көрші елдің көзімен қарайды. Оларды жирентіп алғанымыз соншалық біздің жақсы жобаларға да қолын бір сілтейді. Өйткені оларда біздің тележурналистер нашар, басқаныкі мықты дегендей түсінік орнығып қалады.Ал оларға барып түсіндір, ақталып көр. Содан кейін қазақ қоғамында телеарнаның, тележурналистің беделі құлдырамағанда, аспанға шарықтай ма? Рейтинг төмендемегенде жоғары өсе ме?  Ақшаны миллиондап бөлеміз, сонда да неге рейтинг жоқ деп телеарна басшыларын министрлер мен мемлекетттік хатшы жабылып төмпештей бергеннен түк шықпайды. Телеарнаға ақшадан бұрын еркіндік берілсін. Қазіргі телеарналардың құдайға шүкір материалдық-техникалық  базасы мықты. Тек соларды дұрыс қолдана білмей жатырмыз. Құдды бір жүйрік атын шідерлі күйінде бәйгеге қосқан әпенді секілдіміз. Аяғындағы тұсауды шешуді ойламаймыз, құры телеарнаны қос өкпеден тепкілеп, басы-көзден сабай береміз. Мұндай жағдайда қазақ телеиндустриясы қалайша ақпарат аламанында бәйге алады, қалайша дамиды, қалың шаңда қақалып, жұрттың соңыңда салпақтап жүрміз әйтеуір.


-Жалпы, Қазақстан телевизиясына не жетіспейді?

-Айтып отырмын ғой, еркіндік жетіспейді. Менімше телеарнаның, оның ішінде мемлекеттік телеарнаның бірінші басшысының статусы министрден кем болмауы шарт, немесе БАҚ саласын басқаратын орган тікелей президентке бағынғаны жөн. Әйтпеген күнде батпаққа батқан тракторша бір орында тыпырлап тұрғанымыз, тұрған. Телеарнаны төмпештейтіндер күн сайын көбейіп жатыр, олар көбейген сайын айтары бар жігіттер азайып барады. Қазақта қаламы қарымды журналистер көп шығар, бірақ дарынды тележурналистер саусақпен санарлық. Соларды бағалай білуіміз керек еді. Бірақ біз олай етпедік. Бағынсын, бағынбаса барсын дедік. Нәтижесі бүгінгідей. Апталық шолуды шоумен жүргізеді, қай арнаны қоссаң да әншілердің әңгімесін естіп, әнін тыңдаймыз. Бір өзі Алматыдағы  тележурналистердің мектебін қалыптастырып отырған Серік Әбікенұлы қайда? Бір журналда бас редактор болып отыр дейтін шығарсыз, бірақ ол журналдан көрі телеарнаға қажетті адам еді. Сондай азаматты, айналасындағы қыз-жігіттермен қоса әкімнің өзі де емес, баспасөз хатшысының тепкісінен құтқара алмадық. Бейсен Құранбектің қайта оралғаны мені қуантады, бірақ сұхбат алғанда кез-келген сұңғыла ғалым, саясаткер, бай-шонжармен тең дәрежеде сөйлесетін Дархан Әбдік, Қасым Аманжол неге көрінбей кетті. Қасым қазір «Таң» телеарнасында деп естідім, ал Дарханды кім іздепті. Сараптама мен репортаждың шебері Дина Төлекова жұмыссыз. Оны неге тартпасқа. Қайта-қайта кастинг жариялап, жүргізуші керек дегенше сондай азаматтардың әлеуетін пайдаланғанымыз жөн шығар. Біздің буыннан да талай мықты басқа салаға бет бұрыпты. Олар бес жыл бойы журналистика факультетінде оқып, бес жыл жұмыс істемей жатып телеарнаны неге тастай қашты? Бұл туралы ойланған адам бар ма? Сізге ұсынысым, соңғы он жылда телеарнадан кеткен қыз-жігіттерді санамалап,  әлеуметтік сауалнама жүргізіп, кету себебін сұраңызшы, қызықты мәліметке жолығар едіңіз. Менімше соның жартысы әлеуметтік жағдайын жақсарту үшін кетсе, жартысы телеарнаға симай кетті. Дұрысы сидырмады.  

-Қытайда көптеген әлеуметтік желілерге шектеу қойылған. Мемлекеттің мұндай қадамға баруы сіздің ойыңызша қаншалықты дұрыс?

- Украинадағы жағдай, Сирия, Ирактағы ахуалдан соң кез-келген мемлекет қауіпсіздік саясатын қайта қарастырғаны рас. Қытай ежелден стратегиялық  жоспарлар құра білетін ел. Халықтың біртұтатастығы үшін бұл мемлекет қатаң шаралардан тайсалған емес, және ішкі шаруасына ешкімді араластырмайды. Әлгінде айттым ғой Қытайда ғаламторға кірсеңіз отандық сайттарға тез кіріп, қажетті мағлұматты жылдам ала аласыз, ал шетелдік сайттардың ашылуы да жабылуы да баяу. Бұл қауіпсіздіктен бұрын экономикалық тұрғыда тиімді. Халық амалсыздан қытай сайттарына жүгінеді, тиісінше ақша ел ішінде қалады. Жалпы әрбір мемлекет өзінің ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге құқылы.

-Біздегі ақпараттық қауіпсіздік туралы не айтасыз?

-Қазір байқасаңыз әлем түрлі қақтығыстарға толы. Бір жерде әскери соғыс болып жатса, енді бір елдер арасында ақпараттық соғыс жүріп жатыр. Әскери қақтығыстың негізгі қарулары көп, ал ақпараттық соғыстың қаруы жалғыз БАҚ. Қандай да бір елдің тәуелсіздігіне, тұтастығына қарай әлдекім тас лақтырып, тұнығын шайқағысы келсе алдымен атқа қонатын осы ақпарат майданының сарбаздары. Соңғы кездері терістіктегі көршіміздің кейбір тұлғаларының біздің мемлекеттігіміз, тәуелсіздігіміз турасында айқан ұшқары пікірлеріне бірінші болып жауап қатқан кім, ол сіз бен біздің әріптестеріміз. Құдайға шүкір қазақ журналистикасы ақпараттық қауіпсіздігін қорғауға ынталы. Ештемеден тайсалмас. Бірақ ынта, ниет бар да қаракет, нәтиже деген бар. Шамамыз қай деңгейде десеңіз, оған жауап беруге қиналамын.

-Неге?

- Тағыда сол биліктің БАҚқа деген көзқарасына келіп тіреледі. Қазіргідей олпы-солпы күйімізде, жалаңаш кеуде жалаң қылышпен ақпараттық майданға аттансақ, жеңіп емес жеңіліп тынатынымыз анық. Журналистикада, оның ішінде тележурналистикада тұлғалар шығуы керек. Сол тұлғалар біздің ақпараттық қауіпсіздікті қорғаушы сардарларымыз. Олар түрлі медиа жиындарда қазақ баспасөзінің бренді ретінде, біздің үнімізді естіртуі керек. Ал бізде әлемді айтпағанда ТМД кеңістігіне танымал кім бар, айтыңызшы. Ол түгіл өзімізде жылда өтетін дәстүрлі медиа-форумға қатыса алмай жатамыз. Қатыссақ та, ғаламдық мәселелер туралы саясатшы-сарапшылармен ой таластырмай, тек көрермен ретінде отырамыз. Бұған қарап біздің өреміз жетпейді екен деп ойлау әбестік, азат ойлы журналистер баршылық. Тек солардың дені шетқақпай көріп жүр. Мемлекет идеологтары ақпараттық сайысқа түсер ерлердің өсіп-жетілуіне мүдделі болу керек. Қолдау керек. Тіпті қолдамай ақ қойсыншы, қорғаса болды. Кім көрінген тиіспейтіндей телевидениенің иммунитеті қалыптастасса, шіркін!! Бәріне болмаса да бір-екі телеарнаға осындай кеңшілік жасасыншы, мықты қыз-жігіттер өздері-ақ  өсіп шығар еді. Әйтпеген күнде ақпараттық бәсекеде ұтылып, көршілердің көлеңкесінен шыға алмаспыз.


-Қытайдағы, Бейжіңдегі қазақтармен араласып тұрасыз ба?Ондағы қазақ ауылдарына барып тұрасыз ба? Ондағы қазақтарының атажұртқа тезірек оралуы үшін не істеу керек?

-Қазақ ауылдарын аралай қойған жоқпын. Бейжің қазақтарының наурыз тойына, тағы басқа шараларына барып қатыстым. Бірді-екілі қалам ұстаған кісілермен таныстым. Көбіне Шыңжаңнан келген студент жастармен араласып  тұрамын. Байқағаным қытайдағы қазақ жастары арасында тіл мәселесі белең алып келеді. Қазіргі мектеп бітіріп жатқан қыз-жігіттердің дені қытайша білім алған. Кейбірінің қазақшасы нашар. Мен өзім танысқан жігіттердің барлығына елге тезірек қайтыңдар, жас кезде барсаңдар тез сіңісіп кетесіңдер, сендер қазақша білесіңдер бірақ сенің балаң, балаңның баласы ана тілін білмей қалуы мүмкін, ойланыңдар дегенді айтумен жүрмін. Барлығының Қазақстанға барғысы-ақ келеді. Тек орыс тілін білмейміз, қалай өмір сүреміз деп қиналады. Былтыр мынандай бір жағдай болыпты, өз көзімен көрген жігіт айтып келді. Бейжің қазақтары арасында футболдан жарыс өтеді, сондағы әр университетте оқитын қазақстандық студенттер бірнеше команда, Шыңжаңнан келген жастар бірнеше команда жасақтап сынға түседі. Ақыры финалдық бәсекеде Қытай Мұнай Газ университетіндегі қазақстандық студенттер мен шыңжаңдық жастар жолығады. Екі команда да кілең қазақ балалары. Бірақ бірі өзара орысша сөйлеседі, екіншісі қытайша сөйлеседі. Сөйтіп алаңда басқа ұлттың өкілдері құсап, бір-бірін түсінбей жүріпті. Міне, біздің маңдайға жазған трагедияның бір көрінісі осы.

Әңгімелескен: Нұрғали Нұртай

qamshy.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1565
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2260
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3541