Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
Сараптама 8403 0 пікір 10 Қазан, 2014 сағат 17:16

НОБЕЛЬ СЫЙЛЫҒЫ КІМГЕ КЕРЕК? (жалғасы)

Өмірде кейде өзің күтпеген оқиғалар бола береді. Кейде сенің талай жыл бойы баптаған тұлпарың  бәйгеге қатыса алмай, қайдағы біреудің жабы торысы озып келеді. Қанша қайғырсаң да сенің оған істер амалың жоқ. Өйткені осы бәйгені ұйымдастырушылар, оған тек жабы торыларды ғана қатыстырған. 

   Орыстың ғажайып  ақыны Борис Пастернактың поэзиясын мен өте жоғары бағалаймын. Алайда прозаик ретінде Борис Пастернактың ортанқол ғана жазушы екеніне көзіқарақты оқырман таласа қоймас.  Ақынның 1958 жылы Нобель сыйлығын алған “Доктор Живаго” романы ортанқол демесек те, сол кезде жазылған қатардағы көп романдардың бірі ғана болатын. Құдай біледі, тырнақ астынан кір іздеуге келгенде алдына жан салмайтын кеңестік цензура “Доктор Живаго”  романының төңірегінде дау-дамай шығарып, қара бұлтты үйірмегенде Борис Пастернактың бұл туындысы Швед академиясының  назарына ілігіп, Нобель сыйлығын ала алмас та еді.

   Әңгіменің желісін тарқатып айтатын болсақ, 1955 жылы орыс ақыны Борис Пастернак “Доктор Живаго” романын жазып бітіреді. Кеңестік цензураның сүзгісінен өткеннен соң, алғашқы кезде бұл шығарманың басылып шығуына рұқсат етіледі. Не түлен түрткені белгісіз, шығарманың басылып шығуына құзырлы орындардан рұқсат алына салысымен, іле-шала кеңестік бюрократияның жыны қайтадан қозып, бұл шығарманың жарыққа шығуына тиым салынады.  Әдебиет үшін аса маңызды емес, екінші қатардағы көп романдардың бірі болып табылатын романның төңірегінде кеңестік цензура соншама шу шығарып, түймедей нәрсені түйедей етіп  көрсетпегенде, ақынның шығармашылығында да аса маңызды орын алмайтын  “Доктор Живагоға” жұрттың назары аумас та еді. Марксизм-ленинизм идеясымен шамадан тыс қаруланған кеңестік сыншылар “бұл романда автордың төңкерісті жақтырмайтын көзқарасы бар” деп, ақын Борис Пастернактың үстінен жалған айыптауларды жаңбырша жаудырады. Жалған айыптау деген сөзді біз бекер айтып отырған жоқпыз. “Доктор Живаганы” оқып шыққан оқырманның бірі ретінде алып-қосарымыз, шындығында да ақын Борис Пастернактың бұл романында Кеңес Одағының саясатына қарсы шыққан ойдың жұрнағы да жоқ.     Шығарманың төңірегінде кеңестік цензура қара аспанды үйдіріп жатқан уақытта, белгісіз бір себептермен “Доктор Живаго” романы шетелдіктердің қолына түседі. Ең тұңғыш рет “Доктор Живаго” романы Милан қаласында итальян тілінде басылып шығады. Аталмыш туындының төңірегіндегі дау-дамайдан хабардар Швед академиясы 1958 жылы орыс ақыны Борис Пастернакқа “Доктор Живаго” романы үшін Нобель сыйлығын береді.

   Әрине, өздері сын тезінің  астына алып жатқан “Доктор Живаго” романына Нобель сыйлығының берілуін кеңестік бюрократия жылы қабылдаған жоқ. Енді олар ақынның «ішкенін ірің, жегенін желім қылып» Борис Пастернакқа мүлде күн көрсетпей қойды. Нобель сыйлығын алған авторды құтықтаудың орнына, Кеңестер Одағының орталық басылымдары “Правда” және “Литературная газетада” ақын Борис Пастернакты “шет елдің тиын-тебеніне бола Отанын сатқан азғын” ретінде қаралаған мақалалар бірінен-соң бірі бұрқырап шығып жатты. 1958 жылдың 31 қазанында Жазушылар одағының мәскеулік бөлімшесінің жиыны өтіп, ақын Борис Пастернакты Жазушылар одағының мүшелігінен шығару туралы бірауыздан шешім қабылданады. Жиын Жоғарғы кеңестің президиумына мәлімдеме жасап, Борис Пастернакты азаматтықтан айырып, тиын-тебенге  бола отанын сатқан азғын ретінде шет елге шығарып жіберу туралы ұсыныс жасайды.

   Сөз жоқ, егер де орыстың ғажайып ақыны Борис Пастернак Нобель сыйлығын алып, шет елге кетіп қалса, авторға тиесілі бір милионнан астам долларға ол ешқандай материалдық мұқтаждық көрмей, шырт түкіріп өмір сүрер еді. Бірақ Пастернак азаматтықтың нағыз үлгісін танытып, Нобель сыйлығынан бас тартты.

    Қатардағы көп жазушылардың бірі болса да, елін тастап кеткен диссиденттігі үшін ғана Нобель сыйлығы берілгендердің бірі – Александр Солженицын. Мен кейде орыстардың Солженицыннан пұт жасап, оның патриотизм туралы сөздерін, жерден жеті қоян тапқандай қуанып жариялап, Құдайдай табынып жататындығына қайран қаламын. Орыс жазушысы Александр Солженицынды  ең алғашқылардың бірі болып сталиндік зұлматты суреттегені үшін құрметтеуге тұрады.  Дегенмен жазушының ел басына қиын күн туғанда шет елге кетіп қалуын өз Отанына жасаған сатқындығы ретінде ғана бағаламақ керек…

      Орыстың жазушысы Василий Розановтың айтқан мынандай бір жақсы сөзі бар: “Бақытты әрі бай отанды сүю ұлы дүние емес. Сіз оны әлсіреп, ұсақталып, қорланып, тіпті ақылынан айырылып,  азғындыққа ұшыраған кезінде де сүйіңіз.  Әсіресе, әсіресе біздің “анамыз” маскүнемдікке салынып, өтірік айтып, жасаған күнасының жолында адасып қалған кезде де біз оның қасынан бір елі кетпеуіміз керек”.  (Қараңыз “Сумерки просвещения”, Мәскеу, “Педагогика” баспасы 1990 жыл, 409 бет)

   Өкінішке қарай, дәл осындай азаматтықтың үлгісін танытқан, өмірінің соңына шейін ақындық, жазушылық позициясына адал болып қалған орыс әдебиетінің көрнекті өкілдерінің ешқайсысы да Нобель сыйлығын ала алмады. Сондай жазушылардың бірі ретінде  мен орыстың көркем прозасында керемет төңкеріс жасаған Андрей Платоновты айтар едім. Нобель сыйлығын алмақ түгіл, “Чевенгур”, “Котлован” секілі туындылары арқылы, сана-сезімізді тоқыратып, халықтың тұрмыс-тіршілігін әдейі қолдан ауырлатқан сталиндік жүйені әшкерелеген жазушының бүкіл өмірі жоқшылықта өтті. Жазушының көзі тірісінде кеңестік цензура Андрей Платоновтың көптеген шығармасының жарық көруіне тиым салды.   Жазушы дүниеден өткеннен кейін, ондаған жылдардан соң, дәлірек айтсақ тоқсаныншы жылдардың  басында ғана орыс халқы Андрей Платоновтың шығармаларымен қауышуға мүмкіндік алды. Андрей Платоновтың “Беднаяцкая хроника впрок” атты кітабына наразы болған  Сталиннің өзі Фадеевты шақырып алып, жазушының шығармашылығындағы “зиянды” идеологияны әшкерелейтін мақалалар жазғызады. Сталиннің өзі Платоновты жек көрген соң,  жазушының жағдайы ауырлаған үстіне ауырлай түседі. Күнін көру үшін ол көше сыпырады. Бірақ осыған қарамастан жазушы өз ұлтына деген махаббатына темірдей берік болды, азаматтық позициясын өзгерткен жоқ, амалын тауып шет елге кетіп қалудың жолын қарастырмады. Кейде ойлаймын, Кеңес одағын сынағандарға бергіш болса, неге Швед академиясы бұл сыйлықты Андрей Платоновқа бермеді. Әлде тек шет елге кетіп қалған диссиденттер ғана керемет шығарма жаза ала ма?

   Ауыр уақытта отанын тастап кетіп қалғаны үшін Нобель сыйлығын алғанымен, кейіннен сол ісіне ұялғандар да бар. Солардың бірі,  ұлты еврей, орыс ақыны –Иосиф Бродский. Басқаларын білмеймін, Иосиф Бродскийдің Нобель сыйлығының құрметіне бөленген кездегі сөйлеген сөзін оқыған сайын  мен, ақынның кезінде отанын сатып кеткенін мойындап, сол үшін қатты қысылып тұрғанын сезінгендей әсер аламын. 

Өз сөзінде Иосиф Бродский бұл құрметке бөленуге өзінен гөрі Осип Мандельштам, Анна Ахматова, Марина Цветаева секілді орыс ақындарының лайық екенін айта келіп, былай дейді:  “Олардың елесі мені жиі мазалайды, бүгін де олар менің жаныма тыныштық бермей тұр. Қызыл тілдің шешені бола алмай, тілімнің күрмеліп тұрғаны да сондықтан. Өмірімнің ең бақытты сәттерінде мен өзімді осы ақындардың ең бір кішкентай бөлігі ретінде ғана сезінемін. Өйткені қағаз жүзінде олардан артық жазу мүмкін емес, өмірде де олардан артық туу мүмкін емес..” (Қараңыз,  Иосиф Бродский “Поклониться тени” Санкт-Петербург, “Классика”, баспасы 241 бет)

    Ақын Иосиф Бродскийдің “қағаз жүзінде олардан артық жазу мүмкін емес, өмірде де олардан артық туу мүмкін емес” деп, ағынан ақтарылуында үлкен гәп бар. Ол гәптің сыры Нобель сыйлығын алмаса да Осип Мандельштам, Анна Ахматова, Марина Цветаевалар  орыс поэзиясында үлкен төңкеріс жасаған ақындар. Сонымен қатар олар ауыр қиындықтардың бәріне де  төзіп, дәл өзі секілді Отанын сатып, шет елге қашып кетпегендер.

   Орыстың ғажайып ақын қыздарының бірі Анна Ахматова өзінің бір өлеңінде бұл туралы былай деп сыр толғаған еді.

                            -Зачем вы отравили воду

                            И с грязью мой смешали хлеб?

                            Зачем последнюю свободу

                            Вы превращаете в вертеп?

                            За то, что я не издевалась

                            Над горькой гибелью друзей?

                            За то, что я верна осталась

                             Печальной родине моей?

                            Пусть так. Без палача и плахи

                            Поэту на земле не быть.

                            Нам - покаянные рубахи,

                          Нам – со свечой идти и выть.

    Анна Ахматова! Сталиндік репрессия оның күйеуі, өзі де орыстың тамаша ақыны  Николай Гумилев пен  баласы Лев Гумилевты түрмеге қамады. Ақынның өмірі  үйсіз-күйсіз қаңғырған, аштық жағдайында өтті. Міне осындай ауыр қиындықты басынан кешірген Анна Ахматова 1962 жылы Нобель сыйлығына ұсынылғанымен, жолы болмады. Егер де Анна Ахматова  Отанын тастап, амалын тауып шет елге кетіп қалғанда, Швед академиясының  орыстың ғажайып ақынына қуана-қуана Нобель сыйлығын береріне еш күманым жоқ.

     Ақын Иосиф Бродский Нобель сыйлығын алып тұрып, ерекше бір құрметпен еске алған орыс халқының тағы бір ғажайып ақын қызы Марина Цветаеваның тағдыры да аянышты болды. 1919 жылғы аштық кезінде Марина Цветаева Ирина деген сүйікті қызынан айырылады. Сталиндік репрессия кезінде туған-туысқандары мен күйеуі Сергей Яковлевич Ефрон тұтқынға алынады. 1941 жылы күйеуі Сергей Яковлевич Ефрон атылып кетеді. Марина Цветаваны ең құрығанда Әдеби қордың асханасына  ыдыс-аяқ жуушы ретінде де жұмысқа алмай қояды. Жан-дүниесі әбден күйзелген, мына өмірдің ауыр азабына төзе алмаған, елу жасқа да толмаған  Марина Цветаева 1941 жылы дарға асылып өледі. Өлерінің алдында ұлына мынандай хат жазып кетеді: “Мурлыга! Кешір мені. Әрі қарай өмір сүрсем, бұдан да қиын болар еді. Мен қатты науқаспын, бұл енді - мен емеспін. Сені өлердей сүйемін. Айым түсінші, мен бұдан әрі өмір сүре алмадым. Егер көре алсаң, әкең мен Аляға сәлем айт-оларды өмірімнің ең соңғы сәтіне шейін сүйгенімді және менің тығырыққа тірелгенімді түсіндір”. (Қараңыз “Сто великих поэтов, Мәскеу, Вече баспасы, 2005 жыл, 433 бет)

    Құдай біледі, егер де Швед академиясы Марина Цветаеваның ақындық болмысын, оның бойына Құдай дарытқан талантын ескеріп күйеуімен екеуі эмиграцияда жүргенде Нобель сыйлығын берсе,  бәлкім мұндай қайғылы жағдай жыр сүлейінің басында болмас та еді. Уақыт өткеннен кейін, осы оқиғаны өкінішпен еске алып, ақынның биік рухына тағзым еткеннен басқа, қолдан келер амалымыз кем. .. (Марина Цветаева революциядан кейін эмиграцияға кетіп қалып, кейін қайтып оралған. Эмиграцияда жүргенде де  Цветаеваның көрген күні ауыр болды.  Күйеуі Сергей Эфронның Кеңес үкіметімен байланысы бар екендігін білген ақын қызға шет елдіктер жылы қабақ танытпады.)  

   Сыйлықты ойламақ түгіл, өнерге берілген адалдығы үшін қатігез әлемнің жылы шырайын сезе алмаған, аянышты тағдырды басынан кешсе де  орыстың ғажайып ақыны Марина Цветаева күндердің-күнінде өз жырларының оқырманмен қайта қауышатындығына риясыз сенді. Ақынның:

             - Моим стихам, написанным так рано.

              Что и не знала я что я поэт.

              Сорвавшимся как брызги из фонтана,

              Как искры из ракет.

 

              Ворвавшимся как маленькие черти.

               В святилище где сон и фимиам.

               Моим стихам о юности, о смерти

               Нечитанным стихам.

 

            Разбросанным, в пыли по магазинам,

            Где из никто не брал, и не берет.

            Моим стихам как дрогаценным винам,

            Настенет свои черед

деп, тебірене толғануы да сондықтан.

       Қандай ауыр жағдайда жүрсе де өнерге берген адалдық сертінен таймаған Марина Цветаеваның сырға, мұңға толы жырларын оқыған сайын, өзімнің өнерден іздеп жүрген жарты бөлігімді тапқандай күй кешемін. Кейде ақынның зиратына барып барып, оның рухына тағзым еткім келетіндігін де жасырмаймын...

                        Қорытынды сөз.   

   Әлқисса! Сонымен құрметті оқырман, сәл ұзақтау болып кеткен әңгімемізді  тәмамдайтын да кез келді. Нобель сыйлығы туралы мақала жазу біраз уақыттан бері мені мазалап жүрген болатын.  Бұл еңбекті жазу барысында ондаған кітаптарды, жүздеген мақалаларды оқып шығуға тура келді.  Оқыған кітаптар мен мақалалардағы Нобель сыйлығына қатысты ( Мемлекеттік сыйлықты алғаннан кейін ақын Андрей Вознесенкийге Нобель сыйлығының берілмегендігі т.с.с.) дүниелердің  бәрін жіпке тізе берсек, бұл еңбегіміз тұтас бір қалың кітапқа айналып кетері хақ. Бірақ біздің көздеген мақсатымыз ол емес еді.  

     Соңғы жылдары қазақ басылымдары арқылы, мәселенің мәнісіне аса қанық емес сыншылардың “қазақтың ақын-жазушылары Нобель сыйлығын қашан алады екен”  деген сыңайдағы байбаламдары  көбейіп кетті. Реті келсе де, келмесе де баспасөзге сұхбат берген ақын-жазушыға ең алдымен осы бір мағынасыз сауалды қою сәнге  айналды. Бастапқы кезде күбір-сыбыр болып, дауысы әзер-әзер шыққан осы дыбыс, уақыт өте келе айқайға ұласты. Нобель атындағы сыйлықтың бар екенін, оны біздің елімізде ешкімнің де алмағанын шала-пұла естіп қалған, кітап оқымайтын телеарнадағы кейбір журналистеріміздің бойына желік бітіп,  “егер қазақ әдебиеті мықты болса, неге біздің ақын-жазушыларымыздың ешқайсысына да Нобель сыйлығы берілмеді?” деген,  сауал қойып, руханиятымыздың беделін түсіргісі келетін жаман мінез пайда болды.      

     Тіпті ұяласың. Сонда не?  Қазақтың барлық қайғы-қасіретін арқалап, ХІХ ғасырдағы орыстың мүйізі қарағайдай ұлы ақындарының жұмысын жалғыз өзі атқарған, поэзиямыз бен прозамыздың негізін қалаған, ойы терең мұхиттай, ұлы ақынымыз, һәм пайғамбарымыз Абайдан,  рухани мәдениетімізді әлемдік әдебиеттің айдынына алып шыққан Әуезовімізден қалған  бай-мұрамыздың бағасы, оларға  Нобель сыйлығы берілмегені үшін төмендеп қалуы тиіс пе?  Не деген көрсоқырлық?

    Дей тұрсақ та еш халықтың да әдебиетінен кем емес проза мен поэзиясы бар қазақ ақын-жазушыларының шығармаларын  әлемдік аренаға алып шығу үшін бір амал жасау керек. Кешегі кеңестік дәуірде, сол кездегі заманға сай жүргізілген саясаттың арқасында қазақ әдебиеті шет елге азды-көпті танылды. Кеңес Одағы өзінің саясатын жүргізген шығармаларды шет тілге де аудартқызып отырды. Кейде осы ортанқол дүниелермен  қатар, қазақ ақын-жазушыларының жақсы шығармалары да аударылып, шетелдерге тарап жатты. Қазір осы игліктің істердің бәрі кеше көрген түс секілді, арман болды.  Қазақстанның тәуелсіздігі өз қолына тиген заманда  қазақ ақын-жазушыларының шығармаларын әлемге танытудың қандай жолдары бар. Қашанғы өзге түгіл, өз қорасындағы қойының түсін танымайтын біздің сыншыларымыз Нобель сыйлығын армандап айдалаға салпақтап шаба береді. Қазақты айтпағанда, Швед академиясының түркі тектес халықтардың ішінен таңдап  Нобель сыйлығын берген жазушысы- Орхан Памук болып тұр. Шындығында да біздің әдебиетімізде Орхан Паумктан асқан жазушы жоқ па, немене?

    Осыдан бірнеше жыл бұрын қырғыз жазушысы Шыңғыс Айтматов Түркияның бір басылымына берген сұхбатында түркі тектес халықтардың Нобель секілді, әлемдік деңгейдегі өз сыйлығы болуы керектігі туралы сөз қозғаған еді. Ұмытпасам, Шыңғыс Айтматовтың бұл сұхбаты қазақ тіліне аударылып, оны “Қазақстан-Заман” газеті көшіріп басты. Өкінішке қарай, қырғыз жазушысы Шыңғыс Айтматовтың осы бастамасына түркі тектес халықтардың ешқайсысы да қолдау білдірмеді. Қазақтың ақын- жазушылары да аузына су  толтырып алғандай үндемей қалды. Қазақ қаламгерлерінің осы мәселеге байланысты неге бір ауыз пікір білдірмегеніне  менің әлі күнге шейін таңым бар. Неге біз бір-біріміздің жақсы ұсынысымызды да қолдай алмайтын, ештеңеге жаны ашымайтын безбүйрек болып барымыз. Әлде,  Шыңғыс Айтматов осы мәселені дұрыс көтермеді ма? Әлде түркі тектес халықтарға керек емес теріс ұсыныс айтты ма?

   Қырғыз жазушысының дер кезінде көтерген осы мәселесін біз де қолдап, түркі әлемінде Нобельге пара-пар сыйлық пайда болып, ол сыйлықты Әбдіжәміл Нүрпейісов, Мұхтар Мағауин, Олжас Сүлейменов, Әбіш Кекілбай, Мұхтар Шаханов т.с.с ақын-жазушылардың ішінен бағы жанған біреуі  алып жатса, ол бүкіл қазақ әдебиетінің атын әлемге мәшһүр қылар еді ғой. Ең бастысы осы сыйлықты алған ақын-жазушы арқылы қазақты әлем таныр еді.       

     Кез-келген ұлттың әдебиеті ең алдымен өзі үшін ғана керек. Міне сондықтан да өзінің ұлы әдебиетін әлемге таныту үшін, кез-келген ұлт ең алдымен өзі талпыныс жасауы тиіс. Ешқашан да біздің әдебиетіміздің маңдайына бұйырмайтын Нобель сыйлығына ауыз ашып, тамсана берудің қажеті шамалы. Әрі-беріден соң, тұтас бір ұлттың әдебиетін бағаламайтын, мұндай Нобель сыйлығы кімге керек?. Сол себептен де  қырғыз жазушысы Шыңғыс Айтматовтың түркі тектес халықтарда да Нобельге пара-пар сыйлықтың дүниеге келуі керектігі туралы жасаған ұсынысы - өмірдің сұранысынан туған қажеттілік.  Бәлкім сонда, әлемді былай қойғанда қыр астында тұрып жатқан көршіміздің де рухани әлемін танудан қалған біздің халқымыздың көзі ашылар. 

     Егер де осы бастаманы Орта Азия елдерінің басшылары да қолдап, Түркі академиясы ашылып, олардың да Нобельге пара-пар сыйлығы дүниеге келіп, оны шын мағынасындағы адамгершілікті, ізгілікті жырлаған ұлы ақын-жазушылар алып жатса, мүмкін ол қатігезденіп кеткен әлемнің қабағын ашуға септігін  тигізетін шығар. Мүмкін, осы арқылы Түркі академиясы – адам баласын табыстыратын құндылықтардың өріс жаюына жол ашар. Бәлкім, Түркі академиясы тағайындаған сыйлықты алған жазушының шығармасын оқыған соң, Кеңестер Одағы ыдырағаннан кейін бір-бірін жау көре бастаған халықтың жүрегіне түскен жарасы жазылып, бір-біріне деген өшпенділіктен айырылып, бір-бірімізге мейіріммен қарап, бір-бірімізді түсіне бастармыз. Мүмкін сонда Ирактағы қырылып жатқан мұсылман бауырларымыздың қанын суша ағызып жатқан соғыстар болмайтын шығар.  Мүмкін, келешекте Түркі академиясы тағайындайтын сыйлықты алған  қазақ баласының жазған шығармасын оқыған соғысқұмарлар райынан қайтып, ұлы жаратушының жолынан адасып,  қылмыс жасап отырғандарын түсініп, Алланың жолына түсер. Кім біліпті? Мүмкін бұл қадам түркітектес халықтардың ел болып бірігіп, Батысқа тәуелсіз өзінің дербес саясатын жүргізуіне жол ашар. Адамзат баласының ұлы мұраты үшін жұмсалуы тиіс – бір миллион доллар деген не тәйірі.  Тіпті Түркі академиясы осы сыйлықтың көлемін ұлғайтып он миллион долларға шейін көтерсе де айып емес.  Бірақ ол адамзат баласын табыстыратын, шынайы гуманизмді жырлаған шығармаларға берілсін. Әрине, мұның бәрі қиял, арман ғана.

     Адамзат баласының бәрін жаратқан ұлы Алла осы арманға  жеткізгей…

Соңы.


Амангелді Кеңшілікұлы, сыншы, халықаралық "Алаш" әдеби сыйлығының лауреаты.

Abai.kz

0 пікір