Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
Билік 10365 0 пікір 13 Қазан, 2014 сағат 18:16

БАЙҚАУ: ЕҢ ҮЗДІК АУЫЛДЫҚ МӘДЕНИЕТ ҮЙІ-КЛУБ – 2014

Біз ауылды небір таланттардың түлеп ұшқан алтын бесігі деп білеміз. Ауыл жағдайы түзелсе, ең алдымен, елдің жағдайы жақсарғаны, ауыл мәдениеті өркен жайса, бүкіл қазақтың мәдениеті шарықтау үстінде деп түсінетініміз сондықтан. Осы өлең-жырдың, өнердің ортасына айналып отыруы тиіс қара шаңырақ – ауылдық мәдениет үйлері мен клубтартардың бүгінгі жағдайына мән берген Облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы мен Халық шығармашылығы орталығы ауыл-аймақтардың өнерге деген ықыласын, ұлт мәдениетіне деген ілтипатын байқататын «Ең үздік ауылдық мәдениет үйі-клуб – 2014» облыстық байқауын бастады. Ата-бабаларымыздан бастау алған өнегелі өнерімізді, қазақ халқының терең ойлы шығармашылығын паш етіп, танылмай жүрген таланттарды анықтау мақсатында өткізілетін бұл шара Талас аудандық Сәду Шәкіров ауылдық мәдениет үйінен басталды.

Белгілі сатира саңлағы Шона Смаханұлының 90 жасқа толуына орай ұйымдастырылған «Шоқ тілді Шона» атты әдеби-сазды кеш «Гүлдер» бишілер тобының мың бұралған биімен ашылды. Бұдан кейін Шона Смаханұлына арналған бейнесюжет көрсетіліп, ақынды туған халқының есіне тағы бір салып өтті. Кеш барысында Ержан Байғараұлы «Шонаға арнауын» орындаса, мектеп оқушылары Самал Сергей ақынның «Құлағыңа алтын сырға жігіттер», Сымбат Амангелді «Түлкі достық», Жансая Есіркеп «Жанарсыз жанның сөзі», Балжан Бақытжан «Ерке болсаң, ерке бол» атты туындыларын мәнерлеп оқыды. Сонымен қатар Ш.Смаханұлы атындағы орта мектептің 6-сынып оқушысы Балнұр Әбдімомын ақынның сөзіне жазылған «Жамбылым қандай тамаша!» әнін, сондай-ақ Анар Айдаралиева, Гүлжаһан Жетенова секілді ауыл өнерпаздары «Әжемнің әлдиі», «Мектеп вальсі» атты әндерді тыңдармандарға тарту етті. Өз кезегінде аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Пернебек Оспанов, Қазақстан жазушылар Одағының мүшесі, ақын Үміт Битенова, Тараз қалалық «Жамбыл – Тараз» газеті бас редакторының орынбасары Ерман Әбдиев сөз алып, Шона ақынның әдебиеттегі орыны, оның шығармалары мен өмірі жайлы әңгіме қозғады. Осылайша, таластың топырағынан жаратылған тарпаң ақынға деген таластықтардың құрметі ерекше екендігін көрсетті.

Талас топырағынан шыққан тағы бір дарынды ақын  Серік Томанов. Ол өзінің қырық жеті жылдық найзағайлы ғұмырында көптеген шығармаларды дүниеге әкелді. Осы ауданның Аққұм ауылдық мәдениет үйі «Құс қанат менің ғұмырым» атты Серік Томановты еске алуға арналған әдеби-сазды кеш өткізді. Алдымен ақынның өмірбаяны, әдеби туындыларының дүниеге келу тарихы жайлы баяндалды. Бұдан кейін ақынның жары Бибігүл Оразбаева сахнаға көтеріліп, ақын Серік Томанов жайлы естеліктер айтты.

Бұдан кейін Барбол Тоқтықожа атындағы мектеп оқушылары ақынның шығармаларын мәнерлеп оқыды. Ал, Нұрдәулет Сәрсенбиев ақынның сөзіне жазылған Сәрсенбек Бәкірдің «Сезімді қайтем тулаған», «Соғады сен деп жүрегім» әндерін және танымал әнші Мейрамбек Беспаевтың орындауындағы Ербол Спаналиевтің «Құс қанат менің ғұмырым» атты әнін баянмен орындады. Одан кейін көпшілік Серік Жапарұлын бір минут үнсіздікпен еске алды.

- Бүгін, міне, ауылдық мәдениет үйлері мен клубтарды аралаған арнайы топ, төрт ауданның сегіз ауылына ат басын тіреді. Әр ауыл әдеби-сазды кештер ұйымдастырып, ұсынды. Небір толайғай таланттардың осы ауылдардан шыққанының тағы бір куәсі болдық. Осы шара арқылы біз нағыз талантты танып, қолдау көрсетуге мүмкіндігіміз болады. Менің ойымша, ұлттық өнерімізді дамытуда біздің өңіріміздің алар орны әрдайым ерекше. Біздің өңір әрдайым салт-дәстүрді дәріптеп, қазақи болмысымыздың айнасы болып келген.  Өнерлерін паш еткен әрбір ұжым қазылар алқасының көңілінен шыға алды. Бастысы, біздің өңір әу бастан-ақ әдет-ғұрып, салт-дәстүрімізге ерекше ықыласпен қарап, күнделікті қолданысқа енгізген соң болар, бүгінгі байқау шынайы болып өтуде,- деді облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының бастығы Дүйсен Бықыбаев.

Мұнан соң, Жуалы аудандық Көктөбе ауылы ақын Бауыржан Үсеновтің шығармашылығына арналған, Сарысу аудандық Саудакент ауылы «Ән мен жырдың Кенені» атты театрландырылған әдеби сазды кештерін ұсынды. Ең кереметі, ән айтқан күміс көмейлер әндерін домбыраның сүйемелдеуімен жанды дауыста орындады. Ауылдың алты ауыздары осылайша қазылар алқасын тәнті етті. 

- Ауыл мәдениеті – ұлттық құндылықтарымыздың алтын өзегі. Бұл мәдениет ошақтары мектеп оқушылары мен ауыл жастарының бос уақыттарын тиімді өткізу жолында түрлі мәдени шараларды тұрақты ұйымдастырып отыратын орын болуы керек. Мәдениет үйлері жанынан өнер мен әдебиет, мәдениетке қатысты үйірмелер мен бірлестіктер жұмыс жасауы қажет. Клуб мекемелерінің тұрғындарға ұсынатын мәдени-қызмет түрлерінің мазмұнын осылайша арттырса ғана, талапқа сай үлгілі қызмет көрсете алады. Әсіресе, олар көштен қалып қоймай жаңа идеялар мен инновацияны да пайдалану керек. Біз осы мақсатты көздеп отырмыз,- дейді облыстық Халық шығармашылығы орталығының бастығы Ғани Садырбаев.

Байқау негізінен осыған дейін әр ауданның өздерінде өткізіліп, тек жеңімпаздары ғана облыстық байқауға жолдама алған. Әр ауданнан іріктеліп алынған екі ауылдық мәдениет үйі мен клубтары ережеге сәйкес мекеменің эстетикалық талғаммен безендірілуі, материалдық-техникалық базасының жағдайы, озық технологиямен жабдықталып, интернетке қосылуы, өткізілген іс-шаралардың жүйелі жоспарлары бойынша жан-жақты сынға алынуда.

Өркениетке өз өзегімізден ажырамай, өз мәдениетімізді өгейсітпей ілесу міндет екені даусыз. Ұлттық құндылықтарымыздың бастауы, негізгі тіні ауылда екенін естен шығармауды құнттаған шара әлі де жалғасын табуда.

0 пікір