Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Қоғам 11015 0 пікір 14 Қазан, 2014 сағат 00:17

ЕҢ ҚҰРЫҒАНДА, ЕЛБАСЫҢДЫ АЯМАДЫҢ ҒОЙ, МЫРЗЕКЕ!

Нұрсұлтан Назарбаев:

Қымбатты отандастар!

Ежелгі атамекенінен жырақтап қалған Сіздерді кешегі күнге дейін ата-баба жеріне қайтып келе аламыз ба деген сұрақтың алаңдатып келгенін мен жақсы білемін. Туған жердің түтіні де ыстық дейді халқымыз. Қандас бауырларымызды байырғы ата қонысына тарту мақсатында адам правосы туралы еларалық ережелерді басшылыққа ала отырып, Қазақстан Үкіметі «Басқа республикалардан және шетелдерден селолық жерлерде жұмыс істеуге тілек білдіруші байырғы ұлт адамдарын Қазақстанда қоныстандыру тәртібі мен шарттары туралы» арнайы қаулы қабылдады. Сондықтан ата-мекенге келемін деуші ағайындарға жол ашық. Ата-баба әруағы алдарыңыздан жарылқасын!

(«Егеменді Қазақстан»

1992 жыл 1 қаңтар )

***

Қазақ халқының бойындағы ұлттық қасиеттерінің бірі далалық кеңпейілділік, ақылға жүгінген шыдам мен сабыр болса, сіздер сол қасиеттерді көтеру арқылы өздеріңіз қазір тұрып жатқан елдердің саяси тұрақтылығына, ұлтаралық келісіміне өз үлестеріңізді қосып жүрсіздер деп білем және сол үшін Сіздерге ақ алғысымды айтқым келеді.

Қай жерге барсам да қазақ диаспорасы тыныштығымызды алды деген сөзді естіп көрген жоқпын. Бұл да ұлттық деңгейдегі естиярлықтың белгісі!

(«Қазақ көші – қазақтың

қауымдасуы», 174 – бет)

***

Біздің еліміз – жас, жеріміз – ұлан-ғайыр, халқымыздың саны болса – көп емес. Сондықтан Елбасы ретінде елімнің болашағын ойлап алаң­даймын 

 

***

Бірлігі бар ел озады, бірлігі жоқ ел тозады.

Бұл – тарих заңы.

Сондықтан қазақтың бірлігі – елдігіміздің кілті, ең басты мәселесі.

Ел бірлігі – ең асыл қасиет.

Бірлік, ынтымақ, сабырлылық пен парасаттылық ең алдымен өзімізге – қазақтарға керек.

Қазақты ешуақытта сырттан жау алған емес.

Қазақ әлсіресе, алауыздықтан әлсіреген, күшейсе, бірліктен күшейген. Үйдің берекесі қабырғасының қиюымен емес, теңінің жиюымен, отбасындағы сыйластықпен, татулықпен кіреді.

Мемлекет те солай.

Қазақстанның елдігі асқан, ерлігі тасқан, кемел де келісті елге айналуына бізден – қазақтардан артық мүдделі кім бар?! 

Қазақтың ішкі тұтастығын бұзғысы келетін рушылдық, жершілдік әңгімемен ел бірлігін бүлдіргісі келетін күштердің пайда болуы Елбасы ретінде мені алаңдатпай қоймайды.

Ондай жымысқы ниеттілердің айқайына құлақ асып, айтағына ілескен жан әр атаның шежіресін әспеттеп, әр жаққа тартқанын аңдамай қалуы мүмкін.

Ру мен тайпаға бөліну – ұлттық тұтастықтан айырылудың өте қауіпті түрі. Қазақ шежіресінің түпкі мәнін ұмытпау керек, алып дарақтың бұтақтары сияқты күллі рулардың түбін қуа келгенде, барлығы бір ғана ұлы тамырға – қазақ деген ұлтқа барып тіреледі. 

Қай шежірені алып қарасаңыз да, ол қазақтың бірлігін, тұтастығын әйгілейді.

Шежіре – қазақты бөлшектейтін емес, керісінше, біріктіретін ұғым. Барша адамзаттың Адам атадан басталатыны сияқты, бүкіл қазақтың шежіре атаулысы Атам қазақтан бастау алатынын әрбір қазақ жүрегінің төрінде ұстауға тиіс.

Тек бірлесіп қана, бүкіл халықтың күш-жігерін біріктіріп қана біз алға баса аламыз.

Бірлігі берекелі, тірлігі мерекелі, ынтымағы жарасқан елдің ғана ырысы мен табысы мол болмақ. 

(«Қазақстан-2050» Стратегиясы

қалыптасқан мемлекеттің жаңа

саяси бағыты» атты Қазақстан

халқына Жолдауынан)

 

 

 

Ал, Мырзатай Жолдасбеков:

 

...Мен бұрыннан айтып келе жатырмын. ТАРИХИ ОТАНЫМЫЗ ҚАЗАҚСТАН ЕКЕН ДЕП ОСЫНДА ҮДЕРЕ КӨШІП КЕЛУДІ ДОҒАРЫҢДАР. Мынау Моңғол жерінде отырған қандастарымыздың басым бөлігі керейлер, наймандар. Өзіңнің ата жұртың, шырағым. Сен ол жерге еш жерден көшіп барған жоқсың. Ол жерде Тоғыз Оғыз дейтін мемлекет болған моңғолдан да бұрын. Ол керейлердің мемлекеті. Қыпшақтардың бәрі Сегіз Оғыз мемлекеті болды. Сегіз Оғыз мемлекеті ол найманның мемлекеті. Бұл кім – бұл қазақ құрған мемлекеттер. Моңғолияда бір қандасымыз 37 мың сиырым бар дейді. Бірақ атамекенге көшкім келеді дейді. Сенің 7 атаң, түп атаң сол жерде жатқан жоқ па? Керек болатын болса Шыңғыс ханды да моңғол деген жоқ. Шыңғыс ханды Хан көтерген құрылтай. Құрылтай деген моңғолдың сөзінде жоқ меніңше. Қият, керей, найман, жалайыр көтерген жоқ па оны Хан қылып. НЕГЕ КӨШЕСІҢДЕР ДЕДІМ. Сол сияқты ҚЫТАЙДАН ДА ҮДЕРЕ КӨШУДІҢ ҚАЖЕТІ ЖОҚ. Алтай, Іле, Тарбағатай ол қазақтың жері. Бабаларың жатқан жер. Мәселен Қытайдан үлгі алмайсыңдар ма? Сол Қытай қазір Америкадан өздерінің кварталдарын ашып тастады...

(http://baq.kz/kk/diaspora/1119)

 

P.S:

Құрметті оқырман қауым, мен өз тарапымнан артық сөз қосып, шығындалғам жоқ. Тек,  ең құрығанда, Елбасыңды аямадың ғой, Мырзеке, дегім келді.

Нұрғали Нұртай

Abai.kz 

0 пікір