Сенбі, 20 Сәуір 2024
Билік 8784 0 пікір 15 Қазан, 2014 сағат 13:16

«ЖОҒАРҒЫ СОТТЫҢ АБЫРОЙЫ – ҚАЗАҚСТАННЫҢ АБЫРОЙЫ»

Осыдан бір жыл бұрын Елбасы еліміздегі сот жұмыстарын одан әрі ширатып, дамыту міндетін алға қойды. Бүгінде республикадағы сот жүйесі айқын бағыт, жаңа қарқынмен жүргізілуде. Жоғарғы Сот Төрағасы Қ.Ә. Мәмидің тікелей басшылығымен Республика соттарының және судьялар корпусының жұмысы тың серпін алып, сот ашықтығы мен қолжетімділігі арта түсті.

Бір жыл ішінде атқарылған келелі істер, ауқымды шаралар, орындалған межелі міндеттер Президент Н.Ә.Назарбаевтың республика судьяларының VІ съезінде берген тапсырмаларын тыңғылықты орындаудан бастау алды.

Еліміздің жыл өткен сайын жаңаша бағыт-қарқынмен алға басуы халқымыздың береке-бірлігін, бақ-дәулетін одан сайын нығайтуда. Елбасы айқындап берген сындарлы саясаттың өміршең екеніне барша халық көз жеткізіп отыр. Бүгінде мемлекет жүктеген міндеттерді жүйткіген уақыт талабына сай жүзеге асыру – барлық құзыр­лы органдар мен мекеме-ұйымдарда қызу қар­қын­мен жүргізілуде. Соңғы бір жыл ішінде еліміздің сот жүйесінде де біршама игі істер қолға алынды.

Көпшіліктің есінде болар, өткен жылдың қараша айында республика судьялары VІ съезінің ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясын негізге ала отырып: «… Осы бағдарламаның ең негізгі түйіні – сол кезге дейін дүниенің өркендеп өскен, ең байыған 30 мемлекетінің қатарына кіреміз деп отырмыз. Біз меже қылған биік белестер барлық саладағы игіліктерді көздейді. Сондықтан, сот жүйесі сол елдердің сот жүйесімен бірдей болуы керек», – деп еліміздегі соттардың бұдан әрі атқаратын міндеттеріне кеңінен тоқталған еді.

Президент: «Қазақстанның сот жүйесі алдыңғы қатарда болуы қажет. Бұл туралы мен Стратегияда нақты көрсеттім. Барлық құқық қорғау органдары ішінен ең жоғары тұрғаны Жоғарғы Сот болып табылады. Жоғарғы Соттың абыройы – Қазақстанның абыройы, жалпы биліктің абыройы», – деп еліміздегі соттардың беделіне айрықша баға берді.

Осы ретте сот жүйесін жетілдіруді одан әрі тыңғылықты жалғастыруда бір жыл ішінде атқа­рылған іс-шаралардың өзектілеріне тоқталып, соттар мен судьялардың мерейін өсірген игі істерді саралап бергеніміз артық болмас. Еліміз егеменді ел атанып, тәуелсіздігімізді баянды еткен ширек ғасырға жуық уақыттан бері өзінің құқықтық жүйесі, соның ішінде ең өзектісі – сот төрелігін заман талабына сай жаңғырту жылдар бойы үздіксіз жүргізіліп келеді. Яғни, оны үнемі дамыту – осы бір жыл ішінде ілгері басты.

Оған нақты дәлел келтірер болсақ, Дүниежүзілік экономикалық форумның бәсекеге қабілеттілік жөніндегі жаһандық индексіне жүгінгеніміз жөн. Бұл көрсеткіш бойынша еліміздің ұлттық сот жүйесі рейтингі 2014 жылы екінші позицияға көтерілді. Яғни, Елбасы тапсырмаларының орындалуы тыңғылықты жүзеге асып келеді.

Сот билігінің тәуелсіздігі мен оның тиім­ді­лігін арттыруда қазіргі таңдағы ауқымды жұ­мыс­тардың бірі де, бірегейі де сот әділдігін жүзе­ге асыру болмақ. Бұл – тәуелсіз еліміздің Конституциясында бекітілген, судьялардың ар-ұжданы, адамгершілігімен айқындалатын ең бір қасиетті міндет. Әрине, сот процесінде нақты дәлелдердің арқасында заңдылыққа сай талапкер жеңіске жеткен жағдайда, айыпкер жақ өздерінің көңілінен шықпаған сот шешіміне риза болмай, шағым беруі орынды. Солай десек те, заңның аты – заң. Талап-арыз берген жеке немесе заңды тұлғаның ісі конституциялық құқыққа сай әділ шешілсе, заңның үстемдік құрғаны. Алайда, бұрынғы ұлы билерден қалған: «Пышақ қынына тоқтайды, дау шынына тоқтайды», деген аталы сөзге құлақ аспайтындар, іс сот сатыларында қаралып бітпестен, шыққан шешімді «әлекке» түсіретіні бар. Өз кезегінде ұтылған жақ бұқаралық ақпарат құралдары арқылы өздерін «жәбір көрушілер» ретінде көрсетушілік әлі күнге дейін үзілмеуде. Еліміз құқықтық дамудың жолында болғандықтан, біз мұндай кемшіліктер біртіндеп түзелер деген сенімдеміз.

Жалпы, заңдық күшіне енбеген сот актілерін бұқаралық ақпарат құралдарында жариялап, көпшілік талқысына шығару – сырттай сот ісіне араласудағы өрескелдік. Әрберіден кейін, бұл – судьяның тәуелсіздігіне нұқсан келтіру екенін кейбір азаматтар түсінбейді. Біз осы бір келеңсіз жайттың қоғамда орын алмауына жұртшылық болып атсалысуымыз керек. Оның ішінде, қандай бұқаралық ақпарат құралдары болсын, мұндай өрескелдікке бой алдырмаулары қажет деп ойлаймын.

Осыған байланысты айтарым, тараптар істер­дің сот сатыларында қаралу құзырының аражігін заң талабына сай ажырата білгендері жөн. Әр­бір тарап заңда белгіленген тәртіппен, келесі саты­дағы сотқа өтініш беріп, азаматтық құқығын заңды қорғау үшін ізденсе, сот әділдігінің шынайы сақталуына өзінің де үлесін қосқан болар еді.

Барлық әлем халықтары заңмен жүріп, тұрады. Оны құрметтейді, мүлтіксіз бағынады. Осы ретте белгілі қоғам қайраткері Теодор Рузвельттің: «Заңнан жоғары немесе төмен тұратын адам жоқ. Заңға бағыну талап етіледі, ол мейірімділік ретінде сұралмайды», – дегенін сотқа жүгінген әр адам қаперінде ұстағаны жөн-ақ.

Конституциямызда белгіленгендей, еліміздің ұстанған жолы – құқықтық мемлекет құру, оны одан әрі өркендету. Бірінші кезекте азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын мінсіз қорғау десек, оның ең басты көрсеткіштерінің бірі – сот қызметінің ашықтығы және жариялылығы болмақ. Бұл қағидаттар соттар үшін бағдар беретін темірқазық іспетті. Күнделікті атқарылып жатқан сот шешімдерінің әділдігі халыққа қаз-қалпында шынайы жетуі, көпшіліктің дұрыс әрі нақты түсінік алуы бұқаралық ақпарат құралдарына тікелей қатысты. Сондықтан да, соттар олармен тығыз қарым-қатынаста түсінісіп, белсене жұмыс істеуге мүдделі дер едім.

Осы ретпен алғанда, жұмыс тәсілінің ерек­ше­ліктеріне қарамастан, журналистер мен соттардың көздеген мақсат-мұраттары ортақ. Өйткені, қоғамдағы жақсы істерге, жат қылықтарға шын күйініп-сүйінетіндер де, жаны ашитындар да – халықтың осы өкілдері. Сол себепті, олар бір-бірінің пікірімен санасып, ой-тұжырымдарын бір арнаға тоғыстырып, жұртшылыққа объективті түрде ақпарат бергені абзал. Сондықтан да, мерзімді баспасөзде сот тақырыбында жарияланған шағын ақпараттан бастап, аналитикалық мақалалар мен сұхбаттардың мазмұны, сапасы жоғары және алынған дереккөздері шынайы болуы қажет. Бүгінгі уақыттың да, қоғамның да қатаң талабы осындай. Сөз жоқ, қазіргі таңда ақпарат қоғам айнасына айналған тұста, бұл – өте маңызды құндылық. «Егер шындықты білгің келсе, екі жақты да бірдей тыңда», деген тәмсіл сөздің мәнін әркім өз ақыл-парасаты арқылы түйсіне білсе, құба-құп болар еді. Мұндай жағдайда бұқаралық ақпарат құралдары арқылы алынатын сот төрелігі туралы ақиқат-пікірлер, шын мәнінде, халыққа жеткізіліп, адамдардың соттарға деген құрметін кемелдендіруге қызмет етері сөзсіз.

Мемлекет басшысы баспасөздің сот жүйе­сін­дегі рөлі жайлы судьялардың VI съе­зінде айтқан мына түйінді сөзі көкейге қоным­ды: «Бұқаралық ақпарат құралдарының күш-жі­гері арқылы қоғамда сот билігіне жағымды және ілтипатты көзқарас қалыптастыру керек». Осы қағиданы негізге алып, біздер бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара байланыс жөнінде стратегиялық тұжырымдама әзірлеуді қолға алудамыз. Бұл бағдарламалық құжаттың өзегі – төртінші билік өкілдерімен соттардың бірлескен жұмысын тың деңгейдегі сапа биігіне көтеру. Осылайша, көпшілік қауымның құқықтық сауатын одан әрі арттыруға ықпал ету тетігіне айналдыру.

Бүгінгі өскелең замандағы ең жылдам да алымды ақпарат құралы интернет-ресурстары екенін жұртшылық жақсы біледі. Бұл сала бойынша Жоғарғы Сот өзінің интернет-ресурстарын заман талабына сай жаңаша өзгертіп, пайдаланушыларға қолайлы жағдай жасауда. Біздің веб-сайтымызда «Тыңдалатын істер тізімі» атты жаңа бөлім ашылған. Ол арқылы республика соттарында қаралатын істердің кестелерімен жедел танысуға жан-жақты мүмкіндіктер туғызылған.

«Сот істері жөніндегі анықтамалық» және «Сот актілерінің банкі» бөлімдері түрлі өлшемдер бойынша сот құжаттарымен танысуға бағытталған. «Жоғарғы Сот Төрағасының жеке парақшасы» арқылы азаматтар өздерін мазалаған көкейкесті сұрақтарға нақты жауап алады. Ал облыстық және оған теңестірілетін соттар төрағаларының блогында азаматтар өтініштері мен арыз-шағымдарын осы сот басшыларына жазып қалдыра алады.

«Сот құжаттарымен танысу» бөлімінде қара­латын іс құжаттарымен жедел танысуға қолже­тімділік қарастырылған. Бұл сервисті пайдаланушы­лар логин мен порольдің көмегіне сүйеніп, SMS-хабарлама түрінде ұялы телефонына немесе электрондық поштасына жіберілген іс жүргізу құжат­тарымен толық таныса алады. Нақты айтқанда, сотқа берген арызының тіркелгендігі туралы талон алады. Осылайша, сот жүйесіне енгізіл­ген бұл жаңа тәсіл азаматтардың уақытын, жол шы­ғы­нын үнемдеуге мол мүмкіндік беретіні анықталды.

Жыл басынан бергі уақытта 1 миллион 500 мыңнан астам SMS-хабарлама жолданды. Ал берілген талондардың жалпы саны 90 пайызды құрады.

Электронды сот ісін жүргізуде заманауи жетістіктерді тиімді пайдалана білу – барлық соттар үшін және сот төрелігін халық алдында шынайы, ашық та қолжетімді етіп көрсетудің бірден-бір оңтайлы тәсілі. Біз заманның өзі ұсынып отырған мұндай озық технологиялық жетістіктерді сот жүйесінде әрдайым сәттілікпен пайдалануды дамыта беруіміз керек. Бұл үрдіс азаматтардың және қоғамның соттарға деген сенімін одан сайын арттыра береді деп ойлаймын.

Бұдан бөлек, күн сайын сот саласына қатысты ақпараттар, фотосуреттер мен бейнежазбалар веб-сайтқа жедел түрде орналастырылып, интернеттегі әлеуметтік желілер арқылы тарайды.

Осындай жүйелі жұмыстың нәтижесінде мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарының рейтингінде Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының веб-сайты бірінші орынды иеленді. Аталған рейтинг «Қазконтент» акционерлік қоғамының 27 мемлекеттік органның ресми интернет-ресурстарының жұмысына жасалған талдауы негізінде шығарылған. Мұның өзі, соттардың халық алдындағы ашықтығы мен жариялылық қағидаттарын берік ұстанып отырғандығының бірден-бір дәлелі.

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев еліміздің сот жүйесін әлемдік стандарттарға сәйкестендіруде көптеген көшелі міндеттерді алға қойғаны белгілі. Оның жыл өткен сайын сот төрелігінде орнығуын өзінің бақылауында ұстауда. «Қазақстан-2050» Стратегиясында жарияланған жаңа саяси бағыттың барлық векторы үшін басымдықтар мен міндеттер айқындалғаны мәлім. Соттар үшін мұның ең маңыздысы – мінсіз және тиімді ұлттық сот төрелігі екені даусыз. Тәуелсіз және әділетті сот – құқықтық мемлекеттің негізі десек, әлемдік үлгі көрсеткендей, ең дамыған мемлекеттердің алтын арқауы – қолайлы инвестициялық ахуал туғызу және азаматтардың әл-ауқатын жоғары деңгейге жеткізу. Бұл біздің қоғамның да табыс­ты дамуының басты кепіліне айналды. Осындай берік тұғырдың арқасында елімізді әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына қосу үшін, Елбасы айтқандай, сот жүйесінің барлық міндеттері мен атқарар жұмыстарын соған сәйкестендіріп, жүйелі түрде жүргізу – біздің бас­ты мақсатымыз.

Бұл мақсат-міндеттер Мемлекет басшысының әркездегі жеке қабылдауында егжей-тегжейлі талқыланып, нақты бағыт-бағдарлар беріліп отырады. Соның ішінде, ел экономикасын дамытудың негізгі тетігі ретінде шағын және орта бизнес субъектілері мен инвесторлардың құқықтарын қор­ғаудың, олардың қызметі үшін оңтайлы жағ­дайлар жасаудың маңыздылығына айрықша көңіл бөлінген.

Елбасы ел экономикасына және сот әділдігіне қатысты ой-тұжырымдарын да анық білдіре отырып: «Адамдардың сот төрелігіне деген сенімі сот органдарының жұмысына байланыс­ты. Атап айтқанда, барлық даулар отандық сот жүйесінде әділ шешілуі үшін мамандандырылған экономикалық соттардың жұмысын жақсарту қажет», – деп соттар корпусына нақты тапсырмалар берді.

Қазірдің өзінде Мемлекет басшысының осы тапсырмаларын орындау мақсатында бірқатар іс-шаралар атқарылуда. Мысалы, Қазақстанның Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп өткізілген селекторлық кеңесте орта, шағын бизнестерге қатысты салада сот әділдігін жүзеге асыру мәселелері кеңінен талқыланды. Ендігі жерде Елбасы тапсырмаларын іске асыруға Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдерін де жұмылдыруды жөн көрдік. Өйткені, бизнес өкілдерімен және шетелдік компанияның өкілі саналатын тараптармен азаматтық істерді қарау тәжірибесінің өзекті мәселелері бойынша сындарлы әңгіменің жиірек өрбуі – заңдылық. Осыған байланысты Елбасы атап өткендей, соттардың негізгі міндеті – өңірлерде аталған санаттағы азаматтық істерді сапалы әрі уақтылы қарау, экономикалық соттар жұмысының тиімділігін арттыру болып табылады.

Осы жылдың бірінші жартысында еліміздегі соттардың жұмысы талапқа сай жүргізіліп, өзінің оң нәтижесін көрсетті. Сотқа түскен істерді өз мерзімінде қарау тәртібі сақталып, қылмыстық және әкімшілік істер бойынша соттар тарапынан оларды қарау мерзімдері бұзылған жоқ. Сонымен бірге, соттарға келіп түскен азаматтық істердің сот өндірісінде алты айдан астам уақыт болуы едәуір азайды.

Азаматтардың өз құқықтарын қорғау үшін соттарға өтініш беруі барынша артып, статис­ти­калық деректер көрсеткендей, сотқа келіп түскен істер саны едәуір өсті.

Бұл халық тарапынан соттарға деген сенімнің ұлғайғанын білдіреді. Өйткені, біздер сот ашық­тығы мен жариялылығы және қолжетімділігі туралы көптеген іс-шараларды қолға алып, айқын жүргізіп келеміз. Осы тұрғыда соттардың қызмет деңгейін көтеру сынды жұмыстар да тиянақты атқарылуда.

Соттарды әлеуметтік тұрғыдан және жаңа үлгідегі материалдық-техникалық жабдықтармен, заманауи сәулетті ғимараттармен қамтамасыз ету әрқашан назарда болмақ. Жергілікті соттар үшін жаңа ғимараттар салуды және оның озық үлгіде жабдықталуын Елбасы да ескеріп отырады. Президент судьялардың соңғы өткен съезінде де, соттардың алаңсыз іс қарауына жағдай туғызу мемлекеттің әрқашан қамқорлығында екенін баса айтқан еді.

Соңғы жылдары сот жүйесінің материалдық базасы едәуір нығайтылып, барлық соттар тех­никалық жабдықталып, сот әділдігін атқарудың заманауи стандарттарына сай ғимараттарда орналастыру жұмыстары жалғасын табуда. Міне, соның айқын дәлелі ретінде республика соттары заман талабына сай салынған ғимараттармен толыға түсті. Биылдың өзінде аудандық соттармен қатар, бірнеше облыстық және қалалық соттардың ғимараттары жаңарып, жабдықталды. Мысалы, Алматы облыстық, Шығыс Қазақстан облыстық және Астана қалалық соттарының қазіргі заманға лайықты әділдік отаулары ашылды. Бұл халқымыздың: «Би болсын, би түсетін үй болсын», деп ежелден соттар үшін қолайлы жағдай туғызудың шынайы қамқорлығы екенін көрсетсе керек.

Сот ғимараттарының жаңа үлгіде бой көтеруі судьялар қауымдастығының ғана емес, бұл – заңды сыйлайтын, заңға жүгінетін жұртшылыққа ортақ қуаныш дер едім. Өйткені, сот ғимараттары халыққа қолайлы қызмет көрсетіп, көңілдерінен шығып жатса, олардың да сотқа деген сенімділігін, жылы көзқарасын қалыптастырады. Бұған қоса, ақпараттық-коммуникациялық технологияның соңғы үлгілерімен жабдықталған сот отырысының залдары судьялар жұмысын ұтымды атқаруына тың серпіліс береді. Бұл өз кезегінде сотқа жүгінген азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін шынайы қорғаудың сапасын одан әрі арттыра түсері анық.

Еліміздегі соттар мен судьялардың күн сайын атқарып жатқан қызметтері сот төрелігін жетілдіру бағытындағы аса маңызды қадам саналады. Олардың әділ сот ісін жүргізудегі жұмысын бағалау әрі сапасын арттыру назардан тыс қалған емес. Ол үшін көптен бері соттардың жұмысын қадағалап, тұрақты мониторинг жүргізу дәстүрге айналған. Осы ретте біз биылғы жылдың басынан бері соттар қызметін бағалау өлшемдерін (критерий) енгіздік. Бағалаудың мұндай түрі соттардың қызметін одан әрі жақсарту мен жетілдірудің тиімді құралы болмақ. Соттардың қызмет сапасына мониторинг жүргізудегі бұл қазақстандық әдістеме халықаралық сарапшылар тарапынан қызығушылық тудырып, оң баға берілгені, еліміздің сот жүйесінің беделін өсірді.

Судьялық жұмыс сапасын бағалау мәселесі осы жылғы қыркүйек айында Астанада өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер Жоғарғы Соттары төрағаларының кеңесінде талқыланды. Қазақстан, Ресей, Қырғыз, Тәжікстан және Өзбекстан жоғары соттар органдарының басшылары соттар қызметін жетілдіру және бағалау жайлы егжей-тегжейлі пікір алмасты. Отырыс аясында соттарды теңгермелі басқару жүйесін құру, судьяларды іріктеу мен тағайындау, сот төрелігінің ашықтығы туралы мәселелер қаралды. Оларға соттар мен судьялар қызметін бағалаудың қазақстандық әдістемесі кеңінен таныстырылып, халықаралық деңгейде беделінің арта түскендігімен ерекшеленді.

Еліміздегі сот жүйесінде қызмет атқарып жүрген судьялардың іс қараудағы жүктемелерін әлі де болса жеңілдету шаралары қарастырылуда. Мемлекет тарапынан жергілікті судьялар санын көбейту мәселесінің оңтайлы шешілуіне Ел­басы үлкен қолдау көрсетті. Атап айтқанда, осы жылдың басында Президент Жарлығымен аудан­дық соттардың саны 450 бірлікке дейін көбейтілді.

Сонымен қатар, судьялардың қоғамдағы мәртебесін одан әрі айқындауда, кәсіби меди­ци­налық қызмет көрсетуде, олардың әл-ауқатын жыл өткен сайын жақсарту үшін көптеген іс-шара атқарылып келеді. Әсіресе, жергілікті сот­тарды соңғы заманауи озық үлгідегі құрал-жаб­дықтар және компьютерлермен жарақтандыру тың­ғылықты жүргізілуде. Сондай-ақ, лауазымына жаңа­дан кіріскен судьяларды жайлы үй-жаймен уақты­лы қамтамасыз етуге үнемі назар аударылады.

Ел ішіндегі: «Тұрмысы жақсының – жұмысы да жақсы», деген көзқарас судьялардың да тағайындалған лауазымын бір орында тұрақты әрі нәтижелі атқаруына кепіл болары сөзсіз. Мұн­дай қамқорлықтың барлығы сот қызметін халық­қа ашық және қолжетімді етуге және шынайы сот әділдігінің салтанат құруына оң әсерін тигі­зеді. Сот жүйесін бұдан әрі жетілдіре берудегі біз­дің басты парызымыз – әрбір іске қатысты сот әділ­дігінің орындалу сапасын ұдайы арттырып отыру. Сондықтан, әрбір судья, сот қызметкерлері алдымызда межелі міндеттер мен айқын мақсаттар тұрғанын әрқашан есте сақтағаны абзал.

Бүгінгі таңда республика соттары заман талабына сай осы жылы қабылданған Қазақстан Республикасының Қылмыстық, Қылмыстық-процестік, Әкімшілік құқық бұзушылық, Қыл­мыстық атқару кодекстері жарияланған уақыттан бері көпшілік тарапынан кеңінен қолдау табуда. Ал сот қызметкерлері, судьялар корпусы келер жылдың басынан қолданысқа енетін заң­на­малармен мұқият танысып, жұмыс бабында пай­далануға машықтану үстінде.

Бұған қоса, Парламентте «Қазақстан Респуб­ликасының кейбір заңнамалық актілеріне сот төрелігін іске асыруды одан әрі жеңілдету, төрешілік рәсімдерді азайту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар туралы» заң жобасы да қаралуда. Осы заңның аясында басқа да тоғыз заңнамалық актіге өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі. Соның ішінде, Азаматтық іс жүргізу кодексінде істерді оңайлатылған тәртіппен қарау ерекшеліктері көзделген. Сондай-ақ, осы кодекс­ке бітімгерлік келісім жасаудың рәсімін, нысаны мен мазмұнын, орындау тәртібін регламенттейтін жаңа тарау енгізілді.

Қазіргі уақытта Елбасы тапсырмаларына сәйкес, Жоғарғы Сот басқа да заңнамаларды одан әрі жетілдіру мақсатындағы жүйелі жұмыстарды атқара бермекші. Солардың бірі, Қазақстан Республикасының Әкімшілік процессуалдық кодекстің жобасын әзірлеуді де қолға алды. Бұл заң жобасы өз кезегінде қылмыстық және азаматтық сот өндірісімен қатар, әкімшілік сот төрелігін жүзеге асырудың құқықтық іргетасының заңды тұғырына айналады деп сенеміз.

Еліміздегі сот әділдігін іске асыруда оның халыққа ашық және қолжетімді болуы – Елбасы алға қойған ең жауапты міндет. Бұл жауап­кершілікті біздер барынша сезініп, берілген тап­сыр­маларды одан әрі де тыңғылықты атқаруға тиістіміз. Ол үшін өзіміздің ұлттық заңна­маларымыздың қасиетін терең ұғынып, қадіріне жете білгеніміз жөн.

Заңды сыйлау, оны орындау біздің қоғамның да басты шарттарының бірі болуы тиіс. Осы орайда, еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың: «Халқы заңын сыйлайтын, сотына сенетін қоғам – ең дамыған қоғам», деген қанатты сөзін әр азамат жадында сақтап, бойтұмардай бағалай білгені абзал дер едім.

Қайрат МӘМИ,

Қазақстан Республикасы

Жоғарғы Сотының Төрағасы.

"Егемен Қазақстан" газеті

Тақырып өзгертіліп алынды. Түпнұсқадағы тақырып: СОТ АШЫҚТЫҒЫ – ҚОҒАМ АЙНАСЫ

0 пікір