Сенбі, 20 Сәуір 2024
Қоғам 10506 0 пікір 17 Қазан, 2014 сағат 16:06

ДӘУРЕН ҚУАТ. «АРҒЫ БЕТ» ПЕН «БЕРГІ БЕТ»

(Жолсапар очерк)

 

Ала бағананың ар жағында қалған Шығыс Түркістанды бұрынғылар «арғы бет» дейтін. «Арғы бет»  қазақ жерінің оңтүстігі мен оңтүстік шығысында – Алматы облысымен, шығысында – Семей, Өскеменнің ауылдарымен шектесіп жатыр. «Шектесіп жатыр» дегеніміз мемлекетаралық шекара мәселесінде қолданған сөзіміз, әйтпесе, мысалы «Қорғас» кеден бекетінен өткеніңізбен өзгере салатын ештеңе жоқ: сол жер, сол тау, сол шөп. Атыңнан айналайын «арғы бет» «бергі бетке» жете алмай жаутаңдап жүрген жәудіркөз қазақтың дәл өзі сияқты: Еренқабырғаның бауырындағы момақан қоңыр төбелер Алатау дейтін ағасына жаутаң-жаутаң қарап тұр.

 1845 жылғы Шәуешек келісімі бойынша қазақ жерінен ресми түрде қақ бөлінген бұл өлке қазіргі Қытай Халық Республикасының батыс аймағына кіреді. Бүгін ғой ҚХР-дан хабар алып отыру аса қиын емес, бәрін болмаса да аталған ел немен тыныстап, не істеп жатқанын ептеп біліп жүреміз. Сауда-базарын қап арқалаған Қатипаштар-ақ қатырып айтып келеді. Бірақ «көп естігеннен бір көрген артық». Сөйтіп, қазанның 10-ы күні таң бозынан жолға шықтық. Беталысымыз – «Қорғас» кеден бекеті. Төртеуміз. Автокөліктің тізгінінде «Қамшы.кз» сайтының бас редакторы, қазақ журналистикасының қамшы салдырмас қаракері болып таныла бастаған – Біләл Қуаныш. Шығармаларын өзім жіті қадағалап оқитын ізетті іні-дос, жазушы, «Алаш айнасы» электронды газетінде бас редактордың орынбасары Дархан Бейсенбек. «31-арнаның» «Информбюросын» жұртқа әйгілі етіп жұлдызы жанған журналист қарындастарымыздың бірі Ирина Советжанқызы.

Кеденнен келген бетте-ақ өттік. Құжаттарымыз талапқа сай екен. Кеденшілер өзгелерге қайдам, бізге аса керги қойған жоқ. Тек Иринаның төлқұжатына көбірек үңілген кеден қызметкері «Неге Інжу емес?» деп қалды. «Інжуі несі? Мына пәле бізден бірдеңе дәметіп тұр ма?» деп абдырап үлгергенімізше болған жоқ, «Неге Ирина? Неге Інжу емес?» деді ол. Сөйтсек, әзілі екен. Орынды, әдемі әзіл. Содан біз де Иринаны Інжуге айналдырып алдық.

 

АЛМАТЫ МА? ҚҰЛЖА МА? АЙЫРЫМ ЖОҚ

2005 жылы «арғы бетке» жалқы рет барып қайтқанмын. Ол кезде Қорғас маңы жалаңаш-ты. Жолаушыларды күткен алыпсатарлар, таксистер, тағы басқалар жүретін жалақтап. Тек қытайдың жолы ғана тәуір сияқты көрінген. Содан бері арадағы уақытқа тоғыз жыл толыпты. Керемет. «Керемет» демеске әддім кем, қытайдың «Қорғас» кеден бекетінен таяқ тастам жерден қызыл шырайлы бір қала бой көтеріп үлгеріпті. «Қорғас» қаласы. Қытайдың қаласы. Қазірдің өзінде аталған қаладағы жансаны 200 мыңнан асып кетіпті. Алқынып тұр. Бері қарай адымдап аттап кеткелі тұр. Көпқабатты биік үйлер. Салтанатты ғимараттар. Қайшыласқан қарақұрым халық.

Өкіметтік такси бізді Құлжаға қарай алып жүрді. Жүргізуші ұйғыр азаматы екен, біздің Үрімжіге бүгін бара беретінімізді біліп «өзім жеткізіп қояйын» деп жабыса кетті. Біз Құлжа қаласында аялдайтынымызды ескерттік. «Тым кеш шықпаңдар. Күн суық. Жол тайғақ. Ұзын жолдан екі үлкен машина шығып кетіп сақшылар көліктерді жүргізбей қойды. Абайлаңдар», - дей берді ол.

... Әйтсе де біз Құлжадан кеш аттандық. Құлжа қаласында бізді ақын Білісбек Әбдіразақ бастаған бауырлар күтіп отырған. Білісбек екеуміз жерлеспіз. Жерлес болатын себебіміз – Бітай достың туыс-тумасы осы күні Қапалда (Алматы облысы, Ақсу ауданы) тұрады. Білісбектің «Сұрасаң менің ауылым Қапалыда» деген өрнекті өлеңі де бар. Менің Қапалымды, Шоқан Уәлиханов шығармаларында ерекше аталатын, Шоқанның Санкпетерборы болған Қапалды жырлаған ақынды қайтіп қиып тастап кетесің; оның үстіне ақын, сазгер Думан Бәзілжанмен, «Іле кеші» газетінің редакторы, ақын Нұрболат Әбдіқадырмен, Мұрат Әуес дейтін Құлжа қаласындағы телеарнада жеке бағдарлама жүргізетін талантты азаматпен, Есбол дейтін жас ақын бауырыммен танысудың сәті түсіп, емініп елжірескен, сағынысқан көл-көсір әңгімеге кенелдік. Ондағылар мұндағылар туралы бізден артық білетінге ұқсайды. Ақын десең ақыныңды, жазушы десең жазушыңды айтып сайрай жөнеледі. Саясткерлерімізді де, сайқымазақтарымызды да беске біліп алыпты. Осыны әбден ұққан Ирина-Інжу: «Мен әлі Алматыда сияқтымын. Шекара асып келген адамға өзімді ұқсата алмай отырмын», - деп тауып айтты.

«Қазақ қарға тамырлы» деген, міне, осы. Қазақтың қай қиырда да біртұтас қазақ екендігінің келбеті де – осы. Мені Білсбектердің ортасындағы тазалық, ардалық, Алматыға, өлең-жырға деген іңкәрлік ерекше толқытты. Анау Ақтау мен анау Алтайда да тап осындай жігіттер Алматыдағы ақын-жазушы ағалары мен атағы алысқа кеткен құрбы-достары туралы аңқылдап әңгіме айтып жүр ғой. Жандүниесіне жамандық пен аярлықтың жапырақтай жамауын түсірмеген қайран, жұрт-ай, сен аман болшы.

Құлжадан жеті жүз шақырым қашықтықта жатқан Үрімжіге әбден көз байланып, қас қарайғанда маңдай түзедік. Қаладан ұзап шыққан соң біз қалың тұманның құшағына ендік...

 

ҚҰМШАҒЫЛ... ҚҰДАЙ САҚТАДЫ

Қытай – көне Жібек жолын жаңғыртуға барын салып бастаған ел. Ол әрекеті, әсіресе, күрежолдарынан ерекше байқалады. Қытайдың автокөлік жолдары – түгелдей дерлік бетонбеттенген автобан жолдар. Көлігіңіздің жүргені білінбейді. Тек сырғи бересіз. Содан адамды маужыраған ұйқы басады екен. Пәлі, оданда өзіміздің жолдар жақсы: мәшинеңді шоқалақтатып қойып айналаңды шолып отырасың . Ұйықтау тұрыпты, қалғуға қам ету қиын. Ойдым жолдың және бір дұрысы: автокөлік иелері үнемі тежегішті басып отырады (әзіл). Ал, автобанда ақырын жүру – азап. Арттағылар қиқулатып кеп қуғанда қалай аңырата жөнелгеніңді білмей қалатынға ұқсайсың. Біздің шопыр да соқыр тұманда алды-артына қарамай аңыратып ұрған, кенет сарт ете түсті... Әйтеуір тез ес жиып машинаның есігін ашып шыға алдық. Біздің соңымыздағы ұлы дүрмек те жылдам тоқтап жатты. Биік шағылдың үстінде тұрмыз. Жаңа ғана автобанда ағып келе жатқан едік қой, бұл қалай болғаны? Сөйтсек, бұл – Үріміжіге ұдыл (төте) тартатын жаңа жол екен. Әлі толық аяқталмаған. Аяқталмағандықтан жолдың ортасына бетондардан қоршау жасап құм үйіп қойған. Құм бетондарды жауып өзінше құмшағыл сияқтаныпты. Машинамыз  аққан күйі сол шағылдың үстіне шығып кеткен. «Су ішерлігіміз бар екен. Құдай сақтады» десіп бас шайқастық.

(Құйғытып "шапқан" көлігіміз құмшағылдың төбесіне ілініп қалды)

Бұны неге жазып отырмыз? Әрине, бәрі бірдей болмаса да, алыс сапар шыққан жолуашының бірлі-жарымы осындай кездейсоқ кепке ұшырап қалады. Соны білдіргеніміз. Соны білдіре келіп айтпағымыз: Қытайға сапарлай қалсаңыз өкіметтік таксиге мініңіз. Былайғыны жұрт «қара такси» дейді. «Қара таксидің»  сұрауы жоққа пар. Мысалы, біз жалдаған «қара таксиге» шақыртумен келген сақшылар қарап та қойған жоқ. Жолаушылар жарақат алды ма, адам шығыны болды ма – онда шаруалары аз көрінеді. Келді, жүргіузшіге «жолдағы белгіні неге көрмейсің?» - деп кіжінді. Болды, содан соң қолды бір-ақ сілтеді де тайып тұрды. Жолға еш белгінің қойылмағандығын жүргузішілер ұлардай шулап айтқанымен оған құлақ аспады. Бізді әлгі «құмтөбеге» байқаусызда келіп қалған Қайрат есімді бауырымыз Үрімжіге алып барды. Тегін. Ал, ханзулар, жә, оларды қойшы, өзіміздің ұйғыр бауырлар да дірілдеп-қалтырап тұрғанымызға қарамай қасымыздан сырғып өте берді. Қайрат болса, жол бойы ыстық тамақ әперіп, қас-қабағымызға қарап өбек қақты. Жігерлендіріп, қайрат берді. Міне, сенің қазағың. Міне, сенің жүрегі ыстық бауырың. Қош-аман жүр, Қайрат. Мырзатай атаң саясат деген сайтан арбаға жегіліп, әбден қажыған адам ғой, айта береді, Мұңғылкүреде қалып қоймай үйелменіңмен үйріліп бабақонысыңа орал. Атажұртыңа қайт, азаматым.

Үрімжіде бізді «Сен қазақ» сайтының бас редакторы Ақытбек бауырымыз күтіп алды. Үйіне түсіріп қонақ етті. Үрімжі қаласындағы 28 қабатты емхананың зерттеу орталығына алып барып Ирина-Інжуді басынан бақайшағына дейін «тексертіп» дәрі-дәрмекпен жабдықтады. Ал, біз... біз: «Осы қыз аман болса болды, біздің жан – сауға» дестік.

Ертеңінде де дел-салдықтан еңсемізді тіктеуге мұрша келмеген, бірақ «31-арнаның» батыр қызы намысымызға шапты: «Маған осындағы ағайынмен жүздесу керек, кәсіпкерлермен тілдесу керек. Атажұртына көшіп барғысы келетін ағайынды көру керек», - деді ол. Тәйірі, біз де осы мақсатпен ат арылтып (арасында аварияға ұшырап дегендей) келген жоқпыз ба? Ендеше «ұрыста не тұрыс» бар?

 

ТАБЫСКЕР ТАЛҒАТ

Үрімжіде Талғат Дүйсенбі есімді кәсіпкер азаматпен таныстық. Ресми деректерге сүйенсек, 4 миллионнан астам халқы бар Үрімжідегі істің көзін тауып, «қолы жүріп тұрған» жігіт осы жігіт көрінеді. Тәкең «ішкі Қытай» мен Үрімжідегі кафель шығаратын зауыттармен серіктес кәсіпорынның иесі. Зауыттарға тапсырыс береді. Біз сұрақты үйіп жатырмыз.

-          Бұл кәсіпті қалай меңгердіңіз?

-          Кафельдердің бетіне қазақы ою-өрнек салу идеясы басыңызға қашан қонды?

-          Қанша адамға жұмыс беріп отырсыз?

-          Сіздер шығаратын өнімге сұраныс жоғары ма?

-          Кафельдеріңізді негізінен кімдер алады?

-          Қазақстанда осы кәсіпті дамыту ойыңызда жоқ па?

Талғат Дүйсенбінің оқып алған мамандығы дәрігер екен. Ауру-сырқауды емдей жүріп епті жігіт жеке кәсіппен шұғылдануды да ойлайды. Әрқандай шаруамен айналысады. Айтпақшы, Жүңго мемлекетінде жеке кәсіп көзін ашып, жұмыс істеймін деп жұлқынған адамға жол ашық. Біздегідей көлденең кедергілер аяқтан шала бермейді. Қытай компартиясының қазіргі төрағасы Жаң Зыпың жолдас билікке келгелі үкімет пен партия басшылығы «төртке бой ұсынып», «халықтың ризашылығы үшін жұмыс жасап», «жуастар жағына шыққан» (ҚХР-дағы ресми ақпарат тілі). Талғат Дүйсенбі «осы мүмкіндікті пайдаланып қана жүрген көптің бірімін» дейді өзін.

 

Талғатқа ең алдымен бір ауданның басшысынан ұсыныс түседі. Қытай компаниялары осы күндері елдің батыс аймағында екі түрлі тұрғын үй құрылысын жүргізуде. Біріншісі сейсмологиялық апаттарға төтеп беретін көпқабатты үйлер де, екіншісі тұрғылықты халықтың жеріне салынатын үйлер. Осылайша қытай үкіметі байтақ жердің байырғы тұрғындарын жарылқау арқылы жұмсақ саясат ұстанып, оларды баспанамен қамтамасыз ете отырып батыс өлкеге батпандап кіре түсуде. Жаңағы сөз болған екі үйдің іші-сыртын қалай әрлеп, қалай өңдесең де еріктісің. Соны жақсы білетін аудан басшысы үкімет салып берген үйлердің бәрін қазақыландырып жіберудің қамына кіріседі.

-          Басшыдан ұсыныс түскен соң  әжелерім ғасырлар бойы көзмайын тауысып ойған ою мен өрнекті неге осы заманға лайықтамасқа, неге бүгінгі тұрмыстың сән-салтанатына айналдырмасқа деген ой келді менің басыма, - дейді кафелші Талғат.

Сөйтіп Талғат ою-өрнегін, эскиздерін алып қытайдың кафель шығаратын зауыттарына барады, жобасын көрсетеді. Бизнес-жоспарын дәлелдей біледі. Дегендей-ақ, зауыт басшылары Талағаттың ұсынысын мақұлдап, өндіріске жібереді.

Талғат қазір қытай зауыттарына үлкен көлемде тапсырыс беруші әріптес. Шыңжаң аймағында Талағаттың кафель сататын 35 сауда үйі бар. Тұтынушыларының басым бөлігі қазақтар мен ұйғырлар, моңғолдар.

-          Қазақстанның іскер азаматтарының тарапынан кафельдің дизайніне ұсыныс түссе, қуана қабылдап, серіктес болар едім, - дейді Талғат. Бірақ кәсіпкердің Қазақстанға келіп, осы істі қолға алуға құлқы кем екені байқалды. Неге?

-          Неге? – деп сұрадық біз Талғаттан.

-          Сіздерде адамға жұмыс істеткізбейді ғой.

Әйтсе де біз Талағатты елге шақырып, үгіттеп бақтық. Қиындықтың, кедергілердің бар екендігін де жасырмадық. Алайда, Қазақстанға өткеннің бәрі қарап жүрмегенін, қайсібірінің тіпті дәулеті артып байып жатқанын барынша қадап айттық. Қазақстанды ертелі-кеш жамандай беретіндердің сөзі біржақты екендігін де ескерттік. «Сен қорқып қала бер, мен бара берейін» дейтін іші тар қулардың сөзі өтімді келетіндігін де қаперіне салдық.

-          Мен Атажұртқа жетсем, ойымдағыдай іспен айналыссам, кемінде 400-500 адамды жұмыспен қаматамсыз етер едім, - дейді Талғат.

 

ТҮЙЕШІ АСАЙ   

Төрт миллионнан астам тұрғыны бар Үрімжі қаласының оңтүстік батыс бөлігінде тек қана қазақтар тұратын «қазақ қыстақ» орналасқан. «Қазақ қыстақ» Үрімжідегі қайнаған өмірден жырақ өзінше бір бұйығы тірлік кешуде. «Қазақ қыстақтың» жадау тұрмысы мен жабыраңқы жүзін сырт көзден жасырғысы келсе керек, жергілікті билік оның айналысын биік қорғанмен қоршап тастаған. Бейнелеп айтсақ, «қазақ қыстауы» «қытай қорғанының» ішінде қалыпты. Сол қорғанның ішінде түйеші Асай жүр. Кәдімгі түйеші. Он тоғызыншы ғасырдағы қазақ тұрмысын сәбеттік идеология тұрғысынан суреттеген қазақ жазушыларының кейіпкерлерінен аумайды. Мосқал кісі. Тарамыс. Өңі күнге әбден күйген. Біз барғанда ол келесін қорасына қамап, әйеліне шұбаттың қалған-құтқанын сатқызып тұр екен. Есіктің алдында домалаңдап ойнаған бір ұл, бір қыз бала көрінді.

(Қазақ қыстағы. Асайдың түйелері)

Асайдың жалғыз ауыз тамына (бұндай үйді өз басым Құлжа қаласының жанындағы Шайлаңзы ауылынан кездестіргенмін. Шатырсыз тоқал там. Бір ауыз. Кірген бетте табалдырыққа аяқ киіміңді тастайсың. Төрге биіктеу етіп сәкі қондырған. Сәкінің үстінде отырасың, тамақ ішесің, төсек те сол сәкінің үстіне салынады. Сәкіге таяу жерде мұржалы пеш тұрады. Әлгіндей үйлерді негізінен қазақтар паналайды) кіріп төрге озған соң майлы қою шұбатты сіміре отырып әңгімеге кірістік.

-          Ай, ағасы, неше түйеңіз бар?

-          Жиырмаға жуық бар енді...

-          Күнде сауасыз ба?

-          Күнде сауамыз.

-          Өтіп тұр ғой, әйтеуір.

-          Қысы-жазы өтеді.

-          Алушы кім?

-          Топтап әкететін сарттарымыз бар.

-          Е-е, мейлі. Табыс қанша?

-          Айына 3-4 мың ұйан шығарамыз.

-          Бай екенсіздер ғой. Атажұртқа жету ойларыңызда жоқ па?

-          Ол жақта қарындасым тұрады.

-          Қайда?

-          Талдықорғанда.

-          Қаланың өзінде ме?

-          Солай болса керек.

-          Өзіңіз көшпейсіз бе?

-          Көшер едім ол жақта жағдай қиын дейді ғой.

-          Не қиын дейді?

-          Баспана жоқ, жұмыс жоқ. Заң орысша. Орыс орысша білмесең көтенге теуіп қуады екен.

Асаймен бұдан әрі әңгімелесе алмадық. Шаруа баққан адамның не естісе соған тастай қатып жабысып алатын мінезі болады. Оны бір нәрсеге иландырып, бір нәрсеге сендіре алмайсың. Алайда осы Асай арып-ашып, түйе сауып, үйінде, басқа жерде емес, дәл өзінің жалғыз ауыз тамында, қытайша сөйлеп, қытайша ойланатын қытайдың болашақ екі  азаматын бағып жүргенін біле ме екен? Оданда Асай отағасы былай істесе қайтер еді? Асайдың айына табатын 3-4 мың юані біздің теңгемен 100-200 мың теңгені құрайды. Долларға шақсақ, мың доллардың ар-жақ бер жағы. Сонда Асайдың жыл он екі айдағы табысы бізше 10-12 мың долларға жетіп жығылады. Ал, 10-12 мың долларға Қазақстанның кез-келген ауылынан, тіпті қалаларға таяу елді-мекендерден 6-7 сотық жерімен қоса  тәп-тәуір үй сатып алуға болады ғой. Осыны қайткенде Асайларға ұқтыру лазым. Көшіп келуге ниетті қазақтарды осындай мүмкін жайттармен қайткенде ақпараттандыру керек. Мысалы, Германияда мемлекеттік қолдауға ие болған алман отбасы көшіп келгісі келсе, оның қолына қажетті мәліметтің бәрі тиеді. Израйльде де солай. Еврейлерге арналған орыстілді сайттар керек десеңіз қалай жар таңдау қажет, әдет-ғұрыпты қалай ұстанған абзал, тілді меңгеру үшін қайтпек жөн деген сауалдарға да жауап беріп отырады. Бізге де солай жасау қиындық тудырмайды. Алайда, ол үшін   мәселенің мәнісін нақты ақпарат арқылы айыратын ел ішінде мәдениет қалыптасуы керек. Сондықтан «арғы беттегі» оқыған әр қазақтың баласы қазақ көшін ақпараттандыруға, сауаттандыруға, ағартуға білек түре кірісуі керек. Оларға мына жақтан біз де болысуға, жәрдем етуге тиіспіз. Қазақ көшіне қажетті мәліметтерді, мәселенки, үйдің бағасы қанша, бұл жақта жеке кәсіппен шұғылдану үшін не істеу керек деген сияқты сауалдардың жауабын тауып беріп отырсақ, осының өзі көмекке есеп.

 

«ҰРЫ» РУЫНАН ҰСТАЛАДЫ

      ҚХР-да 1 млн. 430 мың, кей деректерде 1 млн. 700 мың қазақ өмір сүруде. Анығы 1 миллионнан артық. Үлкен күш. Қалың ел. Қабырғалы жұрт. Халқының қарасына алаңдаулы Қазақстан үшін асып-төгілген байлық. Өйткені, Қазақстан араға жиырма екі жыл салып 1990 жылдардағы халық санына әрең жетті. Бұл деген «Қазақстанның елі 22 жылдың ширегінде қара шыбындай қырылып қалыпты» дегенді білдірмейді. Сталиннің айдауымен қазақ жерін паналаған біраз жұрт туған отанына көшті. Дұрыс қой олардікі. Біздің ағайынның алды келіп бастады. Өсімді солар берді. Үш-төрт жылдан бері тоқыраған көші қайтадан қозғалып кетсе, өсімінің еселей түсуі анық. Иншалла. Біз «арғы бетте» бес жүз отыз мың қазақтың қолына ҚХР төлқұжаты тигенін естідік. Естігенімізді келеген бетте әлеуметтік желілер арқылы сүйіншілеп те жібердік. Сонда біреулер «сол бес жүз мыңның жартысы ұйғыр болып жүрмесін» деп күмән білдіріп жатты. Бұны толықтай теріске шығару қиын. Себебі төлқұжаттарына «қазақ» деп жаздырып алып Үрімжідегі Қазақстанға виза ашатын орталықтың алдында көстеңдеп жүргендер туралы алдымен біз жазған едік. Жалпы қытайда өз ұлтыңды жасырып, басқа ұлттың атынан төлқұжат алуға еріктісің. Мәселен кез-келген ханзу Қазақстанда тұрғысы келсе, төлқұжатына «қазақ» деп жаздырып алып жүре беруіне болады. Осыны ескерген Қазақстан жағы ешқандай ескертусіз қытай азаматтарына виза бермеу тәртібін енгізіпті.

-          Бізге тілі жақын ұйғыр кісісі «қазақпын» деп келіп тұрса қайтесіздер? – дегенді сұрадық Үрімжідегі Қазақстанға виза беру орталығының қызметкерінен. Аты-жөнін атамауды өтінген ол:

-          Біз ол адамға ешқандай себепсіз виза ашпауға қақылымыз, - деді.

-          Оны ол адамның анық басқа ұлттан екендігін білген кезде қолданатын боларсыздар? Ал, қазақша сайрап тұрғандарды қайтесіздер?

-          Қазақтың тарихын, батырлары мен ақындарын сұраймыз. Қала берді руын сұраймыз.

Біз риясыз күліп жібердік.

-          Шынымен солай сұрайсыздар ма?

-          Иә, кез-келген «ұры»  руын тергей жөнелгенімізде ұсталады. Содан соң оған виза жабық.

Қазір ҚХР жағынан елімізге жыл сайын 100 мың адам келіп кетеді екен. Соның дені қазақ. 100 мыңның 30 пайызы Қазақстанда қалып қойып жатыр.

Үрімжідегі виза беру орталығы алда қабылдануы мүмкін көші-қон заңына орай Сыртқы істер министрлігіне Қазақстанның азаматы болуға сұранатын этникалық қазақтардан қылмыс жасамағаны туралы анықтама талап етудің қажеті жоқ екендігін айтып ұсыныс та жолдапты. – Себебі, - дейді аты-жөнін жария етпеуді қызмет бабы бойынша өтінген дипломат, - ҚХР-да қылымыс жасаған, заң бұзған адамға төлқұжат берілмейді.

Қытайдағы қазақтардан қылмыс өткермегені туралы талап етілетін анықтама көші-қонға кедергі келтіріп келе жатыр еді, біз «арғы бетте» жүргенде Мырзатай Жолдасбеков дейтін ақсақалымыз талапты тіпті күшейтіп жіберіпті. «Түгел көшіп келуді доғарыңдар» деп бұйырыпты Мырзекең. М. Жолдасбеков жолдастың уәжіне сүйенсек, жалғыз ауыз үйде тұрып, сауыс-сауыс болып түйе сауып жүрген Асай мен Асайдың әйелі наймандар билеген «Сегіз Оғыз» ұлысының бүгінгі иесі бізбіз деп қыстағында қи жағып отыра беруі керек екен. Уа, Тәңір-ай, келемін деп тұрған елін кеудесінен кері итеретін үлкендер бізде ғана ма, әлде өзге елдерде де бар ма? Бар шығар. Мысалы, орыстың кейбір қутұяқ шалдары орыстардың Қазақ жеріне қандаладай  қадалып жүргенін қалайды. Себебі қазіргі Қазақстанды орыстілі сұрап тұр. Бұның сыртында қайткенде империялық ықпал ету пәрменінен айрылмауды діттеген байлам бар. Орыс шалының шатпағы түсінікті. Ал, сонда біздің қариянікі не? Қыстағынан қия басып шығуға қорынатын Асайлар бір күні солқылдатып Үрімжінің билігін қолға алады деп қиялдай ма? Осылай қиялданса, біздің қариямыздың қиялы тым қыртыстанып кеткен екен.

Қытайдағы қазақтарды мүмкіндіктің шегінде көшіріп алмасақ айрыламыз. Бір жарым миллион қазақтан айдың күннің аманында көз жазып қаламыз. «Арғы беттегі» аға буын қазір дәрменсіз. Олардың бойындағы ұлттық гендік қор сарқылып барады. Орта буын ендіге қытайлана бастаған. Үрімжіде біз көрген орта буын өкілдері өзара қытайша сорғалай жөнеледі. Қазақшдана гөрі бір-бірімен қытайша қауқылдасқанды жеңіл санайды. Жас ұрпақ қытай тілінде сабақ алып, қытай ділінде тәрбиеленуде.

«Арғы бет» дегеніміз міне осындай алақұла тіршіліктің ортасы. «Қазағым» деп қайнап-жайнап жүргендері де бар. «Қазақстанға барсам қақайып-серейіп қатып қалмаймын ба?» деп қауіп ойлайтындары да табылады. Бірақ ұрпақ қамын ойлаған жалпы көпшіліктің  Атажұртына жетуді аңсайтыны анық аңғарылады. «Арғы беттегі» қазақтың осынау ішкі қуатын «бергі бет» өзіне толық аударып алмаса, кешіккен қимыл бекерге шығады.

(Жалғасы бар)

Алматы-Құлжа-Үрімжі.

Үрімжі-Құлжа-Алматы.

Abai.kz     

0 пікір