Сейсенбі, 16 Сәуір 2024
Билік 10212 0 пікір 27 Қазан, 2014 сағат 15:05

ҮЕҰ-дарды қаржыландыру: әлемдік стандарт деген не?

Соңғы кездері БАҚ-тардан: «Қазақстандық ҮЕҰ-дарға әлемдік стандарттар деңгейінде жұмыс істеуге мүмкіндік беретін гранттық қаржыландыруды енгізу ұсынылуда» деген хабар-ошарларды көп кезіктіретін болдық. Сонда ол қандай стандарттар? Осыған өзімізше кеңірек тоқталсақ. Жалпы алғанда, ҮЕҰ-дарға қаражат іздеу оны алу құқығы – бұл азаматтық қоғамның мүддесін қорғаудағы басты халықаралық қағидаттардың бірі болып табылады. Сондай-ақ, бірлестік еркіндігі құқығының бөлінбес бөлшегі. Бұл жерде азаматтық және заңды тұлғалар, азаматтық қоғамның өзге субъектілері мен халықаралық ұйымдар, сондай-ақ жергілікті, ұлттық және шетелдік билік органдары құқықтық қаржы көзі болып саналады.

Үкіметтік емес ұйымдарды мемлекеттік қолдауда Еуропа елдерінің тәжірибесі бәрінен озық тұр. Осының дәлеліндей, ҮЕҰ-дардың құқықтық мәртебесі туралы Еуропа Кеңесінің ұсыныстарында былай деп жазылған: «ҮЕҰ-дарға олардың алдына қойған міндеттерін орындауда мемлекеттік қаржыландыру және басқа да қолдау формалары түрінде көмектесу керек. Атап айтқанда, басқа да қолдау формаларына табыс және өзге де салық түрлерінен босату, мүшелік жарна жинақтары, игілікті іске қаржы берушілерден немесе мемлекеттік және халықаралық мекемелерден алынған ақшалай құралдар мен тауарлар, инвестициялар, жалға беру, лицензиялық (авторлық, патенттік) аударымдар, шаруашылық қызметтен және мүліктік мәміледен түскен табыстар және т.с.с. жатады».

Яғни, билік органдары барлық ҮЕҰ-дарды, соның ішінде тіркелмеген ұйымдарды да осындай құқықпен қамтамасыз етуге міндетті. БҰҰ-ның жиындар мен бірлестіктер еркіндігін қорғау мәселелері жөніндегі арнайы баяндамашысы Майна Киаи айтқандай, «кез-келген тіркелген немесе тіркелмеген бірлестік заңды тұлғаларды, кәсіпкерлерді, азаматтық қоғам ұйымдарын, үкіметтерді және халықаралық ұйымдарды қосқанда, ішкі, шетелдік және халықаралық қаржы көздерінен ақша іздеуге және алуға құқылы». ҮЕҰ-дардың құқықтық мәртебесі туралы Еуропа Кеңесінің ұсыныстарына сәйкес, ҮЕҰ-дарды мемлекеттік қолдаудың кез-келген формасы нақты және обьективті критерийлерге бағынуы тиіс.

Осы жерде еуропалық тәжірибеге терең үңілу үшін, биылғы жылдың сәуір айында жарық көрген Еуропалық коммерциялық емес орталықтың «ҮЕҰ-дарды мемлекеттік қолдаудағы еуропалық тәжірибелер» атты арнайы баяндамасынан мәліметтер келтіруді жөн көрдік. Өйткені, осы баяндамада мемлекеттік қолдау қағидаттары, тікелей мемлекеттік қолдау және оның ықтимал формалары ашық, айқын жазылған. Соның ішінде мемлекеттік қолдаудың ең көп таралған формасы – гранттар мен жәрдемақылар. Грант – бұл кәдімгі конкурстық негізде қаржы ұсынылатын ҮЕҰ-дарды қаржылай қолдаудың формасы. Алайда, орталық және жергілікті билік орындалуы тиіс нақты іс-әрекеттерге арнайы талаптар қоймайды, олар тек жалпы мақсаттарды анықтап береді. Әрбір ҮЕҰ сол мақсаттарға жету үшін қандай іс-қимылдар жоспары мен әрекет қажеттігін өздері анықтайды. Осылайша, мемлекет ҮЕҰ-дарға өзіндік инновациялық идеялары мен қызметтерін ұсынуға мүмкіндік береді. Мәселен, гранттар нақты бір жобаларға негізделеді және қысқа мерзімге беріледі. Мысалы, Чехияда гранттар ҮЕҰ-дарды қаржылай қолдау жөніндегі мемлекеттік саясат туралы стратегиялық мемлекеттік құжаттың негізінде беріледі. Жыл сайын ел үкіметі әлеуетті жобалардың негізгі салаларын анықтайтын және одан күтілетін нәтижелер нақты жазылған декрет шығарады. Егер де ҮЕҰ мен құзыретті министрліктің арасындағы ынтымақтастық жемісті болса, грантты тағы бір жылға дейін ұзарту мүмкіндігі бар.

Ал жәрдемақының гранттан айырмашылығы, ол конкурстық емес негізде институционалдық қолдау формасында беріледі. Көптеген елдерде жәрдемақылар тарихи және басқа да себептерге байланысты белгілі бір әлеуметтік топтардың (мысалы, ақыл-есі толық емес адамдар одағы) «қолшатырлық ұйымдарына» беріледі. Мысалға, Болгарияда тұрақты негіздегі тікелей жәрдамақылар жылдық мемлекеттік бюджет туралы заңда көрсетілген нақты ұйымдарға ғана қолжетімді. Мұндай ұйымдар екі түрлі тәсілмен таңдалады: біріншіден, мүмкіндігі шектеулі адамдардың мүддесін қорғайтын ұлттық деңгейдегі ұйымдардың барлығы тиісті заңда көрсетілген (мысалы, Соқырлар одағы, Саңыраулар одағы) механизмнің көмегімен іріктеліп алынады. Екіншіден, арнайы заңдардың (мысалы, болгар Қызыл Кресті) негізінде таңдалатын жәрдемақыны алатын басқа ұйымдар.

Қазақстанның Азаматтық Альянсы ұсынған ҮЕҰ-дар туралы жаңа заң жобасында осы саладағы халықаралық стандарттардың барлығы ескерілген. Ең бастысы, заңдық құжат ҮЕҰ-дардың қаржылық мүмкіндіктерін кеңейтуге және оның қоғамдық пайдалалығын арттыруға бағытталған. Түптеп келгенде, бұлардың бәрі отандық ҮЕҰ-дарға әлемдік стандарттар деңгейінде жұмыс істеуге мүмкіндік туғызады.

 

Әмірлан Әлімжан.

0 пікір