Сенбі, 20 Сәуір 2024
Тұлға 6629 0 пікір 28 Қазан, 2014 сағат 10:13

ТАЛАЙ КҮЙШІ ТАППАЙ КЕТКЕН СИҚЫРЛЫ ҮН

 

 Шынымды айтсам, алғашында мақаланың тақырыбын басқаша қойғым келген. Алайда, Әбен аға бір кездері оқыған өлеңдердің ішіндегі осы  екі жол көңіл түкпіріне орнығып алып,  тіл ұшына оралды та тұрды...

 

 Мен Әбен ағаның күйге бар ынта-шынтасымен ғашық екенін жақсы білуші едім. Оны ұлы Айдынның домбыра үйреніп жүргенде әр күйге өлеңмен берген бағасынан-ақ аңғаратынмын.  Қазақтың күйлері жайлы толғау-поэмалары бір төбе. Десе де, осы  екі жол өлеңде Әбен өзінің тағдыры туралы айтты-ау деген ой санамды шырмап алып, әлдебір әлемге жетелей берген...

Домбырамен достаспаған жыр терме,

Додаға сап, түсірді әбден құр терге.

Талай күйші таппай кеткен сиқырлы үн,

Талай саусақ дөп баспаған бір перне...

Бір қарағанда әңгіме күй туралы болып отырғандай. Ал, келесі шумақта ақын:

Минөт сайын ми қабығын мың қажап,

Тағдырына тартқызатын күнде азап.

Қалт-құлт етіп кемем кетіп барады,

Жанарында дүниенің бір ғажап, – деп толғайды. Табылмаған сиқырлы үн де, дөп басылмаған бір перне де Әбен ағаның өзі деген түсінік түйсігімде орнығып алғанын өзім де аңғармай қалыппын.

Себебі, қалт-құлт еткен кеме ақынның өз тағдырын дәл бейнелесе, ғажап дүние оның поэзиясы екеніне сенімді болатынмын.

   Біздің жастық шағымызда компьютер де, ғаламтор да болған жоқ. Ұялы телефон шығады деген ой үш ұйықтасақ түсімізге кірмейтін. Керек адамымызды ат сабылтып іздеп баратын едік. Жаңалық, жақсылық атаулыны газет-журналдардан оқып, білетінбіз. Әбен Дәуренбековтың шығармашылығымен де алғаш осылай танысқам. Ұтымды ұйқас, орайлы ой, тұщымды тілмен жазылатын өлеңдері жан-жүрегіңді бірден баурап алады екен. Танысуға, тілдесуге асықтық. Ақыры жолығудың сәті де түскен. Оған себеп болған да бір жайсыз жағдай. Әбеннің жары – Қайнижамал жеңге қайтыс болып, көңіл айтуға бардық. Ордаш Кендірбаев, Жамау Бұқарбаев, Тоқтасын Сүгірбеков, Жомарт Игіман сынды Жетісудың өлең өлкесіндегі танымал тұлғалар жол бастады. Араларындағы ең жасы өзім екенмін.

Дәстүр бойынша көңіл айтқаннан кейін сыртқа шығып, барды-жоқты әңгіме етіп тұрғанбыз. Жанымызға Әбеннің өзі келе қалды. Біз бәйек болып: «Аға, не істейік? Қандай жұмыс бар?» – деп жатырмыз ғой. Әбен болса: «Жігіттер бар шаруаны кеше-ақ реттеп тастаған.  Ештеңеге әуре болмаңдар. Қазір түске қарай осында біраз адам жиналады. Сол кезде сендер ана бір жатқан отынды жарған болып жүріңдер. Сонда олар: «Бұл жігіттер кімдер?» – деп сұрамайды ма. Сонда мен: «Бұлар Жетісудың мықты ақындары, менің інілерім...» – деп жауап беремін. Ғажап емес пе» – деген еді мақтанышпен.

   Ақынның бұл сөзі мені алғашында таңдандырғаны рас. Қосағы қайтып, қайғы қонақтап жатқанда қайдағы бір мақтанды айтқаны несі деп ойлағанмын. Бұл оның жасанды қылығы емес, тұрған бойы табиғаты сол екенін кейіннен барып ұққан едім.

   Сол күннен бастап Әбен ағамен етене араласып кеттік. Сыртта жүргенде әлдеқалай Талдықорғанға жол түсе қалса Әбен, Тоқтасын, Ордаш ағаларға жолықпай кетпеуші едік. Адал ниет, алғаусыз көңілді мен солардан сезіндім. Бауырларына тартты, бастарына көтерді, жетістігіме қуанды, жақсылықтарын аямады. Ат жалын тартып мініп, азды-көпті мүмкіндіктер пайда болғанда ағалардың сол қамқорлығына жауап беруге тырысқанымыз да сондықтан.

   Алматы облысының орталығы Талдықорғанға көшіріліп, «Жетісу» газетінің қызметкері қатарында сонда қоныс аударғанымызда, менің пәтерім Әбен ағамен көршілес болып шықты. Кешкісін жұмыстан қайтып келе жатқанымда ол мені алдымнан тосып алады. «Қуат, мен бір әдемі шумақ жазып қойдым. Алайда оны тыңдау үшін жақсы көңіл-күй керек...» – дейді ол қулана жымиып. Мен дүкен жаққа жүгіре жөнелемін. Отты сусын асқазанға барғаннан кейін Әбен аға қағаздарын алып, өлеңге кезек береді. Дұрысы, бір ғана шумағын оқыды.

Қашқан ойды қаумалап, құрықты сап,

Бір қораға қамадым ұрып, тұсап.

Бірікпеген бастары бәтшағарлар,

Бір-бірімен сонда да қырықпышақ...

–       Мынауыңыз ғажап өлең ғой! Қайдағы архаизм сөздерді қайдан тауып аласыз?! Ақынның ойларын бас білмеген асау жылқыларға теңеу қалай санаңызға келіп жүр?!– деймін ағаға жел беріп, – Қане, әрі қарай оқып жіберіңізші?

–       Бүгінге осы жетеді. Келесі шумағын ертең сен жұмыстан қайтқанша жазып қоярмын.

Алдағанына мәз болып ол қалады, алданған болып мен кетемін. Осы жағдай бірер күннен кейін тағы қайталанады. Апта ма, ай ма, екулеп жүріп алты шумақ өлеңді ақыры жазып бітірдік-ау. Бір жолы өлеңді толық оқып берді:

...Жуастауы,

бар әрі ұрыншағы,

Баяғының секілді қыңыр шалы.

Құлатам деп құр атты тепкілеп тұр,

Шығып тұрған бір байтал ыңыршағы.

 

Шыныменен тұр ма екен құлатам деп,

Төрелігін айтсыншы бір атаң кеп.

Жылқы мінез жануар ойларымды,

Өзгеге де, өзіме сынатам көп.

 

Таң алдында шомылған көк мұнарға,

Қайран заман!

Еркіндік жоқ бұларда.

Сайын дала, сайранды шағын аңсап,

Қара таппай жүр ме әлде соқтығарға.

 

Жақсылығы барма еді алдында көп,

Құрық салып, қуалап, салдым ба әлек.

Бірікпеді бастары,

өкінемін,

Обалына бекерге қалдым ба деп.

 

Бірікпесе бастары, бірікпесін,

Өздерінен өздері үрікпесін.

Жын-шайтанға айналған жануар-ой,

Шығарды әбден жанымның сілікпесін.

Шығарманың тілдік ерекшеліктерін айтпағанда, Әбен сияқты жұрт мойындаған ақынның «Сөздің обалына қалдым ба деп өкінуі» мені таңдандырған. Өлеңнін аяқталғанын өзімше атап өттік.

Бірде алдымнан тағы да тосып алып, жаңа өлең жазғанын айтты. Әдеттегідей, тыңдаудың қамын жасағанмын. Көңілді қалпына келтіріп алғаннан кейін Әбен аға тамағын қырнап қойып:

–       Өлеңнін тақырыбы «Құсайынға хат» – деді.

Құсайын деп отырғаны Жәркент қаласында тұратын Әбекеңнін аталас ақын інісі.

–  Қане, бастаңыз?...

– Құсайын, хат жазбаймын күнде саған,

Өзгемен де азырақ тілдесе алам.

Жалғыз қалдым,

жабықтым,

жалықтым деп,

Сен болмасаң мұңымды кімге шағам...

Шеке тамырым білеуленіп кетті білем, «Әрі қарай оқымай-ақ қойыңыз!» – дедім ашуға булығып.

– Не болып қалды?

–  Сіз мені мақтамен бауыздадыңыз-ау, – деймін мен. – Азырақ тілдесе алатын «өзгелеріңіз» күнде жаныңыздан табылып, барлық еркеліктеріңізді көтеріп жүрген біз екенбіз де, «мұңыңызды шағатын» жақын жаныңыз жылына бір қарасын көрсетпейтін, көрсете қалса келе салып тастай қашуға дайын тұратын Құсайын екен ғой. Ондай болса сол бауырыңызбен болыңыз, бізге жоламай-ақ қойсаңыз да болады...

Осылай деп жорта айттым. Азырақ өкпем болса да, ақын көңілдің бір сәттік бұлқынысынан туған өлең екенін білген едім. Көңілі баладай әппақ Әбен аға аяқ астынан бәйекке түсіп, тыпырлады да қалды:

– Қуат, жаным-ау, осы жағын ойламаппын. Бұл өлеңді ешқашан жарияламаймын деп уәде берсем, кешіресің бе?!

Осыған бәтуаласып тарастық. Арада аз күн өткеннен кейін Әбен ағам іздеп келіп тұр. Ұсқыны бірдеме бүлдіріп қойған балаға ұқсайды. Қал-жағдай сұрасқаннан кейін:

– Әй, Қуат, өткен жолғы өлең жазылып қойған еді. Қайталай оқысам, тәп-тәуір дүние сияқты. Тастауға обалсынып тұрғаным... Егер ренжімесең, соны жариялауға рұқсатыңды берсең қайтеді?

– Әбен аға-ау, сізге тиым салатын мен кіммін? Жәй, іні ретінде еркелеп өкпелегенім ғой. Қаласаңыз өзім-ақ газетке бастырып берейін,– дедім.

Газеттің әдебиет және мәдениет бөлімінің меңгерушісі болғандықтан бір топ өлеңдерімен қоса Құсайынға арналған хатын да жарыққа дайындап, шығуына ықпал еткенім рас. Кейін Құсайынның жауап өлеңін де облыстық газетке шығардық. Алайда бұл өз алдына бөлек әңгіме.

 

   Жалғызлікті ер адамның жағдайы қайбір жақсы болсын. Араға күн салып, редакцияға қатынап тұрады. Бірде маған кірсе, енді бірде Әміре Әрінге, Нүсіпбай Әбдірахымға, Жұматай Әміеевке сәлемдесе келеді. Облыстық әкімдікте қызмет жасайтын ақын Ахмет Кендірбекұлына қайны мен жезде болып еркелейді. Бәріміз бала пейілді ағаның көңілін аулап, қалтасын құр жібермеуге тырысамыз.  Әбен ағаны бір қуантқанымызға риза болатынбыз.

Бірде ертеңгісін жұмыс бөлмеме келсем, Әбен аға ере кірді.

– Әй, Қуат, мынаны ағаңнын саған қайтарған қарымтасы деп қабылда. Өлеңнен басқа менің нем бар еді, мойынымда қарыз болып кетпесін! – деп бір бет қағазды столыма қойып, шығып кетті. Алып қарасам, маған арналған өлең екен. Бұған дейін еш жерде жарияланбағандықтан оны назарларыңызға ұсынуды жөн көрдім.

 

    Қуатқа

Жаңылмайды сазынан бұлақтарым,

Сазы емес ол бір айдың, бір аптаның.

Ол, жалғаған ғасырдан – ғасырларға,

Уақыттың сырғыған сынаптарын.

 

Егіз емген төл едің жыр – ананы,

Бұралаңы жылдардың сыналады.

Бұлақтардың жүрегі тоқтамайды,

Бұлбұлдардың тұрғанда бұлақ әні.

 

Бұлақтардың жүрегі тоқтамасын,

Тоқтамайды,

оған түк жоқ таласым.

Әлдилеген жанымды әдемі жыр,

Күннен-күнге сүйкімді боп барасың.

 

Жағадағы жайқалтып құрақтарын,

Жаңаша бір сайрайды бұлақтарың.

Мен де сайрап көрейін өз әлімше,

Қуат берші жаныма, Қуатжаным!

Сөйткен Әбен аға да бүгін арамызда жоқ. Тек, жүректі сыздатар сағыныш қана санаңда шарқ ұрады. Сол сағыныш бір сәтте өлең болып өріліп, жаныңды жай таптыратындай. Ендеше осы бір жыр шумақтарын ақынның рухына бағыштаған құраным деп қабыл алыңыздар.

Қашқан ойлар,

құрықтауға көнбеген.

Өлең – дертің,

өн-бойыңды меңдеген.

Аңдып жүріп, ақыры алып тынған-ды,

Өлді деуге өзіңді, Әбе, сенбеп ем.

 

Сырлы жүрек,

самғап ұшар ой барда,

Сезіміңе сергелдең мұң бойлар ма.

Тоқтағұл мен жырға қостың Жамбылды,

Әніңді айтпай тарқамайтын тойлар да.

 

Өрге тартып өлең-жырдың өлшемін,

Қайыспаушы ең қапелімде келсе мұң.

Жақын тартқан, жай сұрасқан жандарға,

«Менің атым Әбен аға...» – деуші едің.

 

Ерттеп мініп қара өлеңнін тор атын,

Әрі аласа,

әрі атандың зор ақын.

Әбен кетіп бара жатса көшемен,

Өлең кетіп баратқандай болатын.

 

Бойыңда алау,

маздағанда зереңде от,

Ғұмыр-дәурен кеткен еді өлең боп.

Әлдеқайдан сыбдыр қақса сырлы саз,

Өзің бе деп қарай берем елеңдеп.

 

Құйған едің жүректерге сезім – нұр,

Жадау жырдан жанымды, аға, безіндір.

Әбен рухы өлең болып әлі де,

Талдықорған көшелерін кезіп жүр!

 


Қуат Қайранбаев,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын.

Abai.kz

 

0 пікір