Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
Тағзым 7521 0 пікір 28 Қазан, 2014 сағат 14:53

СОҒЫСҚА ТАНКІ СЫЙЛАҒАН - ҚҰРМАНСЕЙІТ

 

Жақында Тараз қаласынан Асаубай аға (Асаубай Майлыбаев – Жамбыл облысының құрметті азаматы, облыстық мәслихаттың депутаты) телефон соқты:
– Әй, қалай, амансыңдар ма?
– Аманбыз, көке!
– Сен Кемпір сал, Құрмансейіт деген аталарыңды білесің бе?
– ...
– Сенің Құрмансейіт атаң Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Отан қорғау қорына 100 мың сом қаржы, 20 жылқы өткізіп танк жасатқан.
– Көке, мен бұл кісі туралы еміс-еміс естігенім болмаса, толық хабардар емеспін. Мен ауылдан ерте кеттім ғой...
– Оқасы жоқ. Бұдан былай да біліп жүрсең кеш емес. Құрмансейіт атаң туралы облыстық газетте жарияланған мақаламды саған беріп жібергелі отырмын, – деді.
Көп ұзамай газет те келді. Құрмансейіт атам туралы менің білерім – бір тоғыз, білмейтінім тоқсан тоғыз екен.
«...Құрмансейiттiң атасы – Кемпiр. Кемпiр өз уақытында атақты Бiржан салдармен дәмдес-тұздас, замандас, қатар жүрген асқан дәулет иесi болған. Көкiрегi ояу, көзi ашық Кемпiр өз нөкерлерiнiң iшiп-жемi мен басқалай қажеттiлiктерiн өтеудi ауырсынбаған. «Түзге шыққанда» пайдаланған жiбек орамалын қыз-қырқындардың таласып-тармасып алып кететiнiн көнекөз қариялар аңыз ғып айтатын. Барын бауырына басып жемей, шашып жеген сол Кемпiр Арқа мен Қаратау арасын жайлаған қалың халықтың аузында Кемпiр сал деген атпен қалғанын бүгiн бiреу бiлсе, бiреу бiлмейдi.
Ал, Құрмансейiт Бейсенов – осы Кемпiр салдың кiндiгiнен тараған, ата көрiп, оқ жоныған тектi атаның перзентi. Құрмансейiт Бейсенов 1877 жылы, қазiргi Қарағанды облысы Жаңаарқа топырағында дүниеге келген. Кiшi жүздiң жетiруынан тарайтын Таманың Жөгi деген атасының баласы. Жасынан сауатты болған. Жаза, сыза, оқи бiлген адам. Өзi ақын болған. Кезiнде Мәйкөт ақынмен айтысқан. Өкiнiшке қарай, бұл кiсiнiң айтқан, жазған жырлары бiзге жеткен жоқ. Құрмансейiт Бейсенов 1930 жылдары Арқадан ауған елмен бiрге қазiргi Жамбыл облысы Сарысу ауданына қарасты бұрынғы Жаңаарық, қазiргi Ұзақбай Сыздықбай ауылына келiп қоныстанады. Осы ауылда менiң де балалық шағым өттi. Әкем қайтыс болған соң 5 жасымда осы ауылға көшiп келген едiк. Мен нағашымның қолында өстiм. Құрмансейiт қария менiң нағашымнан төрт жас үлкен кiсi едi. Көзiмiз көрдi, қолынан дәм таттық. Бiр үй құдайы тамаққа шақырса, ендi бiр үй тағы бiр нәрсенi себеп қылып бiр-бiрiн қонақ қылып жататын. Ондай жерден нағашы атам Балабек менi де қалдырған емес. Құрмансейiт атамыздың соңында да немерелерi iлесiп жүретiн. Құрмансейiт қария әйелi Мариямды үнемi жанынан тастамайды. Мариям апамыз Қостанай жақтың қызы едi. Мариям өте сұлу кiсi болатын. Өз басым әйелзатында мұндай сұлу адамды көрген емеспiн. Аппақ боп киiнетiн. Құрмансейiт атамыз да ақылына сымбаты сай жан едi. Өз кiндiгiнен бала болмады. Әлгi соңына ертiп жүрген немерелерi –асырап алған баласының балалары...
Құрмансейiт Бейсенов 1963 жылы қайтыс болды. Мен ол кезде жiгiт боп қалған кезiм. Одан берi жарты ғасыр уақыт өттi. Сондай асыл кiсiнiң ел үшiн, Отан үшiн еткен еңбегi далаға кеткенi ме деген ой менi үнемi мазалайды. Әрi-берiден соң ол кiсi менiң туысым да, басқам да емес, алайда сұраусыз, iзсiз қалып бара жатқаны менiң жанымды жеп, азаматтық арыма көлеңке түсiретiндей болады да тұрады. Ол кiсiнi бiлмесем бiр сәрi, көрмесем бiр сәрi. Содан соң Құрмансейiт Бейсенов туралы бүкiл ресми құжаттарды түгендеудi қолға алдым. Арнайы орындарға сұрау салдық, нұсқау бердiк. Нәтижесiнде ел аузындағы әңгiменiң әшейiн құрғақ аңыз емес екенiне, қатталып, мөрленiп тарих қойнауына сiңген ердiң еңбегi шын мәнiнде ерен екендiгiне көз жеткiздiк.
«Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлiгi «Жамбыл облысының қорғаныс iстерi жөнiндегi департаментi» мемлекеттiк мекемесi» деп бұрыштама мөр басып, аталмыш департаменттiң бастығы полковник Т.Ереншиев мырзаның қолы қойылған мына құжатқа көз жүгiртiп көрейiкшi. Ол хатта: «Жаңатас қаласының қорғаныс iстерi жөнiндегi бiрiктiрiлген бөлiмi мұрағатының деректерi бойынша хабарлаймын, Бейсенов Құрмансейiт – 1877 жылы Сарысу ауданында дүниеге келген. Құрмансейiт деген кiсi осы ауылдың (Ұзақбай Сыздықбай ауылы) бүкiл Сарысу ауданына танымал, өте сыйлы, аузы дуалы қариясы болған. Соғыстың алдында Каганович колхозында колхоз бастығы болып жұмыс атқарған. Ұлы Отан соғысы кезiнде отан қорғау қорына 100 000 (жүз мың) сом ақша және 20-дан астам iрi қара мен жылқы малын өткiзген. Ол кiсiге Жоғарғы Бас қолбасшы Сталиннiң алғыс хаты тапсырылған» деп жазылыпты...».
Мен бұл мақаланы оқып отырып шын толқыдым. Егер Асау аға болмаса, Құрмансейiт атамыздың рухы қай уақытқа дейін күңіреніп жататыны бір Аллаға ғана аян ғой.

Маралтай

Abai.kz

0 пікір