Сейсенбі, 23 Сәуір 2024
Ханталапай 5672 0 пікір 28 Қазан, 2014 сағат 16:17

ҮЕҰ-лар барлық тендерлерге қатыса бере ме?

ҮЕҰ-лар барлық тендерлерге қатыса бере ме?

 

Отандық сарапшылардың айтуына қарағанда, біздің үкіметтік емес ұйымдардың (ҮЕҰ) 54 пайызының кез-келген салада жұмыс істеуге мүмкіндік беретін әмбебап жарғысы бар. Бұл артықшылық па, кемшілік пе? Салыстырып көрейік. Мысалы, Қазақстанда ҮЕҰ-ларды тіркейтін кезде оның қызметінің белгілі бір бағыты нақты көрсетілмейді. Сол себептен ҮЕҰ-лар өзі қалаған барлық салаларда жұмыс істейді. Тіпті, көбірек қаражат алу үшін, барлық тендерлерге қатыса береді. Ал, Германияда бұлай емес. Керісінше, ҮЕҰ-лардың қызметінің салалық бағытына айрықша көңіл бөлінеді. Денсаулық сақтау саласында қызмет көрсетуге мүмкіндік алу үшін, ҮЕҰ-лардың арнайы сертификаты мен лицензиясы болуы керек. Алайда, ҮЕҰ тіркеуге өтініш бергенде әмбебап жарғысын ұсынуы мүмкін. Бірақ қоғам өміріне белсене араласып, мемлекеттен қаражат алуға таласу үшін ҮЕҰ-лардың қандай да бір салаға маманданғаны ескеріледі. Бізге де керегі осы.

Бұл ойымызды Еуропалық құқық және адам құқықтары сараптау институтының директоры Марат Бәшімов те құптайды. Оның пікірінше, ҮЕҰ-ларды тіркеуге алғанда екі нәрсеге ерекше назар аударған абзал. «Біріншіден, кәсібилік пен біліктілік. Әр ҮЕҰ Әділет министрлігіне тіркеуге өтініш бергенде, өз қызметінің нақты түрін, саласын көрсетсін. Басқа салаларға тұмсығын тықпасын! Тіпті, бұл ақылға қонбайтын нәрсе. Бүгін медицина саласындағы тендерге қатысқан ҮЕҰ ертеңгі күні құқық саласындағы байқауға өтініш берсе не болмақ?.. Заңгерлер – құқық қорғаумен, дәрігерлер – денсаулық сақтау саласындағы қызметпен айналысуы керек. Сондықтан, ҮЕҰ-лардың бір салаға маманданғаны өзінің жарғысында тайға таңба басқандай етіп жазылсын!»,- дейді ол.

Екіншіден, ҮЕҰ-лардың қызметіндегі кемшіліктің бірі – әмбебап жарғысы бар ҮЕҰ-лардың барлық тендерлерге қатысуы. – Біз қазір кімнің қандай іспен айналысып жүргенін білмейміз. Сол себептен, кейбір конкурстарда белгісіз бір қоғамдық ұйымдар жеңіп шығады. Алайда, олар бір жыл жұмыс істеген соң, ұшты-күйлі жоғалып кетеді. Бұл – өте тиімсіз. Яғни, мұндай жағдайда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жасау аса маңызды. Өйткені, мемлекеттің қаражаты жөнінде әңгіме болып отыр. Құқық қорғау органдарының ҮЕҰ-ларды әрдайым тексеретіні белгілі. Ал, заңнамаға енгізілетін мұндай түзетулер біздің еліміздің сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүргізіп отырған саясатымен үндеседі,- дейді Марат Бәшімов.

Сайып келгенде, ҮЕҰ-лардың рейтингісін жасаған кезде «әмбебаптары» бәсекеге қабілетсіз болатыны анық. Есесіне сертификаты мен лицензиясы бар, кәсіби біліктілігі жоғары ҮЕҰ-ларды қоғам да мойындап, мемлекет оларға қаражат бөледі. Батыс елдері сарапшыларының айтуынша, қажетті салада әлеуметтік қызмет түрлерін көрсетуге деген қоғамдық бастамаларды осындай жолмен ынталандырған дұрыс. Кейбір шетелдерде ҮЕҰ-лардың біліктілігін алдын-ала анықтайтын жүйе бар. Мемлекеттік органдар сондай «білікті» ҮЕҰ-лардың мәліметтер базасын үнемі жаңартып отырады. Мұндай тәсілдің қолайлы жағы, білікті ұйымдар конкурсқа өтініш берген кезде өзінің критерийлерге сәйкестігін қайта-қайта растамайды. Содан соң әкімшілік шығындар да аз болады. Бұл жүйе сондай-ақ, белгілі бір министрліктен немесе мемлекеттік институттан грант алуға тендерлік өтініш берген бұрыннан белгілі ҮЕҰ-лар екені анықталған жағдайда айтарлықтай тиімді екенін көрсетеді. Мәселен, Чехияда Әлеуметтік қызметтер туралы актіге сәйкес, әрбір ҮЕҰ мемлекеттік бюджеттен қаржылай көмек алуға құқық иеленуде өзінің кәсібилігі мен біліктілігін дәлелдеу үшін тіркеуден өтуге міндеттеледі.

 

Әмірлан Әлімжан.

Abai.kz   

 

0 пікір