Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Алаң 6786 0 пікір 29 Қазан, 2014 сағат 08:44

ИЛЬЯ АЗАРДЫҢ РЕПОРТАЖЫ-3

ТАБЫСТЫ ҰЛТТЫҚ САЯСАТ

 

Көптеген орыстар сөз айтпай келісе кететін Қазақстан үкіметі «сауатты ұлттық саясат жүргізуде» деген пікір бар. Оның куәсі — ұлттық негіздегі айқай-шулы конфликтілердің орын алмауы.

Жергілікті тұрғындар 1992 жылғы Овечьий Ключтегі ұлтаралық конфликтіні ғана еске алады. Оның үстіне қазақтар орыстармен емес, шешендермен ілігісіп қалды. «Шешендер қазақтарды өлтіріп, бастарын кесіп алды, қазақтар түре көтеріліп,  шешендердің жандарын жаһнамға кетіре бастады. Нәтижесінде ақсақалдар бас қосып келісімге келді», деп — есіне алады  бизнесмен Чиликин.

Ілінісудің нәтижесінде Усть-Каменогорскіде ұлтаралық қарым-қатынас жасау мен түрлінше көркемөнерпаздардың басын қосатын  Достық Үйі құрылды (қазір бұндай мекемелер бүкіл Қазақстанда бар). Мен қыркүйектің аяғында болғанымда онда «Беловодьенің» 12-ші фестивалі өтіп, оған Ресей 7 және басқада Қазақстанның қалаларынан ұжымдар қатысты.

Достық Үйі оның директоры Толеубековтің айтуынша, сонымен бірге, тұрмыстық проблемаларды да шешеді, мысалға, түрлі ұлттан тұратын көршілер арасында кикілжің орына алатын болса. «Кеңес үкіметінің күйреуінен кейін бізде қылмыстық сөзге келісушіліктер де орын ала бастады, сондықтан да, өзекті мәселелерді шешетін орган құруды жөн көрдік. Ақсақалдар кеңесі барлық мәселенің байыбына барып, іс күрделі бола түссе, облыс әкіміне тікелей кіре алады», — деп әңгімелейді директор.

Оның айтуынша, өте ушыққан конфликтілер мүлдем жоқ. «Менің итім үнемі көршінің қаншығына жүгірем деп оның қоршауын қиратып тастап отырады. Ал, осыны әлдебіреу ұлттық нышандағы конфликтінің тарихы деп далита алады», — деп күлімсірейді қазақ.

«От болып лаулаған конфликтіні сезініп тұрған жоқпын. Өйткені, ол өзін аңғартар еді ғой. Мысалға, қазақтар ұрандатып, аруақ шақырып атойлайды немесе орыстар өз кәріне мінеді, бірақ бұндайдың бірде-бірі жоқ. Бұл жерде мүлгіген тыныштық», — деп, пайымдайды, Мәскеуден іс-сапармен келген Золотарев.

Достық Үйінде жыл сайын орыс тілі бойынша конференция, славян жазуы күні өткізіліп тұрады, әрі 16 тілде оқытатын «Возрождение»  мектебі ашылған. Достық Үйінде барлығы 103 этномәдени бірлестік бар.

Саясаткер Дубновтың айтуынша, Қазақстанда соңғы кезде бірқатар «қызғылықты шаралар» өтіпті: мысалға, елдің түрлі Жоғары оқу орындарында бірнеше толеранттық кафедрасы құрылыпты. «Жас ұрпаққа „бхай-бхай“ идеясын жеткізу мақсаты ойда қалатын дүние», — дейді Дубнов. Депутат Каримов Қырым оқиғасынан кейін «облыс басшысы [жергілікті үкіметке], толерантты болуға және де артық кету болмауы үшін тілге баса көңіл қою керектігін жариялады» деп мойындайды.

* * *

Усть-Каменогорскіде бір қарағанда қазақтар мен орыстар арасындағы қарым-қатынас мамыржай секілді. Қазақтар бұны өздерінің ұлттық ерекшеліктерімен байланыстырып түсіндіреді. «Біздің діліміз солай, таспен атқанды аспен атуымыз керек, дастархан жайып қонақ етуіміз керек», — дейді Достық үйіндік Толеубеков (Дәл осы сөзді бабаларымыз өзге ұлтқа басыңды жарып, көзіңді шығарып жатса да, жатып жастық, иіліп төсек бол деу үшін шығармаған шығар? Бұл басқа ұлтпен байланыста қолдануға болмайтын сөз ғой тәйірі!? Таспен атқан қарындасты, аспен ат деген асыл сөзді өзге ұлтқа көкірегіңді басса да, төрге шығара бер деп тәпсірлеу бодандық кезге жарасса да, егемендік кезеңге келе қоймас төбеңнен жортқыр Төлеубектің немересі жерге қараттың-ау!? Жалпы, тәуелсіз ел болғандықтан біз қонақжаймыз деп далаңдаған жөн емес...). «Кеңес дәуірінде қазақ даласына жер ауғандар келген шақта ешқайсы аштан өлген жоқ. Мысалға, бізге „халық жаулары“ келген кезде ауыл балалары тас лақтырды деп айтады. Ал, кейіннен оның – құрт екендігі анықталған. Құрт дегеніміз — еш бұзылмайтын тұз қосылған кептірілген сүт өнімі. Шын мәнісінде, әжелері немерелеріне сотталғандарға құрт беріңдер депті, ал, оның не екендігін айдауылдар білмепті», — деп ақжарқын күлкімен әңгімеледі Толеубеков.

Бірақ, сатушы Сергейдің айтуынша, бұл идиллия шын мәнісінде құр сағым. «Егер де әлдебір газетке орыс ардагер туралы шығару керек болса, олар саусақпен санарлық болса да, қазақ ардагерді іздеуге мәжбүрлейді», — дейді Сергей. — Егерде әлдене орыстікі болса. Оның қасында міндетті түрде қазақтікі тұруы тиіс. Мысалы, балалар хорында Ваня Королев жеке дауыста ән айтатын болса, неге ол ғана деген сауал туындайды? Егерде ол Давлетпен бірге ән салса, ләппай, тіпті ақша үстеп береді».

Шындығында: Усть-Каменогорскідегі саябақтардың бірінде оркестрдің ойнауын естуге тура келді, оның құрамында бірнеше қазақ қана болды (сандық арасалмағы 85%-те 15%-те орыстың пайдасына). Оркестр негізінен ескі орыс және кеңестік әндерді орындады, бірақ тұрақты түрде әнші қазақ әйелі шығып мемлекеттік тілде ән шырқады.

Қазақстанның ұлт саясатындағы аз-кем кідірістер жайында танысымен Ертіс жағасында отырған зейнеткер Аркадий Петрович жетеңе жеткізіп мынандай әңгіме айтады: «Бұрындары олардың бәрі Коля, Миша және Ваня болған еді, оларды құдай басқа салмасын қазақша атамайтын да едік, ал, қазір барлығы хан, жәл*п. Қазір қазақ пен орыс арасында неке жоқ, бұрын сиректеу болса да кезігетін. Бізде бәрі де тып-тыныш. Бірақ та, олар өздерін елдің егесі санайды, айт айтпа национализм (қазақ ұлтшылдығы) есік қағып, төрге озды».

Жергілікті студент қыздардың бірі өзінің қазақпен ешқашанда кезікпейтінін, Усть-Каменогорскіде өмірінде тек екі-үш рет аралас жұпты ғана кезіктіргенін айтты. Оның үстіне, Усть-Каменогорскінің орталығындағы көпірдің астында үлкен әріппен «Жанель + Леша = ♥» деп жазылыпты, демек, нағыз махаббатқа бар жерде еш нәрсенің кедергі келтірмейтіні нақ.

* * *

Қазақстан Қырымның Ресейге қосылуына үрке қарап, бірден жікшілдік туралы бап бойынша бас еркінен айырылудың мерезімін ұлғайтты. Оның үстіне, «Вконтактідегі» екі топты жапты, ал онда шығыс және солтүстік Қазақстаннан шыққандар және ресейдің ұлтшыл патриоттары өзара араласатын еді деп әңгімелейді зерттеуші Дубнов.

Назарбаев қазақ ұлтшылдарын да тізгіндеуге тырысты. Біріншіден, бұдан біраз уақыт бұрын президент күтпеген жерден Еуразиялық одақтан шығамын деп Ресейге сес көрсетті. «Русский мирлық» Плахотинше, бұл демарш «тек қана ішкі емес, сыртқы бой көрсетуге пайдаланылынып отыр, себебі ұлтшылдарды сабырға келтіру үшін. Өйткені, қазақтар – өр жандар, әрі Кеңес Одағының қайталануын қаламайды».

Екіншіден, Назарбаев «жағдайды отқа май құйып қоздыруды тоқтатуды сұрау үшін» жалпақ жұрт алдына шығып сөйледі деп айтады Дубнов. «Мемлекеттік тілдің қолданысын қатты күшке салып жіберуге болмайды, әйтпесе, Украинадағыдай болып шыға келеді. Бұған бәрі құлақ асты», — деп есептейді саясаткер.

Каримовтың айтуынша, «ұлттық нышан-белгіге қатыссыз өз мүддеңді қорғай білуге септесетін тетіктер бар». «Бізге төртінші дәрежелі обыр ісігімен күресудің қажеті қанша, егерде оны қалаң берген сәтте-ақ анықтай алатын болсақ? — деп пайымдайды мәслихат депутаты. — Бізде алдын ала ай сайын адамдарды не толғандыратыны жайында аймақ пен аудандардағы қызып тұрған дүниелердің рейтингісін құрастыратын  институттар жетіп артылады және осының барлығы облыс басшысының мойнына жүктеледі».

Әзірше Назарбаев ислам радикализмін ауыздықтап отыр. Усть-Каменогорскіде үш мешіт (оның екеуі өз қызметін өткеруде) және жеті православтық шіркеу бар. Қала ортасындағы азаншының дауысы әлдебір Мароккодағы сияқты кеңестік бес қабатты үйлерден асып,  біршама сюрреалистік әсер туғызады. Бірақта менің орыс сұхбаттастарым бұған ешқандай қабақ шытпайды. «Діни сенім-наным бойынша ешкім қысым көрмейді. Пасха мен рождествода қала әкімі шіркеулерге кіріп, діншілдерге құлық танытады», — деп мақтайды билікті орыс-қазақ атаманы Чмутов.

ТҰРАҚТЫЛЫҚ ПЕН БЕЙБІТШІЛІК КЕПІЛІ

Усть-Каменогорскінің орыстары тап осы алмаспайтын қазақ президенті Назарбаевпен тыныш бүгінгі мен ертеңгі жарқын болашақты байланыстырады. Қазақстанның орыс тұрғындары Назарбаевты қолдап, әрі ол үшін сайлауларда дауыс береді (Украинада Януковичтің кезінде дәп осылай болған еді). 2010-да Назарбаев үшін  славян ұйымдары миллион қол жинады деп әңгімелейді бұрынғы депутат Любимов.

Плахотиннің пікірінше, Қазақстандағы басты келіспеушілік орыс тілді «шала-қазақ» және  «ауылдан шығып, орыстық пен еуропалыққа үрке қарайтын» «нағыз-қазақтар» арасында болып жатыр. «Әзірше билік басында шала-қазақтар отыр, бірақ күрес жүріп жатыр, Назарбаев оны өз бақылауында ұстап отыр. Егер басқа біреу келетін болса, онда тура Донбастағыдай болады. Қалай ол биліктен кетеді, солай барлығы бір-бірімен айқаса кетеді. Трайбализмнің аты трайбализм, бізде ол шешек атуда», — дейді сенімділікпен «Ладтық» Навозов.

Сатушы Сергейдің пікірінше қазірдің өзінде шенеуініктер Назарбаевтың орыстар мен оның тілін құрметтеңдер деген талабына пысықырып та қармайды. «Қазақ ұлтшылдары басын көтерді, өйткені, Назарбаев әлсірей түсуде», — дейді кәмілділікпен Сергей. «Кез келген сайлауда барлық кандидаттар орыстардың бары мен жоғын қаперге де алмайды, бізге ешбір уәдеде бермейді, міне, сондықтан біз Назарбаевқа дауыс береміз», — деп әңгімелейді Плахотин.

Бірақ та депутат Каримов Назарбаевсыз Қазақстанның болашағы туралы қойған сауалымызға жауап ретінде күледі де қояды. «Адамдармен араласу мүмкіндігінің барлығы және болып жатқан үрдісті білуім, бәрі өз жөнімен болатынына бастап әкеледі», — деп тұтыға жауап берді ол. Каримовтің айтуынша, «азаматтық қоғамның белгілі бір бөліктеріне ықпал ететін тетіктер» құрылып, сайланған биліктің рөлі артады. «Елбасы бір адамға қарап қалмайтын ықпалды институттарды құруға күш-жігерін сарп етуде. Басында [күн тәртібіндегі]  мәселелерді жылдам шешу үшін қатал басқару керек болды, енді, адамдардың ықпал етуі қажет», — деп әңгімелейді Каримов.

Назарбаев Қазақстанда мықты авторитарлық билік орнатты — жәнеде осысымен ол Украинадан қатты бөлектенеді. 2011 жылы Жаңаөзендегі мұнайшылар көтерілісін арәскер (спецназ) автоматпен жаусатып салды. «Арнайы қызметтің жұмыс істегені жақсы, бірақ та, күшпен басып-жаншу Қазақстанның ұстанған саясаты болып табылмайды», — деп сөзін мөрлеген Каримов, Жаңаөзенді ауызға алғанда жорта жөткірінеді. Оның үстіне, жергілікті орыстар кез келген орыс бас көтеруі де тап Жаңаөзендегідей басып жаншылатына сенімді.

Қазақстандағы кез келген орыс ұйымдары да оппозиция сияқты көптен қалпақтың астында. «Бізде „Ладқа“ әлі күнге дейін тыйым салмағаны, үкіметке орыстардың ауанын білу үшін, әрі демократияны көз қылу үшін керек болғанында», — дейді «Русский мирлық» Плахотин. Навозовтың түсіндіруінше: «Ладтың» жарғысында ұйымның саясатпен айналысуы жазылса да, оны жүзеге асыруға мүмкіндік берілмей отыр.

Оның үстіне, «Ладтың» өзі Усть-Каменогорскі ауқымындағы ең зор құрылым деп атауға тұрарлық. Жергілікті бөлімнің белсенділері— 150–200 адам. Көптеген жандар бейресми көмектеседі; «Егер сабақ беретін ұстазды өз органымызға сайлайтын болсақ, оған қызмет істетпейді», — деп нақтылайды Навозов.

 «Континент-Сибирь» газетінің журналисі Игорь Северянин Қазақстаннан үш жыл бұрын кеткен болатын. Бұл жерде ол Жаңаөзен оқиғасынан кейін іс-әрекеті заңсыз деп табылған «Алға» оппозициялық партиясына мүшетін. «Барша ұлттық ұйымдар ҰҚК (КНБ ұазақстандық ФСБ — ескр. „Медуза“) жіті қадағалауында. Оппозиция толық тас-талқан етілген», — деп әңгімелейді ол.

Шығыс Қазақстан облыстық драма театрының бас режиссері Андрей Воронин неліктен екені белгісіз Қазақстандағы авторитаризмді байқамапты. «Сіздер, либералдар, Лукашенко, Назарбаев және Путинді бір арбаға жегуге даяр тұрасыздар. Бірақ бұл жерде ешбір авторитарлық режим жоқ, бізде, мысалға, саяси тұтқын болған емес», — дейді ол. Түрмеде отырған «Алға»  партиясының жетекшісі  Владимир Козлов жайында оның хабары жоқ секілді. «Неге президентті төрт жылда бір ауыстырып отыру керек, егер ол ақылды адам болып, елді дұрысты да тұрақтылықпен басқарса?» — Назарбаевтың конституцияны өзгертуінің (енді ол президентікке қанша рет түскісі келсе сонша рет түседі) демократиялығына қатысты қойған сауалыма сұрақ қоюмен жауап қайырды.

Ворониннің айтуынша, Усть-Каменогорскідегі драма театрындағы жалғыз труппа бірқалыпты тіршілік кешуде. 2000 жылы қазақ труппасы өмірге келді, орыстарға қысым көрсетіліп жатқан жоқ. «25 жыл ішінде Қазақстанда бірде-бір орыс театры өз өмір сүруін тоқтатқан жоқ. Біздің орыс труппасында, мысалға, қазақ тақырыбына бірде бір спектакль жоқ, ешкімде оны қойыңдар деп мәжбүрлемейді», — дейді Воронин. Ол өз театрының «провинциалдық ресейліктерден кем түспейтіндігіне» сенімді, әрі, Лобндегі театр фестивалінен алған марапасын маған көрсетті. «Осы жылы біз ол жақтан ең үздік ер адам рөлі, ең үздік  костюм мен ең үздік эпизодтық рөл жүлдесін әкелдік. Жергілікті билік осы сапарымызға 15 мың доллар берді», — деп мақтанды режиссер.

Осы уақытта Усть-Каменогорскіде қазақ труппасы үшін жаңадан әйдік ғимарат салынып жатыр. Воронин орыс театрының саханасыз қалатынын, өйткені,  «кейбір шенеуініктерді екеуін бірдей ұстауды ауыр тиеді деп санайтынын» жоққа шығармайды.

Саясаткер Дубновша, Назарбаевтың билікті өзгегек беруі кезінде проблемалардың туындауы да мүмкін, бірақ та, тұтастай алғанда, президент «бәрін өз алақанында ұстап отыр». «Ол үшін ең маңыздысы жай ғана кландар мен өз отбасысының мүдделерін күйіттеу емес, ұлттың әкесі және туындыгері болып қалу. Назарбаев конституцияда Елбасы (ұлт көшбасшысы; бұл жерде сөз шын мәнісінде республиканың тұңғыш президенті турасында болып отыр — ескерт. „Медуза“) ретінде жазылып қалды», — дейді Дубнов.

«Біз әзірше бейтараппыз аттікі, әзірше Назарбаев, біз ешқайда кетпейміз тайдікі, ал, егерде ары қарай Саакашвилидей [бұрынғы Гүржістан президентіндей] әлдебіреу  болса, онда біз бірден Ресейге ауа көшеміз. Әзірше Назарбаев сауатты саясат жүргізіп келеді, ол халық үшін», — деді бойын жинақтап зейнеткер Аркадий. «Ол [Назарбаев] бейбітшілік пен тұрақтылықтың кепілі. Егер ол кетсе, оның орынын ұлтшыл элементтер именденіп алатын болса, сол кезде өте жаман болады. Бұл жерде олар үнсіз отыр, оның себебі, біздің айбынды органдар олармен күресуде», — деп санайды казак Чмутов.

Органдар, шындығында, айбынды істер атқаруда: менің бір сұхбаттасыма сол күні кешке біз қалай жолғыстық солай ҰҚК қоңырау шалыпты. Тыңшылықпен тың тыңдаудан орыс ұйымдарының өкілдері қорқады, сондықтан, біз олармен Достық Үйінің бөлмелерінде емес, саябақтағы орындықта отырып әңгіме дүкен құрдық.

 

Abai.kz

0 пікір