Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Талқы 7356 0 пікір 29 Қазан, 2014 сағат 13:39

А.СМАЙЫЛ: АЙТЫСҚА МЕМЛЕКЕТТІК МӘРТЕБЕ БЕРУІМІЗ КЕРЕК

Өткен аптада «Нұр Отан» партиясы мен Л.Н. Гумилев атындағы Еуразиялық ұлттық университеті бірлесіп ұйымдастырған «Тәуелсіздік жылдарындағы айтыс өнерінің дамуы, мәселелері және болашақ бағыты» атты дөңгелек үстел барысында ұлт зиялылары осындай пікір білдірді. Олардың айтуынша, ұлттық төл өнер ретінде айтыс қазіргі таңда дамудың жаңа белесінде тұр. Сондықтан да, ол өнердің бір тармағы ретінде жаңа деңгейге көтерілуі және жалпыхалықтық сипаты бекітіле түсуі үшін заңнамалық негізі мықты болуы керек. Ал бұл реттегі негізгі міндеттеме ұлттық өнерді өз қанатының астына алған «Нұр Отан» партиясында.

Аталмыш пікірдің негізгі бастамашысы болған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, жазушы Алдан Смайыл елдік мүддені ілгерілету үшін осы қадамға түптің-түбінде бәрібір бару керектігін қадап айтты.

«Нұр Отан» қолға алғаннан кейін, осы айтыс өнеріне мемлекеттік мәртебе алып беруіміз керек. Республикалық айтысты республиканың бюджетімен өткізетін уақыт келді. Шын мәнісінде, айтыс қазақтың ұлттық өнері, ұлттық құндылығы болғандықтан, бұл – мемлекеттік құндылыққа да айналуы керек. Партияның Саяси Доктринасында да осы басымдыққа айрықша мән берілген», - деді ол.

Депутаттың айтуынша, бұл үшін «Мәдениет туралы» заңға «Айтысты өркендету туралы» арнайы бір бап енгізу керек. Яғни, күні ертең бюджетке салу үшін, басқа шаралар үшін де бұл аса қажетті тармақ.

«Бүгінде «Мәдениет туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы көптеген әңгіме жүріп жатыр. Мәдениет министрлігінде дайындық та бар. Бұл ұрлап алған өнер емес, ойдан шығарылған өнер емес, мұхит асып келген джаз емес, халықтың қаны мен жанынан шыққан төл өнері. Сондықтан, аянып қалуға болмайды», - деп атап өтті А.Смайыл. 

Филология ғылымдарының докторы, профессор Мырзатай Жолдасбеков те «Нұр Отан» партиясының айтысқа көңіл бөлгенінің ақындарға да, жалпы айтыс өнерінің дамуына да, тіпті партия жұмысына да аса қажетті екендігін атай отырып, оның жалпыхалықтық сипатының осыдан көрінетінін көпшіліктің есіне салды.

«Өкінішке қарай, бүгінде айтыскерлер арасында «Жүрсіннің ақындары», «Бекболаттың ақындары» деген сөз тарай бастады. Шын мәнінде, бұлар «Жүрсіннің» де, «Бекболаттың» да ақындары емес, бұлар қазақтың ақындары.», - деп елдік санаға шақырды М.Жолдасбеков.

Бұл орайда, Халықаралық «Айтыс ақындары мен жыршы-термешілер» одағының басқарма төрағасы Жүрсін Ерман айтылып жатқан ұсыныстың оңды екендігін және бұл бастамаға өз басқаруындағы Одақтың үн қосуға әзір екендігін жеткізді. Дегенмен, ол, орайлы сәтте, сөз болып жатқан күрделі істің бір саласы ретіндегі өтініші бар екендігін де жасырмады.

«Осыдан бес жыл бұрын «Айтыс ақындары мен жыршы-термешілер» одағын құрайық» деп барлық құжаттарды дайындаған едім. Соны әрі қарай жалғастырып, осымен үшінші жыл қатарынан жұмыс жасап жатырмыз. Одақ шама-шарқынша жұмыс істеуде. Қоғамдық бірлестік ретінде Әділет министрлігіне де тіркелген. Осы Одақты көпшілік мойындаса деген ниет бар. «Қазақстанның суретшілер одағы», «Жазушылар одағы» деген секілді кәдуілгі кәсіби одақтың бірі. Бұл да болса, айтыс сынды ортақ құндылыққа демеу болудың жолы», - деді Ж.Ерман.

Өз кезігінде, мұнда айтылған бастамаларға қолдау білдіргендердің көп болғанын атап өткен жөн.

«Дұрыс айтылған сөз. Айтыс жүйелі түрде дамымайтын болса, «Нұр Отан» арқылы, оның үлкен мүмкіндіктері пайдаланылмаса, Одақ арқылы дамымайтын болса, стихиялық түрде дамитын болса, ұзаққа бармайды. Алдан ағамыздың айтып отырғаны өте бір көңілге қонымды. Аталған бағыттарда бірге жұмыс істейік. Айтыстың құндылықтық дәрежесін арттыру жолында аянбайық. Осында айтылған мәселелерге шамамыз келгенше үлес қосу менің «Нұр Отан» партиясындағы Саяси кеңес мүшесі ретіндегі бір міндетім», - деп ағынан жарылды ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті, жыршы-термеші, қоғам қайраткері Бекболат Тілеухан.

Айта кетейік, отырыс соңында осы айтылған мәселелермен қатар, партия назарына айтыс шараларын бір орталықтан үйлестіру, «айтыс» мамандығында оқуға ниетті талапкерлерге арнайы жер-жерден гранттар бөлу, айтыс өнеріне жасөспірімдер мен жастарды ынталандыру мақсатында аудандық, облыстық деңгейдегі сайыстарды жиі ұйымдастыру, сондай-ақ, «Алтын домбыра» республикалық ақындар айтысына алдын ала дайындық жұмыстарын жүргізу секілді бірқатар ұсыныстар айтылды. 

 

Abai.kz

0 пікір