Дүйсенбі, 3 Тамыз 2020
COVID-19 ҚАЗАҚСТАНДА. Жұқтырғандар — 92662. Жазылғандар — 62511. Қайтыс болғандар — 793
Өз сөзі 7075 0 пікір 31 Қазан, 2014 сағат 14:02

Әміржан Қосанов: «Халықшыл болу үшін ұлтшыл болу керек!»

-          Президент жасаған соңғы ауыс-түйістер жайлы не айтасыз? Қандай да саяси логикаға негізделген өзгерістер деп ойлайсыз ба, әлде мерзімдік, кезекті кадрларды алмастыру ісі ме? Неге Иманғали Тасмағамбетов Қорғаныс министрлігіне тағайындалды? Серік Ахметовті қызметінен кетірудің қандай себебі болды деп санайсыз?

 

-          Кез келген билік ішінде осындай ауыс-түйіс болып жатады. Оның ешқандай сөкеттігі  жоқ. Алайда бізде, Қазақстанда, жоғары жақтағы кадрлық өзгерістерді жақындап қалған президенттік сайлау мен алдағы постназарбаевтік кезең тұрғысынан қарастыру қажет. Шахматта «эндшпиль» деген ұғым бар, яғни ойынның соңы. Біздің режим де саяси эндшпилін басынан кешіруде,енді тек кім «шах» дейді, кім «мат» болады, сол жағы белгісіз.

 

Біздегі кадр саясатының бір басты кемшілігі бар: ол бір адамның (Астанада – президенттің, облыста –әкімнің) ғана қалауы мен пәрмені арқылы жүзеге асырылады. Қоғамның пікірі мүлдем ескірілмейді. Ол дегеніңіз барып тұрған субъективизм мен волюнтаризмгеәкеп соғады. Сондықтан да кеше ғана тағайындалған әкім ен министр ертең не жұмысын жөнді атқара алмай, не істі боп жатады.

 

Оның үстіне жаңа күштер мен тұлғаларды өсірмей, ескі кадрларды ана жерден алып, мына жерге тықпалай беру - билік ішінде кадрлық дағдарыс орын алғандығының бір   белгісі іспеттес. Оның өзі қолынан іс келетін, бірақ тиісті мемлекеттік қызметке қолы жетпей жүрген жаңа ұрпақтың заңды наразылығын туғызуда. Бұл да бір мықты әрі үлкен салдары бар антибиліктік фактор!  

 

Соңғы кезде Серік Ахметовтың төңірегінде дау-дамай көбейіп кеткені рас. Өз басым мұны «қарағандылық саяси мафияның» ішкі талас-тартысының бір көрінісі деп білемін. Президент әкімшілігнің басшысы да сол жақтан емес пе? Ахметовтың осы күнге дейін жұмыссыз жүргені осы тайталасқа байланысты. Меніңше, оның тағдыры Қарағандыдағы сот процестеріне байланысты. Кім біледі, ертеңгі күні бір куәгер шығып, оның да атын кінәлі адамдар санатында атап жіберуі әбден ықтимал...

 

Тасмағамбетов – Назарбаевтың сенімді бір серіктесі. Оның карьерасының күрт өзгеріп кетуінің түпкі себебін олар өздері білер. Ал меніңше, Қорғаныс министрлігіндегі жемқорлықтың осы жылдарда қордаланып қалған Авгий атқорасын тазалауға жіберуіде мүмкін. Қалай дегенмен, бір қаладағы жылу мен тазалыққа жауап беруден гөрі тұтас бір мемлекеттің қорғанысына жауап беру – салмақтырақ қызмет деп санаймын.

Екінші жағынан, ол Тасмағамбетов секілді беделді тұлғаны саяси алаңнан шеттету әрекеті болуы да әбден мүмкін.

Қай жорамалымыз рас екенін уақыт көп ұзамай көрсетеді деп ойлаймын.

 

-          Назарбаев мемлекет негізіне қатысты пікірін неге өзгертті деп ойлайсыз? Қазақ хандығының мерейтойына орай мәлімдемесіне қатысты пікіріңіз?

 

-          Билік ұлтшылдық-патриоттық алаңда өзінің беделі төмендеп бара жатқанын сезген секілді. Сондықтан да осы мерейтойдың бастамашысы ретінде ел алдында біраз саяси ұпай жинап алғысы келетін сияқты. Осы мәлімдемені осыған дейін Путин «қазақтарда Назарбаевқа дейін мемлекет болған жоқ» деген сыңайдағы ойға өзінше бір қарсылық білдіру талпынысы деп те қабылдауға болады. Өкімет халықшыл болмай-ақ, өзін «ұлтшыл»  етіп  көрсеткісі келетін секілді.

Меніңше, қазақтың тарихының түп тереңін анықтауда асығудың керегі жоқ.

Мемлекеттіктің түп-тамырын тереңнен іздеу керек, және де ол жұмыс бейсаяси болып, қазіргі саяси конъюнктураға тәуелді болмауы тиіс! Жасыратын несі бар, арғы-бергі тарихымызды зерттеуде біз әлі де кешегі совет заманындағы штамптар мен идеологемалардан арыла алмай келеміз! Біздің тарихымыз «социалистік реализм» жанрында жазылды, әлі де сол қалпында! Бар жұмысты содан бастау керек!

Басқа елдерді қараңыз:өз тарихын Адам ата мен Хауа анадан бастамаса да, мыңдаған жылдардан бастайды.Бізге не кедергі бар? ЕАЭО одағына бірге енгелі жатқан Ресейдің өзі Русьтің мыңжылдық тарихы бар («тысячелетняя  Русь») деп жатыр емес пе? Біздің неміз кем? Сол орыс бар жерде оның көршісі қазақ болған жоқ па?

Әйтпесе, біздің билікке кіріптар ғалымдарға салсаңыз, «осыдан бес ғасыр бұрын қазақ жерінде «Нұротан» партиясының бастауыш ұйымы құрылған екен» деп шыға келуі әбден мүмкін!

Ең бастысы – бұл дата бір адамның басына табыну саясатының тағы да бір жалғасы һәм қосымшасы болмаса керек. Бір адамның емес, бір ұлттың шашбауын көтеретін дата болу керек ол!

Және де бұл дата қазақ хандығының ғана емес (ол дегеніңіз ұлт дамуының бір сатысы ғана емес пе?), адамзат тарихында өз орнын басқа ұлтпен қатар ойып алатын Алаштың, оның ұйымдық формасының пайда болуы мен даму процесін зерттеу, 550 жыл ғана емес, одан да әрі ертерек заманға жеткізетіндей қозғалыстың бір үлкен бастауы болуы керек!

Бірақ, қазіргі жекебасқа табыну заманының бір салқыны осы жақсы бастамаға тиіп кетпесе екен деген ой тағы бар.

Меніңше, сол себепті осы науқанды әзірше тоқтата тұру қажет.

Алдымен, тарихшыларға толық еркіндік беріп, шынымен де біз, қазақ ұлты, қайдан және қашан пайда болдық, біздің генеалогиямыз бен этимологиямыздың негізі қайда және де ұлттық тұрғыдағы біздің жылнамамыз қай кезеңнен басталады деген аса маңызды сауалдарға жан-жақты, нағыз ғылыми тұрғыда жауапты әзірлеп алуымыз керек сияқты.

Әйтпесе, аталған датаны билік өзінің сайлауалды бағдарламасының бір бөлігі ретінде пайдаланып, ішкі мән-мазмұнын арзандатып жіберуі әбден мүмкін.

 

-          Еуразиялық экономикалық одақ болашағы қандай болмақ? Әліде шығуға мүмкіндігіміз бар ма? Әлде тәуелсіздіктен айрылғанымыз осы ма?

 

-          «Бір нәрсе боп қалса, осы Одақтан шығамыз!» деп президенттің өзі де айтып жатыр емес пе?

Меніңше, осы Одақтың шынайы қаупін билік білмейді емес, біледі.

Тәуелсіздік секілді киелі ұғымды аттап, елге көпе-көрінеу жақпайтын осынау қадамға билік неге барып жатыр?

Оның артында не тұр?

Меніңше, бұл мәселеге болашақ мұрагерге Кремль жақтан берілетін жан-жақты кепілдік тұрғысынан қарауымыз керек!

Сол ішкі интригасы бар саяси ойын мен қазіргі президенттің жеке бас мүддесі жеме-жемге келгенде тұтас бір елдің сыртқы саясатының басты бағытын анықтап отыр емес пе?

Сондықтан да қоғамдағы антиеуразиялық орынды да ұтымды тенденцияларды пайдаланып, күресімізді жалғастыра беруіміз қажет!

Бір нәрсе анық:бәлкім, нақты бір билік өкілі (президент болсын, ертең оның мұрагері болсын) Ресейге іштей тәуелді болуы мүмкін, бірақ тұтастай бір ел ешбір елге тәуелді бола алмайды. Ол үшін Конституция да, заңдар да бар. Соларды дұрыс пайдалануымыз керек.

 

-          Ресеймен Қазақстан арасындағы Шартта «келісілген сыртқы саясат жүргізу» туралы бапқа қатысты ойыңыз қандай?

 

-          Бұл саяси нонсенс!

Бір нәрсе айқын: Кремль ешқашан да сыртқы саясатын Ақордамен келісіп жүргізбейді! Ол біздің пікірге пысқырмайды да! Сондықтан да бұл бапты Ресейдің бізге зорлап таңған бабы деп түсіну керек.

Мәселен, ЕАО туралы келісім мен кеше ғана Сенат бекіткен «Қазақстан мен Ресей келісілген сыртқы саясат жүргізеді» деген дүдәмал бабы бар екі ел арасындағы Келісім-шартты Ата Заңға сәйкес келу-келмеуін қарастыруы үшін неге Конституциялық кеңеске бермеске? Бұл да саяси процесті бір жандандыратын қадам емес пе?

Ресеймен қарым-қатынас орнатуда, ортақ құжаттарға қол қойғанда біз бір нәрсені түсінуіміз қажет: бүткіл өркениетті әлем, оның ішінде Батыстың дамыған елдері Ресейдің неоимпериялық саясатына қарсылық білдіріп, оны оқшаулауды қолға алып жатыр. Сондықтан да Кремль өзінің кешегі сателиттерін қайта маңайына жиып, өзінің бір оқшау әлемін қалыптастырғысы келеді. Ең басты қауіп сол: сол оқшау қораға кіріп кетпейік! Бізге өркениетті әлеммен байланысты үзуге болмайды!

 

-          Соңғы кездері Қазақстанда саяси оппозиция қалмады деп жатады. Саяси партияларды билік «тазалап» бітті десек те болады. Демократиялық оппозиция өкілі ретінде оның болашағы туралы не айтар едіңіз?

 

-          Халық пен билік бар жерде әрқашан да оппозиция, сыни әрі балама пікір айтушылар болады. Ол ауылда да бар, орталықта  да бар.

Сондықтан «пәленше мен түгенше оппозициядан кетіпті, не «екі партия біріге алмай қалыпты» деген себеппен «елде оппозиция қалмады» деп айтқанды дұрыс деп санамаймын.

Бір сөзбен айтсам:

«Битке өкпелеп, тонды өртеме!

Бәз біреуге өкпелеп,оппозиция жоқ деме!».

Байқап отырсам, мен оппозицияда жүргеніме 16 жылдан асып барады екен. Ол дегеніңіз адам өмірінің тұтас бір кезеңі. Міне, осы уақыт ішінде мен Қазақстан оппозициясының бірігуі жолында шама-шарқымша күш жұмсадым деп айта аламын.

Сондықтан да 2011 жылыТ ұяқбай және оның қазіргі айналасының енді ғана аяққа тұрып жатқан ЖСДП «Азат»партиясының бірлігін быт-шыт қылып, ортақ уағдаластықтарды зымияндықпен бұзып кеткенін саяси тұрғыдан қателік, керек десеңіз, қылмыс деп санаймын. Тарих ол арамдыққа әлі өз бағасын береді деп ойлаймын!

Бірақ сол адамдарға қарап, барлық оппозиция осындай екен деген теріс пікір қалыптаспауы керек. Біздің ішімізде ортақ іске адал, бір демеушінің ғана сойылын соқпайтын, жалпымемлекеттік тұрғыдан ой түйіп, қимыл-әрекет жасап жүрген тұлғалар жетерлік. Өз басым сол күштер мен тұлғалардың алдағы президент және парламент сайлауы кезінде белсенділік танытып, бір ортақ мәмілеге келіп, нақты түрде бірігетініне сенемін! Және де солай болуы үшін өзімнің бар күшімді саламын!

Қоғам дамуымен қатар ,оппозиция да дамып, жетіле түсуде.

Құдайға шүкір, оппозицияның жаңа толқыны қалыптасып келеді. Олар кешегі мен бүгінгі оппозицияның ащы сабақтарын ескеріп, біздің қателіктерді қайталамаса екен деймін.

-          Сіз орынбасары болған ЖСДП қазір Еуразиялық одақты да, Ақорданың Украинаға қатысты саясатын да тікелей қолдап жүр. Жармаханға, Балташ пен Своикке хабарласып, «қазақтың мүддесіне неге қарсы шығып жүрсіңдер?» деп айтқыңыз келмей ме? Олардың бұл әрекетін қалай бағалайсыз?

-          Мен олармен сөйлеспегелі қашан... Бір-екі телефон шалғым келген, бірақ...

Тұтас бір ұйымға ғана емес, бүкіл оппозицияға обал жасаған адамдармен қалай сөйлесеріңді білмейді екенсің. Біреулер бірлігіміз үшін жанын қиып жатса, олар бір лауазым үшін өзінің жиған-терген абыройынан бір күнде айырылып қалды емес пе?

Осыған дейін оппозицияның діңгегі боп келген ЖСДП-ның қазіргі саяси бет-бейнесі тіпті түсініксіз боп барады.

Еуразиялық Одақты ашықтан-ашық қолдауы және де осы ойды өңмеңдеп БАҚ арқылы насихаттауы, сөзсіз, партияның сүйегіне түскен таңба деп есептеймін.

Айтыңызшы, қазіргі қимыл-қарекетсіз қалған, билікке ащы сын айта алмайтын, жоғары жаққа жалтақтайтын ЖСДП-ны ел нағыз оппозиция  деп айта ала ма?

Қараңыз, елді елең еткізген, қарапайым халықтың күнделікті өміріне тікелей әсер еткен талай саяси-экономикалық оқиғалар болып жатыр. Жұрттың жағдайы күрт төмендеп кетті. Баға мен тарифтер аспандауда. Ел Тәуелсіздігіне қауіп төнуде.

Нағыз саяси партия осындай кездерде өз дауысын шығарып, белсенді қимыл-әрекеттерге бармай ма?

Тек сол партиядан ақша алатын бір-екі газет пен сайттан «кезекті «домалақ» үстел өткізді» дегенді естіп қаламыз. Дүйім жұрт ЖСДП-ның қазіргі басшыларының бет-әлпетін ұмытып та қалды емес пе?

Екіншіден, Сіз айтқан адамдардың ЕАЭО-ны ашықтан-ашық қолдауын (үндемей отырса, ешкім де ренжімес еді ғой) биліктің тапсырмасы не болмаса, ертең парламентке өту үшін жасап жатқан бейшара тірлігі деп білемін. Бәлкім, осылайша билікке жағып, сайлауда тиісті дауыс жинап аламыз деп үміттенетін болар.

Бірақ менің бұл сыни пікірімнің ЖСДП қатарындағы мыңдаған адал азаматтарға еш қатысы жоқ.

Қайтейін, бірнеше құмалақ басшы бір партияның қарнын шірітіп жатыр. Оның да өз финалы болар...

 

-          Қазір Ресейге Батыс тарапынан көптеген санкциялар салынды. Назарбаевтың өзі осыған қатысты мұның Қазақстанға да әсері болатынын мәлімдеді. Шын мәнінде, осының салқыны қандай болады деп санайсыз?

 

-          Санкциялардан жабық шекара, кедендік кедергі арқылы сақтануға болар еді.

Бірақ біз бүткіл өркениетті дүние аластап жатқан Ресеймен бір Одаққа кіріп жатырмыз ғой.

Кемедегінің жаны бір демей ме?

Және де ол мұхитты шарлап, діттеген портына жететін кеме болса, бір сәрі. Ал егер де ол ресейлік«Титаник» боп шықса ше?!

Сондықтан да біздің өкімет осы санкциялардың әсерін мейлінше азайтудың жолдарын осы бастан қарастыруы керек. Ол үшін қоғаммен, мамандармен ақылдасып, тұтастай бір бағдарлама жасалуы тиіс.

Бірақ та осы жолда бір үлкен кедергі бар, оның аты Еуразиялық Одақ.

 

 

-          Биліктегі бірқатар ауыс түйістерден жақын арада сайлау болады деген әңгіме де шықты. Осыған қатысты не айтар едіңіз? Назарбаев сайлауға қатыса ма, әлде өзінің статусын «өмірлік» президенттікке ауыстыра ма?

 

-          Бәрі де мүмкін.

Сайлауды президент дәл бүгін жариялап жіберуіне толық мүмкіндігі бар. Саяси жүйе сондай.

Меніңше, осы жолғы сайлауға Назарбаев тағы да өзі түседі. Сөйтіп, тағы да жеті жылға өзінің мәселесін шешіп алады.

Ел ішінде «өз мұрагерін отырғызады, оның жанында жүріп, елдің көзі мен құлағын оған үйретеді, саяси күштерді оған бағындырады» деген де әңгімелер бар екені рас.

Бірақ қазіргі президент ондайға бара қоймас, өйткені, ол өзін президент қызметінен тыс көз алдына елестете алмайды!

 

-          Қоғамда Әкежан Қажыгелдин жақында Қазақстанға келеді деген әңгіме жиі айтылады. Әрі бұрынғы премьер министр қазір Ақордаға қызмет етіп, Рахат Әлиевке қарсы науқанды Еуропада жүргізіп жатыр деген де әңгіме аз емес. Бұл туралы президенттің экс-күйеу баласы да жазды. Осы мәселеге қатысты Қажыгелдинді жақсы білетін адам ретінде не айтар едіңіз?

 

-          Әңгіменің екі жағы бар. Рахат Әлиевтің қазақ қоғамына, соның ішінде оппозиция мен бизнеске жасаған қиянатын бәріміз де білеміз. Оның ондай қылмыстарының куәлары елде баршылық. Кажыгелдиннің және оның серіктестерінің сол теперішті өз көзімен көріп, күйеу бала тарапынан қиянатқа ұшырағанын ескерсек, сол туралы айтып, жауапкершілікке тарту туралы талап қоюы әбден дұрыс деп ойлаймын. Және де онымен тек Қажыгелдин не РНПК өкілдері айналыспауы тис. Басқалар да неге үн қоспайды, неге сол кездегі оның айуандығы туралы айтып, сотқа бермейді, сатисфакция талап етпейді?

Және де ол тек қана бір адам – Әлиевті әшкерелеу болмас еді. Ол сондай феноменді туғызған, оның қалыптасып, күшке мінуіне тиісті жағдай қалыптастырған тұтас саяси жүйені әшкерелеу болар еді! Ол дегеніңіз болашақта «әлиевтер» дүниеге келмеуінің бір мықты кепілі болар еді!

Өз басым Әкежан Мағжанұлына: «Егер де бұл бастамаңыз Ақорданың тілегі болса, Сіз оларға сенбеңіз, алдап кетеді Сізді!», - деп ескерту де айтқанмын.

Екіншіден, ол тәуелсізҚазақстан тарихындағы Үкімет басшылары ішіндегі бірегейі, ең қиын кезеңдерде экономикалық реформаларды батыл түрде жүзеге асырған қайраткер. Оны Қажыгелдиннің досы да, дұшпаны да мойындайды. Сондықтан еліне келіп, ел игілігі үшін еңбек етіп жатса, құба құп болар еді.

Бірақ мәселе мынада: постназарбаев кезеңі қарсаңында кланаралық текетірес мейлінше ушығып жатқанда, және де әрбір миллиардер өзін болашақ президент ретінде көз алдына елестетіп жатқанда, ондай ел ішінде беделді әрі дербес тұлғаның Қазақстанға оралып, оларға бәсеке болуы ол топтарға қажет пе? Міне, гәп сонда!

Сұхбаттасқан Инга Иманбай

Дереккөзі: «Ашық Алаң» (Қалам Мезгіл) газеті, № 7, 30.10.1014 ж.

 Abai.kz

 

 

0 пікір