Сенбі, 20 Сәуір 2024
Ғылым-білім 12978 0 пікір 3 Қараша, 2014 сағат 13:32

С.ҚОЖАНОВ: ҚАЗАҚТЫҢ СОРЫНА ТЫШЫП КЕЛГЕН - НАДАНДЫҚ

Ұлт қайраткерi Сұлтанбек Қожановтың әлi де көп айтыла қоймаған бiр қыры — оның ұстаздығы. Ол ұстаздық өнердiң қазақ қоғамы үшiн алатын орнын, бала оқыту мен тәрбиелеудiң мәнi мен маңызын, тiптi, мектеп тынысына дейiн тәптiштеп жазған. Бiр сөзбен айтқанда, жас өскiнге бiлiм беру жолында аянбай еңбек еттi. Сондықтан халқымыздың бiртуар азаматының осы тұрғыдағы мәлiм де беймәлiм жақтары жөнiнде оқырманмен ой бөлiсудi жөн көрдiк.

 

Ең алдымен есте ұстайтын жағдай — Сұлтанбек Қожановтың алған бiлiмi жалпы бiлiмнен кейiн орта және арнаулы педагогикалық. Дәлiрек айтқанда, бала күнiнде өзiнiң туған жерi Ақсүмбеде Тәжiбай, Қарабай секiлдi ауыл молдаларынан сауат ашып, ерекше зеректiгiмен, бiлiмге деген құштарлығымен көзге түскен жас шәкiрт одан әрi Түркiстандағы 4-сыныптық орыс-түзем бастауыш мектебiн (1906-1908), 3-сыныптық қалалық мектептi (1908-1913) ойдағыдай бiтiрдi. Жаратылысында бiлiм алуға деген құштарлығы ұшан-теңiз жас Азия аймағындағы аса таңдаулы оқу орындарының бiрi саналатын Ташкент мұғалiмдер семинариясында оқып, арнаулы педагогикалық мамандық бойынша бiлiм алды (1913-1917). Аласапыран кезең, ел басына күн туған қиын заманға қарамай Ташкент оқытушылар институтының бiр курсын аяқтайды.

Сұлтанбек Қожанов өзiнiң еңбек жолын Өзбекстанның Әндiжан аймағының Айым ауылында бастауыш мектеп мұғалiмi болып бастады. Көп уақыт өтпей, Ташкентке қайтып оралып, педагогикалық училище мен педагогикалық курстарда сабақ бердi. Ұстаздық қызметiне ұйымдастырушылық қабiлетiн ұштастырып, Ташкент қаласындағы қазақ-қырғыз институтының қабырғасын қаласады.

1919 жылдың қыркүйек айында ол Сырдария облысындағы алты уездiң бiрiнiң орталығы болып саналатын Түркiстан қаласына уездiк оқу бөлiмiне қызметке жiберiлдi. Өзiнiң туып-өскен жерiне оралған ол ең әуелi мектептердегi оқу үдерiстерiн жаңартуға ерекше ден қойды. Халықтың өсуi мен кемелденуi бiлiмде екенiн жақсы түсiнген Қожанов көптеген елдi мекендерде жаңа мектептер ашылуына мұрындық болды. Кездескен сан алуан қиындықтарға қарамастан бiлiмге құштар қазақ қыздарының оқуына мүмкiндiк жасады.

Сұлтанбек Қожанов уезд мектептерiмен үнемi байланыс жасап отырған. Мектеп ұжымдары, оқушыларымен кездесулерде халқымыздың алдында тұрған мiндеттер жөнiнде сыр шерттi. Мәселен, профессор Сәбит Жолдасовтың зерттеулерiне сүйенсек, Арыс қаласындағы 1917 жылы ұйымдастырылған балалар үйiнiң 1923 жылдың қазан айынан бастап С.Қожанов атындағы №1 балалар үйi аталуы, сондай-ақ, Кеңес Одағының Батыры Қарсыбай Спатаев атындағы қазiргi №7 техникалық мектеп-лицейi өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдары Сұлтанбек Қожанов атындағы қазақ орта мектебi болуының өзi көп жайтты аңғартса керек.

Қайраткер Қожановтың жетiм балаларға деген қамқорлығы мен бiлiм беру саласындағы iзгi iстерi, өкiнiшке қарай, тарих бетiнен қаскөйлiкпен өшiрiлдi. Ұлтым, ұрпағым деп ғұмыр кешкен жанның әрекеттерiне «халық жауы» деген жаламен

жауап берiлдi.

Заманына лайық алған бiлiмi мен ұстаздық еткен еңбек жолы бағаланған Сұлтанбек Қожанов 1921 жылы қазанда Халық ағарту комиссары болып тағайындалды.

Ол оқу-ағарту саласында бiлiм берудi жергiлiктi халықтар тiлiнде жүргiзу мәселесiн көтерiп, оны жүзеге асыруды талап еттi. Мәскеу, Петроград секiлдi iрi қалаларда жоғары оқу орындарында бiлiм алып жатқан түркiстандық жастарға материалдық көмек көрсетуде бiрқатар iс-шараларды жүзеге асырды.

Қожановтың ағартушылық салада ерекше көзге түскен кезi Ташкент қаласында 1929 жылы Ортаазиялық мақта-ирригациялық және политехникалық институтын (САХИПИ) ашып, оның алғашқы директоры қызметiн 1931 жылға дейiн абыроймен атқарды.

Қайраткердiң үлгi боларлық жағы өзiне жүктелген негiзгi мiндеттермен қатар қоғамдық, ғылыми-шығармашылық жұмыстармен ұдайы ұштастырып отырды. Осындай игiлiктi iстерiнiң жарқын белгiсi мектепке арналған «Есептану құралы» атты оқулығы (1924) мен «Түркiстанның Кеңестiк Автономиясының он жылдығына» атты орыс тiлiндегi зерттеуi (1928) жеке кiтап болып жарияланды. Аталған еңбектер мектеп мұғалiмдерi үшiн қалтқысыз қызмет еттi, жас жеткiншектердi бiлiм нәрiмен көп жылдар бойы сусындатты. Бұл кiтаптар әлi күнге дейiн құнын жоғалта қоймаған бағалы дүниелер.

Белгiлi жазушы-журналист Шойбек Орынбай Қожанов туралы жазған «Ақсүмбеден шыққан аққанат ақсұңқар» атты зерттеу мақаласында: «Ол қай қызметте жүрмесiн өзiнiң ұлттық идеясынан бiр сәт те қол үзбегенiн осындай мақалаларынан аңғара аламыз. Мұнда орыстардың әлiмжеттiлiгi ашық айтылып, оларға қолжаулық болған атқамiнерлер мен үкiмет iсiне араласқан пысықайлардың әрекетi анық сынға алынған. Немкеттi қазақ мiнезiне де ескертпе жасалып, халықтың санасын сiлкiлеп ояту мақсаты да айқын сезiлiп тұр. Сонысы арқылы ол қазақ халқының ұлттық болмысын көтеруде көп жұмыстар iстедi. Ата-бабалардан қалған мәдениетiмiз бен салт-дәстүрiмiздi алға сүйреп, зиялы топтың тiрегi бола бiлдi», – дейдi.

Халқын iлiм-бiлiмге жетектеген Сұлтанбектiң ұлт алдында абыройлы болуы шындықты шырылдап айта бiлуiнде. Бiлiм беру саласындағы осы бағыттағы Қожанов пайымдауларына аз-кем үңiлiп көрелiк.

Ол өзiнiң 1921 жылы «Ақ жол» газетiнде жарияланған «Қармақшы мектебi» (№15. 16.01. Тоқпақ) атты шағын ғана мақаласында ағарту саласындағы үлкен мәселелердi ортаға салады. Ашылғанына айдан астам уақыт өтсе де «...һешбiр оқытылған оқу жоқ. Балалар келедi де тоңып-тоңып қайтып кетедi. Мұғалiмдер болса, биылғы Шымкенттегi қысқа уақыттық курстан оқып шыққан жiгерлi жастарымыз. Бұлардың қолдарындағы куәнамасы мен мұғалiм деген аттары болмаса, бiтiрген iстерi, оқытқан оқулары шамалы» болып отырған мектептiң, осы бiлiм ұясының интернатындағы аянышты жағдайды әшкерелейдi. Мақала түйiнiнде аталған кемшiлiктерге көз салынып, оның орыс мектептерi секiлдi қатарға қосылуын талап етедi. Бұл кезеңде Халық ағарту комиссары қызметiнде болған тұлғаның аталған мәселелердi жай көтермегенi белгiлi, тиiстi шара қолданып, Қармақшы шәкiрттерiнiң бiлiм жолындағы кедергiлерi жойылды деп бiлемiз.

«Халық ағарту-оқу майданына күштi аудару керек» деген мақала атының өзi атойлап тұр. «Өзгерiстiң екпiндi кезiнде, дүние қирап, күйретiлiп жатқан дәуiрде ескерiлмеген, ескерiлсе де iс жүзiнде iлгерi баспаған халық ағарту, оқу жұмысы» деп бастаған автордың айтпақ ойының тiрегi теңдiктiң баянды болуына себеп болатын жағдаят оқудың орнықты болуы. Ескi замандардағы қол жетпеген арманның үлкенi оқу теңдiгiнiң, оқу еркiндiгiнiң болмағанын тiлге тиек еткен ол «осы уақытқа шейiн оқу жұмысында бар өмiрдi құртып келген мұғалiмдердiң жоқтығы» деп күйiнедi. Ғасыр басындағы дауылды жылдардың дүрбелеңi бiлiм саласына орасан зор зиянын тигiздi. Бұрын да бiлiм саласында шарықтап кеткенiмiз шамалы болатын, теңдiк, бостандық әкелдi деп саналатын қоғамда да бiлiм беру, бала оқыту оңайға түспедi. «Өзгерiстiң бастапқы кезiнде, ескi хүкiмет қирап қалып, жаңасын жатырқап тұрған кезiнде иттен көп тiлмаштар мұғалiмдiкке аударылған едi», — деп бiр ащы шындықтың бетiн ашады. Неге екенiн дөп басып айта алмаймыз, алайда Қожановтың тiлмаштар жайындағы көзқарасы тым қатал, оқыған, көзi ашық деп саналатын солардың өзi халық жағына шығып қызмет етпегенi қынжылтады. Автордың қорытынды пiкiрi мынаған саяды: «Сондықтан халық ағарту, оқу жұмысы – мұнан былайғы жұмыстардың ең үлкенi. Бұл жұмыс – һәр дәуiрде керектiнiң ең үлкенi. Әзiргi күнде әсiресе зорайып тұр». («Ақ жол», №235, 21.10.1922.) Осы пiкiрлердiң қай-қайсысы болса да әлi күнге дейiн маңызды. Бiр ғана мысал, күнi кешегi тәуелсiздiк алғаннан кейiнгi өтпелi кезеңде ауыл-ауылдағы шаруашылықтың ыдырауы, қаладағы фабрика-зауыттардың тоқтап қалуы бұрынғы бiлiктi мамандардың денiн жұмыссыздар қатарына қосты, дәл осы кезеңде жаппай ашыла бастаған жекеменшiк оқу орындарын «сырттай» бiтiрген көп мамандар мектепке «мұғалiм» болып барды. Алыс ауылдарда ағылшын, орыс тiлi мамандарының жетiспеуi салдарынан ол пәндердi кездейсоқ «тiлмаштардың» жүргiзгенi де белгiлi. Анық ақиқат бiреу, тәуелсiздiктi баянды ету үшiн де бiлiмдi ұрпақ керек, ол үшiн «халық ағарту, оқу жұмысы, ...һәр дәуiрде керектiнiң ең үлкенi» болып қала бередi.

Сұлтанбек Қожановтың ағарту саласындағы алғыр ойлары, ұлт мүддесiн көздеп айтқан құнды қағидаттары мол. Жоғарыда айтып өткендей, Қожанов проблеманы мақалаларында айқын көрсетiп, жұрттың назарын тез аудара бiлдi.           

«Келешектiң иесi — жастар, керектiнiң үлкенi – оқу». «Ақ жол» газетiнде (№236, 2.11.1922) «Тоқпақ» деген псевдониммен жарияланған бұл мақала көлемдi. «Келесiнi сөз қылғанда, келешекке әзiрленудi сөз қылғанда, кiмнiң болса да көзде тұтатыны – жас буын», – деп түсiнетiн автордың айтпақ басты ойы бүгiнгi күндi ғана емес, келешектi ойлайтын қоғамның басты тiрегi жас буын деп есептейдi. Алайда, сол ел үмiтiн ақтайды деп бiлетiн жас өркеннiң жағдайы Қожановтың айтуынша «басқалардан айырықша тұрмысы жайсыз, тәрбие iсi жөнсiз, барсыз, бассыз, оқусыз, бiлiмсiз, ешкiмдi әзiрлiксiз қылып отырған қырғыз-қазақ еңбекшi-кедейлерiнiң жас буыны». Одан әрi аштық апатын тартып жатқан, сандалып жұмыссыз жүрген, балалығын байлауда өткiзiп жатқан жас буынның келешегiне қатты алаңдаушылық бiлдiредi. Жастар жайын қозғағанда Қожановтың тағы бiр назар аударған тұсы олардың бiлiм алудағы бағытын да баяндап өтедi. Назар салайық: «Қырғыз-қазақ жастары оқу жайына келсек, мектеп жағына келсек: талапкер бар да, оқу жоқ, балалар бар да, кiтап жоқ, шәкiрттер бар да, молда жоқ». Осы жазбалардағы талай ойлар өзегi тәуелсiз қазақ қоғамында жоқ деуге аузың бармайды. Тепсе темiр үзетiн жастардың «еңбек биржасында» жәутеңдеп жолға қарап тұруы немесе базар жағалап арба сүйретiп жүргендердiң де денi өзiмiздiң қаракөздер, айтуға намыстанасың, темiр тордың ар жағында да жастық ғұмырының көктемiн қылтадан үзiп, азап пен қорлыққа тап болған жас буындар қаншама?! Мұндай қорлықтан шығатын жолды ұлт қайраткерi былай деп көрсетедi: «...шет жұрттың зорлығынан тапқан құлдықтан құтылу үшiн жастарды оқыту, тәрбиелеу керек». Құлдыққа түскен қазақтың жас өркенiне бiлiм мен тәрбиенi қатар беру арқылы бұл азаптан құтылуға болады деп бiлетiн Қожановтың да, қазiргi қазақ қоғамының да ойы бiр деп бiлемiз. Бiр сөзбен айтқанда, «Қырғыз-қазақтың сорына тышып келген надандық, бiлiмсiздiктен» құтқаратын жол бiлiм беру, бала оқыту екенiн ертерек ұқты, жұртшылыққа да дер кезiнде ескерттi, бұл жайтты бүгiн де бар даусымызбен айтып отырсақ артық болмас.

«Қырғыз-қазақ арасында халық ағарту жұмысы» деп аталатын өзектi тақырыптағы мақаласында да бiлiм беру мәселесiне айырықша көңiл бөледi. «Түркiстан республикасының колонизаторлық боқтығынан тазаланып, шын еңбек үстемдiгi орнаған кеңестер мемлекетi болуы һәр ұлттың мәдениет жүзiнде теңдiкте болуына, ұлт мектептерi тең жасалуына байланысқан».

Кеңес мемлекетi жетпiс жыл үстемдiк құрды. Алайда, қалың қазақ баласының мәдениетте де, ұлт мектептерiн жасауда да есесi кеттi. Өз елiнде отырып мәдениетi кенже қалып, өз ана тiлiнде бiлiм алудан қалған халықтың соры қалың болатынын Қожанов көрегендiкпен болжады. Бiлiм берудi ұдайы қадағалап отыратын оның шешiмi айқын болатын. «Сондықтан қырғыз-қазақ халқының жалпы қара бұқарасына ең керектi — ұлт мектебi. ...бiр заманда қолы жетiп, бiр жөндi мектептерi бола қалса, солардың барлығында оқыту тiлi – ана тiлi болуы мiндет». (№4-5. 1923.) «Шолпан» журналында жарияланған бұл мақаладағы келесi бiр түйiн халық ағарту мәселесiнiң негiзi – бастауыш мектеп екенiн атап көрсетедi.

Қайраткер арман еткен азаттық заманда ұлт мектептерiне қол жеткiздiк, ана тiлiнде бiлiм беретiн оқу орындары жеткiлiктi. Бастауыш мектепке дейiнгi кезеңнiң өзiнде мектепалды дайындық топтары жұмыс iстеуде. Ең соңғы жетiстiктерiмiз Назарбаев интеллектуалды мектептерiнiң дүниеге келуi ғажайып жетiстiктерiмiз. Бiрақ әлi де болса өз ана тiлiнде емес, өзге тiлде бiлiм алып жатқан қаракөздер қаншама?!

Сұлтанбек Қожановтың «Тоқпақ» псевдонимiмен «Соқырдың тiлегенi – екi көзi» деген тақырыппен 1923 жылы «Ақ жол», «Тiлшi» газеттерiнде жарияланған мақаласы да дәуiр келбетiн қапысыз суреттейдi. Ол: «Әр уездiк қалада ең болмағанда қырғыз-қазақтың бiреуден толық бiрiншi басқыштық қала мектебi болсын. Даладан келiп оқушылар үшiн аз болса — 50 адамдық, көп болса 100 адамдық интернат болуы керек».

Мектеп, интернат мәселесi әлi де болса өзектi. Елбасы бастамасымен 100 мектеп салу идеясы халық арасында қызу қолдау тапты, нәтижесiнде жаңадан қаншама бiлiм ұялары салынды. Дегенмен, апатты жағдайдағы немесе үш ауысыммен оқытатын мектептер әлi де бар. Ал ендi интернат салу қадау-қадау ғана әрекет.

Ұлт қайраткерiнiң бiлiм беру саласына берiлгендiгi соншалық былай дейдi: «Жақсы мұғалiм табылмаған жерде табылғанын iске қосып, оқыта берудi салт қылу керек. Оқу жалпыға жақын, тұрмысқа үйлесiмдi болсын, һәр жұрттың тұрмысына лайық мектебi болмақ».

Ал ендi мына бiр пiкiр де Қожанов қана айта алатын ой тәрiздi. «Ата-ана, бауырластары далада көшiп жүрген, өзi қалада орыс мектебiнде, я сарт мектебiнде тәрбие алып, далаға бiр тиынға аспайтын қылқима «интеллигенттер» қырғыз-қазақ жас буынына идеал емес». Сонымен қатар халық даналығынан, халық педагогикасынан күш-қуат алып ержеткен, тәлiм тәрбие алған ұстаз «Басқа лайық бөрiк» дегендей, жұртқа лайық кiтап жасау – жұртшылықтың белгiсi», — деп бiледi.

Бүгiнде «қылқима «интеллигенттер» бар ма? Алыстан мысал iздемейiк, шетелде немесе елiмiздегi iргелi оқу орнын бiтiрген жас мамандардың денi ауыл мектептерiне аяқ баспайды, олар қаладағы зәулiм мектептердi әлдеқайда артық санайды. Осылайша олар қаладағы жұмыссыздар санын толассыз толықтырып жатқан жоғары бiлiмдi жастардың бiр бөлiгi базарда, күзет қызметтерiнде немесе алыпсатарлықпен айналысатын сауда фирмаларында несiбесiн терiп жүр.

Сұлтанбек Қожановтың замандасы болып саналатын француз жазушысы Анри Барбюстiң: «Мектеп — жеткiншек ұрпақтың ойын қалыптастыратын шеберхана, егер болашақты қолдан шығарып алғың келмесе, оны қолда берiк ұстау керек», — деген өсиетi ерiксiз еске түсе бередi. Болашақты терең ойлаған, жеткiншек тәрбиесiне, бiлiм беру саласына бей-жай қарай алмаған оның жоғарыда айтылған ойларын одан әрi тереңдете түсетiн жазбалары «Қырғыз-қазақ институты һәм мектеп мәселесi» деген тақырыппен жарияланған еңбегiнде де өрби түскен. «Еуропалықтар мектебiнде тәрбиеленiп, мұғалiмдiкке әзiрленгендер қала тұрмысына жаттығып, қазақ тұрмысына жуыса алмай, үйкүшiк ботадай тамды айналшықтап жүр». Бұл да шындық, алайда Сұлтанбек Қожанов үмiтi келесi бiр шәкiрттерде: «Осы кемшiлiктiң бас емi қырғыз-қазақ институтының iшiнен табылмақ. ...Ақиреттiң тозағы мен намазға айдаудың орнына дүние тұрмысы, шаруа талабы жұртшылыққа бас-көз болып, ел iшiне сiңiп, елмен бiрге жасап, көсемдiк қылатын – ұлт мұғалiмдерi». Ташкент қаласында тұңғыш ашылған қырғыз-қазақ институтының түлектерi жайында айтылған үмiт пен сенiмге толы қайраткер үмiтi ақталды. Ұлт мұғалiмдерi жайында айтқанда алты Алаштың ардақтысы, көзi тiрiсiнде ұлт ұстазы атанған Ахмет Байтұрсыновтың «Әуелi бiз елдi түзеудi бала оқыту iсiн түзеуден бастауымыз керек», – дейтiн аманатына адал болған Қожанов еңбегiнiң куәсi боламыз. Ол бала оқытуды бiр күн де назардан тыс қалдырмады. Қазақ поэзиясының падишасы, Алаш ұранды әдебиеттiң көрнектi өкiлi Мағжан Жұмабаевтың мұғалiм туралы берген бағасы, оның қоғамдағы рөлi туралы айтқан пiкiрi де бүгiнгi дәуiрмен үндесiп тұрғандай. Сол кездiң өзiнде «Педагогика» (оның iшiнде психология да жан-жақты қамтылған) атты оқулық жазған ақын: «Елiмiздiң азғана жылдық ояну дәуiрiне баға беру үшiн алты Алаштың баласы бас қосса, қадiрлi орын мұғалiмдiкi», — деп қадап-ақ айтқан қағидасы бар екен. Бас ұстаз Ахаңның, ақын Мағжанның ұстаз жайлы айтқан қанатты ойын еске алып жатқан себебiмiз, ұлт мектебiнiң жанашыры, жас ұрпаққа бiлiм берудi бәрiнен биiк қойған Қожановтың еңбектерi өлшеусiз.

Тәуелсiз Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентi жыл сайынғы халыққа арнайтын Жолдауларында бiлiм беру, мұғалiм мәртебесi жайында да үнемi айтып, ескертiп отырады. Елбасының: «Бәрi де мектептен басталады. Бiз мұғалiм мамандығының беделi мен абыройын қайтаруға мiндеттiмiз» дейтiн қанатты сөзi өткен ғасыр басында Қожанов жанын пида еткен ұстаздық өнер мен бiлiм беру мәселесiнiң дәстүр сабақтастығын айқын көрсетiп бергендей.

Қорыта айтқанда, бүкiл ғұмырын халқы үшiн арнаған Сұлтанбек Қожанов елдi түзеп, бала оқытты, сол жолдың қандай қиындығын көрсе де қайтпады. «Қартқожа» романының бас кейiпкерiнiң протатипi болған Қартқожа Тоғанбаев сынды өзi бала болса да еңбек жолын бала оқытып бастады. Ел келешегiне сенiммен қарады.

Бiздiң мақсат — Елбасы айтқандай, аты алтын әрiппен жазылатын ұстаздық еңбектiң, бiлiм мен тәрбие берудiң биiгiнде болған аяулы азаматтың ел алдындағы ұзақ та мағыналы ұстаздық сапарын бүгiнгi тәуелсiздiк таңымен бiрге есейiп келе жатқан жастарға үлгi-өнеге етiп айтып беру.

 

  Нариман НҰРПЕЙIСОВ,

Филология ғылымдарының кандидаты,

Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институты

 қазақ және әлем әдебиеті кафедрасының меңгерушісі.

   Шымкент қаласы          

Abai.kz

 

 

 

 

 

0 пікір