Жұма, 29 Наурыз 2024
Билік 5069 0 пікір 15 Қараша, 2014 сағат 18:11

Терең өзгерістермен тең тұратын саясат

Бүгінгі таңда біз жаһандық ауқымда, сонымен бірге, әлем­нің жекелеген елдерінде орын алып жатқан түрлі дүниежүзілік, өңірлік және ішкі қыр көр­сету­лердің, тәуекелдер мен қауіп-қатерлердің куәгерлері әрі қа­тысушылары болудамыз. Қазақ­стан Республикасы әлемдік кеңіс­­тіктегі маңызды геосаяси ойын­шы ретінде, әлбетте, аталған үдерістердің белсенді қатысушы­сына айналуда.

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Нұрлы Жол – бола­шаққа бастар жол» Жолдауын ха­лыққа жариялай отырып, өзі­нің стратегиялық көрегендігін тағы да айрықша паш етті. Пре­зидент алдымызда әлемдегі ахуалды түбегейлі өзгертетін жаһандық сынақтар күтіп тұрғанын алдын ала сезеді.

Аталған қауіп-қатерлердің алдын алу мақсатында Мемле­кет басшысы қолда бар ре­сурс­тарды, тетіктерді және мүм­кін­діктерді шұғыл жасақтауға жағдай туғы­затын Жаңа Экономикалық Саясатты алға тартты. Бұл шешім­ді мен Американы Ұлы күйзелістен алып шы­ғуға мүмкіндік берген өзінің әйгілі Жаңа бағы­т­ын ұсын­ған АҚШ пре­зиденті Фран­клин Дела­но Рузвельттің праг­ма­ти­калық саясатымен және белгілі реформатор Дэн Сяопиннің терең бас­тамаларымен түпкі нәтижесінде елді әлемнің Екінші экономикасы мәр­тебесіне көтерген Қытайдағы терең өзгеріс­термен ғана бір қатарға қоя аламын.

Әлеуметтік салада қызмет еткен адам ретін­де Жолдаудың әлеу­мет­тік жан-жақты бағ­дар­лылығын атап көрсеткім келеді.

Жолдаудың «Нұрлы Жол» деп аталуының да өзіндік мәні бар. Президент біздің баршамызға жарық, шұғылалы әрі ашық жол нұсқап отыр. Халықтың еңбекпен қамтылу деңгейін өсіруге жол ашатын инфрақұрылымды дамы­туға, жаңа жұмыс орындарын ашуға екпін берілді. Нәтижесінде, біз отандық экономиканың дамуының қозғаушысына айналатын әуе жолынан бастап автомобильге дейінгі көлік магистралінің тұтастай жүйесін құрамыз. Тек жол құрылысының өзінен 200 мың жаңа жұмыс орны ашылмақ.

Жолдауда басты орын адам­дарға жан-жақты қамқорлық жасауға, өмір сапасын жақ­сар­туға, тұтастай алғанда, қазақ­стандықтардың әл-ауқатын ны­ғайтуға беріліп отыр.

Осыған орай, Жолдаудағы жалға берілетін әлеуметтік тұр­ғын үйді дамыту туралы ережені айрықша атап өткім келеді. Бұл қадам бүгінде ел халқының ширегінен астамын құрайтын Қазақстанның болашағы – жастарға деген қамқорлыққа бағытталған.

Бұл қазіргі әлемде теңдесі жоқ ерекше мемлекеттік шешім. Жаһандық экономикалық өсім бәсең тартып, жұмыс орындары қысқарып жатқан қазіргі жағдайда  біздің елімізде Мемлекет бас­шы­сының стратегиялық көре­ген­дігінің арқасында даму мен өр­кендеудің бұрын-соңды болма­ған бағдарламасы – Жаңа Эко­но­микалық Саясат қарқын алмақ.

Бұл бағдарламаның мақсат­тары, міндеттері мен мазмұндық деңгейі ең дамыған елдердегі осы тақылеттес құжаттар өлшемімен толық сай келетінін атап өткен орынды. Мен «Нұрлы Жол» бағ­дарламасы Қазақстанның ал­да күтілетін «Экономикалық Ма­риан шұңғымасын» бағындыруға мүм­кіндік туғы­затынына сенім­дімін.

«Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» Жолдауын іске асыру, сөзсіз, индуст­риялық-инно­вация­лық экономиканы одан әрі терең­детуге, әлеуметтік инф­ра­құры­лымды сапалық жағынан одан әрі дамытуға, осы арқылы қа­зақстандықтардың өмір сүру сапасын түпкілікті жақсартып, Елбасымыз алға қойған әлемнің дамыған 30 мемлекетінің қа­тарына қосылу туралы басты мақ­сатты жүзеге асыруға барын­ша жағдай туғызатынын да қоса айтқым келеді.

Гүлшара ӘБДІҚАЛЫҚОВА,

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы.

Ел өміріндегі маңызды құжат

 Айман МҰСАҚОЖАЕВА,

Қазақстанның халық әртісі, профессор, Қазақ ұлттық өнер университетінің ректоры.

Біз еліміз дамуының қарқын­ды кезеңінде өмір сүріп жатыр­мыз. Сондықтан, бұл кезең жаңа мүм­кіндіктерге жол ашып, биік ар­мандар мен мақсаттарға жетелейді. Бірақ, сонымен қа­тар, әлемдік ауқымда саяси және экономикалық қиын жағ­дай­лар да қатар келе жатыр. Қам­көңіл болып жүрген жандар да баршылық. Алайда, біз осындай кездерде шұғыл, батыл шешімдер қабылдай алатын қабілеттілігімізді де таныта білуіміз қажет.

Міне, дәл бүгінгі күніміз осын­­дай тағдырлы болып тұрға­нымен ерекше. Әйтсе де, біз үшін, халқымыз үшін ең бастысы: қор­ғанымыз бар, ол – Пре­зи­дентіміз Нұрсұлтан Назар­баев. Ел­басының саяси көре­генділігі мен өмірлік мол тәжірибесінің арқасында еліміз түрлі жағдай­лардан үлкен қиын­дықсыз өте алады. Ол күні кешегі Жол­дауы арқылы әлемдік эко­номикалық жағдайдың күрт төмендеуіне байланысты елі­міз­дегі экономикалық және әлеу­меттік салаларды шұғыл қайта құрудың жолдарын ұсынды.

«Нұрлы Жол» деп атал­ған Қа­зақстанның Жаңа Эко­но­­микалық Саясаты бойын­ша ұсынылған іс-шаралар сали­қалы ойдың жемісі екені анық. Ол ұсынылған іс-әрекеттер мемлекетіміздегі құры­лымдарды дер кезінде сауық­тыруды көздейді. Президент ұсынған шаралар тек экономика, қаржы институттары, көлік және өндіріс орындарын ғана емес, сондай-ақ, еліміздегі кең ау­қымды әлеуметтік салаларды, білім беру және денсаулық сақтау салаларын да қамтыған.

Қазақстанның Жаңа Эко­номикалық Саясатының мақсаты айқын әрі нақты, ол − Қазақстан халқының жағдайын жақсарту. Бұл жаңа саясат жас ұрпақтың болашағының қамын, еліміздің үлкен саясаттағы абы­ройын ой­лаудан туған. Сондықтан, біз­дің әрқайсымыз Президент Н.Назарбаевтың жаңа саяси бағытын барынша қолдап, азаматтығымызды таныта білуі­міз керек. Тек қана алға! Біз Ел­басы – Президентіміздің барлық бастамаларын қолдаймыз!

АСТАНА.

Жастардың үмітін оятты

 Ержан КӨЛДЕЕВ,

Қ.Сәтбаев атындағы

ҚазҰТУ-дің инновациялық

қызметтер жөніндегі проректоры.

Президент Нұрсұлтан Назар­баев Қазақстан халқына дәстүрлі «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» атты жаңа Жолдауын жариялады.

«Менің тапсырмама сәйкес Үкімет дамудың ауқымды жаңа бағдарламасын әзірлеуді аяқ­тады. Бүгінде, алдымызда тұрған сын-қатерлерге жауап бере отырып, мен Қазақстанның «Нұрлы Жол» Жаңа Эконо­микалық Саясаты туралы жа­рия­­лаймын. Мен 2015 жылға арналған халыққа Жолдауымды осыған арнаймын», деп сөзін бастаған Елбасы Үкіметке үлкен міндеттер мен жауап­кер­шіліктер жүктеді. Биыл­ғы Пре­зидент Жолдауы мерзімінен бұрын болуымен қатар, өзге Жолдаулардан қысқа бол­ған­дығымен ерекшеленді.

Жолдауда көпшіліктің наза­рын бірден аударған жаңа тұрғын үй бағдарламасы болғаны анық. Қазір өз елінде өгейдің күйін кешіп жүрген жас отбасылардың басты мәселесі де баспана болып отырғаны шындық. Елбасымыз ұсынып отырған тың бағдарлама қаншама қазақ жастарына үміт отын жағып қоймай, арман­дарының орындалатынына көз жеткізгендей. Жастар баспа­налы болса, жұмыссыздар саны азайып, қаншама адам еңбекпен қамтылады.

«Нұрлы Жолдың» аясында, әлеуметтік сала да назардан тыс қалмайды. Мәселен, еліміздегі құлағалы тұрған мектеп пен үш ауысымдық оқу мәселесін шешу үшін – 70, балабақша тапшылығын жоюға – 20, тозған тұрғын үйлерді жөндеуге 200, ал жалға берілетін баспана салуға 180 миллиард теңге жұмсалмақ.

Жол – өмірдің күретамыры екені анық. Жол мәселесін реттей отырып, алыс-жақын шет елдермен сауда-саттық, алыс-берісті, қарым-қатынасты жақсарта түсеріміз анық. Елімізде әуежай, ұшу-қону алаңдары, теңіз инфрақұрылымы жаппай жөнделіп,  жаңадан жол төселіп, теміржол желісі тартылмақ.

Биылғы Елбасы Жол­дауы­ның да көтерер жүгі– көлік­тік-логистикалық инфра­құ­рылым­дарды дамытудың кешен­ді жоспары, индустриялық жә­не энергетикалық инф­ра­­­құры­лым­дарды да­мы­­ту болып отыр. Сон­­­дай-ақ, Ұлттық қор қа­ра­жа­ты­ның жұмсалуы да ең өткір мәселенің бірі. Ор­ны­мен жұм­салған қаражат әлеу­мет­тік мәселелерді шешуде, дағ­дарыс­тың алдын алуда өз шеші­мін табады деген үміттеміз.

Елбасы «Нұрлы Жол» Жаңа Экономикалық Саясаты әлемді шарпыған дағдарыстың өзінде Қазақстанның экономикасына оң әсерін тигізетініне сенім білдірді. Иә, білім мен ғылымға, жастардың білім алуына ерекше жағдай жасауда. Биылғы «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауда білім және ғылым саласына ерекше көңіл бөлініпті. Енді тек, ел-жұрт болып жұмылып болашаққа талпыну, іздену, білім мен ғылым жолында аянбай еңбек ету қай-қайсымызға да парыз деп білемін.

АЛМАТЫ.

Санаға ұялаған жарқын үміт

Біздің өміріміз интеграциялық үдерістерге толы, қарқынды өзге­рістерімен сипатталады. Жа­һанданған әлемде әрбір қазақ­стандық экономикалық әл-ау­қатымыз, көршілес мемлекеттер­мен қарым-қатынасымыз қа­лай өрбиді деп Қазақстан Рес­пуб­ликасының Президенті Н.На­зарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауын асыға күтеді, себебі, осы салиқалы бағыт-бағдар беретін құнды стратегиялық құ­­жатта нақты іс-әрекеттер, уақ­тылы дұрыс шешімдер айқын­далады. Адамның санасына, өміріне, бастаған істеріне үлкен сенімділік тудырады. Осы жылғы Жолдаудың «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» деп аталуының өзі бүгінгі таң­д­ағы дағдарыс кезеңінде елі­міз­дің  нық қадамдары, қауіп­сіз­дігі, әлеу­мет­тік жағдайы басты назарда екені қоғамда оң пікір тудырып отыр.

Азаматтарымыздың әлемдік экономикалық ахуалдан туған көкейлеріндегі сұрақтарға нақты жауап Жолдауда жан-жақты беріл­ген. Баянды болашаққа бағ­дар берген Елбасымыз алдағы жыл­дар­да әлемдік экономикалық жағ­­дайды сараптай отырып, жа­­ңа экономикалық саясатты на­за­рымызға ұсынды. Елбасы шағын және орта бизнесті эконо­мика­мыздың күретамырына айналдыру мақсатындағы жұмыстарға жаңа қарқын бере отырып, кәсіпкерлікті жеңілдікпен несиелеу қажеттілігін баса айтты. Осы тұрғыда банк секторына мемлекет тарапынан қолдау ретінде біршама қаржы бөлінетінін халыққа деген қамқорлық деп білеміз.

Көліктік-логистикалық инфра­құрылымдарды дамытудың кешенді жоспары, индустриялық және энергетикалық инфра­құры­лымдарды дамытудағы мақсат­тарымыз экономикаға ғана емес, сонымен қатар, әлеуметтік са­лаға да жаңа серпін берері сөз­сіз. Логистика – дамудың кепі­лі. Ло­гистиканың екі басты ерек­шелігі бар. Біріншіден, ол – экономикалық табыстарға жол ашады. Кеше ғана ашылған Жез­қазған – Бейнеу теміржолының бойында елді мекендер пайда бола бастағанын Президенттің өзі айтты. Демек, бұрын елсіз жатқан жерге қан жүгіріп, сауда жасалады, халықтың әл-ауқаты артады. Екіншіден, ішкі туризмнің дамуына жол ашылады.

Әлеуметтік инфрақұрылым, тұрғын үй инфрақұрылымын нығайту, баспана мәселесі және оның қатардағы азаматтарымызға, әсіресе, жастарымызға қолжетім­ділігін қамтамасыз ету – қуан­тар­лық жайт. Бұған дейін де жас отбасыларды баспанамен қам­­туға қатысты Үкіметтің бір­не­ше бағ­дар­ламасы осындай Ел­басының Жолдауларында ай­тыл­ған. Әйтсе де, баспана мәсе­лесі толық шешімін тапқан жоқ. Сондықтан, жастарға жасалатын пайыз жеңілдіктері, жал­дамалы баспана мәселесі жағы­нан болашағына сенімділігі зор, отансүйгіш азаматтардың қалып­тасуына оң әсер етеді деп білеміз.

Айрықша көңіл жалпыұлттық идея – «Мәңгілік Ел» төңірегінде өрбіген. Ахмет Байтұрсынов кезінде былай деген: «Біз білімді болуымыз керек, біз бай болуымыз керек, біз күшті болуымыз керек. Білімді болу үшін оқу керек, бай болу үшін кәсіппен айналысу керек, мықты болу үшін бірлік керек». Осы жылғы Жолдауда Елбасы «Мәңгілік Ел» идеясын жаңа тұғырнамадан қарастыру қажеттілігін қадап айтып отыр. Ұлттық идеяны ұлттық идеологияға айналдыру үшін бізге креативті, жаңаша ойлайтын жастар керек. Рулық сана деңгейінде ғана емес, қазақ халқын, басқа да құндылықтар негіздерін біріктіретін, жаңа формацияда  ойлайтын жас буын қажет. Ол  пассионарлық рухта тәрбиеленген болуы тиіс. Жаңа жағдайда жаңаша еңбек ететін, жаңа өмір сүру философиясын стратегиялық бағыт ретінде қалып­тастыратын ұлттық интеллигенция керек. Бұл – «Мәңгілік Ел» идеясын дамытудың басты бағыттарының бірі, ал жоғары оқу орындары осы мақсатқа қол жеткізудегі негізгі көпір болып табылады.

«Мәңгілік Ел» ұғымы халқы­мыздың санасында мың­даған жылдар бойы толғанысты бас­тан өткізген, бүгінгі күні әбден пісіп-жетілген идеологиялық тұжырымдамаға толық негіз бола алады деп ойлаймыз. «Мәңгілік Елден» туындайтын Қазақ елі­нің жарқын болашағы туралы идеологияның тарихи тамырларына, этноәлеуметтік негіздеріне көз жүгіртіп, терең бойлауымыз керектігі туындайтыны хақ. XX ғасырдың басындағы ұлт зиялыларының алдына қойған міндеті қазақ деген «халқын ұлт деңгейіне көтеру», өз елін «жат үстемдіктің тепкісінен құтқарып, өз мекемелеріне ие, тәуелсіз бір жеке тұлғаға айналдыру» болды және осы мұратқа жету жолында халық бұқарасымен арада ортақ сана қалыптастыруға тырысты», деген М. Шоқай өз ойын бүгінгі қазақ қоғамының көптеген мәселелері ағартушылық және ұлтжандылық идеяларының өзінің табиғи ло­гикалық соңына жетпей үзіліп қалу себептерінің байланысын көре білген. Өткеннің қателіктерінен сақтану және тарих тағылымынан сабақ алу мұндайда аса қажет.

Алдағы жылда маңызы зор шараларды атап өтеміз. Олар – Қазақ хандығының 550 жылдығы, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Конституциямыздың 20 жылдығы, Ұлы Жеңістің 70 жыл­дығы. Аталған ауқымды шаралар халықтың бірлігін нығайтуға, отансүйгіш сезімнің артуына әсер ететіні баршамызға мәлім. Ел­дің тұтастығы мен бірлігі, тату­лығы мен тыныштығы ең бас­ты құндылығымыз, сондықтан да ұлтаралық келісімді сақтау, әрбір ұлт өкілі­нің мәдениетке, тілге, дінге деген көзқарасын құрметпен қабылдау, қоғамымыздың бас­ты жетістіктерін студенттердің санасына сіңіру біздің міндет­тері­міздің бірі болып табылады. Институтымызда Қазақстан хал­қы Ассамблеясының ғылыми-тәжірибелік орталығы ашылды. Осы орталық аясында жас ұр­­паққа 140-тан астам ұлттың тари­­хи мұрасы мен мәдени құн­ды­лықтары дәріптеліп, қазақ хал­қының ұлт-дәстүрінің мән-ма­­ғынасы түсіндіріледі, Отан­ға деген патриоттық сезімі қалып­тастырылады.

Біздің ұжымның алдында атқа­ратын міндет жүгі біршама, себебі, ұстаздарды даярлайтын оқу орны жан-жақты маманды қалыптастыруда жауапкершілігі зор деп білеміз. Жолдаудан кейін ұжымымыз «жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, белсене жең­ді түріп іс-әрекетке көшті. Ат­қа­ратын жұмыстар институт көле­мінде ғана емес, бүкіл облыс жұртына бағытталған үгіт-насихат  шараларын көздеп отыр. Болашақ ұрпақ үшін заманауи әдістер мен технологияларды енгізу, білімге қолжетімділікті кеңейту, білім сапасын арттыру Қазақстанның одан әрі қарыштап дамуына үлкен үлес қосады.

Нұрғали АРШАБЕКОВ,

философия ғылымдарының

докторы, Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры.

Ұлттық қор қаражаты – ел игілігіне

Елбасы өзінің биылғы Қазақ­стан халқына Жолдауы мен «Нұрлы Жол» бағдарламасын өткен сейсенбі күні өткізілген «Нұр Отан» партиясы Саяси кеңесінің отырысынан кейін іле-шала жария жасады. Мен – сол күні оны Елбасының тікелей өз аузынан есту мен тыңдау мүм­кіндігіне ие болғандардың бірі­мін. Ең алдымен айтарым, Нұр­сұлтан Әбішұлы бұл күні ал­дағы бір жылдың ауқымымен шектелмей, еліміздің таяу бола­шағына тайға таңба басқан­дай дәл, айқын болжамдар жасады. Қазіргі уақыт пен кезеңнің барша қазақстандықтар үшін күрделі екенін ашық айтты.

Мұндай сындарлы шақ, ең біріншіден, елдің қарапайым тұрғындарына салқынын ти­гізіп, әртүрлі әлеуметтік төлем­­дердің кеміп кетуіне әке­ліп соқтыруы мүмкін. Соны­мен бірге, бюджеттік салаға нұқсан келуін де жоққа шығаруға болмайды. Елбасы мұның бәрі негізінен сыртқы факторларға, дүниежүзілік қар­жы дағдарысының тоқтамай тұрғанына, оның екінші бір лебі есе бастағанына, бірқатар Еуропа елдерінің іргедегі көршіміз Ресейге жасаған экономикалық санкцияларына байланысты екенін атап көрсетті. Сөз жоқ, бұл жоғары-төмен балды өзге­рістер Қазақстанға да әсерін ти­гізбей қоймайды.

Сондықтан да, Мемлекет басшысы бұл үшін Ұлттық қордан қомақты қаражат бөлінетінін мәлімдеді. Әсіресе, одан тұр­ғын үй, жол құрылысына, инфра­құ­рылымдарды дамытуға бөлі­нетін қаражаттың молдығы Елбасы ұстанған экономика мен әлеуметтік саясаттың бір­лігін та­ғы бір мәрте паш ете ала­ды. Қай кезде де жол эко­но­миканың күре­тамыры болып келеді. Бұл ретте, елдің іші мен сыртындағы автожолдар мен теміржолдар және әуе қатынастары бұрын-соңды болып көрмеген қарқынмен дамымақ.

Елбасы дәстүрлі Жолдаудың өз уақытынан ерте жариялану мәнісіне де тоқталып өтті. Яғни, бұл қадам дүниежүзілік дағдарыс толқынының алдын алудан, бұл үшін не істеп, не тындыру қажеттігін ерте бас­тан ойластыру мен қамдастыру қа­жеттігінен туындаған. Әйтпесе, кеш қаларымыз анық, деді Мем­лекет басшысы. Сөйтіп, төбесі көрініп қалған алдағы 2015 жыл­дың бірінші қаңтарынан бастап Жолдауда қойылған талаптар мен міндеттердің орындала бастауы, оның алғашқы нәтижелері де көрінуі хақ.

Иә, Саяси кеңестің отырысында «Нұрлы Жол» бағдарламасына сай елдің әлеуметтік-эконо­микалық деңгейін төмендетпеу үшін ұлттық қордан мол қаражат бөлінетіндігі айтылды. Мұнай-газ кен орындарын игеру мен салықтық түсімдерді молайтудан және бюджеттің кіріс көздерін ұлғайтудан түсетін қар­жылар ұлттық қорға жинақ­талатыны белгілі. Демек, бұл халықтың өз қаражаты деуге болады. Ендеше, «Нұр Отан» партиясының Парламент пен мәслихаттардағы депутаттық фракциясының мүшелері оның тиімділігі мен өз мақсатына жұмсалуына тиісті бақылаулар орнатуы қажет деп түсінемін. Өйткені, халықтың қаражаты оның өз игілігіне жұмсалуы керектігі талас туғызбайды.

Бауыржан ТҰМАНОВ,

Батыс Қазақстан облыстық мәслихатындағы «Нұр Отан» партиясы фракциясының жетекшісі.

Батыс Қазақстан облысы.

  

 

 

 

 

 

 

Бесінші бағыт: баспана құны төмендейді

  

Өтепберген ӘЛІМГЕРЕЕВ,

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы  Атырау облыстық филиалының төрағасы.

Елбасы Жолдауларының әр­қай­­сының маңызы ерекше екені дау ту­дырмайды. Ал бұл жолғы Жол­­дау­дың бұрынғыларынан өзге­­ше­лігі айрықша байқалады. Өйт­ке­ні, Жолдаудың «Нұрлы Жол» аталуының өзінен келешекті бағдар­лаған, алдағы мақсатқа жету үшін басым бағыттарды айқындаған ба­ғ­дарлама екендігімен көңіл қуан­­тады. Экономиканың әр саласын өркендетудің жеті басым бағытынан ел экономикасының бүгінгі ырғақты дамуын бәсеңдет­пеу, тек бәсеңдетпеу ғана емес, үде­те түсудің маңыздылығын ай­қын­дап берді. Әрине, экономика әр бағытта дамиды. Оған Ұлт­тық қордан қомақты қаржы да бөліне­тіндігі айтылды.

Менің айтайын дегенім, эконо­мика өздігінен өркендемейді. Мұны барша біледі. Экономиканы дамыту бағ­дарламасын жасақтайтын біл­гір экономистер болса, әр сала­ны өр­­кендететін қатардағы жұ­мыс­­шыдан бастап, басшысына дейін­гі мамандары жұмыс жасайды. Ал сол мамандардың жайлы бас­пана­сы болмаса, жұмысы да өн­бей­­тіндігі даусыз. Дегенмен, біз­дің елі­мізде әр кезеңде тұрғын үй құры­лысын дамытудың кешенді бағ­дар­ламалары іске асырылып келе­ді. Енді биылғы Жолдауда көрі­ніс тапқан бесінші бағыт – тағы да тұр­ғын үй құрылысын дамытуға арналып отыр.

Рас, қазір тұрғын үй ешкімге тегін берілмейді, тұрғын үйді әркім жалға алуына болады. Десек те, жалға берілетін тұрғын үй баспанаға мұқтаждардың бәріне бірдей жете бермейді. Міне, енді Елбасы тағы да 2015-2016 жылдар аралығында жалға берілетін тұрғын үйлер құ­ры­лысын салуға 180 миллиард теңге бөлуге тапсырма берді. Және бір ерекшелігі, «Арендалық бас­па­на құрылысы тұрғысындағы қадам­дарды қайта қарастыру керек. Біз­де қолжетімді баспана бойынша көптеген әдістер бар. Елімізде Тұр­ғын үй-құрылыс жинақ, ипотека, арендалық бағыттар қамтылған. Енді бізге басқа қырынан қарау керек. Мемлекет әлеуметтік арендалық баспананы салып, оны халыққа сатып алу құқығымен ұзақ мерзімге жалға беретін болады. Қазіргі кезде қолданыстағы жүйе қомақты қар­жыны талап етеді. Бастапқы жар­наны төлеткізеді, содан кейін банк­тер кіріптарлық пайыздарды бекітеді, яғни оның деңгейі 20 пайызға жетеді. Адамдар оны төлеу­ге қауқарсыз және проблемалар туын­дайды. Бұл бағдарламалар қала­ды, олар дәулетті адамдар үшін қалыпты. Ал жаңа ба­ғыттағы бағдарламаны жас отбасы­лар үшін және баспанаға зәру аза­мат­тарға жасап жатырмыз», – деп Ел­басы мәселенің басын ашып берді.

Біз бұдан жаңа бағдарлама бойынша енді жалға берілетін баспананы еш делдалдарсыз, барынша төмен пайызбен алуға болатынын түсінеміз. Ал несиелік қызмет ету 1-2 пайыз деңгейінде болып, тұрғын үйді сатып алу құны төмендетіледі, бастапқы жарнаға тыйым салынады екен. Бұл әсіресе, жаңадан жоғары оқу орнын бітіріп, шаңырақ көтерген жас отбасылар үшін үлкен қолдау болары даусыз. Биылғы Жолдаудың осы секілді өзге де бағыттары экономиканы жаңаша өркендетуге серпін береді дегенмен, тұрғын үй құрылысына қатысты тұсы баспанаға зәру отбасылардың үмітіне сәуле түсірді.

Атырау.

Ертеңге деген сенімді нықтады

  

ақтияр АЛДАШОВ,

«Talas Investment Company» ЖШС директоры.

Президент Нұрсұлтан Назар­баев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында алдағы уақытта инфрақұрылымдық дамудың ауқымды бағдарламасы жария­ланатыны туралы айтқаны елдің тұрмысына үлкен серпін беретіні анық. Шынында ел экономикасы жақсы жолдар болған кезде қарқынды дамиды. Бұл құрылыстың бәрі елге жұмыс тауып беріп, несі­бесін молайтады. Мемлекет бас­шысы бүгінде көптеген елдер әлемдік экономикадағы қиын­дықтарға байланысты үлкен сын-қатерлерге кезігіп отырғанына тоқталды. Еліміздің даму перс­пективаларына жасаған өзіндік пайымдауымен, жаңа саяси бағы­тымен бөлісе отырып, ел мүддесі үшін аянбай еңбек ететін әрбір қазақстандықтарға тапсырма берді.

Біздің елде аталған үрдістердің алдын алу үшін қажетті мүмкін­діктің бәрі бар. Ол үшін тек аянбай жұмыс істеу қажет. Тұсауын биыл ғана кескен «Talas Investment Company» ЖШС қолға алған натрий цианид зауытына мемлекеттік бағдарлама бойынша үлкен көмек көрсетіліп жатыр. Мысалға, 12 пайызбен несие алсақ, соның 10 пайыздайын шағын қалаларды дамыту бағдарламасы бойынша мемлекет өз мойнына алды. Одан бөлек Қаратау қаласына теміржол және басқа да қатынас жолдары тартылған. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша қаламызға 4,5 млрд. теңге, ал, инфрақұрылымды дамыту бойынша 1 469 млн. теңге бөлінді. Көлік жолы, газ құбыры, байланыс жүйесі бәрі-бәрі бар. Бизнес бастаймын деген жанға мемлекет көмегі көл-көсір. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының дүниеге келуіне себепші болған Елбасыға, жер бөліп, жағдай жасаған Жамбыл облысының басшылығына зор алғыс айтамыз. Зауыттың құры­лы­сына 13 млрд. теңгеге жуық қар­жы жұмсалды. Кәсіпорын толық қуатына кіріскенде 491 адам жұмыс істейтін болады.

Қорыта айтқанда, Елбасының Жолдауда айтқан тапсырмаларын саралап, бағыт-бағдар алып, қиын­дық, сынақтардан сүрінбей өтуге мүмкіндігіміз мол.

 

Жамбыл облысы,

Қаратау қаласы.

Abai.kz

Дереккөзі: «Егмен Қазақстан», 15.11.2014 ж

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1578
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2272
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3590