Сенбі, 20 Сәуір 2024
Билік 4173 0 пікір 16 Қараша, 2014 сағат 09:52

ӘУЛИЕАТАНЫҢ ӘЛЕУЕТІ

 

Елордада облыс əкімі Кəрім Көкірекбаев бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арнайы баспасөз мəслихатын өткізді. Киелі Əулиеата өңірінің əлеуметтік-экономикалық дамуы мен мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылу барысы туралы жан-жақты əңгіме өрбіткен облыс басшысы журналистердің қойған сауалдарына да жауап берді.
– Облыста Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясында көрсетілген нақты тапсырмаларды орындау бойынша Үкіметпен бірлескен жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Жыр алыбы Жамбыл есімімен аталған өңірді бүгінде жүргізілген мемлекеттік саясаттың арқасында қарқынды дамып келе жатқан аймақ деп айтуға толық негіз бар. Жалпы, облысымыздың дамуы 2011-2015 жылдарға арналған аймақты дамыту бағдарламасында айқындалған мақсаттар мен іс-шараларға сəйкес жүргізілуде, – деген облыс басшысы одан əрі өңірдің тыныс-тіршілігі мен атқарылған жұмыстарға кеңінен тоқталды.
– Ағымдағы жылдың 8 айының қорытындысы бойынша облыстың даму үрдісі айтарлықтай табыстарға жетті. Өңірдің өндірісі өркендеп, ауыл шаруашылығы мен əлеуметтік салалар қарқынды даму үстінде. Шағын жəне орта бизнес қанат жайып келеді. Атап айтқанда, биылғы бірінші тоқсанда жалпы өңірлік өнім көлемі 182 млрд. теңгені құрап, бұл көрсеткіш 2013 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 6,4 пайызға ұлғайып отыр. Сонымен қатар, бүгінде облыс экономикасының қарқынды дамуы «Жасыл экономика» саласын өркендетуге негізделуде. Біз бұл заманауи жобаға республикада алғашқылардың бірі болып тың серпін берген бірден-бір облыспыз. Қазіргі уақытта қуаттылығы 19 МВт 5 жаңғырмалы энергия көздері тұрақты жұмыс жасап тұр.
Олар – шағын су, күн жəне жел электрстансалары. Бұл салаға 25 млн. АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартылды. Жалпы, өңірдің жаңғырмалы энергия көздерінің қуаттылығын 400 МВт-қа жеткізуге мол мүмкіндігі бар. Ал, тартылатын инвестиция көлемі 800 млн. АҚШ долларын құрамақ. Бұл жобалардың барлығы толығымен жүзеге асқан шақта жаңғырмалы энергия көздерінің қуаты облыстың қажеттілігінің 40 пайызын құрайтын болады.
Облысқа биылғы жылы 131 млрд. теңге көлемінде инвестиция тартылды. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 6,3 пайызға жоғары. Біз алдағы уақытта да инвестиция тарту жұмыстарын белсенді түрде жүргізуді басты назарда ұстайтын боламыз. Өйткені, өңірге инвестиция тартуды – қарқынды дамудың табысты кілті, экономикалық өркендеудің кепілі деп білемін. Біздің облыста бұл мақсатта жыл сайын «Тараз-Инвест» инвестициялық форумын өткізу дəстүрі қалыптасты. Тек қана, жоғарыда тоқталған салалар бойынша облысқа 2020 жылға дейін 1,2 трлн. Теңге инвестиция тарту жоспарланып отыр. Сонымен қатар, облыс бюджетінің өзіндік кірістерін ұлғайту бойынша да жұмыстар атқарылуда. Сегіз айдың қорытындысы бойынша жергілікті бюджет кірісі 24,0 млрд. теңге болып, жоспар 104%-ға орындалды.
Жалпы, жыл соңына дейін түсім 38,0 млрд. теңгені құрайды деп күтілуде, бұл 2009 жыл деңгейінен 2,3 есе артық. Біз өзіндік кірістерді 2020 жылға қарай тағы да 2 есе арттыруға мақсат қойып отырмыз. Бұл облыс бюджетіндегі дотация үлесін 48 пайыздан 35 пайызға дейін төмендетуге мүмкіндік береді, – деген облыс əкімі Кəрім Нəсбекұлы өңірдің құрылыс саласын да тілге тиек етті.
– Үстіміздегі жылы құрылыс жұмыстарының көлемі 1,3 есеге артып, 38 млрд. теңгені құрады. Биылғы жылы жалпы 200-ден астам нысандардың құрылысын жүргізу мен жаңғыртуға 39 млрд. теңге қарастырылған. Ал, «Қолжетімді тұрғын үй–2020» бағдарламасы өңір тұрғындарын, əсіресе жас отбасыларын баспанамен қамтамасыз ету мəселесін шешуге үлкен ықпал етіп отыр. Осы бағдарлама аясында облыста 2020 жылға дейін 2,8 млн.шаршы метр тұрғын үй ел игілігіне берілетін болады. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту бойынша үстіміздегі жылы 604 млн. теңгеге 32 тұрғын үйге жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, 6 инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым нысандарына 1,9 млрд. теңге қаржы бөлінді. Мұнымен қатар, облыста ауылдық елді мекендерді газдандыру мəселесін де барынша дамыту көзделуде. Мысалы, 2010 жылы аймақтың 79 елді мекені табиғи газбен қамтылған болса, 2014 жылдың соңына дейін олардың саны 150-ге жеткізіледі. Ал, «Ақ бұлақ» бағдарламасы шеңберінде осы жылы 8,5 млрд. теңгеге 27 ауыз сумен қамту жəне кəріз желілері нысандарын салу мен жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Жыл соңына дейін тағы да 16 нысанды пайдалануға беру жоспарланып отыр. Нəтижесінде, ауыл тұрғындарының 77,3 пайызы таза суға қол жеткізеді. Мемлекет басшысының берген тапсырмасына орай таза ауыз сумен қамтылған ауылдық елді мекендер санын 2020 жылы 80 пайызға жеткізуді жоспарлап қойдық, – деді К.Көкірекбаев.
Баспасөз мəслихаты барысында аймақ басшысы облыс аумағынан өтетін «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автожолы туралы да сөз етті.
– Жақында ғана «Батыс ЕуропаБатыс Қытай» автодəлізінің Қордай асуын айналып өтетін «Көкқайнар – Отар» бөлігі пайдалануға берілді. Өздеріңіз білетіндей, Қордай асуы қыс мезгілінде жол қозғалысына үлкен қиындықтар тудыратын асу болатын. Жалпы, Жамбыл облысы аумағынан өтетін бұл жолдың ұзындығы 495 шақырым, оның 375 шақырымы бірінші санатты, қалған 120 шақырым екінші санатты 2 жолақты жол.
Бұл жолдың құрылысын алдағы 2015 жылы толықтай аяқтау көзделіп тұр, – деген облыс басшысы екі мың жылдан астам тарихы бар көне Тараз шаһарында жүргізіліп жатқан археологиялық қазба жұмыстары жайлы да баяндады.
– Соңғы жылдары өңірде туристік кластерді дамыту үшін Тараз қаласы орталығында археологиялық қазба жұмыстарын жүргізуді қолға алдық. Мақсатымыз – екі мың жылдан астам тарихы бар «Ұлы Жібек жолы» бойына орналасқан ежелгі Тараз шаһарының өткен тарихын ұлттық құндылыққа айналдыру, «Көне Тараз» археологиялық саябағын құру. Қазіргі уақытта бұл жобаға байланысты тиісті құжаттамалар дайындалу үстінде. Жоба іске асырылған жағдайда жүздеген жаңа жұмыс орындарын ашу жəне өңірге келетін туристер санын 4 есеге арттыру көзделуде. Жалпы, бұл мақсатқа 2014-2017 жылдары облысқа 43 млрд.теңге инвестиция тартылмақ. Бұйырса, 2017 жылы елімізде өтетін ЭКСПО халықаралық көрмесі шеңберінде Таразды шетелдік туристер келіп көретін, оның терең тарихымен жақын танысатын қалаға айналдырсақ деген ойдамыз. Осындай игілікті істі іске асыру үшін біз республикалық бюджеттен де үлкен көмек жəне тиісті қолдау күтіп отырмыз. Анығын айтқанда, жер телімдерін мемлекеттік меншікке қайтару, қазба жəне қалпына келтіру жұмыстарына, тарихи-мəдени орталық жəне инженерлік инфрақұрылым құрылыстарына 4,5 млрд. теңгеден астам қаржы қажет, – деді облыс əкімі.
Басқосу барысында БАҚ өкілдері əлеуметтік саланың дамуы, балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту жəне апатты жағдайдағы мектептердің мəселесінен де жан-жақты хабардар болды. Ал, брифинг соңында облыс əкімі Кəрім Көкірекбаев киелі Əулиеата өңірінің əлеуметтік-экономикалық əлеуеті жыл өткен сайын артып келе жатқандығын, осыған орай, облысты дамыту мақсатында алда тұрған жауапты кезеңдер мен межелі міндеттер аз емес екендігін, енді осыларды орындауда облыста барлық мүмкіндіктер жасалғанын шегелеп айтты.
Облыс əкімінің баяндамасынан кейін бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері өздерін толғандырып жүрген сұрақтарын қойып, тиісті жауаптарын алды.

Мұратхан ƏЛІМХАН

Абай.kz

 

0 пікір