Жексенбі, 31 Мамыр 2020
COVID-19 ҚАЗАҚСТАНДА. Жұқтырғандар — 10858. Жазылғандар — 5220. Қайтыс болғандар — 40
Билік 3094 0 пікір 17 Қараша, 2014 сағат 03:00

«Нұрлы жол» - басты барометіріміз

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбіш­ұлы Назарбаевтың «НұрлыЖол – болашаққа бастар жол» атты жал­пыұлттықбағдарламаны айқын­даған жаңа Жолдауы Қазақстанхалқы болашағының баянды баро­метрі, тарихиалғышарттары.

Тарлан тарихтың таралғысы – жол. Үзеңгісі – үміт. Тұрлаулы тарихымызда, тұңғиық шежіремізде халқымыз талай тар жол, тайғақ кешулерден өтті. Қай кезеңде де ат үстінде жүріп, айбыны асқан азаматтарымыз жұртын жақсы жолға бастауымен бағаланды. Аяр жаумен айқасып, ұрымтал жерде шайқасып, көңілі бұлтты күншілдермен байқасып, тұлпар мініп, ту ұстап, елін ертеңгі күнге жетелеумен болды.

Ұлттық өмірбаянымызға күн сала қарасақ, «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы» санамызға сәулесін түсіріп, кейбір кезеңдерде қадірін жете білмесек те, қайталап айтудан жалыққан емеспіз. Қанатты сөз болып қалыптасқандықтан ғана болмас, сірә. Ұлттың ұлы Жолына деген аңсар көңіл мен кәусар пейілден болар. Осы көңіл мен пейіл алаштың арманын алғы күнге жетеледі де отырды. Алдаспан ақын-жыраулардың алғаусыз адақ жырлары мен марғасқа шешендердің мадақ сөздері халық көкірегіндегі жылт еткен шуақты жоғалтпай, сөніп кете жаздап лыпылдаған ар мен намыс пілтесін үнемі үрлеумен болды. Тәубе демеске әддіміз қайсы!

Осынау ұзақ жол, ұзақ сапарда талай рет бар мен жоқтың айырығында аңырып та, аңырап та қалғанымыз өз алдына бір тұңғиық тарих. Қазақтың ұлы шайыры, баһадүр батыры Жұбан Молдағалиев: «Асан боп туып қазақтар, өледі Асан қайғы боп», деп жазбасқа амалы қалмады. Бірақ бейдауа дүниеден баз кешіп, бағзыға көшсе де, ұлттың кеуде тұсындағы ұлы жүрегі «мен – қазақпын, мың өліп, мың тірілген» деп соғудан бір танбады. Өлген сайын тіріліп, өшкен сайын жанып отырды.

Осының бәрін көрген – жол. Осының бәрін өзінен өткізген – жол. Осының бәрін келер күнге жеткізген – жол. Демек, жол – тарих анасы. Осынау ұлы жолға – өз жолымызға Алла жар болып біз де түстік. Түсе алдық. Тәуелсіздіктің тал бесігі болған ару Алматыда бұрқаған ұлттық бұлқыныс желтоқсанды жетелеп жеткен жаңа жолдың басы еді. Дүрбелең дүниенің дүбірлі басы болған сол бұлқыныс жұртымыздың жаңғырып жеткен жаңа жолының басы еді. Сол жолдың бастауында жұртымыздың жарқын тұлғалары жұртын бастап дер кезінде арманды күндерге аршындап аяқ бас­ты. Алашы соңынан ерді. Бұл бір баршамызды бақытқа кенелткен, бағы ашылған жол болды. Құдайға шүкір, жаңылмай жүріп келеміз. Көре-көре көсем болған елге жүре-жүре кешен болған ер керек. Ерге ілесер ел керек. Бар ғой еліміз. Бар ғой еріміз.

«Қара қазақ баласын хан ұлына теңгерген» деп құймақұ­лақ қарияларымыз айтқандай, халық­тың өз ортасынан шыққан қара­пайым тұлға қазақ елінің көк байрағын көтеріп, елтаңбасын еншілеп, әнұранын асқақтатып, әлемдік өркениеттің терезесі тең, керегесі кең мемлекеттерімен иық теңестіріп, төрдегі төре орынға ұмтылды. Жаһандық жаңғыруларға жаңа қолтаңбасын салды. Сегіз қиыр шартарап, төрткүл әлемді тегіс өзіне қаратып қазақ жұртының жаңа жолын салған Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың есімі бүгінде Қазақстанның мемлекеттік паспортына айналды. Мыңнан бір мысал:

Арабстаным,

Қағбалы ғажапстаным,

Қабылда жанымның

саз-ағыстарын.

Жеттім мен жыл құсы секілді,

Ұшырды Қазақстаным.

 

Ұштым мен қанатым талғанша,

Қағбаның қасына барғанша.

Қарап тұр Қазақстаным,

Жанары талғанша.

 

Шекара бойында

байқадым дүбірді,

Көрмедім дамылды, мігірді.

Сақшының жүзінде –

таңғы арай,

Күлімдеп нұр болып жүгірді.

 

Сұрады тегімді, жөнімді,

Атажұрт, Отаным, жерімді.

Көтердім еңсемді, белімді,

«Қазақстан» дедім елімді.

 

Арабым абыржып, мүдірді,

Құжатқа үңіліп, кідірді.

«Назарбаев» дегенде бас изеп,

Жол бастап жүгірді.

 

Жаныма ерекше күй еніп,

Жақсыға жасадым иелік.

Бар жерден қиналмай

өттім мен,

Елбасы атына сүйеніп.

Бұл менің 2011 жылы Алла нәсіп етіп, адамзаттың ұлы мекені – Жаратқанның жер бетіндегі ең алғашқы үйі – Қағбаға, қажылыққа бет алғанда Жидда қаласында болған оқиғаның нәтижесінде туған жыр еді. Осы тақырыптағы қазақ әдебиетіндегі алғашқы еңбектердің бірі болып табылатын «Қағбаның қарлығаштары» атты жаңа жыр жинағымның ұлттық идеясын көтеріп тұрған бұл өлең әлемдік өркениеттегі жаңа жолдың бірін салған Ұлт тұтқасы – Президентіміздің жаһан жұртшылығы алдындағы дара қасиетін көрсетудегі бір ғана сәт.

Халықтың: «Біткен іске сыншы көп, бітірген ердің кемі жоқ» деген қанатты сөзі бар. Шырпы таба алмай шырқырап, шырқымыз бұзылған кез де болды. Көрдік, амалсыз көндік. Шаң басқан сөрелердің алдында шаршаңқы сатушылар ғана тұрды. Амал жоқ, көндік. Ақ атаулы қат, өсек қатық болған кезең де болды. Көрдік, көндік. Бәрінен бұрын саяси саудагерлердің су қосқан «дерек-дәйектері» аш қарынға түскен алмағайып күндерде жұртына басу айтып, байырқалап түсіндірген Елбасының сол күндердегі ұйқысыз күндеріне куә болған саптас серіктері «жоқ» деген жау­мен шайқаста майдан даласын тас­тап кеткен жоқ. Жоқтан барды құраған, іздегенге – сұраған болған сол күндерді біз енді өткен күннің бір белгісі ретінде күліп еске алып, жымиып шығарып салудамыз.

«Алыстан кедейліктің алдынан шық, төбесі көрінген соң қиын болар», депті Шал ақын. Бұл жыр бұдан бір ғасырдай бұрынғы тар кезеңнің тәмсілі. Ұлы бабалардың ұлағатты жолымен келе жатқан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Нұр Отан» партиясының Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында жасаған Жолдауын: «Мен өзімнің тәжірибемнен алдын ала сезіп отырғанымдай, таяудағы жылдар жаһандық сынақтардың уақыты болады. Әлемнің бүкіл архитектурасы өзгереді. Барлық елдер осы күрделі кезеңнен лайықты өте алмайды. Бұл шептен тек мықты мемлекеттер, жұдырықтай жұмылған халықтар ғана өтетін болады», деп бастады.

Қорқытып бастаған жоқ, тол­қытып бастады. Толқитын жөніміз бар. Даңғайыр держа­ва­лардың өзін дедектетіп алып бара жатқан жаһандық жойқын дағдарыстың екпіні өз жолына енді түсіп, әлемдік қоғамдастықтың көшіне ілескен тәуелсіз қазақ жұртының әуселесін осы кезеңде байқап көріп, бағасын берер. Біреуден жақсы баға күтіп, қас-қабағына қарап күн кешіп отырған жайымыз жоқ, дегенмен, көштен қалып жатсақ, ол да на­мысқа сын, елдікке емтихан болар.

Адамзаттың алдында тұратын мәңгілік ұлы сұрақ: «Не істеу керек?» деген сөзді алдын ала ескерген Елбасымыз әліптің артын бақпай-ақ, әбжіл қимылдады. «Бұл ән бұрынғыдан өзгерек» деген Шәкәрімдік шындықты жаңа жағдайға қарай бейімдей айтсақ, бұл Жолдау бұрынғылардан өзге­рек. Сондықтан да болар, өзіміз түгіл, өзгелер де ерекше назар ауда­рып, еңсесін бұрып қарауда. Талдап, таразылауда.

Ал Қазақстан халқы қалай қабыл­дап жатыр? Халықтың 98 пайы­зы Жолдаудың өз уақытын­да жарияланғандығын және өзек­тілігін айтса, 96 пайызы Жолдауда аталған шараларды жүзеге асырудан өзі үшін және отбасы үшін пайдалы тиімділікті күтеді, 92,5 пайызы бұл Жолдау өздері күткендегідей болды деп санайды. Демек, халық қадірін сезінді, қалтқысыз ұғынды.

Бүкілхалықтық Жолдау бү­кілхалықтық Қолдауға ие болып жатыр. Ал бұл Жолдаудың тарихи алғышарты қашан жасалды? Ол Елбасының Ұлытау төріндегі ұлы сұхбатынан бастау алды. Ол әуелі тарихымызды түгендеп, өткенді еске алу арқылы халықтың тарихи жады мен ұлттық санасына уақыт сәулесін түсірді. Елдің еңсесін көтерді, бұйығы тірліктің буалдыр аспанын ашып, алда тұрған ұлы міндеттерді Ұлытаудың басынан ұлтына ұлағат етіп ұшырды. Көкейінде жүрген көп ойдың құлпын, саналы тәуелсіздіктің сырсандығын ашып тастады. Айтар сөзін алашының құлағына құйып, жүрегіне жеткізді.

Ұлытау сұхбатын біз кешегі жасалған жарқын Жолдаудың прологы деп есептейміз. Эпилогын ел жазады, Елбасымыз қорытады. «Алда үлкен де жауапты жұмыстар тұр. Толысқандықтың жаһандық сынынан өту үшін біз топтаса білуіміз қажет. Біз барлық қазақстандықтар арасындағы сенімді нығайтуға тиіспіз! Бір-бірімізге тағатты болуымыз керек! Бұлар – Қазақстанның болашағына кілттер. Этносаралық келісім – өміршеңдік оттегі… Тұрақтылық пен келісім дегеніміз не? Ол отбасылық әл-ауқат, қауіпсіздік, баспана. Бейбітшілік – әке мен ана қуанышы, ата-аналар денсаулығы және біздің балаларымыздың бақыты… Біз жалпыұлттық идея­мыз – Мәңгілік Елді басты бағ­дар етіп, тәуелсіздігіміздің даму даңғылын Нұрлы Жолға айнал­дыр­дық. Қажырлы еңбекті қажет ететін, келешегі кемел Нұрлы Жолда бірлігімізді бекемдеп, аянбай тер төгуіміз керек».

Бұл үзінділер – Жолдаудың алтын арқауы, ұлттық тіні, халықтық ділі. Қазір жер-жерде Жолдауды жаппай талқылап, талдап жатыр. Жұрт бірауыздан тілектестік біл­діріп, ұлы үміттерін айтып, жазып жатыр. Қашанда келер күндер­ден жақсылық күткен елміз ғой, жаңа сөз жанымызды жақсы күйге бөлеуде. Жарқын ниеттер айтқызуда.

Дүниенің куәсі – дерек. Шын пейілмен шынайы адам айтатындай, Нұрсұлтанның нұрлы жолы қандай қадамдардан басталмақ? Елбасы: «Осы жылдардың бәрінде шикізат өндіру мен одан түскен табыстарды біз Ұлттық қорға салып келдік. 10 миллиард долларды біз 2007-2009 жылдардағы дағдарысқа қарсы күреске бағыт­тадық. Қалған ақшаны ішіп-жеп және жұмсап қойған жоқпыз, сақтадық және көбейттік. Қазір бізде осы резервтерді пайдалануға тиіс болатын кезең туындап келеді. Бұл қаржы қиын уақыттарды ең­серіп, экономикамыздың өсі­мін ынталандыруға көмектесетін болады. Бұл ресурстар қысқа мерзімді шараларға арналмаған. Олар экономиканы әрі қарай қайта құрылымдауға бағыт­та­латын болады. Нақты айтқанда, көлік­тік, энергетикалық, индус­трия­лық және әлеуметтік инфра­құрылымдарды, шағын және орта бизнесті дамытуға бағытталады» деп Жолдаудың мемлекеттік мақсатын барынша ашып айтады.

Жаңа экономикалық саясаттың тарихын біз кеңестік кезеңдегі жағдайлардан жақсы білеміз. Кеңесшіл орыс ақындарының өзі: «мынау ғой НЭП, қойды ғой жеп» деп сайқымазақ тақпақ қылған бұл саясаттың қитұрқысын «бұратана» халықтар көп көрді. Ал өзіміз өз болып, өз қолымыз өз аузымызға жеткен егемен кезеңде ұлттық мақсатқа жұмылдырылған ұлы міндеттің парқы мен нарқы – халқымыздың әлемдік дағдарыстан дағдармай өтуіне негіз қалайды деп сенуімізге берік бел байлатады.

Әсіресе, қарапайым халықты Жолдаудағы тұрғын үй ин­фра­құрылымын нығайту және әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту туралы айтылған нақты тұжырымдар қатты қуантып, алдағы күндеріне жақсы үмітпен қарауына жол ашады. Үй болмай, күй болмайтыны белгілі. Әсіресе, жастар тұрғын үй тауқыметін көп тартады. Бұл өз кезегінде жастардың отбасылық өміріне салқынын әкеліп, ол одан әрі еліміздегі демографиялық ахуалға өзінің теріс әсерін тигізетін. Елбасымыз таяу жылдарда халық санын 20 миллионға жеткізу жөнінде бастама көтеріп, тиісті тапсырмаларын бергені мәлім. Бұл межеге жету үшін тұрғын үй мә­селесін мемлекеттік тұрғыдан ше­шу – маңызды міндеттің ой­да­ғы­дай орындалуының басты кепілі.

Елге ел қосылса құт екені бел­гілі. Тұрғын үй проблемасы ата­жұртын аңсап келген қандас­тарымыздың да тарихи Отанына тез сіңісіп, бейімделуіне берік негіз қаламақ. Бұл орайда да шешімін таппаған жайттар баршылық еді. Жолдау осы күрделі проблеманы оңтайлы шешуді оңайлатпақ. Бұл міндеттерді шешу үшін жалға берілетін тұрғын үй құрылысына көзқарасты қайта қарау, 2015-2016 жылдары жалға берілетін тұрғын үй құрылысын қаржыландыруды 180 миллиард теңгеге ұлғайту бұл салаға ерекше серпін береді деп болжанып отыр.

Осы мәселемен тікелей өзектес екінші бір маңызды жағдай – әлеуметтік инфрақұрылымды да­мыту. Апатты мектептер мен үш ауысымды оқыту проблемала­рын шешу үшін 70 миллиард теңге көлемінде қосымша қаржы­ландыру жүзеге асады. Қазіргі кезде әлі де бірталай жерлерде апатты жағдайда мектептерде балаларымыз білім алып жатыр. Апатты мектептердің материалдық-тех­никалық базасы күн талабына жауап бермейтінін былай қой­ғанда, олардың біздің болашақ ұрпақтарымызға тікелей қауіп төндіріп тұрғанын сезінудің өзі адамды үрей мен күдікке бөлейді.

Халқымызда: «Бір жол бар жақын, жақын болса да алыс, бір жол бар алыс, алыс болса да жақын» деген қанатты сөз бар. Бұл сөз біздің елге тікелей қатысты. Кеңес кезінде біздің облыс орталықтарының өзіне жөні түзу жолдар салынбады. Мысалы, жергілікті жерде шикізаты толық табылса да Ақтау мен Атыраудың арасына, Жезқазған мен Қызылорданың арасына, Ақтөбе мен Қостанайдың арасына тас жол салынбай, салынғаны бүлініп, істен шығып, адамдар талай жылдар бойы жол азабын қатты тартты. «Жол азабы – көр азабы» деген қатқыл тіркес бар. Осыны да талай бас­тан кештік. Анау Қызылорда мен Ақтөбенің арасындағы Ырғыздың 80 шақырымдық далалық жолын «өлім жолы» деп атаған кездер де күні кешегі оқиға. Кезінде осы 80 шақырымдық жолды 24 сағат жүрген жайға да куә болғанбыз.

Жол – стратегиялық мәселе. Осы орайда Жолдауда айтылған «Жолдар – Қазақстан үшін өмір желісі. Біздің кең-байтақ жерімізде жолдар бойында әркезде де өмір пайда болған және дамып отырған. Біз Астанадан барлық жақтарға автомобиль, теміржол және авиациялық магистральдар тарайтындай көлік желісін құруға тиіспіз. Жүректен тарайтын артериялар секілді. Күннен тарайтын шұғыла сияқты» деген тіркестер көңіл қуантады. Елбасының осы сөзін тыңдап отырған қалың көпшілік – «Нұр Отан» партиясы Саяси кеңесінің мүшелері қуана қол соқты. Халық та қолдарын соғып қостап, қуанып қолдап жатыр.

Жол – қазақ тарихында өте қастерлі ұғым. Қасиетті сөз. Жерінің көлемі жағынан әлем­де 9-шы орын алатын, теңіз-та­лант Төлеген ақын: «ұштасқан тоқсан тоғыз Бельгия бұл» деп жырлағандай, кең-байтақ қазақ даласы заңғар биіктен қарасаң айқұш-ұйқыш жолдар. Еске түседі, кезінде Нью-Йорк қаласының үстінен ұшақтың иллюминаторынан көз салған ұлы қаламгер Мұхтар Әуезов: «Пәлі, мына биік үйлер қаз-қатар қаланған өлең шумақтарындай ғой», деп таңданғанда қасындағы сапарлас серігі, белгілі орыс ақыны Степан Щипачев: «Мұхтар Омарханұлы, осы теңеуіңізді маған сатыңызшы», деп аттай қалап алған екен.

Заңғармен теңеу таластырғалы отырған жоқпыз, бірақ ұшақтан қа­рағанда туған даламыздың айқыш-ұйқыш жолдары маған сол ұлы қаламгердің қолынан құйылып түскен қолжазбаларға ұқсайды. Жолдар да уақыттың қолынан шыққан жазулар ғой. Бірі көне, бірі жаңа, бір-бірімен сабақтасып, қанаттасып жатады. Сол жолдарға сана көзімен үңіле қарасаң, бағзы Жібек жолының құм басқан сұлбасы көрінгендей болады. Біз жадымыздағы жолдарды жаңаша жаңғыртып, жаңаша жалғап жатқан жұртпыз. Қазақ даласының жаңа жолы енді Елбасымыздың жүрегінен жол тартып жатыр. Біз өзі ежелден жолды қадірлеген, жолды құрмет тұтқан, жолды жолдасымыз деп білген халықпыз ғой.

Содан да болар, Астанадан тарайтын жолдардың жаңа маршруттары қазір біздің көкірегімізден шығып, көкжиекке сіңіп, Сәкен-сұңқар «Сен, Альбатрос, көкте, жерде, теңізде» деп жырлағандай жер мен жерді, ел мен елді жалғап, келер күндерге самғап бармақшы. Салынатын сол жолдардың бойында жаңа елді мекендер, жаңа мектептер, жаңа балабақшалар, жаңа тұрғындар пайда болады. Сөйтіп, басымызға бас, бауырымызға дос, пейілімізге ағайын қосылады. Алыс жақындайды, жақын өрісін кеңейтеді. Жол азабы жайына қалып, барыс-келіс молаяды. Халықтың ынтымағы мен достығы жолдар арқылы жалғасады.

Оқып қараңыз: жолдар салу есебінен 200 000 жаңа жұмыс орны ашылады. Осынау қысқа ғана хабарлы сөйлемнің аржағында жол бойында салынатын жаңа елді мекендердің, жаңа мектептер мен денсаулық сақтау мекемелерінің сындарлы сымбаты көрінгендей болады. Жұмыс әрбір отбасының тұрмыс-тіршілігінің жаңа белестері, шаңырақ шаттығы, ана мен баланың бақытты күлкісі. Баяғы кезде, Түркісібті салған кезде туған тегеурінді жыр еске түседі: «тауды бұзып, тасты жарып, тамшылатып ащы тер, бұл қайратты жұмыскер» деген шумақтар жаңаша жаңғырып, бүгінгі ұрпақтың қажыр-қайратын байқатып, заман талабына сай қайта туады. Өйткені, жол салу оңай шаруа емес, бірақ сол жолды салатын жағдай, мемлекеттік қолдау, ең бастысы Елбасының еліне арнаған Бағдарламасы әр жүрекке жол тартып жатыр. Халық қолдаған шаруаның қайыры болады.

Жолдар салынып, айшы­лық алыс жерлерге жылдам жет­кі­зетін магистральдар халықтың жұ­мыспен қамтылу деңгейін барынша көтеріп, әр шаңырақтың шырайын кіргізбек. Жүректен басталған жолдар туған еліміз­дің бойында қан тамырындай жүгіріп, Қазақстанның индус­триялы-кардиограммалық әлеу­етін көрсетіп, елімізді әлемдік маршруттардың торабына қосады. Ел арқылы өтетін транзиттік жүк­тердің салмағы әрбір қазақ­стан­дықтың табыс салмағына өзінің мегатонналық мәртебесін қосып, көзбен көргенге қол жететін кемел кезеңге жеткізеді.

Өмір сапасы артады. Ғұмыр мәнді де маңызды бола түседі. Бұл жалғасты дәстүр бүкілхалықтық байлыққа айналып, болашақ ұрпақтың несібесін қазірден бас­тап толтыруға негіз қалайды. Жал­пы, Елбасының әрбір Жол­дауы әрқашан жас ұрпақ, жаңа тол­қынның назарына беріліп келе жатқан сардарлық тапсырма. Алысты көздеген стратегия, тың­нан жол салған тактика. Арманның алғы шебіндегі албырт жастықтың алдында тұрған бұл ұлы міндеттер бүгін сәтімен бас­талса, ертең сәнімен аяқталады.

Ұлыбританияның белгілі қа­ламгері, қоғам қайраткері Джона­тан Айткен Елбасының ерен ең­бегін жан-жақты сипаттаған кіта­бында: «Қазақ саясатының ақиқаттары оның ұзақ мерзімді болашаққа көз тігуіне мүмкіндік береді», деп жазған болатын. Әлі есімізде, кезінде Қазақстанның 2030 жылға дейінгі даму стратегиясы туралы Елбасымыздың арнайы Бағдарламасы жарияланған кезде дүрбелеңнің дүмінен бойын күдік билеген кейбіреулердің «алыс күндерді қойып, жақын күндердегі тұрмысымызды түзеп алмаймыз ба» деп күбірлескені бар. Көз қорқақ, қол батыр екен, жұмыла көтеріп едік, жүгіміз жеңілдеп сала берді.

Одан кейін әлемнің алдыңғы қатарлы дамыған 50 еліне теңесеміз деп өршіл мақсат ұстандық. Мұнда да әрі-сәрі көңілдің болғаны рас. Енді әлемдегі озық 30 елдің арасына алшаңдап ену үшін алысқа тар­тып барамыз. Елбасының алыс болашақты көздеген «2050» ұлт­тық бағдарламасын естіген жаһан жұрты енді Қазақ елінің қуаты мен мұратына қызығып та, қызғанып та қарайтын болды. Көз тимесін, келер ұрпақ бұл межені де абыроймен алып, ерліктің Эве­ресіне елдің көк байрағын тігетін бо­лады. Араны айлапат Мариан құр­дымын айналып өтетін боламыз.

Біз ұлы жолдың үстінде келе­міз. Артта талай асулар мен қилы белестер қалды. Жаңа тұрпатты, жарқын мақсатты ел болып, еңсе тіктедік. Еуразияның жүрегіне ақық алқадай Астана салдық. Алтын орда, Көк орда, Ақ орда­лардың жаңаша жалғасы бүгінгі Ақордадан тараған ұлы шұғылалар халқымыздың арман-мақсатын алғы күнге алып бара жатыр. Нұрлы Жолдың нығметі мен құрметі жаңа табыстар мен сәттіліктің бастауы бола беруі үшін халқымыз бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, ұжымдаса қимылдаса, ұлы істерді тындырарымыз сөзсіз.

Жол мұраты – жету. Жолы бірге – жолдас, мұңы бірге – мұң­дас, заманы бірге – құрдас, сыры бірге – сырлас, сыны бірге – сын­дас. Алыс күндерді бетке алып, қай­раттана қозғалып келе жат­қан қазыналы керуен – Қазақ елінің ұлы сапарының тізгінін ұстаған бүгінгі ұрпақтың сүрлеуі салта­натты, мәртебесі мархабатты болсын. Жұртымыздың жар­қын болашағына бастар жол – Нұр­лы Жол – біздің ортақ жолымыз, ортақ мүддеміз, ортақ мақса­тымыз. Осы жолдағы бірлік – бар бақыт­тың іргесі берік тұғыры. Тәуел­сіздіктің мәңгілік тұғыры. Мәң­гілік Елдің тұғыры. Жүректен басталып, жүрекке жеткен Нұрлы Жол әрқашан бақыт пен баққа бастайды.

Ендеше, бақытымыз ортақ, ба­ғы­мыз бірге, баянымыз мазмұнды болғай!

Өтеген ОРАЛБАЙҰЛЫ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, БАҚ саласындағы Президент сыйлығының лауреаты.

 Abai.kz

0 пікір