Жексенбі, 5 Шілде 2020
COVID-19 ҚАЗАҚСТАНДА. Жұқтырғандар — 41065. Жазылғандар — 13614. Қайтыс болғандар — 188
Біздің шенеунік 3934 0 пікір 20 Қараша, 2014 сағат 08:40

«ҰЛТТЫҚ ҚОРДАН» ҰРЛАЙТЫНДАРҒА АЯУШЫЛЫҚ БОЛМАЙДЫ

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мерзімінен бұрын жариялаған «Нұрлы жол» деп аталатын кезекті жолдауында алдағы дағдарыстардан аман шығу үшін Ұлттық қордан жыл сайын 3 млрд.доллар көлемінде қаржы бөлінетіндігін атап көрсеткені белгілі. Және артынша Бас прокурор Асхат Дауылбаев пен ҚР Сыбайлас жемқорлық қылмысқа қарсы күрес жөніндегі агенттіктің басшысы Қайрат Қожамжаровты арнайы қабылдап, үш жыл ішінде 9 млрд-доллар шамасында бөлінетін қомақты қаржының тиісті мақсаттарға жұмсалмай, қолды болып кетпеуін қадағалауды қатаң тапсырғаны да есте.

-         Дәл қазір Ұлттық қор қаражатын қажетке жарататын кез келді. Алдағы үш жылда жыл сайын Ұлттық қордан 3 млрд. доллар бөлініп тұрады. Ұлттық қордан бөлінетін қаражаттың тиімділігін "Нұр Отан" партиясының партиялық бақылау комитеті де қатаң бақылауда ұстауы керек. Үкімет Қордан бөлінетін қаражаттың тиісті бағытта бойынша тиімді және орынды жұмсалуын қамтамасыз етуін жүктеймін. Әрбір тиынның қатаң сұрауы болады.

Мемлекет басшысының дәл осылай қадап айтып, қатаң тапсыруы бекер емес. Өйткені, біздегі жемқорлық «жақсысын асырып, жаманын жасырып» көрсетуге келгенде алдына жан салмайтын шенеуніктердің кесірінен шегіне жетіп тұр.  «Бармақ басты, көз қыстылықтың» барған сайын үдеуі қандай деңгейге жеткендігін мына бір деректерден-ақ білуге болады.

Американың «Rand Corporation» талдау орталығы мен «TRACE International» бейкоммерциялық іскерлік қауымдастығының сарапшылары бірлесе түзген рейтинге Қазақстан сыбайлас жемқорлық бойынша әлемдегі 200-ге жуық мемлекеттің ішінен 141 орынның «биігінен» көрініпті. Орталық Азия бойынша Түрікменстанды (197 елдің ішінен 115-орында)  ғана алға оздырған екен. Ал  Қырғызстан 161, Тәжікстан 182-орыннан көрінсе сыры түгілі сыбыр-күбірін сыртқа  шығармайтын Өзбекстан 194-орында тұр.  

Жемқорлық дендеп кеткен елдердің көш басынан Ирландия көрінсе,  алғашқы бестікке Канада, Жаңа Зеландия, Гонконг пен тұрғындарының аузынан ақ май ағып отырған Швеция енген. Қызық болғанда, ең соңғы 197-орында халқы күн астында қақталып, кедейшілік қамытын киген Нигерия тұр.

Жә, басқада шаруамыз қанша? Жай уақытта ТМД аумағындағы түркі тілдес елдерден экономикамыз әлдеқашан алға озып кеткенін айтқанда бөркі аспанда «ілініп қалатын» біздің елдің атқамінерлері жең ұшынан жалғасқан қаржылық құйтырқылықтарды құрдымға кетіруге келгенде де «құрық салдырмайтыны» қалай? Қайта экономикасы жамбастап жатқан елдердің сыбайлас жемқорлық деңгейі бізден кейінгі орыннан көрінуі неліктен? «Заң алдында хан да бір, қара да бір» деген қағиданы ұстана ма? Әлде «өлімнен ұят күшті» деген қазақтың мақалын өзінен артық түсіне ме? Күні кеше ғана бізге алақан жайып келіп, 100 млн. доллар қаржыны қарызға алған Алмазбек Атамбаевтың еліндегі қырғыздар қанша жерден қарны ашып отырса да “Малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы” дегенді іргесіндегі қазақтан жақсы білетін тәрізді...

Қазақстанда «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заң алғаш қабылданған кезде торға шабақтар түсіп, шортандар еркін жүзіп жүргенін айтып дабыл қаққан отандық БАҚ-тың қазір бұл тұрғыдағы тақырыптық азығы жылға жетеді. Шетелге шығандап кеткен Әбіләзов, Храпунов, Рысқалиевтер ісі жаза-жаза жауырға айналған шақта Астананың іргесіндегі Қарағанды облысының бұрынғы басшылығы көгенделген қойдай тізіліп, «айды аспанға бір-ақ шығарды». Бұрынғы Үкімет басшысы Серік Ахметовтің «үй қамаққа» алынғанының негізгі себебі кезінде осы өңірге бөлінген миллиардтаған қаржыны онымен сыбайластардың талан-таражға түсіргені белгілі болды. БАҚ бетінде оның қай жылдарда қандай қызмет атқарғаны, қалай жоғарылағаны үсті-үстіне жарияланып жатқандықтан, тоқталып жату артық болар, белгілісі: Серік Нығметұлының ендігі барар жағы темір тор болатын түрі бар. Өйткені, «үй қамаққа» алынды деген сөз бостандықпен қоштасар сәт алыс еместігін аңғартатын көрінеді.   

Халық арасында коррупцияға қатысты көзқарасын білмек мақсатта жүргізілген әлеуметтік сауалнама қорытындысын жариялаған "Қоғамдық пікір" зерттеу институтының басшысы Ботагөз Рақышеваның мына мәлімдемесі еріксіз назар аудартады. Б.Рақышева елімізде сыбайлас жемқорлықтың туындауына түрткі болатын 6 себепті атап көрсетіпті. «Ең біріншісі шенеуніктердің әрекеттеріне, табыстарына және шығындарына қатаң бақылаудың жеткіліксіздігі. Одан кейін сот жүйесінің жетілмегендігі, бюджеттік саладағы жұмысшылар жалақысының төмендігі, сыбайлас жемқорлық фактілері үшін жазалардың дұрыс еместігі, жетілмеген экономика мен қоғамдық бақылаудың жоқтысы, сондай-ақ ұлттық дәстүрлер мен менталитет" дейді Рақышева ханым.

Хош, сонымен айтып айтпай не керек, Ұлттық қордан бөлінетін қаржының қолды болып кетпеуін Бас прокуратура баса назар аударып отырмақ. Нақты мәліметке сүйенсек, соңғы 3 жылда 400 қылмыстық іс қозғалып, үш мыңнан астам атқамінер абақтыға жабылған екен. Бұл да жақсылықтың белгісі емес. Демек, жыл сайын мыңдаған ірілі-ұсақты мемлекеттік қызметкерлер мен компания, серіктестік басшылары жазаға тартылды деген сөз. Ал алдағы үш жылға жоспарланып отырған Ұлттық қордан бөлінетін жыл сайынғы 3 млрд. долларды жолдан қарпып қалуға енді кімнің жүрегі дауалар екен? Жолдау арқылы бөлінген қордың ақшасына қол салар болса, енді бастарын арашалаудың өзі қиынға айналары анық. Өйткені, Ұлттық қордың қаржысын қолды еткенннің жақсылық көрмейтінін Президенттің өзі айтып отыр. Бізде Президент қатты айтпайынша, әкімдер мен министрлердің тәубесіне түспейтіні әлімсақтан белгілі ғой. «Мешкей деген жақсы ат емес» деген сияқты ешбір облыстың әкімі енді өзінің ғана емес, өңірдің де атын сыбайластықпен шығаруға тырыспайтын шығар.

Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ,

Астана қаласы

Abai.kz

0 пікір