Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
Өзіңе сен 8833 0 пікір 21 Қараша, 2014 сағат 13:12

ITYS - WHATSAPP-ТЫҢ ҚАЗАҚСТАНДЫҚ БАЛАМАСЫ

Мемлекеттік тілді дамыту қоры Астанада «Айтыс» (iTys) атты Тұңғыш қазақстандық мессенджердің тұсаукесерін өткізді.

Бұл әлемге әйгілі Whatsapp-тың қазақстандық баламасы.

Яғни,  iTys – тұңғыш рет қазақстандық мамандар жасап шығарған, жедел хабар алмасуға арналған мобильдік қосымша.

iTys орыс және ағылшын тілдерінде ғана емес, ең бастысы, қазақ әліпбиінің барлық әріптерін пайдаланып, мемлекеттік тілде хабар алмасуға болатындығымен айрықша.

Бұл ерекшелік оны қазір қолданыста жүрген белгілі мессенджерлерден даралап, әрбір қазақстандыққа арналған, толықтай ұлттық IT-өнім атандырады.

Жаңа отандық өнім мемлекеттік тілді дамыту, үш тұғырлы тіл және қазақ тілін қарқынды дамып келе жатқан ақпараттық ортаға бейімдеу туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жүктеген міндеттерге толығымен сай келеді.

iTys қосымшасының ең басты ерекшелігі – оның ұлттық мәнерде айшықталған, мемлекеттік тілде қолдануға болатын эксклюзивті интерфейсі мен мәзірі.   

Яғни, барлық смайликтер қазақтың ұлттық нақышында жасалған.

Оның тағы бір маңызды қыры – басқа мессенджерлер сияқты қолдану үшін төлем талап етпейді.

Әркім оны ТЕГІН пайдалана алады.

Осының барлығы хабар алмасуға арналған тұңғыш қазақстандық мобильді қосымша – iTys-ты тек тартымды, қызықты етіп қана қоймай, Қазақстанның кез-келген тұрғыны үшін мейілінше қолжетімді етеді.

Сондай-ақ, өзі сияқты басқа қосымшалардан «Айтыстың» тағы бір артықшылығы – онда жеке хаттардың құпиялылығын сақтауға мүмкіндік беретін хабарламаларды автоматты түрде өшіру функциясы бар. Мұндай қызмет әлемдегі бір де бір мессенджерде жоқ.

Мессенджердің баптауында белгілі бір мерзім өткеннен кейін қандай да бір абонентпен арада болған хаттар автоматты түрде өшіру үшін қалаған уақытты таңдауға болады.

iTys – оны жетілдіруге әрбір қазақстандық өзінің үлесін қоса алатын, шын мәніндегі тұңғыш халықтық мессенджер.

Тестлеу режимінде тұтынушылар қосымшаны әрлеуге атсалысып қана қоймай, оның қызмет түрлеріне байланысты ұсыныстарын да бере алады.

Жобаға пікір білдіріп, ұсыныстар енгізіп, ұнаған қызмет түріне дауыс беріп, тақырыптар ұсыну үшін мессенджердің www.itys.kz сайтына кірсеңіз болғаны. Ол жерден қосымшаны жүктеп алуға да болады.

Қазіргі таңда қосымшаны жүктеу OC Android-ы бар смартфондар үшін қолжетімді.

Желтоқсан айында iOC платформасына шығуды көздеп отырмыз.

Тұсаукесер кезінде оған қатысушылар қосымшаны мобильді телефондарына немесе планшеттеріне тегін жүктеп алды.

Жақын болашақта «Айтыстың» аясында тегін дыбыстық қоңыраулар, қазақ тілінің автокорректоры, графикалық редактор, сондай-ақ, ұлттық үлгіде жасалған жаңа анимациялар мен стикерлер қызметін қосуды көздеп отырмыз.

Бұл міндеттерді жүзеге асыру үшін дарынды да креативті қазақстандық суретшілер мен дизайнерлер және iTys жобасына жаңа, қызықты идеяларды жинақтауға қабілетті техниктер жұмылдырылды.

Мемлекеттік тілді дамыту Қоры

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1562
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2256
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3522