Жұма, 29 Наурыз 2024
Қоғам 4934 0 пікір 24 Қараша, 2014 сағат 10:18

БІР ЖЫЛДА 3 МЫҢНАН АРТЫҚ АДАМДЫ ӨЛТІРДІ

Кім дейсіз ғой?  Жол-көлік апаты. (ЖКА) Сұмдық емес пе? Бұлай кете берсе бізге алыстан жау іздеудің қажеті жоқ, астымыздағы көлігімізден-ақ құримыз. Бізден халқы да, көлігі де ондаған есе көп Жапония, Германия, Ұлыбритания сияқты елдерде жыл сайын жол апатынан көп дегенде 5-6 адам ғана өледі екен. Ал біздің жағдайымыз мынадай. «Жау мында» деп айғайлап, аттан салғың келеді, тіпті.

Кейбіреулер үшін жол жүру тәртібі орындауды қажет етпейтін ойыншық сияқты. Соның бір мысалы М.Үсенов екенін көзіміз көріп отыр. Былтыр алты адамды соғып, соның біреуін өлтірген еді. Есі бар ел болса осыдан кейін мұндай бейбастаққа жол бермесе керек еді. Қайдағы... Дәл бір жыл өтпей жатып тағы бір әйелді соқты. Әй дер әже, қой дер қожа жоқ. Шығуға мүлде болмайтын қос жолақтың сыртына шығып алып, қарсы көлікке сүзісердей болып жүйтки беретін бетімен кеткен бейбастар тіпті жол бергісі келмегендер болса кінәлап, өткізе салсаң нең кетеді деп дабылын соғып тұрып алатынын қайтерсің...

Осының бәрі тәртіптің бостығынан. Есерсоқтардың емін-еркін ойқастауына ерік беріп қойған бассыздықтан. ЖКА жасағандарды адам өмірін үзуге әрекет жасаған қауіпті қылмыскер ретінде соттайтын болса... Ешкім де жол тәртібін бұзбас еді.    

         2013 жылы Қазақстан жолдарында барлығы 23359 жол-көлік апаты тіркеліпті, соның кесірінен 3 мың 37 адам көз жұмған, 29872 адам жарақат алған. 2012 жылмен салыстырғанда бұл сан 65 пайызға артқан... Онда тіркелген барлық ЖКА 14168 болған еді.     

         Әрине, ел деп, жер деп жанашырлықпен шырылдайтын азаматтарымыз бар. Соның бірі Мәжіліс депутаты Тұрсынбек Өмірзақов. Ол осы аталған фактілерді келтіре отырып, Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовтың атына депутаттық сауал жолдады. Онда депутат 2012-2014 жылдарға арналған жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған бағдарлама неге орындалмады деген сұрақ қояды.

         Іс жүзінде миллиард теңгеден артық қаражатты жұтқан бұл бағдарлама шикі болып шығып, жолдан үзілген. Жылдамдықты, қызыл жарыққа өтіп кеткендерді бақылап, жазып алуға тиісті құрылғылар беретін деректерді бір орталыққа жинақтауға тиесілі жүйе де жасалмаған екен. Мәселен, Шымкент, Теміртау қалаларында 76 млн. теңгеге орнатылған сондай құрылғылар баққа қойылған қарақшы сияқты ғана болыпты-ау...    

         Осындай фактілерден ЖКА-ны тиып, оған қарсы әрекет етуге тиісті арнаулы қызметтердің жұмыс тиімділігі өте төмен екені көрініп тұр. Депутат бұдан басқа да сорақы фактілерді келтіре отырып, Үкімет басшысынан осындай оқиғаларды азайту жолында алдағы уақытта қандай шаралар жасалатынын сұрады. Егер ешқандай шара жоспарланбаған болса мынадай сүмдықтарды тыю үшін дереу тиімді шара жоспарлауды талап етті. Әрине, бұл өте орынды талап, депутат айтпаса көшеге шығып, халықтың өзі талап ететіндей сұмдық, мынау. Айдың-күннің аманында әлпештеп отырған ұл-қыздарымыздан айрылып қалғымыз келмесе, бұл талапты қолдауымыз керек.   

Серік ЕЛЕУ, сарапшы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1578
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2274
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3591