Сенбі, 20 Сәуір 2024
Жаңалықтар 4715 0 пікір 24 Қараша, 2014 сағат 13:22

Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі Көкшетауда көшпелі отырыс өткізді

Көкшетау қаласындағы 150 пәтерлі бес тұрғын үйді пайдалануға беру мерзімі кешіктірілуіне қатысты Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі жанындағы Қоғамдық кеңеске банк клиенттерінен жиі шағым түсіп жатыр. Ақмола облысының әкімдігімен жасалған келісім бойынша, жалпы ауданы 9,9 мың шаршы метр болатын «Васильковский» ықшамауданындағы үйлер 2014 жылдың қыркүйек айында аяқталуға тиіс еді. Ақыры салынып бітті. Алайда коммуникацияның жоқтығынан тұрғындар жаңа үйге әлі кіре алмай отыр.

 Бұл мәселе 22 қыркүйекте өткен Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі жанындағы Қоғамдық кеңестің екінші отырысында талқыланған болатын. Ол кезде әкімдік өкілдері «жаңа қоныс иелері ұзақ күткен пәтерлеріне жыл соңына дейін кіреді» деп сендірген. Бірақ содан бері ҚТҚЖБ салымшылары-пулға қатысушылардың шағымы көбеймесе, азайған жоқ.  

Тұрғындардың арызына қарағанда, Көкшетау қаласының шетінде салынған «Васильковский» ықшамауданында коммуникация түгілі, бұл аумақтың өзі жайлы емес, мұнда жол да, тротуар да, жарық та жоқ. ҚТҚЖБ басшылығы тұрғындардың жаңа пәтерге қоныстануына дейін бұл жерді жайлыландыруға және көлік инфрақұрылымын жасауға қатысты барлық мәселелердің түйіні шешілер деген үмітін жеткізді. Олай болмаса, бұл үйдің тұрғындары өркениеттің барлық игілігінен шет қалмақ.

Ахуалды жергілікті жерде қарастыру мақсатында 2014 жылдың 18 қарашасында ҚТҚЖБ жанындағы Қоғамдық кеңес Ақмола облысының Көкшетау қаласына келіп, бірден құрылыс алаңына барды.

«Жасыратыны жоқ, Қоғамдық кеңестің алғашқы көшпелі отырысын Көкшетауда өткізуге шешім шығарғаны біз үшін күтпеген жағдай болды», – дейді ҚТҚЖБ Ақмола филиалының директоры Айбас Жарқымбаев. «Біз Көкшетау қаласы мен Ақмола облысы әкімдіктерімен бірге тығырықтан шығатын жолды іздестіріп жатырмыз. Сейітқазы Матаев және Сергей Пономарев секілді беделді азаматтардың қолдауының арқасында біз Васильевский ықшамауданындағы мәселені қысқа мерзім ішінде салымшыларымыздың пайдасына шешіп бере аламыз деп ойлаймын», – деп түйіндеді Жарқымбаев.   

Қоғамдық кеңес мүшелері, қала әкімдігінің өкілдері және қашан пәтерге кіретін күнді сарыла күткен салымшылар    ықшамаудан мәселесін құрылыс алаңындағы бір пәтердің ішінде талқылады.

«Бұл үйлерге кірген адамдар мұндай мәселелермен күреспестен, қуанып, пәтерлерін қалай жайлы етуді ойлауға тиіс, бұл үшін бәрін жасау қажет», – дейді ҚТҚЖБ жанындағы Қоғамдық кеңес Төрағасы Сейітқазы Матаев. «Оның үстінде салынған үйлердің сапасы өте жақсы, кірпіштен тұрғызылған, жылы. Пәтерлердің жоспарлануы да сәтті шыққан. Адамдарға жайлы болуы үшін бәрі жасалғаны көрініп-ақ тұр. Енді тек басталған істі аяқтау қажет. Аумақты жайлыландырып, коммуникация тарту керек», – деп қорытынды жасады Сейітқазы Матаев.

Көкшетау әкімінің м.а. Амангелді Смаилов 2014 жылдың желтоқсан айының аяғына дейін  коммуникацияға қатысты мәселені шешуге уәде берді. Алайда ықшамауданды жайлыландыруды көктемге қалдыруды ұсынды. Уақытша шара ретінде қала билігі аумақты тегістеп, үйлердің подъезіне баратын жолдарға тас төсеуге уәде етті. Осындай жартылай шараларға қанағаттанған пулға қатысушылар жұмыс аяқталысымен құжаттарды рәсімдеуді бастай алады.

Жаңа Васильевский ықшамауданындағы тағы бір мәселе –  қолайсыз подъезд. Оған жету үшін трассадан айналып, бірнеше шақырым жер жүруге тура келеді. «Адамдар балаларын мектепке, балалар бақшасына апаруға мүмкіндігі жоқ», – дейді Қоғамдық кеңес мүшесі, танымал тележүргізуші Сергей Пономарев, –  «Үй пайдалануға берілуге әзір, бірақ жол әлі жоқ».

 Әкімдік басшылығы бұған да уақытша шара  қолдануды, яғни үлкен жолға дейін тас төгуді ұсынып отыр. Мұны 2015 жылдың жазында орындамақ. Әзірге ықшамаудан толық аяқталмайды, тұрғындарға осы жолды пайдалануға   тура келеді.

Өткен жиынға келген ҚТҚЖБ клиенттерінің көбі пәтерлеріне тезірек кіру үшін қолайсыздықтарға төзуге әзір екенін білдірді. Алайда бұл ықшамаудандағы нағыз қиындық көктемде, қар еріген кезде тууы ықтимал. Тұрғындар тізеге дейін батпаққа батып қалуы ықтимал. Олар көктемде де жол мен тротуардың жоқтығына көндіге ме, жоқ па, ол жағын уақыт көрсете жатар. Әзірге жиынға қатысушылардың бәрі шарттың өзіне тиесілі бөлігін орындауға уағдаласты. Әкімдіктер жарық, жылу, су беріп, канализация салмақ. Ал клиенттер болса, барлық жұмыс аяқталғанша төзе тұрмақ.  

 

Abai.kz

0 пікір