Жұма, 29 Наурыз 2024
Өз сөзі 8039 0 пікір 25 Қараша, 2014 сағат 12:22

АҚИҚАТЫН АЙТАЙЫҚ

           

 Қазақтың сөзін сөйлеп, жоғын жоқтауды мақсат тұтқан, құрметті ұлттық портал басшылары мен шығармашылық ұжымы!

       Соңғы уақыттары Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен сол Кесене негізінде құрылған «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік қорық-мұражайы басшылығына қатысты бір жақты материалдар мен билік өкілдеріне бағытталған дәлел-дәйексіз арыз-шағымдар БАҚ, соның ішінде интернет басылымдарында жиі жарияланатын болды. Материалдардың мазмұны сол баяғы жала жабуға негізделген. Мұндай арыздар бойынша құқық қорғау органдары мен министрлік тарапынан қаншама тексерулер жүргізілгенімен әлі күнге дейін не арыздың иелері табылған жоқ, не шағымда көрсетілген мәселелер дәлелденген емес. Ал қорық-мұражай ұжымы бұл арыз-шағымдардың не үшін жазылып жатқандығын және оларды жазып жатқандардың кімдер болуы мүмкін екендігі туралы атап көрсетіп, «Жалақорлар жауапқа тартылсын!» деген тақырыппен ҚР Мәдениет және спорт министрінің, ҚР Бас прокурорының және ҚР ҰҚК төрағасының атына арнайы хат жолдады. Ұжымның бұл хаты өздеріңіз басқарып отырған интернет порталда және бірқатар газеттерде жарияланды.  

2014 жылдың 20 қарашасы күні «Abai.kz» порталында «Зиярат жасай барып, жағамызды ұстап қайттық» (http://abai.kz/post/view?id=2192) деген тақырыппен ҚР Бас прокурорының және ҚР ҰҚК төрағасының атына жазылған арыз жарияланды. Арыз жазушылар Жамбыл облысы, Байзақ ауданының тұрғындары  Ақылжанова Ділдәкүл, Маймақова Гүлбарам, Сейітова Айым деген әйелдер екен. Арызда қорық мұражайдың бірнеше қызметкерінің аты-жөні аталған. Мекеме қызметкерлері мұндай әйелдерді көрмегендігін, ал арыздарында жазып отырғандарының бәрі жала екендігін бірауыздан айтып отыр. Тіпті, бірқатары екі күндік демалыстарында үйлерінде болған.   Ал, зияратшылардан ол күні Үкаша ата кесенесіне Қырғызстаннан келген топ қана түнеген.  Шағым иелерінің  «Сөйтіп болған мән жайды директор Мәулен Садықбековке ескертуге барсам, кеңсе алдында күзетшілер ғана жүр екен. «Апайлар, бүгін кеңсе демалады. Оның үстіне директоры еңбек демалысында» деді. Көргенімізді басшыларына жеткізе алмағандықтан жазып отырмыз» деген сөздері де күмән туғызады. Өйткені, сол күні кезекшілікте болған қорық-мұражайға бағынбайтын, өз алдына дербес «Күзет» мекемесінің қызметкерлері де бірауыздан «М.Садықбековты ол күні ешкім де іздеп келген жоқ» деп отыр.    Шағым иелері деп көрсетілген Жамбыл облысының Байзақ ауданының тұрғындарының сөздері рас болса,  мекен-жайлары мен байланыс телефондарын көрсетсе екен. Біздің мекен-жайымыз: Түркістан қаласы, Тәуке хан даңғылы 70, байланыс телефондары 8 (72533) 3 23 00  

   Біздіңше бұл арыз да тасада тұрып тас ататын топтың қасақана әрекеті. Мүдделі топтың мақсаты қорық-мұражайға қатысты шуды көбейте беру. Соңғы екі-үш жыл көлемінде Мәдениет және спорт министрлігінің блогына, Қазақстан Республикасының Үкіметіне, Бас Прокурордың, ҰҚК төрағасы мен Қаржы полициясының басшылығы атына «Әзірет Сұлтан» басшылығы жұмысын айыптаған  арыздар қарша бораған болатын. Прокуратура, Қаржы полициясынан арнайы өкілдер, сонымен қатар Мәдениет министрлігінен комиссия келіп қаншама тексерулер жүрді. Сол тексерулердің барлығында да арыз иелері анықталмады, яғни «домалақ арыздар» болып шықты. «Арыздың домалақтығына» қарамастан тексеру жұмыстары жүргізіліп, онда көрсетілген қаржыны жеп қойды және т.б. айыптаулардың бірде-бірі дәлелденбей, жалған жала болып шықты. Енді «домалақ арыз» жазушылар ескі тәсілден ештеңе өндіре алмай жаңа амалға, БАҚ-ға әртүрлі тақырыптармен қаралау мақалаларын жазуға көшкен сыңайлы.

       Түркі жұртының қасиетті ордасы, киелі шаңырағы, халқымыздың Ұлттық пантеоны, адамзаттың асыл мұрасы  Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне қатысты қандай да бір мәселе көтергенде мұқият болғанымыз абзал. Жеке мақсат емес, ұлттық мұрат басым тұратынын ұмытпайық.  Редакцияға түскен мақаланың әуелі авторын анықтап, нақты дерекке сүйеніп барып қана материал жарияланса дұрыс болар еді. Әрине Сіздердің кәсіби қызметтеріңізге  бағыт-бағдар немесе арнайы нұсқау бере алмаймыз. Бірақ күнделікті өмірдің  сабақтары Сіздерге осындай әріптестік тілек айтуымызға мәжбүрлеп отыр.  Өйткені, әр сөздің салмағы болады, жауапкершілігі болады.

       Тағы бір базыналық өтінішіміз көтеріліп отырған мәселеге  біржақты қарамай, мекемемен хабарласып мән-жайдың ақиқатын анықтап алып, көпшілікке толыққанды мәлімет берілсе екен.

       Қазақ халқының игі жақсылары жерленген ұлттық пантеонда қызмет  етіп отырған ұжымның бұл өтінішін түсіністікпен қарайды деп сенеміз.    

Қ.Арыстанбеков, «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік қорық-мұражайы директорының міндетін атқарушы.

 

Редакциядан: Abai.kz ақпараттық порталында жарияланған мақала («Зиярат жасай барып, жағамызды ұстап қайттық» (http://abai.kz/post/view?id=2192) электронды поштасы көрсетілген нақты адрестен келген мақала болатын. Мақаланың түпнұсқасы редакциямызда сақтаулы. Алайда, біз қарсы тараптың да үшбу хатын оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдік. Өйткені екі тараптың да өзіндік шындығы бар. Екі жақтың шындығын ақыл таразысына салып, байлам жасау оқырман еншісіндегі дүние. 

 

 Abai.kz

 

 

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1582
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2281
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3613