Бейсенбі, 18 Сәуір 2024
Қоғам 7135 0 пікір 2 Желтоқсан, 2014 сағат 09:46

МЕМЛЕКЕТ НЕСІБЕСІ – МЕНМЕНДЕРДІҢ ҚАЛТАСЫНА

2013 жылы 1 трлн. 65 млрд. теңге таза табыс тапқан «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры  cоның 9 млрд. теңгесін ғана дивидент ретінде бюджетке аударыпты.

Мәжілістегі жас депутат Айқын Қоңыровтың Ұлттық компаниялардың қоясын қопарып, олардың мемлекеттік бюджетке дивидент ретінде түк те төлемейтіндігі жөнінде жуырда Abai.kz сайтында жазылды. Енді осы депутат Премьер-Министр Кәрім Мәсімовке ресми түрде сауал жасап, елдегі «бармақ басты-көз қыстылықтың» ең үлкенін әшкерелеп отыр. Біздің сарабымызға қарағанда, елдегі мемлекеттік (ұлттық) компаниялар мемлекетке ешқандай кіріс кіргізіп отырған жоқ. Бұл жайт мемлекеттің бақылау функциясының жоқтығына дәлел. Соның ішінде дивидент төлеу бойынша олардың бәрі бірдей төлеуге тиісті ортақ тәртіп қабылданбаған. Мәселен, «Парасат» және «Зерде» атты мемлекеттік холдингтердің дивидент төлеу мәселесін акционер деп табылған мемлекеттік органның өзі шешеді. Ал «ҚазАгро» холдингі бюджетке таза табыстың 10 пайызын ғана төлейді. «Бәйтерек» холдингі бұл төлемнен 2017 жылға дейін таза босатылған, дей келіп депутат «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының дивидент төлеуі өкіметтің арнайы қаулысымен персоналды түрде анықталатынын айтады. Ал енді осы жерде орындығыңыздан құлап кетпейтіндей болып қатты ұстаныңыз:

Депутаттың айтуына қарағанда,  2013 жылы «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры  1 трлн. 65 млрд. теңге таза табыс тапқан. Соның... 9 млрд. теңгесін ғана дивидент ретінде бюджетке аударыпты. Яғни бюджетке таза табыстың 1 пайызынан аз көлемде ғана ақша төлеген. Қалған соманы түгелімен өзінің құзырында қалдырыпты...

            Бұл неткен еркелік?  Кімді байытып жатырмыз? Бұл жерде мемлекетті, халықты емес, жеке адамдарды байытып жатқанымыз көрініп тұр. Шіркін, ашық, демократиялы ел болып, осының директорлар кеңесінің құрамына кімдер кіретінін және олардың саусақтарын қимылдатпай қаншадан сыйақы алатынын білсе ғой... 

            Коммунистер фракциясының барлық мүшесі қол қойған бұл сауалда депутат А.Қоңыров Үкімет басшысына мемлекеттік мүлікті басқаруда шыншыл мемлекеттік дивиденттік саясат болуы керектігін еске сала отырып, бүгінгі күні оның формальді түрде ғана жүргізілетінін атап өтті. Дамыған елдердің тәжірибелеріне қарасақ, ұлттық компаниялар тиімді дивиденттік саясат жүргізеді, соның арқасында салықты да, дивидентті де бюджетке дұрыс төлеп отыр. Ал біздегі дивиденттік саясат мемлекеттік компаниялардың мемлекетке емес, тек өздеріне ғана қызмет етуіне мүмкіндік беруде. Сондықтан барлық ұлттық компанияларға ортақ тиімді дивиденттік саясат қолдануды талап етеміз, дейді А. Қоңыров. Дұрыс-ақ, Үкімет ондай батылдыққа бара алар ма екен, көрелік.  

Марина КАКИМАКИ, журналист.

Abai.kz  

0 пікір