Сенбі, 20 Сәуір 2024
Билік 8954 0 пікір 5 Желтоқсан, 2014 сағат 15:04

ЖАҢА ЖІБЕК ЖОЛЫ САЛЫНДЫ

«Қазақстан – ұшқан құстың қанаты талатын ұлан-ғайыр аумақтың иесі. «Елдің өркенін білгің келсе, жолына қара» деген қағида қалыптасқан. Барыс-келіс пен алыс-берісте жол қатынасы айрықша маңызға ие. Көне замандарда ірі қалаларымыздың көбі Ұлы Жібек жолын жағалай қоныс тепкен»,- деді Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Қазақстан халқына жолдауында. Елбасы біздің кең-байтақ жерімізде жолдар бойында әркезде де өмір пайда болғанын және дамып отырғанын атап айтты.

Ағымдағы жылдың 3 желтоқсанында Түркіменстанның Акяйла және Иранның Инчебурн стансаларында Қазақстан, Түркіменстан және Иран мемлекет басшыларының қатысуымен үш елді байланыстыратын «Солтүстік - Оңтүстік» трансұлттық темір жолының салтанатты ашылуы рәсімі өтті. Осынау айтулы оқиға өңірлік және халықаралық көлік инфрақұрылымының маңызды бөлігі болып табылатын алып шойын магистралі құрылысының аяқталғанын паш етті. Осылайша, жаңа көлік дәлізі ғасырлар бойы Еуразия халықтарын байланыстырып келген Ұлы Жібек жолын жаңғырту идеясын жүзеге асырды.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан – Түркіменстан – Иран темір жолы магистралін жаңа Жібек жолына теңеді. – Біз бүгін үш ел мен Қытай арқылы Тынық мұхитына дейін іс жүзінде жаңа Жібек жолын салдық,- деп мәлімдеді Елбасы Горгандағы темір жолдың түркімен-иран учаскесінің ашылуы салтанатында. Ол аталған темір жолдың іске қосылуы Қазақстан үшін үлкен маңызға ие екенін қадап айтты. «Біз көптен бері Иранға, одан әрі Парсы шығанағындағы елдерге шығатын жолды армандадық, күттік. Енді міне, сол арманымыз орындалды. Үш ел – Қазақстан, Түркіменстан және Иран 900 шақырымға созылатын темір жолды сала отырып, барлық ортаазиялық мемлекеттер мен Қазақстанға Иран арқылы Парсы шығанағындағы елдермен қарым-қатынас жасайтын жол аштық»,- деді Президент.

Нұрсұлтан Назарбаев темір жол инфрақұрылымын дамыту нәтижесінде пайда болатын экономикалық тиімділіктерді тізбелеп берді. Біріншіден, темір жолдың бойында тіршілік қарқыны артады, адамдар өзіне жұмыс табады, ел дамиды. Екіншіден, үш ел арасындағы өзара сауда-саттық жаңа деңгейге көтеріледі. Мәселен, әлемдік дағдарысқа қарамастан, Қазақстан мен Түркіменстан арасындағы тауар айналымы биылғы 9 айда 23 пайызға өскен. Үшіншіден, темір жол арқылы әлемнің басқа елдеріне транзиттік тасымал көлемі артады. – Қазақстан былтыр Иранға 1 млн. тонна бидай жеткізді, ал Парсы шығанағы елдерінің қажеттілігі 9-10 млн. тоннаны құрайды. Біз болат, минералды тыңайтқыштар, өзге де қазақстандық өнімдерді шығаруды жоспарлап отырмыз. Тиісінше Түркіменстан мен Ираннан өзімізге қажетті тауарлар аламыз,- деді Н. Назарбаев. Сондай-ақ, ол Қазақстан Түркіменстан мен Иранға темір жол көліктерін жасау саласындағы өнімдерді, соның ішінде, тепловоздар, жүк және жолаушы вагондарын жеткізу туралы ұсыныс жасағанын мәлімдеді. Иран Ислам Республикасының президенті Хасан Рухани жаңа темір жол үш мемлекетті ғана байланыстырып қоймай, Ресей мен Қытайға да Парсы шығанағына баратын жолды ашатынын жеткізді.

Экономикалық есеппен алсақ, жаңа темір жол дәлізінің пайдасы ұшан-теңіз. Мәселен, бұрынғыдан 600 шақырымға қысқарған жол жүктерді ауыстырып тиеуді 3 млн.-нан 10 млн. тоннаға дейін ұлғайтуға мүмкіндік туғызады. Оның үстіне жүк айналымы мерзімінің қысқаруы шынайы бәсекелестік артықшылықтар береді. Ол артықшылықтар түптеп келгенде, іскерлік белсенділікті арттырып, өз кезегінде темір жолдың бойындағы мемлекеттердің әл-ауқатын күшейтеді. Алдағы уақытта жүктермен қатар, жолаушы тасымалы да осынау тікелей магистральмен жүзеге асырылатыны сөзсіз. Демек, жаңа дәліздің ашылуы тұтастай Орталық Азияның дамуына серпін береді деген сөз. Сонымен қатар, «Солтүстік - Оңтүстік» трансұлттық дәлізінің жүзеге асырылуы жаңа геоэкономикалық кеңістік іргетасын қалайды. Себебі ол Орталық Азия мен Каспий бассейні елдерін Қара теңіз өңірі мен Қап тауындағы халықтармен біріктіретін, одан әріде Балтық теңізі елдері мен Солтүстік Еуропаға шығатын алып кеңістік пайда болады.

 

Әмірлан Әлімжан

Abai.kz

0 пікір