Жұма, 29 Наурыз 2024
Билік 8398 0 пікір 11 Желтоқсан, 2014 сағат 14:23

ЕЛ ҚУАРМАУ ҮШІН СУАРМАЛЫ ЖЕР КЕРЕК

Ирригациялық және дренаждық жүйелерді жетілдіру жөніндегі жоба еліміздің оңтүстік өңірлеріндегі ауыл халқының негізгі күн көріс көзі болып табылатын суармалы жерлердің ирригациялық және дренаждық жүйелерді толық жөндеу арқылы су ысырабын барынша азайтуға, суармалы егіншілік жердің көлемін көбейтуге, мал шаруашылығын, қажетті жем-шөп өндірісін молайту арқылы ауыл халқының әлеуметтік-экономикалық және экологиялық жағдайларын жақсартуға оң әсерін тигізеді. Бұл жобаны жүзеге асыруға 60 млрд. теңге, оның 18 млрд. банкінің қарызы есебінде бөлінбекші. Яғни, 1 га жерге 531 мың теңгеден бөлініп отыр. Бұл өте қомақты қаржы. Жоба бойынша 113 мың. га жердің ең көп бөлігі 70400 га Оңтүстік Қазақстан облысына, Алматы облысына 12500 га, Жамбыл облысына 15 мың, ал, 230 000 га суармалы жері бар, оның 180 мың инженерлік тегістелген жүйеге келтірілген Қызылорда облысына небары 15100 га жер қамтылған.  Өңірдің шөлейтті және шөлді аймақта орналасуына байланысты егіншілік саласының барлығы суармалы жүйеге бейімделген. Сондықтан, суармалы жерді тиімді пайдалану облыстағы ең маңызды мәселелердің бірі болып саналады. Себебі, өңіріміздің егіншілік саласының негізгі дақылы 90-110 күн бойы суда өсетін күріш дақылы. 

Облыста суармалы жерлерде 2318 шақырым магистралды және шаруашылық аралық каналдар, 995 шақырым қашыртқы каналдар, 688 дана  гидротехникалық құрылыстары бар. Олардан басқа облыс көлемінде 5 756 шақырым ішкі шаруашылық су жүйелері, 2510 шақырым ішкі шаруашылық қашыртқылар бар. Қазіргі күні шаруашылық аралық каналдардың пайдалы коэффциенті 0,83 процент, ішкі  шаруашылық каналдарында 0,55 проценттен аспайды. Осыған орай алынған судың 50 пайыздан астамы каналдар бойында жоғалады. Қазір қолда бар жердің 74% жер асты сулары жоғарылап, тұздануына байланысты қанағаттандырылмайтын жағдайда қалып отыр. Облыста жыл сайын 80 мың га күріш егу үшін, жылына 334 шақырым каналдар, 122 шақырым қашыртқылар тазаланып, 130 мың га жерге ағымдық тегістеу және 120 дана гидротехникалық құрылыстарға жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет. Облыстағы суармалы жерді пайдаланудағы қиындықтар негізінен қашыртқылы-дренаждық жүйелердің жұмыс істеу қабілетінің тозығы жеткендігінен, ішкі шаруашылық аралық су жүйелерін тиімсіз пайдаланудан болып отыр. Сол себепті ауыспалы егістіктегі қашыртқы-дренаж жүйесінің жағдайы жер асты суларының деңгейін тиісті мөлшерде төмендете алмауда, бұл өз кезегінде егістік топыраққа тұз жиналуына апарып қазіргі уақытта облыстағы егістік алқаптың 70% тұзданып кеткен. Оларды тұзсыздандыру жұмыстарын жүргізуге көптеген шаруашылықтардың қаржылық мүмкіндіктері жете бермейді. Осы тұрғыдан алғанда «Ирригация және дренаж жүйелерді жетілдіру-3» кезекті жобасын жүзеге асыру арқылы,  облыстағы қолда бар күріш ауыспалы егістерінің барлық ирригация және дренаж жүйелерін, яғни 130 мың гектарды қалпына келтіру қажет. Сол арқылы ғана суды тиімді пайдалана аламыз. Қазіргі таңда Қызылорда облысында 1 гектар жерге күріш өсіру үшін 40 мың куб метр су пайдаланады. Облыста жылына 80 мың гектар күріш өсіреді. Оған 3,2 млрд. куб. су кетеді. Салыстырмалы түрде алсақ, біз күріш дақылын өсіретін Италия, Оңтүстік Корея, Жапония сияқты елдерден суды 3-5 есе көп пайдаланамыз. Яғни оларды 1 текше метр судың өнімділігі 5-6 кг құраса, бізде ол 0,8 кг-нан аспайды. Демек, гидромелиоративтік жүйелердің техникалық жағдайының нашарлауы және тозу процесстері, сондай-ақ жаңа суару технологияларын енгізу деңгейінің төмендігі қалған суармалы жерлердің өнімділігіне кері әсерін тигізуде. Суды барынша ысыраппен пайдаланудың нәтижесінде Қызылорда облысында көлдер жүйесі құруға айналды. Облыс аумағында 1980 жылы 400-н астам жергілікті маңызы бар балық шаруашылығы су айдындары болса, 2014 жылы олардың небары 179 ғана қалды. Бұл табиғатқа қарсы адамдар қолымен жасалған қастандық.Бір ұрпақтың көз алдында әлемде теңдесі жоқ Арал теңізінен айырылып қалдық.Тек Елбасымыздың салиқалы саясатының арқасында Қазақстанға тиеселі Кіші Арал теңізін сақтап қалуға мүмкіндік туды. Демек, су ресурстарының өсіп келе жатқан тапшылығы жағдайында суармалы жерлерді ұтымды және тиімді пайдалану мәселесіне – су саясатында басымдық берілуі тиіс. 

«Иелі жер – киелі жер» деген аталы сөз бар. Қазір еліміздегі суармалы жерлер азайып барады, бар болғаны 1,4 млн. гектар  ғана. Осы суармалы жерлерден алынған өнімнің құны республика бойынша алынған жалпы өнімнің 25% құрайды, яғни 6 га тәлімі егістен алынатын өнімді бір гектар суармалы егістен алуға болады. Демек, ең алдымен еліміздің экологиясы бұзылған жерлерді қалпына келтіру, құрғақ жерлерді суландыру, сортан жерлерді мелиорациялау сияқты шараларға тек мемлекет есебінен қаржыландырудың мүмкін емес екенін ескере отырып, қаржыландырудың басқа да көздерін, оның ішінде заем, жұмсақ шартпен ұзақ мерзімді қаржыландыруды ұсына алатын Дүниежүзілік Банк, АБР және басқа институттардың қаржыларын тартумен мемлекеттік қарыз алу арқылы инвесторларды тартудын тетіктерін қарастыру қажет. Мүмкін еліміздің суармалы жерлерін қалпына келтіру туралы Үкімет тарапынан кешенді бағдарлама жасау қажет шығар. Себебі, суармалы жерлер кепілді мол өнім беретін, қайтарымы жоғары, ауыл шаруашылығының «алтын қоры» ғана емес, ол – сол өңірлерде  тұратын халықтың өмірі, тіршілігі, әлеуметтік жағдайы, тағдыры. Суармалы жерлердің жағдайы жөнделсе, елімізде азық-түлік молшылығы болады, агроөнеркәсіп кешенің экспорттық әлеуеті артады, импорт азаяды, республика халқының жағдайы жақсарады деген сөз. Осыны естен шығармайық.

Мұрат Бақтиярұлы,

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты.

Абай.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1581
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2281
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3610