Жұма, 29 Наурыз 2024
Қоғам 6032 0 пікір 23 Желтоқсан, 2014 сағат 08:39

МИНИСТР НЕГЕ ЖАУАПҚА ТАРТЫЛМАЙДЫ?

Қазақстан Республикасы Премьер-министрі Кәрім Мәсімовтің,

 ҚР Мемлекеттік қызмет істері және жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Қайрат Қожамжаровтың НАЗАРЫНА!

 

Редакциядан: Бұл әңгіме, әрине, abai.kz ақпараттық порталында да (http://abai.kz/post/view?id=2141), әлеуметтік желілерде де айтылды, жазылды. Дейтұрғанымен, бір мәселе қалыс қалып бара жатқан сияқты. Ол қандай мәселе? Оқырман хатын оқып көрейік.

 

Қараша айында Алматыда Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында ауыр атлетикадан өткен әлем чемпионатында көк туымызды көкке ілген тарландарымыз ерліктерімен еліміздің мерейін өсірді. Алайда, дүбірлі додада абыройымыз айрандай төгіліп, айдай әлемге масқара болған жайымыз да бар. Зілтемірді шырқ үйірген Илья Ильин төртінші мәрте әлем біріншілігінің алтынын қанжығасына бөктеріп, Әнұранымыз ойналып жатқанда Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы зыр жүгіріп, ұялы телефонын тебіреніс пен толғаныс үстінде тұрған Толағайға сасып-сабдырап тықпалай берді. Онысы аздай, әнұранмен шаруасы жоқ шенеунік біреу-міреу қоңырау шалып қалар деп, қолындағысына қайта-қайта қарағыштаумен болды. Не деген өресіздік, не деген құрметсіздік? Мәдениет министрі өз еліне, әлемге бұлай мәдениетсіздігімен танылмауы керек еді ғой!

Болар іс болды, бояуы сіңді. Енді бұған бей-жай қарауға әсте болмайды. Біріншіден, "мәдениетті" министр өзі заңға қайшы әрекет етіп қана қоймай, даңқты чемпион Ильяны заңды өрескел бұзуға итермеледі. Мемлекеттік рәміздер туралы заңына сәйкес, Қазақстанның әрбір азаматы мемлекеттік рәміздерді құрметтеуге міндетті. Ал Мемлекеттік Гимн көпшілік алдында орындалған кезде министр болсын, оқушы болсын, кім болсын орнынан қатып тұрып айтуы немесе тыңдауы тиіс. Сондай-ақ оң қолын жүрек тұсына қойып, жүздерін Туға қарай бұрып тұруы керектігі заңда тайға таңба басқандай жазылған. Бұларды білдей бір министрлік басқарып отырған басшының білмеуі мүмкін емес. Мұндайда тек Арыстанбек Мұхамедиұлының мемлекеттік рәміздерге пысқырып та қарамағаны, тіпті қорлағаны деп түсінгеннен басқа ой келмейді.

Екіншіден, министр шенді тұлғаның өзіне шалған қоңырауын маңызды көргені соншалық заңды аяққа оп-оңай таптай салды. Ендеше ондай адам алдағы уақытта да кез-келген сорақы қадамға баратыны сөзсіз. Ал сол қоңырау иесі сол сәтте әнұран шырқалып жатқанын білмеуі де мүмкін. Министр елді сыйласа, ел ұранды құрмет тұтатын болса, қоңырау шалған адамға кейін хабарласуын өтініп, ескертсе ол да түсінер еді ғой. Бірақ олай етпеді. Әй-шәй жоқ, қолды-аяққа тұрмай зыр жүгірді (суретте). Ол Әнұран мен Туымызды құрметтеуді Елбасыдан неге үйренбейді? Президентіміз қашан көрсек те тікесінен тік тұрып, оң қолын жүрегіне қойып Әнұранды құрметтеудің үлгісін көрсетіп келеді емес пе? Сол бір жеңісті сәтте де Нұрсұлтан Назарбаев Илья Ильинді марапаттау рәсімінен кейін, яғни Әнұран орындалып біткен соң барып телефонмен құттықтағандығының куәсі болдық (Оны КазСпорт телеарнасының тікелей эфирінен көрдік). Сонда министр не үшін, кім үшін желкілдеп жүрді? Әнұран – халық жүрегінің соғуы, армандардың тас-түйін қорытпасы екенін ұмытпайық. Ұлт Көшбасшысы еліміз өз алдына отау тігіп, тәуелсіздік алған жылдардан бері көк туымыз желбіреп, әнұранымыз әлем көгінде кешегідей дүбірлі додаларда “Менің елім, менің Қазақстаным!” деп шырқалуы үшін аянбай еңбек еткен жоқ па? Ал А.Мұхамедиұлы Елбасының сан жылдық төгілген теріне осылай қайтарым жасауы керек пе еді?

Үшіншіден, мемлекеттік нышандарымызға жүрдім-бардым қарайтын министрдің міні кесірінен теледидарды тамашалап отырған төрткіл дүние алдында еліміз күлкі болып, ұятқа қалды. Расында, Ильяның тарихи жеңісіне төбесі көкке жетердей қуанып тұрған қазақ көрермені келеңсіз көріністен кейін ар-намысы аяққа тапталғандай жерге қарады. Зығырданы қайнаған кейбіреулері шерін әлеуметтік желілерде тарқатып жатты. Біле білсек, мемлекеттік рәміздер, Елбасымыз айтқандай, "біздің мемлекетіміздің, біздің егемендігіміздің берік негізінің бірі. Олар Тәуелсіздіктің қасиетті біріктіруші образын білдіреді. Сондықтан А.Мұхамедиұлының рәміздерді менсінбеуі – дербес мемлекеттігімізге қыр көрсетуі, бәлки Отанын сатуымен парапар қылмыс. Егер біздің спорт министрі Бангладеште өмір сүрген болса, мемлекеттікке сатқындық жасаған болып есептеліп сотталатын еді. Анголада да мемлекеттік Әнұранды сыйламау қылмыстық кодекспен қаралады. Ал Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінiң 317-бабында “Қазақстан Республикасының мемлекеттiк туын, елтаңбасын және мемлекеттiк әнұранын қорлау – 200 айлық есептiк көрсеткiштен 1000 айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға немесе 1 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не дәл сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады” деп көрсетілгенін қаперге алғымыз келіп тұр. Осы орайда, Мәдениет және спорт министрі А.Мұхамедиұлына аталмыш заң бойынша қатаң шара қолдану керек деп есептейміз. Өз кезегінде бұл жаза басқа да қолында тізгіні мен билігі бар азаматтарға және барша қоғамға сабақ болар еді. Яғни өз құндылықтарымызды өзіміз құрметтеуді үйренбесек, кім құрметтейді?

 Сейілхан ӘЛНАЗАРОВ

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1567
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2261
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3545