Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Тажал-Ғазал 7473 0 пікір 23 Желтоқсан, 2014 сағат 09:56

ХАЛЫҚТЫ ҚАСІРЕТТІ ТАРИХПЕН ТӘРБИЕЛЕУ ЛӘЗІМ

 

Қазақстан «Әділет» тарихи-ағарту қоғамының («Әділет» ҚазТАҚ) құрылғанына биыл 25 жыл толып отыр.  Осы оқиғаға байланысты Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында «Әділет» қоғамына – 25 жыл» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция өткізіледі (ашылуы 24 желтоқсан күнгі сағат 10-да). Конференцияда салтанатты мәжіліспен қатар «Кеңестік модернизация және Қазақстан», «Кеңестік саяси  қуғын-сүргін деректері және тарихнамасы», «Кеңестік экономика және Қазақстандағы аштық» деген тақырыптармен арнайы секциялар жұмыс істейді деп күтілуде.                                    

Еліміздегі үкіметтік емес ұйымдардың алғашқы қарлығашы болып табылатын осынау қоғамның 25 жылдық мерейжасын мүшелерімен бірге тарихшы-ғалымдар өздерінің үлкен шаңырағында атап өтіп, аталған тақырыптарды ширек ғасыр бойы «Әділет» басшылыққа алып келе жатқан идеяларды дамыта отырып қарастырмақ. Бұл кездейсоқтық емес. Олар саяси репрессия құрбандары ұрпақтарының, әдебиет және өнер қайраткерлерінің өкілдерінен құрылған дайындық комитеті әзірлеген 1989 жылдың сәуіріндегі құрылтайшы конференцияда сталинизм қылмыстарын әшкерелейтін  басты баяндамаларды жасап еді. Конференцияда құрылған қоғамға мүше бола жүріп және басқарма құрамында еңбектене келе, саяси қуғын-сүргін кезеңдерінің құпияларын жан-жақты ашатын зерттеулер жүргізген болатын.

«Әділет» қоғамы Тарих институтымен, өзге де мүдделес ұйымдармен бірлесіп өткізген конференцияларда, дөңгелек үстелдерде, жиналыстарда тоталитарлық кезеңдегі саяси қуғын-сүргін, репрессиялар, ашаршылық, халықтарды депортациялау, адам құқтарының еленбеуі және, әрине, ұлт-азаттық қозғалыс мәселелері ғылыми зердеге салынды, тарихи әділеттің орнығуын көздеген тың ойлар қорытылды. Жекелеген ізденушілер саяси құғын-сүргінге ұшыраған алаштық және кеңестік қайраткерлердің өмір жолдары мен қызметтерін жаңғыртып, ғылыми диссертациялар қорғады. Зерттеушілік жұмыстар, публицистикалық мақалалар жазылып, деректі фильмдер түсірілді. Жазықсыз жазаланған қайраткерлердің мұралары іздестіріліп, жарық көруде. Арнайы қызмет мұрағатының көмегімен саяси қуғын-сүргін жылдары атылғандардың тізімі мен өмірдеректері келтірілген «Азалы кітап – Книга скорби» жинақтары шықты.  «Әділет» идеяларын жұртшылыққа, жастарға жеткізуде қоғам мүшелері, саяси қуғын-сүргін құрбандарының Саят Ілиясұлы Жансүгіров, Әли Оразұлы Жандосов, Қызғалдақ Құдайбергенқызы Жұбанова, Сәуле Рахымқызы Сүгірова-Айтмамбетова, Нәдір Әбдіқадырұлы Әзірбаев, Марат Садықұлы Нұрпейісов секілді ұл-қыздары, көптеген өзге де ұрпақтары осы күндері белсенді жұмыс жүргізіп жүр.

Еліміздің азаматтарын қасіретті тарихпен тәрбиелеудің маңызы зор. Билік буындарын басқаруға келгендердің  бірқатарының бойында Тәуелсіздік жылдарының бастауында патшалық және кеңестік дәуірлер қалыптастырған құлдық сана үстемдік құрып тұрған еді, тиісінше, іс-әрекеттерінде жалтақтық, жасқаншақтық басым түсетін. Сондықтан да халқымызды іс жүзінде ұлттық апатқа ұрындырған алапат ашаршылық құрбандарын еске алу күні – 31 мамыр – алғаш қабылданған 1992 жылдан бастап бір де бір рет мемлекеттік дәрежеде аталмады. Сананы: «Арамыздағы орыс қалай қарайды? Мәскеу, Кремль не ойлайды?», –  деген орынсыз қымсыныс, «аштық апатын айту – орысты, Ресейді кінәлау, ұлт араздығын қоздыру» деп қабылданатын жасанды қауіп, қорқыныш билейтін. Бұл жәйт биліктегі азаматтарымыздың өздерін өздері тарихпен тәрбиелемейтіндігі салдарынан орын алды, оған күмән жоқ. Тәуелсіздік қайраткерлерінің алғашқы толқыны шынайы тарихты біле бермейтін.

Айрықша атап айту ләзім, мәселені дұрыстауды жоғарғы биліктің өзі қолға алды. Тарихты оқып-үйрену, ұлтаралық келісімді сақтау жылы өткізілді. 1997  жылы 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні болып жарияланды. Содан бастап репрессия құрбандары жатқан орындарды анықтау, бастарын қарайтып, ескерткіштер қою, аруақтарға тағзым ету секілді иманды шараларды өткізіп тұру дәстүрге айналды. Дегенмен, ашаршылық құрбандарын еске алу мәселесі кең аталып жүрген репрессия тасасында қалып қойғандай еді. Ал сонау алапат ашаршылық іс жүзінде ұлтымызды жойып жібере жаздаған орасан зор ұлттық апат болатын. Ұлтымыз барлық жағынан ұтылды. Халықтың саны күрт кеміді, сапасы да ойсырай нашарлады. Аштан қырылғандар арасында небір болашақ  таланттар мен халықтың қорғаушылары кетті ғой.  «Әділет» ҚазТАҚ тек саяси қуғын-сүргінді ғана емес, ашаршылық мәселесін де сталинизмнің қылмысы ретінде атап, ғылыми-практикалық конференцияларда, дөңгелек үстелдерде үнемі көтеріп жүрді. Тек кейінгі жылдардың өзінде, айталық, ашаршылықтың аяқталуының 75 жылдығына орайластырылған 2008 жылғы республикалық ғылыми-практикалық конференцияда қасіретті реформа салдары жан-жақты қарастырылды. 2009 жылы «Тоталитарлық тарихтан – демократиялық болашаққа» атты республикалық, 2010 жылы «Сталинизм: репрессияланған Қазақстан» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияларда да ашаршылық зұлматы сөз болып, қорытынды құжаттарында көрініс тапты.  Конференциялардың материалдары жинақ түрінде басылып шықты. Бірақ, мәселе халыққа тиісті дәрежеде жеткен жоқ.

Ашаршылық мәселесіне жаппай көңіл аударуға бұрнағы жылғы Елбасы сөзі және Астанада ескерткіш қойылуы серпін берді. Аштық зұлматы большевиктер билікке келгеннен орын алған-ды. Қазақ елінің Түркістан республикасына кірген оңтүстік өңірінде  «әлемдік революция жасауға тиіс  Қызыл армияға» керек деп жылқыны тартып алды, бірақ азық-түлік бермеді. Өйткені көшпенділерді «марксизм тұрғысынан болашағы жоқ, бәрібір қырылып бітуге тиіс» деп санағандықтан, «дүние жүзілік революция жасайтын» әскерін асырауды оң көрді.  Мұны Мұстафа Шоқай «большевиктердің аштық саясаты» деп бағалаған-ды. 1921–23 жылдары  Қазақ республикасы аумағында да ірі аштық болды. Ғажабы, Түркреспублика да, Қазреспублика да Ресей Федерациясының құрамында еді. 1924 жылы екі өлке бірігіп үлкен Қазақстан құрылған соң, 32-ші жылғы алапат ашаршылықты бастан кешірді.  Мұны ашып айтқымыз келмей, қыбыжықтаймыз, өйткені, оны айтсақ, құдды өзімізді Ресейге қарсы шыққандай көреміз. Алайда бұл – демократиялық Ресеймен жауласу дегенді білдірмесе керек. Мәселе тоталитарлық билік құрған режимде болатын. Сол режим, қылмысын жасыру үшін, автономиялық казақ еліне одақтық тәж кигізді.  Сөйтіп Кеңестер Одағын құрушы «тәуелсіз мемлекеттердің» біріне айналдық. Соның арқасында нағыз тәуелсіздікке қол жеткіздік. Демек біз миллиондаған аштық құрбандарына бүгінгі тәуелсіздігіміз үшін борыштымыз. Сондықтан қайғылы тарихты жасырмай, керісінше, ашып айтқан дұрыс. Халықты өз қасіретті тарихымен тәрбиелеу ләзім.

Біз үш дүркін ашаршылық кезінде тікелей төрт жарым миллиондай, сол шаққы ықтимал табиғи өсімді ойға алғанда, он миллиондай қандасымызды жоғалттық. Әйтпесе, Елбасы айтқандай, бұл күндері 45–50 миллиондай болып отырар едік. Сондықтан, кінәлілерді атаудан, тарихи деректерді ашық айтудан жасқанбауға тиіспіз. Республикамызды  индустрияландыруға, «тусыраған тың жерлерді» игеруге жан-жақтан келген өзге ұлт өкілдері қазақтың қаралы тарихын білген жоқ. «Осы біз жақсы өмірді қазақтың сүйегінің үстінде құрып жатқан жоқпыз ба» деген ой оларды мазалаған емес. Оны сол кезгі саясат қош көрмеген. Енді бүгінгі таңда қазақтың сонау қаралы тарихын жұрттың баршасына білгізу керек.  Бұл ел бірлігін арттыруды идеологиялық тұрғыда қамсыздандыру үшін қажет. Себебі, бір кездері түрлі ұрандар жетегімен келіп, жанама түрде болса да қазақ халқының тағдырын тәлкек етіп, құқығын таптағандардың ұрпақтары қазір арамызда. Егер олар қазақтың  қасіретке тұнған тарихын білсе, оған өздерінің жанама түрде болса да қатысы барын ұғар болса, тарихи әділеттілік тұрғысынан қазақ халқының шектелген құқтарын қалпына келтіруге атсалысу қажеттігін ұғынар еді. Осыған қол жеткізу үшін, өз азаматтарымызбен қатар, елімізде тұрып жатқан өзге ұлт өкілдерін де тарихпен тәрбиелеу ләзім. Осы мақсатта тарихшылар тарапынан нысаналы зерттеулер жүргізіліп, көпшілік игілігіне айналдырылғаны жөн.

«Әділет» тарихи-ағарту қоғамының ширек ғасырлық мерейтойы тарихшыларды өз идеясы айналасына тығыз топтастырып, халықты тарихпен тәрбиелеу жұмысына жаңаша тыныс берер деп үміттенеміз.

Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ, жазушы, тарих ғылымдарының кандидаты, «Әділет» ҚазТАҚ төрағасының орынбасары

Abai.kz

 

 

0 пікір