Сейсенбі, 23 Сәуір 2024
Қауіп еткеннен айтамын 5019 0 пікір 23 Желтоқсан, 2014 сағат 10:33

РИЗАШЫЛЫҚТЫҢ СЫБАҒАСЫНА ҚАНША ҚЫТАЙ КЕЛЕДІ?

 

 

 

Қытай десе, ішкен асын жерге қоятын кешелі-бүгінгі премьер Кәрім Мәсімов Шаңхай ынтымақтастық ұйымы үкімет басшыларының Астанада өткен отырысынан кейін: «Қара қытай қаптайтын болды...» деген сыңайдың өңін өзгертіп, қазаққа «қуанышты» хабар айтты. Ол сыңайдың ақпараттық ресми тілдегі мазмұны былай: «Қытай өз еліндегі ондаған (!) шикізаттық емес зауытын Қазақстанға көшіреді, осы мақсатқа байланысты көп миллиардтық келісім-шарт жасалды, біз бұны ризашылықпен қабылдадық...».

 

Шамасы, ол «ризашылықтың» шапағаты өзіне немесе өзін өңгерген өкімет иесіне бұйырмаса, қазаққа қайыры тиеді деген қисынның ретін табу қиын.

Жоқ, Қазақстанда жаңа зауыттардың салынуы, екі қолға бір күрек таппай жүрген халыққа жұмыс орындарының ашылуы, шынында қуанышты жағдай. Бұған бола алабөтен сөз айту ағаттық болады.

Бірақ Мәсімов мәлім еткен жәйттің астарында, расында да, «қара қытай қаптайды» деген қаралы хабардың сыңайы бар. Біріншіден, бір саусағын жең ішінде бүгіп жүретін қытай Қазақстанға ол зауыттарын тегін көшіріп бермесі бесенеден белгілі бекем. Оны Кәрім-әкәнің өзі де айтып отыр: көп миллиардтық келісім жасалды деп. Яғни, ол зауыттардың көшірілуі мен біздің елде салынуы қазақтың қаржысына қатысты жәйт. Қытымыр қытай оған көк тиынын шығармайды.

Екіншіден, ол зауыттарды әлдебір қисаппен қытай тегін беріп, оны сутегін салып берер болса, ол да бекер болмағаны: яғни, өз еліне сыймай жатқан халқының сол зауытқа қатысы бар жұмысшыларын бізге қарай асырып жібермек. Оның үстіне қытай қондыратын ондаған зауытты зыр айналдырар біздегі бір кездергі маман-жұмысшылар базар кезіп кеткен. Бүгінгі байыған қазақ іс тетігін білетін жұмысшы түгілі, малын бақтырар малшы таба алмай жүр.

Оған бола ел-жұртты жазғыруға болмайды: бізде жұмысшы-мамандар даярлайтын оқу орындары оталып біткен. Бүгінде екінің бірі табақтай дипломы бар заңгер. Қуарған қырға шығып, бір шидің түбін тепсең, екі экономист, бір менеджер, төрт трейд маманы қаша жөнеледі. Жұмысшыны тал түсте шаммен шарлап таппайсың.

Оған да жұрт жазықты емес: елдегі зауыт-фабрик атаулы 90-жылдардың топалаң талапайында тарап тынған. Мәселенки, электроника елі аталған Жапонияның тапсырысымен бір кездері «ЧПУ» станоктарын өндіретін Алматыдағы «АЗТМ» зауыты бүгінде қаңқиған құбыр ғана шығарады. Сүңгуір қайыққа арнап, торпедо шығаратын Киров зауыты мұнайдың қарапайым темір-терсегін кесіп-пішуден аспай қалған. Мұндай мысалды мұрындап тізсең, түбі терең әңгіме болады.

Ал осындай жағдайда қытай әкелетін ол зауыттарды кім салады, оларды кім игереді? Әрине, қытайдан басқа кім болушы еді?! «Қара қытай қаптайды» деген доғал долбар – осы.

Тіпті ол қытай бәрін тегін беріп, тегін салып кете барады дегеннің өзінде оған бұрынғы берешек 20 миллард доллардың үстіне тағы да қарыз қосылды дей беріңіз. Қысқасы, айналып келгенде, Мәсімов қабыл көрген «ризашылық» қазаққа емес, қытайға бұйырары күмәні селдір сөз боп тұр.

Ермұрат БАПИ 

Түпнұсқадағы тақырып: Қытайдан көшірілетін

зауыттармен бірге бізге

ҚАНША ҚЫТАЙ КЕЛЕДІ?

Дереккөзі: «Общественная позиция»

(проект «DAT» № 46 (270) от 18 декабря 2014 г.

0 пікір