Жұма, 19 Сәуір 2024
Жаңалықтар 6807 0 пікір 23 Желтоқсан, 2014 сағат 11:15

«ТЕЛҚОҢЫР» БАҒДАРЛАМАСЫ ТУРАЛЫ ОЙ

 

Қазақ халқының асыл мұрасы, рухани жәдігерлерінің ішінде замана сүзгісінен өтіп, бүгінгі ұрпаққа жеткен ән-күй қазынасын өз дәрежесінде дәріптеу, тани білу – ұлттың әрбір азаматының парызы десе де болады. Осы мақсатта қазіргі таңда эфирде әртүрлі форматтағы музыкалық шоу бағдарламаларының саны артуда, дегенмен солардың ішінде қазақтың иісі аңқыған жобалар аз. Олардың бірі жеңіл ойын-сауық, бірі ауқымы тар 20-30 минуттан аспайтын кішігірім бағдарлама болса, бірі белгілі себептермен тез жабылып, ғұмыры қысқа болды. Тележобалардың ішінде әлі жалғасын тауып, көрермен ықыласына ие болып келе жатқан,  «Қазақстан» телеарнасында апта сайын жүретін «Телқоңыр» танымдық-музыкалық бағдарламасы қазақтың дәстүрлі музыка өнерін дәріптейтін  бірден бір жоба болып табылады.

«Телқоңыр» бағдарламасы туралы  бағдарламаның құндылығы, жетістіктері мен кейбір кемшіліктеріне тоқталып маман әрі, бағдарламаның жанашыры ретінде өз пікірімді білдіргім келеді.

Ең бастысы  бағдарламаның «Қазақстан» телеарнасынан берілетіні өте қуантарлық жағдай (басқа осыған ұқсас бағдарламалардың ғұмырының ұзақ немесе қысқа болуы арнаға тікелей байланысты болуы мумкін).  

Бағдарлама қазақтың ән-күй өнеріндегі жетістіктері мен олқылықтар, өткенімізге үңіліп, өшкенімізді жаңғырту және олардың бүгінгі насихаты сияқты мәселелерді көтеріп, заман талабына сай қалың тыңдарман назарына ұсынады. Бағдарлама аясында ән мен күйдің тарихын, музыкасын ғалым-мамандар мен орындаушылар тұтас қарастырып,  халық әндері мен күйлерінің, халық композиторлары мен жеткізушілердің өмір жолы, олардың өмір сүрген дәуірі, шығарманың шығу тарихы, орындаушының шеберлігі, аймақтық мектептердің ерекшеліктері туралы мағлұмат береді, таспаға жазылған бірнеше нұсқалары, сонымен қатар ән-күйлердің бүгінгі эстрада өнер жұлдыздарының  орындауында да ұсынылып, бағдарлама соңында шығарма орындалады.  Жалпы қазақ дәстүрлі музыка өнерінде, әсіресе күйде – күйші алдымен шығарманың мәнін, шығу тарихын әңгімелеген, соған байланысты сол дәстүрді жаңғыртып, жалғастыруда бағдарламаның қосар үлесі мол. 

Сонымен қатар «Телқоңыр» әр бағдарлама сайын қазақ дәстүрлі музыкасын зерттеу кезіндегі ақтаңдақтарды, тың мәселелерді көтеріп, қазіргі музыкатану саласындағы зерттеушілерге жаңа тақырыптар ұсынады.

Бағдарламаға қонақ ретінде шақырылған мамандар бұрмаланған, өзгеріске ұшыра­ған әндерді егжей-тегжейлі талқылап, сүз­гіден өткізіп, айтылмай келген, жұрттың бәрі біле бермейтін біраз шындықтың бетін ашады, мамандар – орын­даушы, жеткізушілерге қатысты дау­лы мәселелерде сын айтып, қатесі болса түзеп, жанашырлық білдіре алатын, айтары бар азаматтар, дегенмен кейбір адамдар: «Әй, әйтеуір бірдеңе айтармыз қазір, шулап-шулап қайтармыз» деп селқостық көрсетіп жатады.  Бағдарлама аяғында әркім өз бетімен дауласып, бұл салада ешқандай зерттеу жүргізбеген, ешқандай ғылыми еңбектерді оқымастан, ешқандай жазылған деректерге сүйенбестен, кереғар пікір айттындар мен қара көбейтіп келіп-қайтатындар да  жоқ емес,  аяғында не алып, не қойғаныңды білмейтін кездер болып қалады. Бұл ретте, адамды жаңылдыратын ақпараттар кетпес үшін, нақты ғылыми тұрғыда зерттелген еңбектерге сілтеме жасап, соларға сүйене отырып, айтылған ойлар берілуі тиіс деп білемін. Сондықтан шақырылған қонақтар тақырыпқа жауапкершілікпен қарап,  жақсы дайындықпен келіп, бір-бірін қайталамайтын қызықты әңгіме-пікірлер айтса құба-құп болар еді. Әрине, ол – зерттеулерді іздеп, оқып, оны қорыту үшін уақытты талап ететін еңбек және түсірілімге де көп уақыт кетеді. Кейбір адамдар оған уақытын жұмсағысы келмейді, осы тұрғыдан гонорар төленсе деген ұсыныс туады, өйткені ақша төленгендіктен ешкім бас тарта қоймайды, әрі «ақша төленді» деген сөздің өзі маманға жауапкершілікті міндеттейді.

Әр ән-күйді зерттегенде, талқылағанда әркім  әртүрлі деректерге сүйенуі мүмкін, немесе алдында айтқандай   жеке пікірлерін білдіріп, даудың туары айдан анық, сондықтан белгілі бір қорытындыға келу үшін аталған бағадарлама көтерген тақырыптың түйінін айтатын сарапшылардың болғаны жөн.

Жауапкершілік туралы сөз қозғағанда келген орындаушы қонақтар, әнші немесе күйшілерге қатысты тағы айтарым, ол кісілер бағдарлама аяғында шығарманы орындайтын болғандықтан және бұл бағдарлама Қазақстан бойынша көрсетілетіндіктен күнделікті киіммен келе салмай, концерттік, ұлттық киіммен жарқ етіп шықса,  қандай жақсы! Неге десеңіз, ұлттық киімдерімізді күнделікті тұрмыста киіп жүре алмаймыз[1], оны тек сахнадағы   әншілеріміз бен күйшілеріміз кимегенде кім киеді?

Мұндай бағдарламалар жастарға өтімді болу үшін, студияға жастар да шақырылса... Қазір көп бағдарламалардан шоу жасау талап етіледі. Студияның декорациясын да өзгерту керек сияқты. Сондықтан келешекте бұл бағдарламаның форматы да өзгере жатар деген үміттемін.

Тағы бір айта кететін жағдай, тілге байланысты. Шынын айту керек, бұл дәстүрлі музыка туралы бағдарлама болғанымен, ғылыми зерттеулер жүргізіп, мақала, үлкен еңбектер жазған көптеген орыстілді ғалым-мамандар (Өйткені, дәстүрлі музыканы ең бірінші орыс ғалымдары зерттеп, қазақ ғалымдарының көбісі орыс тілінде еңбектер қалдырған) және  насихаттаушылардың көзін көрген, дәстүрлі өнердің майын ішіп, жілігін шаққан адамдар сырт қалып жатады. Әрі барлық ғалымдар әр облыстарда тұратындықтан, аймақтардан ғалым-мамандарды, орыстілді, қазақтілді музыкатану мамандарын шақырған да дұрыс. Қазақтілді маман сөйлегенде астына орысша аударма жіберіп, орыстілді маман сөйлесе, қазақша аударма титры жіберіліп, екі тілде бір хабар жүргізілсе, бағдарламаның тарауы одан ары кеңейер еді.

Аталған жобаның беделді, таралымы көп «Айқын» басылымымен серіктес болуы қуантады. Өйткені, бағдарламаның көрсетілім уақыты қолайсыз болғандықтан, үзбей көруге мүмкіндік бола бермейді. Соған байланысты бұл бағдарлама қолайлы уақытқа қойылса дейміз.

«Телқоңыр» бағдарламасының идея авторы, әрі жүргізушісі, мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші Ақан Әбдуәлі сияқты қазынамызды байытып, асылдарымызды ардақтап, жауһарларымызды жарқыратамын деген азаматтарға Алланың нұры жаусын дейміз! Дәстүрлі өнеріміз өз елімізде ғана емес, өзге мемлекетте қолдау тауып жатса, бағдарлама ұжымының көздеген мақсатының орындалғаны» дейді[2].  Қорыта келе айтарым, осындай көрермені, жанашыры бар музыкалық-танымдық «Телқоңыр» бағдарламасының ғұмыры ұзақ болып,  «Қазақстан» телеарнасынан көріне берсе екен  деген үміттеміз.

Баян Әбішева,

Музыкатанушы.

М.О.Әуезов атындағы

Әдебиет және өнер институтының

кіші ғылыми қызметкері

Abai.kz


 

  

0 пікір