Сейсенбі, 16 Сәуір 2024
Сүйінші! 5857 0 пікір 23 Желтоқсан, 2014 сағат 11:53

КЕЛЕДІ КӨШІП АУЫЛ РИДДЕРГЕ

Шығыс Қазақстан облысында әкім болып тұрған кезінде Оңтүстік Қазақстан облысының ынта білдірген дихандарын көшіріп алып, ұлттық мазмұны терең іс бастаған Бердібек Мәшбекұлы өз бастамасының жалғасын көріп қайтты. Бұл турасында ШҚО Ақпараттық орталығы хабарлады.

Аталған ақпарат орталығының хабарында, елдің жұмыс күші мол аймақтары саналатын Алматы, Қызылорда, Маңғыстау облыстарынан Шығыс Қазақстан облысының  Риддер қаласына көшіп келген 22 отбасының жаңа пәтерге ие болып, толығымен жұмысқа орналасқаны,  қоныс аударушыларға пәтер кілтін ҚР Премьер-министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев пен облыс әкімі Даниал Ахметовтің табыстағаны айтылады.

ШҚО-ға қоныс аударушыларды орналастыру бірінші болып Риддер қаласынан басталды. Салтанатты рәсімге арнайы келген ҚР Премьер-министрінің орынбасары Б. Сапарбаев аталған бағдарламаның мақсат-мүддесін айтып өтті.

«Еліміздің оңтүстік өңірлерінде жұмыссыздық байқалса, ШҚО-да жұмыс күші тапшы. ШҚО бойынша 18000, ал Риддер қаласының өзінде 700 жұмыс орны бос тұр. Сондықтан, Елбасының жұмыссыздықты жою туралы тапсырмасын негізге ала отырып, еліміздің оңтүстік өңірлерінен тілек білдірген отбасыларды көшіру науқаны басталды», – деді Б. Сапарбаев.

Салтанатты рәсімнен кейін «ШҚО – отбасының демографиялық дамуына және өмір сүруіне қолайлы аймақ» тақырыбында форум өткізілді. Форумға келген ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова елдегі жалпы демографиялық ахуал туралы нақты мәлімет берді.

«Ішкі көші-қоннан бөлек, шеттен келген қандастардың 21 % ОҚО, 16 % Алматы, 13 % Маңғыстау, 9 % Жамбыл облыстарына көшіп келсе, қалған 40% өзге 11 облысқа қоныс аударған. Демек, халықты жұмыс күші мол саналатын оңтүстік аймақтардан жұмыс күші тапшы аймақтарға көшіру - мемлекеттік маңызға ие», – деді министрі ханым. Өз кезегінде сөз алған Тарбағатай ауданының әкімі Ділдәбек Оразбаев ауданда халықтың жетіспеушілігі суармалы жерлерді игеру мәселесін туындатып тұрғанын айтты. Д. Оразбаевтың айтуынша, Тарбағатай ауданының халқы 1991 жылдан бері екі есеге азайған.

Форумда көшіп келген кәсіпкерлер өз ойларын ортаға салды.  Кәсіпкерлердің ұсыныстарын мұқият тыңдаған Б. Сапарбаев облысқа өзге аймақтардан жер игеруге икемі бар адамдардың тартылатынын айтты. «Одан бөлек, «Серпін» бағдарламасы бойынша, Риддер аграрлық-техникалық колледжінде Алматы, Қызылорда облысынан келген 25 студент білім алуда. Олар да толық жатақханамен қамтылып, ай сайын шәкіртақыларын алып отыр. Сәтін салса, осындай игі жұмыс келесі жылы СҚО, Павлодар, Қостанай облыстарына да қолға алынатын болады», – деді вице-премьер Б. Сапарбаев.

Abai.kz

0 пікір