Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
Мәйекті 8163 0 пікір 25 Желтоқсан, 2014 сағат 15:38

ҰРПАҚТЫҢ БІЛІМСІЗДІГІНЕ ҰБТ КІНӘЛІ МЕ?

 

Қазіргі таңда Ұлттық бірыңғай тестілеу жүйесіне қарсылық жиілеп, Білім министрлігін оңды-солды төмпештеп, «бала психологиялық күйзеліске ұшырайды», «өздеріне қол жұмсайды» деген байбалам белең алып кетті. Неге бұлай деген сұраққа жауап іздеп көрелік.

Білім жүйесіне ҰБТ кіргелі қанша жан «оңай олжадан» қағылды. Оқушылар мектеп бітіргенде, ЖОО-ға түсерде, «бұрынғыдай емтихан» алуды аңсамайтын мұғалім, мектеп директоры, ЖОО мұғалімі мен ректорлары жоқ шығар. Өйткені әке-жәкенің, тамыр-таныстың балаларын түсіріп, бедел жинап, қалтаға қаржы түсіп «марқайып» қалатын заман көзден бұл-бұл ұшты. Ол аз дегендей, не білім, не тәрбие бере алмайтын министрлік жапқан жекеменшік 200 оқу орны ректорларының  90 пайызы аттестат, диплом, тест жауаптарын сатып, ақша табатын табыстарынан айрылып қалғандықтан бүгінде министрліктен қалай есе қайтарарын білмей отыр. ҰБТ– ның сәтсіз өткеніне бірінші, облыс, аудан, қала әкімшіліктері кінәлі. Мұны білетін аудандық, облыстық, оқу бөлімінің басшылары өздерін «тағайындайтын» әкім «көкелеріне» сөз келтірмес үшін,ҰБТ-ны ұйымдастыра алмаған шалағай тірліктеріне, өз қателіктеріне білім министрін кінәлап, шындықтың бетін басқа жаққа бұруда. Шындығына келсек, алыстағы аудандардағы ҰБТ-ны өз деңгейінде өтпегеніне Астанадағы Ғылым және білім министрлігінің қандай қатысы бар? Оған сол ауданның әкімі, оқу бөлімі басшысы, прокуратура, ҰҚК қызметкерлері кінәлі емес пе? Өйткені, «Білім туралы» заңының 6-шы бабы бойынша, ауыл, аудан, қала, облыстағы білім жүйесінің басшыларын жергілікті әкімдер тағайындап, оқу бағдарламаларына дейін бекітеді. Білім министрлігі өз істеріне өресі жетпеген не мектеп директоры, не аудандық, не облыстық білім басқармасы басшыларын орнынан алмақ түгілі, сөгіс те бере алмайды. Сонда білім министрлігінің неге құзіреті жетеді? Сондықтан, Білім саласындағы жемқорлықты, былықты, білімсіздікті жою үшін осы заңның 6-шы бабының 2, 3, 4–ші баптарының күшін жойып, бүкіл білім саласын басқаруды Білім министрлігінің құзіретіне беру керек. Сонда ғана Білім министрлігін кінәлай аламыз.

Кеңес заманы кезінде-ақ оңтүстік облыстарда заңгер, бухгалтер, экономист, журналист пен сауда саласының мамандықтарына оқуға түсу үшін берілетін пара он мың сомға дейін көтеріліп кетсе, солтүстікте тамыр-танысқа, соғым беру белең алды. Мұндай мүмкіндікке ЖОО-да жұмыс істейтін туыс-танысы бардың балаларының қолы жетті. Алғаш ҰБТ пайда болғанда ақша, таныс керек емес. «Тоқырау» жылдары білім жүйесіндегі әділетсіздіктен зәрезап болғандықтан, енді біліміңмен оқуға түсесің, білім сапасын тексерудің ең бір әділетті, тиімді жолы табылды деп қуандық. Бірақ қуаныш ұзаққа созылмады. Адамнан, әсіресе, алаяқ, жемқорлардан қулық артылған ба? ҰБТ-ның да адам ашпайтын құпиясы жоқ болып шықты. Ол құпияның кілті – қалта екен. ҰБТ енді, кезінде студенттен пара алып, сессиядан сессияға өткізіп жүрген мұғалімдер мен ректорлар үшін май шелпекке айналды. Бұлар түгілі енді ҰБТ-ны ҰҚК, тест тапсырмасын әзірлеушілер мен әкімдіктегілер және олардың «тағайындап» қоятын облыстық, қалалық білім басқармасы мен аудандық білім бөлімінің басшылары мен мектеп директорлары да «құлшына» іске кірісті. Бұлар өз балаларына грантты тегін алса, қалталыларға саудалай бастады. Тест жауаптарын ұрлап, сатып, ақша табатындарға қарсы тестілеуді жетілдіру қазір бас ауыртатын мәселеге айналды. «Алтын белгі» мен үздік аттестаттың қып-қызыл саудаға түсіп кеткеніне қаншама жыл болды. Оқушының ата-анасы мұғалімдерге сыйақы, пара береді. Сондықтан бағаны көтеріп, «өтірік бестер» қаптап кетеді де, оқушының психологиясы да осыған қалыптасып, тест тапсыра алмай омақаса құлап түскенде: «асылып өлем» деп жан күйзелісіне түседі. Баланы жан күйзелісіне ұшыратқан – ҰБТ емес. Обалы – пара берген ата-анасы мен ақшаға өтірік «бес» қойған мұғалімнің мойнында. Мемлекеттің барлық жүйесін жегі құрттай жайлаған жемқорлық білімнің құнын көк тиін етіп жіберді.

Менің бір бизнесмен танысым: – «Мен қанша тұрса да қызыма грант сатып әперуім керек» деп шарқ ұрып, іздеп жүрді. Мен оның білімсіз, түйсіксіз қызын жақсы білгендіктен: – «Саған гранттың керегі не, ақшаң жетеді, шетелге жіберсең де, оқытсаңшы» дегенімде: – «Ақшасы барлардың балаларында ми жоқ» деген әңгімені жоққа шығару үшін де грант деген мақтаныш, басқа байлардың алдында «менің қызым грантта оқып жатыр деп абыройым көтеріледі», – деп шынын айтты. Ғылым кандидаты атағын былай қойып, халықаралық академик атағын сатып алатын дәрежеге жеткендіктен, тәйірі, балаларға «Алтын белгі» немесе грант сатып алу сөз болып па дейтін көрінеді біреулер. Алғаш рет Ж. Түймебаев министр болып келген бойда «қазақ тілі мемлекеттік тіл ретінде орыс сыныптарын бітіргендер үшін бесінші пән ретінде ҰБТ-ға кіреді» дегенде, қазақ тіліне қарсы қазақ министр, депутат, компания басшылары, мемлекеттік шенеунік пен оқу орынының басшылары, бала-шағасы, немерелері орысша оқитын зиялысымақтардың жүректері ұшып кетті. Байлар ақшасын аямай тапсырыспен, шенеуніктері қарамағындағы БАҚ-тарды, «педагог ғалымсымақтар» неше түрлі теорияларды алға тартып, ақыл айтып, министрдің әрбір сөзін, істеген ісін аңдып, шұқылап, кір іздеп, жан-жақтан қаралау басталды. Қалайда қазақ тілін бұғаулау үшін қазақтың тіліне де, ұлтына да қарсы орыс тілді басылымдар мен теле-радио ақпарат көздері жаппай ұлардай шулап, жоқтан бар жасап, жала жапты, қаралап, жазып жатты. Көзі ашық болғанмен, мәселені зерделеуге шамалары жетпейтін, қазақ тілді қамсыз журналистер де, басылымдар да қалыс қалған жоқ. Премьер-министрдің бұйрығын құлағына ілмейтін облыс әкімдері білім министрлігін тыңдаушы ма еді?

Білім министрлігінің «ата-аналардан ақша жинамау» туралы жарлығын бір мектеп те орындаған жоқ. Білім бөлімі басшыларын, мектеп директорларын әкім орынбасарлары жең ұшынан жалғасу, пара алу арқылы, тамыр–таныстарын тағайындайтынын бәрі біледі. Әкімдердің әбден есірген әрекетінен қазір ауылдағы мектептерде педогогикалық білімі жоқ, зоотехник, инженер, өмір бойы әкімшілікте жүрген, немесе дипломды сатып алған, өздерінің адамы директор болып, қонжиып отыр. Өз кезегінде мектеп директоры «жоғарыға» берген ақшасын қайтарып алу үшін «мектепті жөндеуге» тағы мыңдаған сылтаулар тауып мұғалімдерден, оқушылардан ақша жинап отыр. Өтіріктен «ата-аналар жинап жатыр» деп соға салады. Қиын-қыстау тоқсаныншы жылдары мемлекетті бір орталыққа әкімдер арқылы бағындыру керек болды. Ол жемісін берді. Сайлауда әкімдер өздері «тағайындаған» оқу бөлімі басшылары мен директорларының арқасында керекті «дауысты» қиындықсыз жинап беріп отырды. Елімізде тәуелсіздігіміз сақталып, тыныштық, ұлтаралық дау-жанжалсыз нығаюына септігі тиіп, өтпелі кезеңді жақсы өткіздік. Енді қорқатын заман өтті.

Ақпарат көздеріне сүйенсек, білім жүйесі жемқорлықтан бірінші орында тұр екен. Осылай кете берсе қазіргі жеткен жетістіктерімізге үлкен нұқсан келіп, кері кетеміз. Әкім өз шаруашылығымен айналысып, білім жүйесін басқару – білім министрлігінің құзырына кіруі керек. Әйтпесе, білім жүйесінің былығын кімнен сұрарымызды білмей, кінәлі адамды, органды таппаймыз. Сондықтан білім жүйесін сауатсыз, надан, жемқорлардан тазартып, білікті де білімді басшыларды, сайлау арқылы немесе білім министрлігінің сүзгісінен өткізіп тағайындайтын болсақ, сонда ғана білім жүйесіне жан бітер еді.

Тоғайбай НҰРМҰРАТҰЛЫ,

ұстаз, 

ҚР Білім және ғылым министрлігінің

Құрмет грамотасының иегері.

Абай.kz 

0 пікір