Сенбі, 20 Сәуір 2024
Мәселенің мәні 5715 0 пікір 28 Желтоқсан, 2014 сағат 23:07

ЖАҢА ЖЫЛДА ЖЕР ДАУЫ БАСТАЛА МА?

Өткен аптада Астанада Парламент сенатының аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауыл территорияларын дамыту жөніндегі комитетінде кеңейтілген мәжіліс өтті.

Онда сөз сөйлеген Ауылшаруашылығы министрі Асылжан МАМЫТБЕКОВ мырза, күпірлік болмасын, сөзбе-сөз келтірейік, бүй деп салды: «...увеличение налога приведет к тому, что те землепользователи, которые неэффективно  используют земли, им становится невыгодно держать эти земельные ресурсы, и они начнут их осваивать либо же вернут государству, либо же начнут искать партнеров, с которыми можно это осваивать...»

Бұ кісі неге бұлай деді?

Сөйтсек, қаңтарда басталатын көптеген          «жаңалықтарға» (мораторий мерзімінің бітуі, азаматтардың «пропискалары» туралы Кодекс деген сияқты) тағы бір жаңалық – жер салығының күрт көтерілуі деген жаңалық қосылатын болыпты. Қаңтардың бірінен бастап. Бақсақ, біздің жер жөніндегі қолданыстағы заңымызға «атақты қалаулыларымыз» өзгертулер мен толықтырулар енгізіп тастапты. Жоғарыда айтып өттік, Ауылшаруашылығы министрі АСЫЛЖАН мырза кеңейтілген мәжілісте сөз сөйледі деп. Оның сөзінде осы мәселе айтылды. Қатысып отырғандарға осы мәселені министр тәптіштеп тұрып түсіндірді. Ой жүгіртіп көрсек, министр сөзінде әжептәуір жан бар сияқты. Айтуынша, бұдан былай қарай, яғни алдағы жылымыздың бірінші қаңтарынан бастап жер салығы бес есеге көтеріледі екен. Ал енді жерді жекеменшігіне сатып алып, ал бірақ ол жерді не игермей, не игеру үшін басқа біреуге бермей, «сән үшін сарғайтып» қойған кейбір «кер жалқауларға» салықты он есеге дейін көтеруге құқық берілген – жергілікті атқарушы билікке. Министрдің тағы бір сөзінің жаны бар, біздің ойымызша. Ап-аз ғана жер салығы, оның айтуына қарағанда, пайдалануға жарайтын шұрайлы жерлерді сатып алып, алайда оны әжетке жаратпай қаңсытып қоюдың бірден-бір себебі көрінеді. Ауылдағы адамдардың көпшілігінің жерлері болғанмен, олар оны «іске жаратпай», заңда көрсетілген ап-аз салықты төлеп қойып отыра беретін тәрізді. Асылжан мырзаның сөзінен бір түсінгеніміз осы. Тағы бір түсінгеніміз – кейбіреулер өздерінің жеке бизнестерін ашпақ болса немесе ағымдағы бизнестерін кенейтпек болса, жергілікті атқарушы билік оларға «грамм-грамм» көмек көрсете алмайды екен, өйткені оларда «мә, айналайын, ала ғой» деп бере қоятындай шұрайлы жер ресурстары жоқ. Бәрі сатылып кеткен. Ал енді адам аяғы жете бермейтін, бизнеске тиімсіз айдаладағы жерлерді тегін берсең де, ешкім алмайды. «Әйтсе де үлкен жолдардың бойындағы... электр жүйелері мен су каналдарына жақын маңдардағы көптеген құнарлы жер ресурстары күні бүгінге дейін тиімді пайдаланылып жатқан жоқ, - деп атап айтты Асылжан МАМЫТБЕКОВ, - кезінде совхоздар мен колхоздардан шұрайлы жерлерді теп-тегін алып алған кейбіреулер жекеменшік жерін игеруді мүлде қойған. Несие алмайды. Рахат! Бәленбай мың теңге салық төле деп ешкім қысып жатқан жоқ. Пайыз өсіп жатқан жоқ. Тегін алып алған мемлекеттік акт серванттарда шаң басып жатады. Әрине, осындайдан кейін неге жер салығының мөлшерін көтермеске...»

Міне, ауыл адамдарын алқымнан алатын алдағы жылдың тағы бір жаңалығы осы – жер салығының бес есеге көбеюі. Жерін пайдаланбай жатқан кейбіреулер үшін салық мөлшерінің он есеге дейін көтерілуі. Ал енді пайдаланылмай жатқан жер деген мәселеге нақты дерек тұрғысынан келетін болсақ, Ұлттық экономика министрінің орынбасары Қайырбек ӨСКЕНБАЕВтың айтуына қарағанда, еліміз бойынша әжетке жарайды-ау деген жерлердің бес миллион гектарға жуығын «шаң басып» жатқан болса, пайдаланылмай жатқан 1,7 миллион гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылыпты. 2,1 миллион гектар жер жайлап-жайлап игеріле бастапты. Ал енді АСЕКЕҢнің айтқандарын ұзынқұлақтан естіп үлгерген кейбіреулер әлден-ақ әртүрлі-әртүрлі әңгімелер айта бастады. Біреулер айтады – «бұл дегеніңіз жекемешікке қол сұғу ғой, тапа-тал түсте тонау ғой» деп. Тағы біреулер айтады – «салықтың күрт көтерілуі табысы шамалы шаруа қожалықтарын есеңгіретіп жібереді ғой» деп. Енді біреулер айтады – «шұрайлы жерлердің барлығын белгілі бір сыбайлас жемқор топтар алып алған, сондықтан министрдің айтып отырғандары өте дұрыс, ал ауылдағы қарапайым қазақтарда жер болса да, оны игеруге бөлінген субсидияны орта жолда тағы сол сыбайлас жемқорлар алып қояды» деп.

Мұның дұрысы қайсы, бұрысы қайсы – біз әзірге біле алмадық. Ал Сіз ше, «АБАЙ. КZ-нің құрметті оқырманы, Сіз қалай ойлайсыз? Жеріңізден айрылмайсыз ба?

Марат МАДАЛИМОВ.

Абай.kz 

0 пікір