Дүйсенбі, 26 Қазан 2020
COVID-19 ҚАЗАҚСТАНДА. Жұқтырғандар — 110402. Жазылғандар — 105618. Қайтыс болғандар — 1796
Жаңалықтар 4483 0 пікір 29 Желтоқсан, 2014 сағат 20:31

АРДАГЕРДІ АРДАҚТА: ТАЛДЫҚОРҒАНДАҒЫ ТІЛЕК

Талдықорған қаласының әкімі Ермек Алпысов, облыс орталығының ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Қалық және «Нұр Отан» партиясының қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Әсия Ахметова оншақты Ұлы Отан соғысы ардагерін үйлеріне барып құттықтады. 

Қала басшысы майдангерлерді Елбасы атынан құттықтап, оларға арнайы сыйлықтар табыс етті. Әрбір ардагер Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың атынан құттықтау хат пен естелік сыйлықтарға ие болды.

Ұлт көшбасшысының алғашқы құттықтауын 1941-1942 соғыс жылдары Ақсау ауданындағы Матай стансасы теміржолында еңбек етіп жүрген жерінен сұрапылға аттанып, Сталинград шайқасына қатысқан Алтынай Есболат алды. Ол майдангерлерге көрсетіліп жатқан бұл құрметке зор алғысын білдірді. 
Сондай-ақ қала әкімі Тынық мұхит флотында теңіз жаяу әскері құрамында 13 гвардиялық бригада құрамында шайқасқа қатысқан Александр Черныхты да құттықтады. Ал Украина майданына қатысқан Жапар Оразалинов Житомир, Великие Луки, Бердичев тәрізді қалаларды азат ету жолындағы қанды шайқастар туралы әңгімелеп берді. 
Қиын-қыстау соғыс жылдары жайлы басқа да ардагерлер сыр шертті. 
- Бүгінгі таңда Талдықорғанда 96 соғыс ардагері тұрады. Келесі жылы біз Ұлы Жеңістің 70 жылдығын атап өтеміз, бұл айтулы мерейтойды атап өту шараларының жоспарын қабылдап та қойдық, - деді қала әкімі. 
Естеріңізге сала кетейік, Жаңа жыл қарсаңында, 26 желтоқсан мен 30 желтоқсан аралығында Қазақстан Президентінің бүкіл еліміз бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлерін қолдау жөніндегі жалпыұлттық бірегей акциясы өтуде. Оның аясында республикада тұратын 5115 соғыс ардагерінің әрқайсысына облыс, қала және аудан әкімдері арнайы барып құттықтап, Мемлекет басшысы атынан жаңажылдық сыйлықтар жиынтығын тапсыруда.

Абай-ақпарат.

(Мақала «Қазақпарат» ХАА деректері негізінде әзірленді).

0 пікір